Ясли педагогикасы балаларды сәби жасынан тәрбиелеу шарттары мен заңдылықтарын зерттейді. Бұл педагогиканың ең жас саласы. Дегенмен баланың ми, денсаулық, эмоционалды, әлеуметтік салаларын ерекше зерттеп, ол педагогикалық практикағада көп үлесін қосады. Ясли педагогикасының негізгі ерекшелігі оның басқа білім салаларымен, атап айтқанда психология, физиология, медицинамен өзара әрекеттесуі.
Мектепке дейінгі педагогика – мектепке дейінгі жастағы балалардың тұлғасын қалыптастыру, дамыту заңдылықтары жайлы ғылым. Қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беру дидактикасының салалалары, мектепке дейінгілерді тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі, мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру бойынша мамандарды даярлау теориясы мен практикасы секілді ғылым салалары бар. Мектепке дейінгілерді мемлекеттік, жеке, мемлекеттік емес оқу-тәрбие орындарында және бір, екі, көпбалалы, толық және толық емес отбасында тәрбиелеудің технологиялары мен теориялық негіздері жасалуда.
Мектеп педагогикасы тәрбие туралы ғылымның ең бай және дамыған саласына жатады. Мыңдаған жылдар бойы бұл педагогиканың өмір сүруі әр түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдайда өскелең ұрпақтың қалыптасуы мен дамуын басқару арқылы құнды тәжірибе жинақтауға көмектесті. Әр түрлі өркениеттердің, мемлекеттердің, идеологиялардың, саяси құрылымдардың білім беру моделін зерттеу мектеп ісінде, әлеуметтік үдерісте үлгілі сабақ болды. Мектеп педагогикасы ғылым ретінде жоғары оқу орны педагогикасы құрылуының базасы және оқытушылық пен мұғалімдік құзіреттіліктің қалыптасу негізі болып табылады. Мектеп педагогикасы ғылыми білімнің дамыған саласы ретінде тәрбие жайлы басқа ғылым тармақтарын құнарландыратын көз болып табылады дегенді көпшілік мойындап отыр.
Кәсіптік-техникалық білім берудің педагогикасы – жоғарғы білікті мамандарды дайындау заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы.
Жоғары мектеп педагогикасы – педагогика ғылымдарының ішінде орны ерекше. Оның дамуы бірнеше факторларға байланысты. Олардың ішіндегі факторлардың бірі – ғылыми әлеует. Болашақ мамандарды жоғары білікті өз салаларындағы маманданған ғылым докторлары, профессорлар, академиктар, ғылыми теориялардың авторлары, концепцияларды жасаушылар, инновациялық технологиялардың авторлары мен өкілдері оқытады.
Педагогикада «білім беру» басты түсінік болып табылатыны белгілі. Келесі анықтама жалпы танылған болып саналады: білім беру дегеніміз оқыту және тәрбие беру үдерістерінен тұратын және сол үдерістер барысында тұлғаның шығармашылық іс-әрекетін жүзеге асырудағы білімдерін, іскерлігін, тәсілдерін және әлемге деген эмоционалды-құндылық қатынасын меңгеретін арнайы ұйымдастырылған жүйе.
Бүгінде Қазақстанда көптеген әлем мемлекеттеріндегі сияқты қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының және әлеуметтік тұтастығының негізі болып табылатын нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа моделі қалыптасуда. Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұнын жаңғырту барысында көптеген шаралар өткізілу үстінде:
-мамандарды даярлаудың үш сатылық жүйесіне көшу басталды (бакалавриат-магистратура-доктарантура РһD);
-бакалавриат және магистратура студенттері кредиттік оқыту технологиясына ауыстырылды;
-фундаментализм, прагматизм, интеграциялау, дифференциялау, бірегейлендіру (унификация), диверсификация аспектілері күшейтілген;
-стандарттау және көп вариативтілік, көп кезеңдік пен үздіксіздік, технологияландыру мен гуманизациялау, универсализация мен мамандандыру, орталықтандыру мен орталықсыздандыру, интернационализациялау мен этнизация, саяси идеологиялау мен плюрализация аспектілері өзара әрекеттеседі;
-білім берудің сапасын қамтамасыз ететін, оның жаһандануымен, ашықтығымен байланысты Болон үдерісінің идеялары іске асуда.
Фундаментализм – фундаменталды ғылымдармен (биология, математика, философия, жер туралы, адам туралы ғылымдар) жасап шығарылған шығармашылық ойлау тәсілдері және іргелі біліммен педагогикалық білім беруді байыту жүйесі.
Прагматизм – фундаментализмнің полярлы тенденциясы болып табылады. Прагматизм – бұл педагогикалық білім берудің практикалық құрамдас бөлігі. Ол студенттермен болашақ кәсіби педагогикалық іс-әрекеттің алгоритмін меңгеруді жобалайды.