«Мұсылман ғалымдары» атты жинақта: «Қадырғали Қосынұлы (Қосымұлы)
Жалайыри 1530 жылдары туып, 1605 жылдары шамасында қайтыс болған. Өз өмірі
туралы өте аз мәлімет қалдырған. Біздің қолымызда бар деректер бұл құрметті адамның
өмірін баяндау үшін жеткіліксіз», — деп жазылған [4;87]. Ал «Қазақстан тарихы.
Энциклопедиялық анықтамалық» деген еңбекте мынандай дерек келтірілген: «Қадырғали
Жалайыри, Қыдырғали Қосымұлы Жалайыри, (1555–1607) — орта ғасырдағы қазақ
халқының ғұлама ғалымы, белгілі биі. Жалайыр тайпасынан шыккан.
Жалайыри атануы
осыдан. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері үздіксіз хан нояндары, уәзірлері,
батырлары болып, аталық қызметін атқарған. Əкесі Қосым бек, атасы Темшік батыр
атанған» [5; 366].
Қадырғалидың қазақ даласында өткен жастық шағы тарихқа белгісіз. Ол хан
ордасының қағазын жазып, жас сұлтандарға тәлім-тәрбие беру ісін басқарған.
Ханның
қарашысы (ақылшысы, кеңесшісі) ретінде іс атқарған адам. Қадырғалидың ата-бабалары
және өзі хан ордасына жақын болғандықтан, ол үшін ХV-XVІ ғасырлардағы қазақ
хандықтары жайында тарихи шығарма жазу оған онша қиынға түспеген және бұл
шығармада шындықтың, ақиқаттың көбірек болуына мүмкіншілік туған.
Жалаиридің ауылын қалмақтар шауып, Шығай ханның баласы, Тәуекел ханның інісі
әскер басы Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, 13 жасар баласы Оразмұхаммедті
(Оразмәмбетті) ертіп, ауыл аймағымен Сібір ханы Көшімнің қол астына көшіп барады.
Онда ол төбе би болып сайланады. Өзінің «Жылнамалар жинағында»: «Менің аталарым
Оразмұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Өзім
Оразмұхаммедтің әкесі Ондан
сұлтанға қызмет еттім, одан соң Оразмұхаммедтің қасында болдым», — деп жазады [6;
198].
Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың
классикалық озық әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең білген... «Мен дүние
жүзіндегі
неше
түрлі
мемлекеттерді
аралаған әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын», —
деп жазған ол «Жылнамалар жинағында». Қадырғалидың ғұлама ғалымдығы мен
даналығын бағалаған Көшім хан оны өзінің ақылгөй кеңесшісі еткен [7; 74].
Бұл жерде олар (Қадырғали мен Оразмұхаммед) Көшім, Сейдақ (Сейтек)
сұлтандармен бірігіп, Сібірді жаулауға келген Ермак әскерлеріне қарсы күреседі. Бұл
күресте, әсіресе, Қадырғали Қосымұлы ерекше тапқырлық көрсетеді [8; 97].
Қадырғали Қосымұлы Сібір князі Сейтектің (Сейдақтың, Сейдектің) де кеңесші биі
болған. Кейіннен
Көшім ханға қарсы шығып, ол Ораз-Мұхаммедпен бірге Сейтекпен
жақындасқан. Сөйтіп, оның мәртебесін көтеріп, беделін арттырған [5; 366].
Орыс жылнамаларында былай деленген: Сейдекке (Сейтекке) «Қазақ ордасының бір
ханзадасы (Ораз-Мұхаммед) мен Қараш мырза (бұл арада Қадырғали Жалаири осылай
аталып отыр) келгеннен кейін, ол күшті болып алды...» [7; 74].
1580 жылдан бастап Қадырғали Ораз-Мұхаммедтің (Оразмұхаммедтің) қарашысы
болады. 1588 жылы Ораз-Мұхаммед екеуі Ертіс бойында «тұйғын салып, аң аулап жүріп»,
Сібір воеводасы Даниил Чулковтың қолына тұтқынға түседі де, сол жылы аманат ретінде
Мәскеуге әкелінеді. Қазақ ханы Тәуекел өз туысы Ораз-Мұхаммедті сұратып, орыс
патшасына сан рет елші жібереді. Бірақ орыс патшасы Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали
Қосымұлын өз еліне қайтармайды. 1588 жылдан 1598 жылға дейін олар Мәскеуде, патша
сарайында болады. Оған себеп болған нәрсе тағы да Ораз-Мұхаммед сұлтан. Өйткені, ол
Ресей патшасының қарамағына келгеннен кейін шведтерге қарсы,
Қырым хандығына
қарсы жасалған көптеген жорықтарға қатысады. Осы жорықтарда ерлік көрсетіп, көзге
түседі. Соның үшін Ресей патшасы Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасым қаласына әмір
етіп сайлайды [4; 88].
Ораз-Мұхаммед осы қалада бірнеше жыл хандық құрады. Қ.Жалаири оның төрт
уәзірінің бірі етіп тағайындалады. Осы кезде Қадырғали Қосымұлы тікелей ғылыммен
шұғылданады.
Жалаири Қасым қаласында 1600 жылы өзінің атақты «Жамиғ ат-Тауарих»
(«Жылнамалар жинағы») атты шежіре кітабын жазуды бастап, оны 1602 жылы аяқтаған.
Шежіре 157 бет, қытай қағазына ұқыптылықпен жазылған. Бұл шығарманың бізге белгілі
данасы Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы (каталог № 10422). Бізге белгілі
бұл дананың өзін Қадырғали өлгеннен кейін 1641–1642 жылдары аты-жөні белгісіз бір
адам көшірген. Осы қолжазбаны Н.И.Ильминский түркі-шағатай (ескі қазақ) тілінен орыс
тіліне аударған. Н.Ильминскийдің аударған мәтін басылып шықпаған. Ол
текст қазір
кайда екені белгісіз. Ал көне текстің тұпнұсқасын 1854 жылы И.Н.Березин өзінің
шығармаларының екінші томына енгізіп, факсимилие (фотокөшірме) түрінде басып
шығарған [8; 99,100].
Ғалым өз шығармасын Шығыс ғұламаларының дәстүрі бойынша орыс
патшасы Борис Годуновқа арнаған [5; 366]. Алайда ол кітаптың Мәскеу патшалығына
берілгендігі жөнінде ешқандай мәлімет жоқ.
Қадырғали Қосымұлы Жалаиридің (Жалайыридың) өмірі туралы қысқаша дерек осы.
Достарыңызбен бөлісу: