ХІҮ-ХҮ ғғ. Италиядағы ерте қайта өрлеу мәдениеті. ХІҮ-ХҮ ғасырларда басқа Европа елдеріне қарағанда Италияда қалалардың дамуы қатты қарқын алды. Қалаларда өнеркәсіп шоғырланып, ұйымдасқан мануфактуралық формаға ие болды, басқа елдермен әсіресе Таяу Шығыс елдерімен сауда қарым қатынасын жолға қойған ірі сауда орталықтары да Италияда еді. Сауда операциялары кең халықаралық сипат алған ірі банкілер де осында орналасты. Осы қалалардың өнеркәсіп, сауда және өсімқорлық буржуазиясы орасан зор байлыққа кенелді. Европаның басқа елдері ірі феодалдарының байлығы итальян қала байларының байлығымен таласа алмайтын. Нәтижесінде, буржуазияның мәдениет, өнер мен білімнің дамуын қаржыландыруға мүмкіндіктері болды. Буржуазия дәл, жаратылыстану, математика ғылымдарының дамуына мүдделі болды. Күрделене түскен шаруашылық қызметі үшін ғылыми жетістіктерді пайдалану ауадай қажет еді. Мануфактуралық техниканың, навигация ісінің дамуы, күрделі коммерциялық және банкілік есеп–қисап – мұның барлығы жаратылыстану мен математиканы зерттеуді қажет етті. Нақ осы коммерциялық және бухгалтерлік есеп – қисап, итальяндықтардың рим цифрынан араб цифрына көшуіне мәжбүр етті. Әбден байып алған қалалықтар, кейде светтік және діни феодалдар жақсы жабдықталған, үпіленген үйлерде, коттеджбен виллаларда тұрып, оны барынша безендіру үшін көркем өнер туындыларын молынан сатып алып отырды. Өнер шығармаларына деген сұраныс артты.
Ерте Итальян қайта өрлеуі. Қайта өрлеу (фр. “Ренессанс”) – жаңа мәдениеттің антикалық мәдениетпен байланысын білдіреді. Крест жорықтары кезінде шығыспен, Византиямен танысқан итальяндықтар – ежелгі грек қолжазбаларын, антикалық ескерткіштерді зерттеу мүмкіндіктеріне ие болды. Италияның өзінде де антикалық мәдениет ескерткіштері көптеп саналатын. Алғашқы, итальян зиялылары көненің көзін зерттеуге бар ықыласымен кірісіп кетті. Классикалық көне тілдерге, ежелгі философияға, тарих пен әдебиетке деген қызығушылық артты. Бұл бағыттағы қозғалыста, әсіресе Флоренция қаласының рольі зор болды. Жаңа мәдениеттің аса көрнекті өкілдері де осы қаладан көбірек шықты.
Жаңа мәдениеттің өкілдері антикалық құндылықтарды, идеологияны шығармашылықпен игеріп, орта ғасырлық христиандық мәдениетке, өмір – салтына қарсы қойды. Антикалық светтік мәдениет жаңа жағдайларда, жаңа зиялылар үшін озық бағдар болды. Жаңа итальян мәдениетінің екінші атауы – гуманизм деп аталды. Гуманистік мәдениет - өз дүниетанымының ортасына дін мен құдайды, о дүниедегі өмірді емес, адамның өзін қойды (homo – “адам”, humanus – “адами”). Гуманистік дүниетанымда – аскетизмге, тақуалыққа орын қалмады. Гуманистер үшін адамның тәні, оның құмарлықтары мен қажеттері күнә емес, қайта керісінше өмірдің ең басты құндылықтарының бірі. Оны басып жаншып, жасанды түрде тұншықтырудың қажеті жоқ. Гуманистер бір ғана өмірдің, осы дүниедегі өмірді мойындады. Ғылымның негізгі мәні адам мен табиғатты тану деп жарияланды. Орта ғасырлық схоластар мен мистиктерге сары уайымшылдық, пессимистік сарын тән болса, Гуманистерге оптимизм тән болды.
Осы бір ұлы интеллектуальдық жаңа қозғалысқа өз заманының аса көрнекті жазушылары, ғалымдары, суретшілері мен сәулетшілері т.б. мәдениет өкілдері қатысты. Орта ғасыр мен жаңа заманның шебінде өмір сүрген аса ірі ақындардың бірі, флоренциялық Данте Алигьери (1265 – 1321) болды. Оның “Құдіретті комедиясы” орта ғасырлық діни идеологияның барлық қыры мен сырын жақсы бейнеледі. Поэма “Тозақ”, “Арылу” және “Жұмақ” атты бөлімдерден тұрды. Ф.Энгельстің айтуынша Данте “орта ғасырдың соңғы, жаңа заманның бірінші ақыны” болды. Айта кететін жәйіт “Құдіретті комедия” латын тілінде емес, итальян тілінде жазылды.
Қайта өрлеу дәуірінің ұлы жазушылары: Франческо Петрарка (1304 – 1374) мен Джованни Бокаччо (1313 – 1375) жаңа итальян жазба тілінің негізін қалаушылар болды. Петрарканың- ғашығы Лаураға арналған сонеттері, Бокаччоның “Декамероны” гуманистік рухта жазылған ең алғашқы романдар еді.
Гуманистік мәдениеттің көрнекті өкілі Леонардо Бруни (1369 – 1444) жаңа гуманистік педагогиканы жүйеге келтірушілердің бірі болды. Оның он екі томдық “Флоренция қаласының тарихында” ХІІ – ХҮ ғасырлардағы әлеуметтік – саяси қозғалысқа айрықша орын берілді.