Байланысты: Лекция №1 Та ырыбы Фонетиканы зерттеу нысаны
Меңгеру. Меңгеру байланысқан сөз тіркесінде басыңқы сөздің мағынасына қарай бағыныңқы сөз септік жалғауларында тұрып байланысады. Барлық септіктегі сөздер емес, атау, ілік септігінен басқа сөздер меңгеріледі немесе меңгерілетін сөздер деп аталады. Меңгерілетін сөздер таза септік жалғауында тұрып та, шылаудың көмегімен байланысады. Сөз тіркесінде меңгеруші сыңары тек етістік деген көзқарас басым, алайда есімдер де басыңқы сыңарды меңгереді. М.Балақаев меңгеру мен меңгерілуде негізгі сөз табы етістік болғанымен, оған есім сөздер де жататынын, оның қазақ тіл біліміндегі түрлі заңдылықтарын дәлелдейді. Сонымен бірге, ортақ меңгеру мен дара меңгеруге тоқталады. Дара меңгеру – меңгерілуші сөзді тек есім не етістіктің меңгеруі. Мысалы: қалаға барды, терезені ашты, орталықтан алыс. Ортақ меңгеру – сөз тіркесіндегі меңгеруші сыңарының әрі есім, әрі етістіктен болуы. Мысалы: Маған уәде берді. М.Балақаев есімді меңгеру жайында былай дейді:
«...Есімдердің есімдерді меңгеруі етістікті тіркестердегідей әрі мағыналық, әрі синтаксистік тығыз байланыс сияқты, етістіктерді бөлек алғанда олардың лексикалық мағыналары қаншалықты түсінікті болғанымен, мүшелік мазмұнда бір күңгірттік бар сияқты болады да тұрады. Ол күңгірттікті жойып, мүшелік мазмұнын толық ашу үшін кетті, келді етістіктерінің алдына кім кеткенін, кім келгенін, қайда кеткенін, қайдан келгенін көрсету керек. Мысалы: Асқар қалаға кетті, Темір қаладан келді. Осындағы сөз тіркестері – қаладан келді, қалаға кетті – меңгеріле байланысқан етістікті тіркестер. Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері етістікті меңгеруге қарағанда сирегірек қолданылады және барлық есімдер ондай сөз тіркесінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде көбіне бастауыштың күйін, халін білдіретін сөздер есімді сөз тіркестерінің басыңқысы болып жиі жұмсалады».
Матасу. Матасу басыңқы және бағыныңқы сыңарлардың ілік септігі жалғау мен тәуелдік жалғауы арқылы тұлғаласа байланысуы болып табылады. Мысалы: Талғаттың кітабы, оқушының қаламы, мұғалімнің суреті, қарлығаштың ұясы, суретшінің суреті.
Матаса байланысатын сөздер көбіне зат есімдер болып келеді. Ілік жалғаулы сөздердің әр түрлі құрамда айтылуына қарай байланысқан сөз тіркестері әр түрлі анықтауыштық қатынаста жұмсалып, мынадай мағыналарды білдіреді:
Ілік жалғауы жалғанып меншіктілік қатынасты білдіреді. М. Менің көйлегім, ұстаздың кітабы, ағайдың көзілдірігі.
Ілік жалғаулы сөздер туған – туысқандық ұғымдағы сөздермен тіркесіп, туысқандық қатынасты білдіреді. М: Менің ағам, Айнұрдың көкесі, Бағыланның атасы.
Сондай –ақ, зат пен заттың табиғи байлансын білдіреді. М: ағаштың жапырағы, гүлдің сабағы, теректің бұтағы.
Ілік жалғаулы сөз септік ұғымы бар зат есім және тәуелдеулі сан есімдермен тіркесіп, бөлшектеу мағыналарын береді. М: оқушылардың бірі, саяхатшылардың көпшілігі.
Талғау мағынасында жұмсалады: қыздың көріктісі, адамның қуы, аттың жүйрігі.
Сын есім матаса байланысқан сөз тіркесінің екінші сыңары болғанда заттық мағынаға ие болады. М: сенің сұлуың, қаланың бұзығы, адамның ажарлысы.
Есімшелер әрі заттық, әрі қимылдық сапа мағынасында жұмсалады. М: менің жазғаным, сенің көргенің, оның айтқаны.
Меншіктілік ұғымының мендік, сендік не бөгделік болуына сәйкестеніп, тәуелдік жалғау сөздер үш жақта жұмсалады.
Сонымен, матасу ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысы болып табылады және негізінен есімді сөз тіркесінде жиі жұмсалады.