Систематиканың қысқаша тарихы. Көп ғасырлар бойындағы жабық тұқымдылардың классификациясының тарихын төрт кезеңге бөлуге болады:
Утилитарлық систематиканың кезеңі. Классификацияның ең ескі кезеңі. Бұл кезеңде сол кездегі белгілі өсімдіктерді олардың шаруашылықтағы маңызына қарай топтастырған: тамаққа пайдаланатын, улы, дәрілік, тоқымалық және т.б. Бұл кезеңнің басталған уақытын дәл туаып айту қиынға түседі. Алайда бір нәрсе айқын, бұл принцип адамдардың шаруашылыққа бой ұра бастаған кездерінің алғашқы уақытынан басталған. Бұл ең ұзақ кезең болған, шамамен ол Х ғасырдың соңына дейін созылған.
Жасанды системаның кезеңі. Бұл кезеңдегі классификацияның басты принципі, ұқсас өсімдіктерді негізінен бір ғана қалай болса солай алынған морфологиялық белгісіне қарай біріктіру. Кезеңнің ең жоғарғы жетістігі ботаника мен зоологияны белгілі бір жүйеге (системаға) келтірген ұлы реформатор К.Линнейдің (1735 ж.) системасы. Үйлесімділігі жағынан және өсімдіктердің барлық топтарына шолу жасаудың жеңілдігі жағынан бұл система біздің уақытымызға дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Алуан түрлі болып келетін өсімдіктер дүниесін К.Линней бары-жоғы 24 класқа бөлген. Бұл жерде автор гүлдегі аталықтардың санын, олардың бірігуін, ұзындығын және басқа да белгілерін негізге алған. Соңғы класқа гүлдері жоқ өсімдіктерді жатқызған. Бұл құпия некелілер класы, ол қалған 23 класқа қарсы қойылған секілді. Линнейдің системасының басты кемшілігі мынада, әрбір класқа түрлерді топтастырғанда, олардың тек бір ғана белгісін негізге алған. Сондықтан да бір класқа жататын түрлер, әдетте, нағыз туыстық жақындығымен топтастырылмаған. Бұл жерде өсімдіктердің гүлінің құрылысының, бір кездейсоқ сәйкестіктері, мысалы, аталықтарының саны шешуші роль атқарады. Бұл система нағыз туыстық жақындықтары бар көптеген түрлерді әр түрлі кластарға бөліп жібереді. Мысалы, астық тұқымдастарының көпшілігінің 3 аталығы болады, сондықтан да олар 3-класқа жатқызылған, күріштің аталығының саны 6, ол 6-шы класқа жатқызылған. Жұпарбастың аталығының саны 2, яғни ол 2-класқа жатқызылған. К.Линнейдің системасы «жасанды системалардың» ішіндегі ең прогрессивтісі болғанымен, ол өсімдіктер дүниесінің эволюциясын көрсетпейді. Оны кезінде К.Линнейдің өзі де мойындаған және бұл системаның уақытша система екендігін айтып кеткен.
Табиғи системаның кезеңі. Алғашқы табиғи системаны 1789 жылы А.Жюссье жариялаған. Ол бірінші болып өсімдіктерді 1-2 белгісі бойынша емес, көптеген белгілердің жиынтығын ескерек отырып топтастырған. Оның үстіне бұл белгілері өсімдіктің тек бір органымен ғана шектеліп қоймай, бірнеше органдарының белгілерін қамтиды. А.Жюссье ботаника ғылымының таризында бірінші болып барлық тұқымдастарды бірінің орнын бірі баса даму принципі бойынша топтастыруға ұмтылады. Алайда органикалық дүниенің эволюциялық системасын құру принципі Ч.Дарвиннің «түрлердің шығу тегі» атты еңбегі (1859 ж.) жарық көргеннен кейін барып қалыптасты. Бұл еңбегінде Ч.Дарвин әр түрлі маериалдардың негізінде эволюцияның өзін және оның қозғаушы күшін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсетті. Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясының биологияның барлық саласының прогрессивті бағытта дамуына, ескі әдет-ғұрыптармен және метафизикалық кезеңнің қалдықтарымен күресуде маңызы орасан зор болды. Сонымен Ч.Дравин «жануарлар мен өсімдіктердің» түрлерін, ешнәрсемен байланыссыз кездейсоқ, «Құдай жаратқан» және олар тұрақты, өзгермейді деген көзқарасқа тосқауыл қойды және биологияны толық ғылыми арнаға түсірді.
Филогенетикалық системаның кезеңі. Ч.Дарвиннің еңбегінен кейін ғылымда жаңа кезең басталды. Жүз жылға созылған бұл кезеңде жалпы биологиялық масштабтағы, мысалы, эволюциялық морфологияның және жекелеген ғылымның деңгейіндегі аса маңызды мәселелер зерттелді. Ғылымның көптеген жаңа салалары ашылып жақсы қарқынмен дамып келеді. соған байлванысты зерттеулердің көптеген жаңа тәсілдемелері қарастырылып жолға қойылды. Дүние жүзінің көптеген елдерінде ондаған филогенетикалық системалар құрастырылды. Көп жағдайда олардың бір-бірінен эволюцияның даму барысын график түрінде көрсетуде ғана емес, сонымен бірге тіптен жалпы системаның үлкен-үлкен топтарының алғашқы ата тектерінің типтерін анықтауда да біршама айырмашылықтары болады. Филогенетикалық системаны құрастыруда бұрынғы Одақтас республикалардың ғалымдарының орны ерекше деп айтуға болады. олардың ішінде Н.И.Кузнецовтың, Б.М.Козо-Полянскийдің, Н.А.Буштың, А.А.Гроссгеймнің және А.Л.Тахтаджянның системаларын атап өткен жөн. Алайда қазіргі кезде жалпыға бірдей қабылданған бірде-бір филогенетикалық система жоқ. Дегенмен соңғы кездері бұрынғы Одақтас республикалар көлемінде А.Л.Тахтаджянның системасы жиі қолданылып келеді.
Класссификациясы. Жабық тұқымдылар ертеден қос жарнақтылар және дара жарнақтылар кластары болып екіге бөлінеді. Бұл кластардың бір-бірінен ажырататын ең қажетті және ең көрнекті белгілерін келтіреміз.
Айтып кеткен жөн, қос жарнақтылар мен дара жарнақтылардың деңгейінде осы келтірілген белгілерден бірқатар ауытқушылықтар болып отырады. Мысалы, кейбір қос жарнақтылардың тұқымжарнағы біреу, жапырағының жүйкеленуі доға тәрізді болады, ал дара жарнақтылардың сабақтары екінші рет жуандайды және т.б. бұдан біз жоғарыда келтірілген белгілердің салыстырмалы түрде ғана алынғанын байқаймыз. Сондықтан да өсімдіктің қай класқа жататындығын анықтағанда осы белгілердің тек біреуіне ғана сүйенбей, олардың барлығын түгелімен ескеру қажет.
Қос жарнақтылар:
Ұрықтың екі тұқым жарнағы болады.
Ұрықтық тамырша келешегінде жанама тамырлары бар кіндік тамырға айналады; тамырлары екінші рет қалыңдауға қабілетті; тамыр системасы формасы жағынан көп жағдайда кіндік тамырлы.
Сабағы өсімдіктің өсу барысында жуандайды, өйткені өткізгіш шоқтары ашық; сабақтың көлденең кесіндісінде олар шеңбердің бойымен орналасады немесе барлығына бірдей ортақ өткізгіш цилиндрі болады.
Жапырақтары жай және күрделі жүйкеленуі торлы.
Гүлдерінің мүшелері 5 қатар, сиректеу 4 қатар түзіп орналасады.
Дара жарнақтылар:
Ұрықтың бір ғана тұқым жарнағы болады.
Ұрықтық тамырша біршама ертерек өледі, кіндік тамырлардың орнына қосалқы тамырлары пайда болады; тамырлары екінші рет қалыңдауға қабілетсіз, тамыр системасы көп жағдайда шашық тамырлы.
Сабағы жуандамайды, өткізгіш шоқтары жабық, сабақтың көлденең кесіндісінде олар ретсіз шашыраңқы орналасады.
Жапырақтары жай, параллель немесе доға тәрізді жүйекеленген болып келеді.
Гүлдерінің мүшелері 3 қатар түзіп орналасады.
Жабық тұқымдардың табиғи топтарын гүлдерінің құрылысына және өмірлік формаларына қарай бөлу немесе талдау мынаны көрсетеді. Туыстық жақындығы бар қатарлар біршама қысқа болады. осыдан барып жабық тұқымдыларға шолу жасағанда оларды қатарлардың тобына біріктіру тәсілдемесі шыққан. Бұл кітапта 10 қатарлардың тобы қарастырылады. Олардың 8 қос жарнақтылар класына жататын қатарлар тобы: көп жемістілер, раушангүлдер тектес бос желектілер, раушангүлдер тектес бір жабынды өсімдіктер, раушангүлдер тектес біріккен желектілер, орталық дәнді бос желектілер, орталық дәнді бір жабынды өсімдіктер, тұқымдары гүл түйіннің қабырғасына жанаса орналасқан біріккен желектілер және дара жарнақтылар класына жататын екі қатардың тобы: желекті гүлділер, қабыршақты гүлділер.