Графикалық ақпараттың нүктелер жиыны немесе пиксельдер түрінде ұсынылуы растрлық түрдегі ұсынылу деп аталады.
Растрлық кескіннің әрбір нүктесіне компьютер жадында ұяшық сәйкес келеді. Графикалық кескінді сақтаған жағдайда жадқа енгізілетін элементтер саны экранның графикалық кескін алып тұрған нүктелерінің санына сәйкес келеді.
Нүктелерден тұратын растрлық бейне үшін белгілі бір ұзындық бірлігіндегі нүкте санын сипаттайтын көрсетілім түсінігінің маңызы зор. Бұл жерде мыналардың ара-жігін ажырата білу керек, яғни:
Түпнұсқаның көрсетілімі (Оригинал.). Түпнұсқаның көрсетілімі дюймдегі нүктемен (dots per inch – dpi) өлшенеді және бейненің сапасына және файл көлеміне, сандық түрлендіру тәсіліне немесе иллюстрация құру әдісіне, таңдалынған файл форматына сондай-ақ өзге де параметрлерге қойылатын талап неғұрлым жоғары болса, түпнұсқаның көрсетілімі де соғұрлым жоғары болуы керек деген ереже сақталады.
Экрандық бейненің көрсетілімі. Бейненің экрандағы көшірмесіндегі растрдың элементарлық нүктесін пиксель деп атау қабылданған. Пиксель көлемі таңдалынған экрандық көрсетілімге (стандартты мәндегі диапазонға), түпнұсқа көрсетіліміне және бейнелену масштабына байланысты.
Бейнелерді өңдеуге арналған диагоналы 20-21 дюймдік мониторлар (кәсіби кластағы), ережеге сай стандартты 640х480, 800х600, 1024х768, 1280х1024, 1600х1200, 1600х1280, 1920х1200, 1920х1600 нүктелі экрандық көрсетілімдермен қамтамасыз ете алады. Сапалы мониторлардың люминофорларындағы іргелес жатқан нүктелер арасындағы арақашықтық 0,22-0,25 мм құрайды.
Экрандық көшірме үшін 72 dpi, түрлі-түсті және лазерлі принтерде шығару үшін 150-200 dpi, фотоқұрылғылар арқылы шығару үшін 200-300 dpi көрсетілім жеткілікті. Баспаға шығаруда түпнұсқа көрсетілімі шығару құрылғысының растр линиатурасына қарағанда 105 есе үлкен болуы керек деген эмпирикалық ереже қалыптасқан. Егер материалдық көшірмесі түпнұсқаға қарағанда ұлғайтылатын жағдай болса, ұлғайған мәнді, көлемін өзгерту коэффицентіне көбейту керек.