Таңертең далаға шықсам,
бар маңай аппақ көрпе жамылыпты. Қыс. Ақша
қар! Төңіректегі құлқайырлар мен қурайлар сидиып-сидиып үнсіз тұр. Есік
алдында қар көміп қалған ер-тоқым, алаша дегендерді қағып-сілкіп Ыбыш
жүр (Д.Исабеков). Сондай-ақ:
-
Ашыма әкелдің бе?
-
Иә.
-
Бере ғой. Қаным кеуіп тұр еді ...
-
Туһ, шөлдеп өліп қала жаздап ем. Салқынын-ай!... (Д.Исабеков).
Осындағы
Қыс. Ақша қар. Салқынын-ай! деген атаулы сөйлемдердің мән-
мағынасын мәнмәтін (контекст) арқылы ғана анықтай аламыз. Өйткені
атаулы сөйлемдер – мәнмәтінге тәуелді сөйлемдердің бірі.
Міне, осындай сөйлеу жағдаяты мен мәнмәтін арқылы анықталатын
синтаксистік бірліктердің ерекшеліктері
оларды функционалды тұрғыдан,
динамикалық сипатта қарастырғанда тани аламыз. Бұл қазақ тіл білімінде
синтаксистік құбылыстарды функционалды қырынан қарастыру қажеттігін
алдыңғы кезекке шығаруға ықпал етті. Сөйтіп, синтаксис мәселелері
құрылымдық аспектісі ақырындап функционалды бағытқа қарай ауыса
бастады.
Қазақ тілі материалдары бойынша коммуникативтік
синтаксистегі
сөйлемнің актуалды мүшеленуі, ремалық бөліктің берілу жолдары мен
тәсілдері, ауызекі тілдегі сөйлеу заңдылықтары (Р.Әмір), сөйлеудегі тіл
бірліктері синонимиясы және берілетін хабардың мазмұнынына әсері
(М.Серғалиев), синтаксистің бірліктердің қызметін контекст проблемасы
тұрғысына қарастырылуы (Ж.Жакупов),
коммуникативік бірліктердің
мақсатты қолданысы және олардың тіл бірліктерінің қызметі арқылы көрініс
табуындағы ерекшеліктер (З.Ерназарова), ғылыми проза синтаксисінің
құрылымдық және коммуникативтік негіздері (С.Әлісжанов), сөйлемдердің
тема-ремалық бөліктерге ажыратылу тәсілдері мен жолдары, сөйлемдердің
арасындағы контекстік байланыс мәселесі (Ж.Жакупов, С.Аташев)
өткен
ғасырдың соңына қарай арнайы зерттеудің нысанына алынып, қазақ тілі
синтаксисі функционалды тұрғыдан қарастырыла бастады. Бұл, әсіресе,
шартты түрде жинақтап көрсетілген хронологиялық кестенің 4-кезеңіндегі,
1990 жылдардан кейінгі жазылған еңбектерде (Ж.Жакупов, З.Ерназарова,
Қ.Есенова, С.Аташев) басты бағдар болды.
Бұл бағыттағы зерттеулерде синтаксистің динамикалық сипаты, сөйлеу
әрекеті тұрғысынан, ал синтаксистік бірліктер «жанды» сөйлеу құралдары
ретінде нысанға алынып зерттелді. Функционалды
синтаксистің басты
мақсаты – тілдік бірліктерді мақсатқа сай іріктеп өзара байланыстыра
отырып, сөйлеуді іске асыратын тіл бірліктерінің қызметін айқындау.
Басқаша айтқанда, сөйлеуді қамтамасыз ететін құралдар болып табылатын
тіл бірліктерінің қызметтерін анықтау, қандай жағдайда? және қалай? жүзеге
асатындығын бағамдау. Бұл жағдайда синтаксистік бірліктердің қолданысы
контекст және
сөйлеу жағдаятымен бірлікте, солардың аясында алынады.
Сондай-ақ, сөйлемнің коммуникативтік сипатын көрсететін олардың
актуалды мүшеленуі де функционалды синтаксистің басты нысандарының
бірі болып табылады. Актуалды мүшелену дегеніміз – нақты фраза
құрамындағы оның маңызды деген бір бөлігін ерекшелеп айту
арқылы
тыңдаушы назарын өзіне аударту. Сөйлемді актуалды мүшелеу
бірінші
кезекте сөйлемнің коммуникативтік мақсатына байланысты болып келеді.
Адам нақты қарым-қатынас барысында алдына түрлі коммуникативтік
мақсат қоюы мүмкін. Осымен байланысты бір сөйлем сөйлеушінің алдына
қойған мақсатына сәйкес әртүрлі коммуникативтік мазмұнға ие бола алады.
Ал оның іске асырылуы сөйлемнің акуталды мүшелену мәселесімен
байланысты. Бұл сөйлеуде түрлі
интонация, сөздерге екпін түсіріп айту,
сөздердің орнын ауыстыру және т.б. тәсілдер арқылы көрінеді. Мысалы:
Ертең кешке қонаққа // барамыз; Ертең кешке // қонаққа барамыз; Ертең
кешке // қонаққа барамыз. Мұнда сөйлем логикалық екпін түсіру арқылы
актуалданған.
Сонымен қатар, осы сөйлемдердегі сөздердің орнын ауыстыру арқылы
да сөйлемді акуталдауға болады. Мысалы:
Қонаққа // ертең кешке қонаққа
барамыз; Қонаққа ертең // кешке барамыз.
Коммуникативтік синтаксисте сөйлемнің кімнің? кімге? нені?
айтқандығы басты мәселе болып табылады да, осы айтылғандар негізінде
сөйлем темалық және ремалық бөліктерге ажыратылады. Сөйтіп,
коммуникативтік мәні жағынан сөйлем екі бөлікке сараланады: тема және
рема.