Лекция №9. Мектептегі әдістемелік қызмет және мұғалімдерді аттестациялау Жоспары: 1. Мектептегі әдістемелік қызмет, мақсаты, міндеті және іс-әрекеттің негізгі бағыттары. Ғылыми-әдістемелік кеңес, мақсаты, міндеті қызметі және өкілеттілігі. 2. Мұғалімдердің әдістемелік бірлестігінің түрлері мен рөлі. «Жас мұғалімдер мектебі», «Тәлімгерлік», «Педагогикалық шеберлік мектебі», озат педагогикалық тәжірибені жалпылау, жаңашыл педагогикалық іс-әрекетке тарту. 3. Мектептегі әдістемелік қызметті ұйымдастыру формалары мен қағидалары. 4. Мұғалімдерді аттестациялауды рәсімдеу, қазіргі кездегі талаптары. Педагогикалық портфолио.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1) Бузаубакова К.Д. Білім берудегі менеджмент. Оқулық . -Тараз: ИП «Бейсенбекова А.Ж.», 2020. -383 б.2.Т.В.Паньшина, Ж.Ж.Айтпаева Педагогикалық менеджмент Алматы, 2012
2) Бузаубакова К.Д. Білім берудегі менеджмент: Тест тапсырмалары, кейстер. Оқу құралы . -Тараз: ИП «Бейсенбекова А.Ж.», 2020. -87 б.
3) Бузаубакова К.Д., Ахметова А.Н. Педагогикалық менеджмент және қазіргі мектепті басқару. Оқу құралы. -Тараз: ТарМПИ, 2015. - 156 б.
4) Баймолдаев Т.М. Мектепішілік басқаруды ұйымдастыру құрылымы.- Алматы, 2005.-145 б.
5) А.Қ.Дүйсенбаев Педагогикалық менеджмент:- Алматы: Отан ЖҚ., 2015.-187 б.
1. Мектептегі әдістемелік қызмет, мақсаты, міндеті және іс-әрекеттің негізгі бағыттары. Ғылыми-әдістемелік кеңес, мақсаты, міндеті қызметі және өкілеттілігі. Құзырлық» сөзі – «құзыр» сөзінен шыққан. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «Құзырет (компетенция)» – нақты органның не лауазымды тұлғаның заң жүзінде белгіленген өкілеттіліктері, құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы» – деп көрсетілген.
Латын тілінен аударғанда «құзырлық – өз ісін жетік білу, танымы мол, тәжірибелі» деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлғаны өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын маман деп қарастыруға болады.
Педагогика ғылымында: «Құзыр» – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттер тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы, ал «құзырлық» – адамның іс-әрекеті саласына сай құзырлықтарды меңгеруі» – деген анықтама беріледі. Бұл екі ұғымды керек болған жағдайда бөліп қарастыруға болады. Мысалы, құзырлық педагог дайындығына алдын-ала қойылатын талаптарды білдірсе, ал құзыреттілік олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы іс-әрекетке қатысты жинақталған тәжірибесін анықтайды.
В.А.Сластенин, А.К.Маркова, А.М.Новиков, М.И.Қабышева және т.б. ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, «құзыреттілік» сөзінің құрамына кәсіби, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және т.б. интеграцияланған күрделі, кең мазмұнды сипаттамалар түсінігі кіреді. Жалпылама түрде маманның құзыреттілігі оның кез келген салада кәсіби қызметінің нәтижелі болуы үшін қабілеттері, сапасы мен тұлғалық қасиеттерінің бір-бірімен байланыстылығын көрсетеді.
Кәсіби құзыреттілік: мұғалімнің тұлғалық сапалары; маманның жеке, дара психологиялық сапасы; мұғалімнің педагогикалық қарым-қатынас ерекшеліктері; инновациялық технологияны меңгеру деңгейі; коммуникативтік әрекетті үнемі жетілдіріп отыруға талпынысы; сындарлы ойлау қабілеттілігі; ұдайы шығармашылық ізденіс (24-сурет).