Тақырыбы: XVIII ғасыр және XX ғасырдың басына дейінгі Қазақстан мәдениеті.
2. XIX ғ. екінші жартысы - XX ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды.
Рухани мәдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жәңгір хан шежіресі” (1835), Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б.
Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен.
XІX ғасырда қазақ әдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен
Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады.
Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді.
Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық әдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масқұт”, “Әзімнің әңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды.
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады.
А.Құнанбаев пен Ш.Уәлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдениетіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, әскерилер, дәрігерлер даярлады.
Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды.
XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-әңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі бола тұрса да, олардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар бейнеленді. Біржан Қожақұлы, Мұхит Мералиев, Ақансері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Құлтума Сармұратұлы сияқты және тағы басқа көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында қазақ ән мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді.
Достарыңызбен бөлісу: |