Синтаксистік бірліктерді зерттеудің семантикалық аспектісі.
Сөйлемнің құраушы бөліктері – сөз тіркестері мен сөз. Сөз тіркестерін де
құраушы материал сөз болып табылады. Сөз лексикалық мағынаға ие тілдік
бірлік болғанымен, синтаксистік деңгейдегі семантика осы синтаксистік
бірліктерді құрайтын сөздердің жалпылануынан, жинақталуынан пайда
болатын тілдік мағына грамматикалық мағына болып табылады.
Синтаксистің құбылыстарды семантикалық қырынан қарастырғанда, әдетте,
тілдік семантика мен сөйлеу семантикасы ажыратылып қарастырылады.
Мысалы: ыстық жел – анықтауыштық қатынас, кітапханаға бару -
бағыттық-мекендік мағына; туған жердің ауасы – меншіктік мағына;
сағыныштан көзіне жас алу – себеп-салдар мағыналы сөз тіркесі; оқуға кету
– мақсат мағыналы сөз тіркесі және т.б..
Cөйлемдердің семантикалық аспектіден қарастыру – олардың
хабарлау, сұрау, өтіну, бұйыру сияқты тағы да басқа мағыналарын түсіну.
Сонымен қатар, синтаксистік құрылымдардың сыңарларының арасындағы
қатынастан туындайтын тілдік мағына – грамматикалық мағына сипатына
қарай төмендегідей де сөйлемдердің мағыналық топтары бар: мезгіл мәнді
сөйлем, шарт мәнді сөйлем, ыңғайлас мәнді сөйлем, түсіндірме мәнді сөйлем,
мақсат мәнді сөйлем, амал мәнді сөйлемдер және т.б..
Синтаксистік бірліктерді құраушы сыңарлардың арасындағы қатынас
пен осы қатынастан келіп шығатын тілдік мағына қай деңгейдің бірлігі, яғни
сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем болмасын негізінен үйлес, бірыңғай
болып келеді. Ал сөйлеу семантикасында жағдаят пен мәнмәтін (контекст)
маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыдан алғанда, сөйлеу мағынасын сипаттауда
сөйлемнің сөйлеу әрекетінің құралы, яғни сөйленім семантикасы немесе
сөйлемнің динамикалық сипаты басты назарда болса, статикалық сипаттағы
сөйлемнің мағынасы тілдік мағына ретінде қаралады.
Синтаксистік бірліктерді зерттеудің функционалдық аспектісі.
Адам тілдік құралдарды қолданған кезде қажетіне, коммуникативтік
мақсатына сай таңдап, икемдеп пайдаға жаратады. Бастысы – жұмсай білетін
адамы табылса, тіл міндетін толыққанды атқаруға жарайды. Бұл бүгінгі
лингвистикалық зерттеулерде басымдыққа ие болып отырған тілдің
қызметін, сөйлеуді ғылыми парадигма бойынша антропоцентристік бағыттың
тіл мен адамды бөліп жармай, өзара тығыз бірлікте алып қарауға негізделген
басты ұстанымына толықтай сай келеді.
Адам тілдік құралдарды пайдасына жаратпас бұрын, өз мақсатын
айқындап, соған сәйкес келетін тіл бірліктерін өзара ұйымдастыра отырып,
сөйлеу бірлігін тудырады. Ендеше, тілдің табиғатын толық және дұрыс тану
үшін оны статикалық қалыпта ғана емес, оның «жанды қалпын» – сөйлеу
үдерісін, сөйлеушінің прагматикасын және коммуникативтік талаптарды
ескере отырып қарастыру қажет.
Тіл бірліктерінің сөйлеудегі жұмсалымын қарастыру тілдің
коммуникативтік мәнімен байланысты және тіл бірліктерінің семантикалық
жақтан қолданыс аясы шеңберінің анықталуы олардың мағыналық жүкті
көтеру әлеуетін тануға мүмкіндік береді. Сөйлемдерді оның қолданысы
тұрғысынан қарастыруға қатысты коммуникативтік деген термин де
қолданады. Бұл туралы Ж.Жақыпов былай деп жазады: «Сөйлемге
коммуникативтік тұрғыдан қарау деген сөз – оның функционалды
мүмкіндігін қарау, сөйлемді сөйлеу единицасы ретінде контекст арқылы
динамикалық тұрғыдан түсіндіру деген сөз» [3, 12].
Синтаксистік бірліктер құрылымдық аспектіде статикалық қалыпта,
ортамен байланыссыз қарастырылса, функционалды аспектіде олар сөйлеу
деңгейінде, динамикалық тұрғыда алып зерттейді. Мұнда синтаксистік
бірліктер және олардың сөйлеудегі қызметі, жұмсалымы немесе қолданысы
сөйлеу жағдаятымен, мәнмәтінмен бірлікте зерттеледі. Сөйлеу жағдаяты
тілден тыс, контекстік орта тілдік болып табылады. Бұдан біріншіден,
ортаның екі түрлі – тілдік (парадигмалық) орта және сөйлеу ортасы (тілдік
емес) болатындығы, соңғысының күрделі екендігі көрінеді. Екіншіден,
синтаксистік бірліктер қызметі үшін міндетті түрде ортаның қажет екендігі.
Басқалай айтқанда, синтаксистік бірліктердің жұмсалымы белгілі бір ортада
жүзеге асады.
Синтаксистік бірліктер коммуникативтік аспектіден қарастырылғанда
екіге сараланады: коммуникативтік бірліктер және коммуникативтік емес
біріліктер. Ең кіші коммуникативтік синтаксистік бірлік сөйлем болып
табылады. Сонымен қатар, олардың қатарын құрмалас сөйлемдер, мәтін
толықтырады. Ал коммуникативтік емес бірліктер қатарына сөз формалары
мен сөз тіркестері жатады.
Синтаксистік
бірліктерді
зерттеудің
логикалық
аспектісі.
Синтаксистің басты нысаны болып табылатын сөйлем – ойды жарыққа
шығарудың құралы. Яғни логиканың нысаны болып табылатын байымдау
категориясының тілдегі көрінісі сөйлем болып табылады.
Сонымен, синтаксистік бірліктер құрылымдық аспектіден құрамы мен
түрлеріне, сөздердің, сөйлемдердің өзара байланысу тәсілдеріне қарай
анықталады. Ал семантикалық аспектіде олардың (сөз, сөз тіркестері,
сөйлем) өзара тіркесуінен туындайтын синтаксистік қатынастар тұрғысынан
қаралса, функционалды аспектіде олардың қолданымдық қызметтері негізге
алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |