ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы тілдік құбылысты танытатын мұралар:
1. Халықтың ауыз әдебиеті шығармасы. Басым көпшілігі бұрыннан келе жатқандар, бірақ ауызша жетуіне байланысты осы кезеңнің өзінде бірнеше варианты бар. «Айман-Шолпан», «Бекет батыр» т.б.
2. Қазақтың байырғы дәстүрін ары қарай жағастырған ақындардың өлең-жырлары. Олар Сүйінбай. Шөже, Кемпірбай, Күдері, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Майлықожа, Мұрат, Нұрым, Базар т.б
3. Абай мен Ыбырай шығармалары. Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің жаңа кезеңінің басталуы.
4. «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Торғай», «Ауыл шаруашылық листогы» атты газеттер.
5. Ресми кеңсе қағаздары (патша үкіметінің әкімшілік органдары мен жергілікті әкімдердің бір-біріне жазысқан хаттары).
6. Аудармалар, шығыстың классикалық шығармалары: «Шахнама», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиқа», «Фархад-Шырын», «Ескендір», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Сейпіл-Мәлік».
7. Ислам дінін уағыздап кітаби тілде жазылған қиссалар: «Салсал», «Зарқұм», «Жұм-Жұма» Нұржан Наушабаев «Қырық қадис».
8. Тұңғыш пайда болған қазақ тілінің алғашқы грамматикасы мен хрестоматиясы, оқулықтар, екі тілдік сөздіктер. Мысалы: «Киргизская хрестоматиясы».Оренбург,1898ж.
9. Медицина, ветеринария тақырыптарына арналып жазылған кітапшалар: «Трихолия – жаман көз ауруы».
10. Миссионерлік мақсатпен жазылған, христиан дінін қазақ тілінде түсіндіріп уағыздайтын кітаптар: «Евангелие».Қазан,1899 ж., «Езги Иосиф»,1892 ж., «Ақыл беретұғын кнеге» т.б.
Бұл аталған әдебиет үлгілері мазмұны мен мақсаттары жағынан әр түрлі болғанмен, тілі жағынан алдыңғы екі топқа жинақталады.
2.ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамы
Бұл кездегі қазақ әдеби тілінің сөздік құрамы үш қабаттан тұрады: 1) негізгі жалпыхалықтық тілдің лексикасы; 2) араб-парсы сөздері; 3) орыс сөздері;
ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдеби тілінің сөздік құрамы қазақ өмірінің әр алуан жақтарын суреттей алатын дәрежеде көбейіп, тұрақтала бастады.
Ел билеу, сот системасы, жаңа экономикалық қарым-қатынастар мен сауда-саттық, оқу-ағарту мен білім-ғылым саласына байланысты жаңа ұғым атаулары пайда болды.
1.Әкімшіл-сот системасына қатысты сөздер;
Хан, құл сөздерінің қолданысы сирей бастайды. Сұлтан, төре, би сөздерінің мағыналары жартылай өзгерген. Мысалы, «би» сөзі – бұрын билік айтып, үкім шығаратын адам деген мағынаны білдірсе, енді оған қоса шешен, тапқыр, кеңесші деген қосымша мағына үстелді.
Мысалы, Біржанда: «Сегіз би съезіне бердім жөнге». Осыған байланысты билер съезі деген тіркестер пайда болды.
Сол тұстағы жаңа қоғамдық-әкімшілік құрылысты көрсететін терминдер: сенат, болыс, старшина, ауылнай, атқамінер, әкім, пошташы, шен, кедей, жатақ, қоңсы, тамыр т.б.
Патша үкіметі сотына байланысты сөздер: закон, статья, іс, арыз, абақты, тінтуші, тұтқын т.б.
Мысалы, Біржанда:
– Адамын бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің.
Немесе, Майлықожада:
– Законмен жөн сұрамақ атақ болды...
Бұған қоса, пара, парақор сөздерінің активтене бастағаны байқалады.
2.Сауда-саттыққа байланысты сөздер.
Бұл кезде халықты қанаудың жаңа түрі күшейді. Феодалдық ренаталардың кейбір түрлері бұрыннан бар болғанымен, енді олардың мазмұны мен сипаты өзгерді. Мысалы, сауын салығы, жүн беру, ат майын беру;(байлардың қанауының түрі), ортақ, ортақтасу (күш-көлік байдыкі). Сондай-ақ ресми алым-салық системасы пайда болды: түтін салығы, қара шығын, бедерлі қағаз, зекет.
Осының бәрі қазақ әдеби тілінің лексикасынан орын алып, әр құбылыс өз атымен аталғандығы байқалады.
Жаңа кәсіпке байланысты: кіре, кіреші, жәмшік сөздері пайда болды. Саудаға байланысты: алыпсатар, қарыз, борыш, пұл, көтерме сауда, шығын, қадақ, пұт, арбашы, ат-ерші, қалашы.
Мысалы, Майлықожада:
– Атершіден алғаны,
Айна,тарақ ірең боп.
Неменсе, Сарада:
– Бұлындай берекесіз арбашының...
Бұрынырақ келген базар, саудагер, таразы, жәрмеңке, ақша сияқты сөздер бұл кезде активтеніп, тіпті одан туынды сөздер пайда болған. Мсалы, базарға салу, базарлау, саудагерлік, жәрмеңкелеу, таразыға тартылу т.б. Егін шаруашылығына байланысты сөздер: егінші, диқан, диқаншы, орақ ору, арық қазу, шығыр, масақ теру, соқа, жер айдау т.б.
Сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты сөздер 1883 жылы жарық көрген орысша-қазақша сөздікте, қазақша-орысша сөздікте берілген. Авторы – И.Букин.
3. Оқу-ағарту, білім-ғылымға байланысты сөздер.
Нормаға айналған кітап, сабақ, қалам, молда, медресе сөздері кездеседі. Бұған қоса, әріп, насихат, насихат сөз, дәптер хат, мағына сөздері қолданысқа енген.
Мысалы, Ақан серіде:
–Азғантай мен жазайын ақыл дәптер...
Оқу-ағартуға қатысты лексиканың молайып, нормалануы жаңа жазба әдеби тіл кезеңінде.
Достарыңызбен бөлісу: |