146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар жатады.
2. Орталық уәкiлеттi орган ведомствосының басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.
Аумақтық бөлімшелердің басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларға және мемлекеттiк инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр, сондай-ақ куәлік не сәйкестендіру карталары берiледi.
Орталық уәкілетті орган ведомствосының, аумақтық бөлімшелердің жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.
3. Өз құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалары барлық мемлекеттік органдар, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар үшін міндетті.
147-бап. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті органның, орталық уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің функциялары
1. Орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.
2. Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
3) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің дұрыстығына;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесін алған тұлғалардың тізімдері бар ақпаратты уақтылы орналастыруына;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің сауда-саттықты (аукциондарды) және конкурстарды уақтылы өткізуіне;
6) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгіленген режимін сақтауына;
7) жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алуға жол бермеуіне;
8) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуына;
9) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман-мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық іс-шаралар кешенін уақтылы және дұрыс жүргізуіне;
10) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік органдарға жердің бар-жоғы, жай-күйі мен пайдаланылуы туралы мәліметтерді уақтылы ұсынуына;
11) жердің жай-күйіне әсер ететін тұрғын және өндірістік объектілердің жобалануына, орналастырылуына және салынуына;
12) жерді жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясын, сортаңдануды, батпақтануды, су басуды, шөлейттенуді, құрғап кетуді, тығыздалуды, қоқыстануды, ластануды және жердің тозуын туғызатын басқа да процестерді болғызбау және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
13) азаматтардың өздеріне жер учаскелерін беру туралы өтініштерін (өтінішхаттарын) қараудың белгіленген мерзімдерінің сақталуына;
14) межелік белгілердің сақталуына;
15) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері уақытша жер пайдалануға берген жерлердің уақтылы қайтарылуына;
16) бүлінген жерлердің рекультивациялануына;
17) жердің бүлінуімен байланысты жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
18) жердің пайдаланылуы мен қорғалуы жөніндегі жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
3. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың функцияларына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |