Таспа сөзi тарихи жағынан тас түбiр сөзіне -па қосымшасы үстелу арқылы жасалған болуы керек. Мағынасы қайыстан, терiден жiңiшке бау сияқты тiлiп алып, одан барып ауыс мағынада жонынан таспа тiлу тiркесiнде жаңа семема пайда болды: Қайыстан тiлiп алынған таспа мықты бау, жiп орнына жүредi. Ал бiз айтып отырған таспа – пайдаланылуы жағынан да, шығуы қалай, неден жасалуы жағынан да, қасиеттерi жағынан да т.б. бүтiндей жаңа зат. Сондықтан таспа, таспаға жазып алу, таспада жазулы тұр т.б. сияқты қолданыстарда жұмсалады.
Тоқсан мен демалыс сөздерiнiң жайы да осылай. Тоқсан – белгiлi бiр сандық ұғымның атауы, демалыс – демдi iшке-сыртқа алу, тiршiлiктiң, тыныстың көрiнiсi деген мәнде болса, бiз айтып отырған тоқсан мен демалыс –бүтiндей жаңа лексема, лексикалық единица: тоқсан – жыл мезгiлiндегi үш айлық мерзiм, квартал; демалыс - үзiлiс, тынығу, жұмыстан тынығуға шығу. Сондықтан бұл сөздер бүтiндей жаңа тiркестерде жұмсалады: бiрiншi тоқсанда бiтiру, аяқтау, тоқсанның қорытындысы, тоқсанды аяқтау, екi тоқсанға созылды, екiншi тоқсаннан басталды, төртiншi тоқсанмен жыл бiтедi; демалысқа шығу, демалыста болу, кезектi демалыс, демалысын үзуге мәжбүр болды, демалыстан оралды, демалыстың пайдасы т.б.
Қол – адамның дене мүшесi болса, жаңа сөз - қарулы топ, әскер, қалың қол, қол жинап, жау қолына түсу, қалың қолды қақ жарып, қалың қолмен тиiсiп; шабуылға шығып, қолға тойтарыс беру т.б.
Ақ - қараға қарама-қайшы түс болса (ақ мата, ақ үй, ақ шағала, ақ киiз, ақ жаулық), осыдан барып адам адал, күнәсiз, бар күш қуатымен қызмет ететiн, берiлген, шын, ақиқат деген мағынадағы да жаңа сөз туған. Сүттен жасалған тағам (айран, қымыран, сүт, қымыз т.б ) мәнiндегi ақ та келесi дәрежелi сөзжасам процесiнде семантикалық тәсiл арқылы туған жаңа сөз (аққа жарымаған-жарыған, ақ iшiп, ақпен күн көрiп, ақтың пайдасы т.б).
Қырық немесе қырқы - белгiлi бiр сандық ұғымның атауы болса, бiрiншiден, жас нәрестенiң қырық күн өткеннен кейiн, одан шығару ұғымының атауы, соған байланысты қырқынан шығару фразеологиялық тiркесi, екiншеден, өлген кiсiнi қырық күн өткен соң, ас берiп, еске алып, құран бағыштау ұғымының атауы, соған байланысты пәленшенiң қырқы, қырқына жиналу, қырқын беру, қырқына үлгерiптi, қырқын асханада беру, қырқында сөз сөйлеу, қырқы болды т.б. тiркестердiң қолданылуын айтып отырмыз».
Профессор А.Ысқақов – сөз тудыру тәсiлдерi туралы. А.Ысқақов сөзжасамды жаңа сөз тудыру деп негiзiнен дұрыс түсiнедi, сөйте тұра оны сөз таптарының ыңғайында, яғни сөз таптарын жасау проблемасы ретiнде қарастырады. Сондай-ақ, ол сөзжасам тәсiлдерi туралы да қайшы пiкiрлер айтады. «Қазақ тiлiнiң сөз тудыру жүйесi үлкен-үлкен негiзгi екi саладан тұрады. Оның бiрi морфологиялық тәсiл де, екiншiсi – синтаксистiк тәсiл»,-дейдi А.Ысқақов, бiрiншiден, бұл айтылып отырған әңгiме – сөзжасам тәсiлдерi ғана. Болмаса сөзжасам жүйесi бұдан әлдеқайда күрделi, оған тәсiлдер ғана кiрiп қоймайды. Екiншiден, сөзжасамның басқа да тәсiлдерi, аралас түрлерi айтылмаған. Екiншi бiр ретте: «Зат есiмдер лексикалық, морфологиялық, синтаксистiк тәсiлдер арқылы жасалады», «Сын есiмдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистiк (аналитикалық), морфологиялық-синтаксистiк (семантикалық) тәсiлдер арқылы жасалады», - десе, үшiншi бiр ретте, «мысалы, етiстiктiң жасалу тәсiлi ретiнде морфологиялық құрылым жағынан бөлiнетiн түрлер, яғни сөзжасам процесiнiң нәтижесi (туынды етiстiктер, күрделi етiстiктер) немесе туынды үстеулер, күрделi үстеулер» деп те бередi т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |