Байланысты: Лекция «кіріспе. Ерте ортағасырлар тарихы»-emirsaba.org
Орта ғасырлардағы ағарту ісі, ғылым мен білім. Орта ғасырларда мектептің үш түрі болды: төменгі мектептерде , бастауыш сауатын ашқан діни қызметшілер – клириктер даярланды. Мұнда латын тілін білуге басты назар аударылды, өйткені діни рәсімдер мен дұғалар латын тілінде оқылып, атқарылды. Епископаттық кафедралардағы орта мектептерде жеті “еркін өнер” (грамматика, риторика, диалектика немесе логика, арифметика, геометрия, астрономия, музыка) оқылды. Алғашқы үш ғылым жинақталып тривиум, соңғы төртеуі – квадривиум деп аталды. Жоғарғы мектеп studia generalia (дәлме дәл: жалпы ғылымдар), кейіннен университеттер деп аталды (Латынның Universitas – профессорлар мен студенттер қауымы, корпорациясы).
Алғашқы университеттер ХІІ – ғасырда епископаттық мектептер негізінде пайда болды. ХІІІ – ғасырда ондай жоғарғы мектептер Балонияда, Монпельеде, Палермода, Парижде, Оксфордта, Салернода болды. ХҮ – ғасырдың басында Европада 60 – қа жуық университет қызмет етті. Көптеген университеттер Париж университеті үлгісінде құрылды. Париж университетінде төрт: артистік, медицина, заң және дінтану факультеттері ашылды. Европаның ең көне университеттерінің қатарында Кембридж, Неополитан, Прага, Краков, Гейдельберг, Эрфурт, Кельн т.б. университеттер айрықша орын алады. 1500- жылы бүкіл Европада 65 университет болды. Университеттердің заңнамалық, әкімшілік, финанстық автономиясы рим папаларының немесе корольдардың арнайы құжаттарымен беріліп отырды. ХІІ ғ. дейін кітаптар негізінен шіркеу кітапханаларында шоғырландырылса, ХІІІ-ХҮ ғғ. университеттер жанында, король сарайында, ірі феодалдардың үйінде, ауқатты қалалықтарда бай кітап-ханалар пайда болды.
Орта ғасырлардағы университеттердегі сабақ латын тілінде жүрді. Сабақ берудің негізгі методы профессорлардың лекциялары болды. Ғылыми пікір алысудың танымал әдістерінің бірі пікір таласулар, көпшілік алдындағы диспуттар еді. Негізгі тақырыптары діни – философиялық сипат алды. Диспуттарға негізінен университет профессорлары қатысып, студенттер тыңдап отырды. Кейіннен мұндай диспуттар студенттер арасында да ұйымдастырылды.