Лекция. Тақырыбы: Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай шығармаларының зерттелуі Лекцияның оқыту нәтижелері : Абай мұрасының 1940 жылдардан кейінгі зерттелуімен танысады



бет1/2
Дата10.12.2023
өлшемі62,9 Kb.
#135804
түріЛекция
  1   2

3-лекция. Тақырыбы: Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай шығармаларының зерттелуі

Лекцияның оқыту нәтижелері:

1.Абай мұрасының 1940 жылдардан кейінгі зерттелуімен танысады.

2. Абайдың әдеби мектебі және оның зерттелу тарихын зерделейді.

3. Абай өлеңдерінің төңкеріске дейінгі жариялану, таралу жайынан хабардар болады.

Лекция мазмұны:


Қазіргі таңда қазақ әдебиеті әлемдік көркем ойға олжа салған озат әдеиеттер қатарына қосылып та үлгерді. Оған үдере даму жолына түскен қазіргі күндегі абайтану, жамбылтану, сәкентану, мұхтартану сияқты т.б. салалары-халқымыздың аз уақыт ішінде рухани дамуның қаншалықты терең сапа танытарлық айғақты дәлеліндей көрініс. Міне осындай мақтанышты рухани мұрамызға айналған абай шығармалары советтік дәуірде ғана жан-жақты зертеліп, қазақ әдебиетінің бұл күнде “абайтану” деп аталатын қуатты саласы қалыптасты.Абайтанудың негізін салған әрі ол мұраны ғылыми тұрғыдан меңгеруде тарихи еңбек атқарған академик Мұхтар Әуезов болатын. Абайдың әдеби мұрасы туралы тұңғыш рет теориялық тұрғыдан барлау жасап, зерттей шолуға ат салысқан, әрі екі рет басылған Абай жинақтарының шығуына ат салысқан М. Әуезов. Ұлы жазушы артына ұлан асыр көркем туындыларын, әсіресе, “Абай жолы” эпопеясы мен Абай шығармалары жайлы ұзақ жылдар бойы ізденуден туған зерттеу еңбектерін қалдырды. Қоңырдың (М.Әуезовтің бүркеншек аты) пікірінше, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің ендігі беталысы, оның өсіп өркендер негізгі жолы-сыршыл романтизм. Мұхтар Әуезов мұрасы, әсіресе, оның ұлы ақын шығармалары туралы ғылыми ізденістері мен тұғыры биік туындысы “Абай жолы” эпопеясы - қазақ елінің өткен дәуірі мен бүгінгі өмірінің рухани көпіріне, яғни дәстүрлер жалғастығына айналып отыр. Абай шығармаларының сырын, мән-мағынасын енді Әуезовтің зертеуллері мен ұлы туындысы “Абай жолы” эпопеясы арқылы танып білетін ғажайып түрдегі рухани құралға ие болып отырмыз. Әрбір талантты қалам иесінің творчестволық өмірінде ғұмыр бойы құлай беріліп, ұзақ ізденістен туатын жан сыры ретінде жазылатын шығармалары болмақ. М. Әуезовтің де осындай көп жылғы ізденіп зерттеуінен туған бас шығармасы “Абай жолы” эпопеясы. Бірақ осы ұлы туындының жазылу тарихы мен дүниеге келу жолындағы сүйенер негізі, рухани қайнар көздері - Абайдың өмірі мен шығармаларына осы ақынның өмір сүрген дәуірі жөнінде ізденген, сарыла зерттеген еңбектеріне келіп тіреледі. “Абай жолын” жазу үстінде М. Әуезов әрі ғалым, әрі жазушы ретінде екі салада қатар ізденді. Осындай жалықпай ізденудің нәтижесінде абайтану саласында ғылыми өз тұжырымдары мен ұлы ақын туралы көркем туындыларын дүниеге әкелді. Мұхтар Әуезов Абай шығармалары туралы ұзақ жылдарға созылған ғылыми -зерттеу жұмыстарын, әсіресе, ұлы ақын жайында жазылған көркем туындыларын жазу үстінде ізденістерін негізінен сегіз түрлі күрделі де кең тынысты проблемалар тұрғысынан жүргізіп отырған. Бұларды ғалымның өз жүйелеуі бойынша бас-басына атап өтер болсақ, олар мына мәселелерді қамтиды:
1) Абайдың ғылыми өмірбаяны;
2) Абай мұрасының деректік көздері (источниковедения) мен ақын шығармаларының текстологиясы;
3)Абай реализмі мен халықтығы;
4)Абай шығармаларының орыс (Европа) әдебиетімен байланысы;
5) Абай мұрасының Шығысқа қатысы;
6) Абайдың әдеби ортасы;
7) ХХ ғасыр басындағы демократтық бағыттағы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі;
8) Қазақ совет әдебиетіндегі Абай дәстүрі.
Бұл тақырыптардың бәрі де Абайдың дүниетанымы мен ақындық мәдениетіндегі іштей түлеп өсудің эволюциялық даму жолын танытуға бірден-бір ғылыми тірек болған хронологиялық жүйені басшылыққа алып отыр. Бұл жағдай тек абайтану саласындағы зерттеулермен шектелмей, жазушының ұлы туындысы болған “Абай жолы” эпопеясын да қоса қамтиды. Академик Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен осы тақырыпқа «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертация қорғалып, ақын мұрасы туралы жазылған еңбектердің тұңғыш библиографиялық көрсеткіші «Абай Құнанбаев» деген атпен жарық көрді (1965). Осы еңбектер негізінде М. Мырзахметұлының «Абайтану тарихы» деген тақырыпта монографиялық ғылыми-зерттеу жұмысы жарияланды (1994). Ендігі жерде абайтанудың негізін салушы Әуезов дәуірін аяқтап, 1965-1995 жылыаралығындағы Абайтану тарихын жазу міндеті алға шықты. Абайтану саласындағы ақтаңдақтар қатпары жазылып, бұрын назардан тыс қалған мақалалар мен зерттеулер арнайы топтастырылған жинақ «Абайды оқы, таңырқа» деген атпен оқырман қолына тиді (1993). Абай тарихы жоғары оқу орындарында 1966 жылдан бастап арнайы курс ретінде бастады. Абайдың әдеби мұрасын жұртшылыққа танытумен ол мұраны зерттеу ісінде 30- жылдары айрықша көзге түскен жазушы, ғалым, Мұқтар Әуезовтың зерттеулері абайтану тарихында ерекше орында тұрды. Абайдың қайтыс болуына отыз жыл толуына орай басылым көрген Абайдың тұнғыш толық шығармалар жинағы мен Абайдың ғылыми өмірбаянының қоса жариялануы М.Әуезовтың абайтану саласының негізін қалаған тарихи еңбегі ретінде қабылданды. Абай мұрасы жайында М. Әуезовтың «Абай» журналы мен «Шолпан» журналында жарияланған зерттеулік мақалалары мен «Әдебиет тарихы» кітабында ендігі жерде Абай мұрасын зерттеумен айналысу қажеттігі жайындағы ескерме пікірмен-ақ сол кезеңде Абай мұрасының бірегей білгірі деген пікір қоғамдық ойда қалыптасып қалған еді. Әсіресе, М. Әуезовтың ғылыми теориялық деңгейі биік жатқан бірегей мақаласы «Абай ақындығының айналасы» деп аталатын зерттеу мақаласы 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналында жариялануы абайтану саласының келешек бағыт бағдарын айқындаған, көптеген күрделі проблемалардың өзекті желісін тартқан еңбек болып шықты. М. Әуезовтің 30 шы жылдардағы ізденістері Абайды танудың ғылыми дәрежесін көтеруде абайтануға қосылған елеулі үлес ретінде де ерекшеленетін орны бар туындылар деп бағаланды. Жалпы М. Әуезовтың ұзақ жылдар бойы Абайдың әдеби мұрасы туралы үздіксіз ізденудегі әрекетін бір-бірімен іштей байланысты 4 салаға бөле қарауға келеді:
а) Абай шығармаларын жинауы, текстологиялық жағынан сұрыптауы, жариялауы туралы еңбектері.
ә) Абай өмірбаянын қайта жазып, қандық қызметі мен дәуірі заманы жайында деректер жинап, естеліктер жаздырып, жоғалуға айналған өлең жолдарын қалпына келтірумен айналысуы.
б) Абай өмірі мен шығармалары туралы арнайы зерттеу жұмысын жүргізуі.
в) Жоғарғы үш саланың негізінде Абай мұрасын ақын туралы көркем шығармалар жазу арқылы танытуы. М. Әуезовтың ұзақ жылдар бойы сарыла еңбек етуінің нәтижесінде жарық көрген, 1933 жылғы толық жинақ пен Абай өмірбаянының жазылып дайындалған тұңғыш толық жинағы болатын-ды. Ал осы тұңғыш толық жинақтың негізінде 1939, 1940 жылдары екі том болып қайта бастырылған Абай шығармаларының толық жинағына жаңа көзқарастық тұрғысынан С. Мұқановтың «Абай - халық ақыны» деген алғы сөзі мен М. Әуезовтың «Абайдың ғылыми өмірбаяны екінші рет зор толықтырулармен қайта жазылды. Бұл екі томдық толық жинақта 1931, 1940 жылғы бұрынғымен 1933 ж. салыстырғанда, көптеген өзгешеліктер мен жаңалықтардың орын алуына, толыға сұрыптала түсуіне М. Әуезовтың осы жылдардағы үздіксіз ізденістері мен зерттеулері абайтану саласында шешуші орынға шықты. 1933 жылғы толық жинақта тек қана 35 өлеңге түсінік беруге мүмкіндігі болса, соңғыда екі томдық жинақта 88 өлеңге түсінік жазуы зерттеушінің Абай шығармаларының сырына қаншалықты молыға түскенін байқатты. Абайдың әдеби мұрасын зерттеудегі М. Әуезов жүргізген жұмыстың бір саласы – осы мұраны танытуда, зерттеуде үлкен мәні бар саланың бірі – Абай замандастарының ақын туралы естеліктерін жиып жариялаумен қатар оны тереңірек зерттеуге келіп тірелетін еді. Абайдың әдеби мұрасын танып-бағалау, таныту жолында М. Әуезовтің айрықша еңбек еткен саласы ұлы ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан тереңдете зерттеуінде жатыр. М. Әуезов Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолына саналы түрде алдына ұлы мақсат қоя отырып кірісуі, негізінен Абай туралы роман жазуды қолға алған жылдарынан басталады. Осы жылдарда-ақ алдына ғылымитворчестволық зор мақсаттар қойған тұста-ақ сегіз түрлі проблеманың аумағында жүргізілер іс-әрекеттерінің бағыт-бағдарын нақтылы түрде айқындар алған болатын-ды. Абайтану саласында жүргзілген ғылыми творчестволық ізденістерінің бәрі де осы сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізілгені бүгінде толығымен айқындалып отыр. Алдымен қолға алған зерттеу нысанының өзекті мәселесі Абайдың ғылыми өмірбаянын табиғи қалпына келтіру арқылы ұлы туындысы «Абай жолы» эпопеясында өмірбаяндық деректер негізін арқау етіп өру жолын ұстанды. Абай мұрасын танып бағалау жолында ақын мұрасының саяси әлеуметтік болмысын ашу үшін де өмірбаяндық деректерсіз қадам басу қиын болатын-ды. Абайтану тарихы — бүгінде үдере дамып, өсу, өркендеу жолында қызу түрдегі пікірталас үстінде қалыптасқан Абайтанудың іргелі саласының біріне айналды. Абайтану жөніндегі ой-пікірлер арнайы түрде зерттеу нысанасына алынбаса да зерттеушілер тарапынан Абай мұрасының бір саласын зерттеу үстінде жанама түрде айтылса, екіншілері оған арнайы тоқталып пікір айтса, үшіншілері Абайтану саласының жалпы қалыптасу жолына орай қарастырса, соңғылары Абай мұрасының жариялану тарихына орай пікір қозғады. Ал Абайтанудың негізін салушы Әуезов болса Абайтану жөніндегі ой-пікірін елуінші жылдар ішінде Абайтанудан оқыған дәрістерінде сөз ете бастаған еді. 1995жылы жарық көрген «Абай» энциклопедиясында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты қыруар деректер, құнды ой-пікірлер жинақталып, жүйелі түрге түсірілген. Абай шығармаларының ғылыми толық жинағы басылып шықты. Р.Сыздықова, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұлов, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ғ.Есім, Т.Қожакеев, Ғ.Мұқанов және басқа да ғалымдардың зерттеулері Абайтану ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Абай шығармаларын жариялау, зерттеу ісіне шет елдерде айрықша мән берілді. Қытайда профессоры А. Қабайдың «Абай және Абай шығармашылығы» атты еңбегі (Пекин, 1987), кейін Су Чжоусюннің зерттеу еңбегі мен Абайдың қара сөздерінің аудармасы жарияланды. Чех ғалымы П.Гржебичек Абайдың ақындық жолын арнайы зерттеді.1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы барысында шет елдердің көптеген әдебиетшілері, қоғам қайраткерлері Абай шығармалары жайлы мақалалар, баяндамалар жасады. Парижде, Түркия қалаларында, Мәскеуде, СанктПетербургте, Киевте, Минскіде, Вильнюсте, Ташкентте, Бішкекте, Қазанда ұлы ақынға арналған салтанатты мәжілістер мен ғылыми конференциялар өткізілді. Абай шығармалары Түркияда, Пәкстанда, Иранда, Қытайда басылды, француз, ағылшын, неміс және басқа тілдерге аударылды. Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрде дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 жылы М.О.Әуезов бастырған жинақтан (мұнда Әуезов жазған ақынның өмірбаяны берілген) және 1934 ж. жарық көрген Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады. Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Оның Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. 1933–57 ж. аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіт қолжазбалары негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атау қажет. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты. 20 ғасырдың 40–60-жылдарында Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде С.Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М.С. Сильченко, Қ. Мұқамедханов, Ы. Дүйсенбаев, Т. Тәжібаев, Б.Г. Ерзакович, Х. Сүйіншәлиев сынды ғалымдардың еңбектері бар. Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай шығармалары революцияға дейінгі дәуірде – ақ әр түрлі бағыт – бағдарда пікірлер айтылып, там-тұмдап болса да, зерттеу нысанына іліне бастады. Бұл істпеттес әрекеттер ресми баспасөздер мен кейбір ғылыми жинақтарда, архивтік деректер көзі мен кейіннен табылған қолжазба нұсқаларда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің қоғамдық ойы мен дүниетанымының шын мәніндегі энциклопедиясына айналған Абай шығармалары жайлы әр түрлі бағдар таныта айтылған пікірлер де көбейе түсті. Халық мұңын жырлаған Абай поэзиясын революцияға дейін – ақ қазақ даласына әсері мол аса күшті рухани құбылысқа айналып та үлгерді. Туған халқының көкейтесті арманы мен мұңын жырлаған Абай өлеңдеріндегі гуманистік, ағартушылық сарындар сол тұста - ақ халық санасын баурап, көкірек көзін ашуға бастады. Абай шығармалары баспасөз бен қолжазба көшірмелер арқылы көбінесе ауызша әр қилы жодармен таралып жатты. Абай ер жетіп, ел ісіне араласқан дәуірде де рушылдық идеологияның үстемдік ету қазақ қоғамының таптық санасының оянып, қоғамдық ой - пікірдің жандануына тосқауыл жасады. Абайды және оның әдеби мұрасын дұрыс танып бағалауға рушылдық ой – сананың да белгілі дәрежеде зардабы тимей қоймайды. «Көктума, Қарамола, Балқыбек сьездерде мүддесін қорғау себепті, оған Мұқыр сайлауында ескіліктің содырлы топтары қол жұмсайды. Мұқыр сайлауында Абайды қара күштің қорлауына берген тобықты руының атқамінер – жуандары еді. Бұл әрекетті рушыл ақын Қуанышбай: Рас, Абайға біздің ел қылар қастық, Ойласытық оның түбі дәулет, мастық. Онда найман оңа ма түбі оңбаған, Талассақ мәртебеге біз таластық, - - деп ол оқиғаға рушылдық сана тұрғысынан келіп, Абайдың әлеуметтік бетін танытуды бүркемелейді. Абайдың әлеуметтік бетін бүркемелейтін рулық салт – санаға қарама - қарсы шын мәніндегі халықтық көзқарас Олжабай мен Бәзіл қызының арасында болып өткен оқиғаны реалистікпен баяндайтын «Бипаның сөзі» атты дастанда айрықша байқалады. Дастанда махаббат теңдігі үшін күресуші халық қызы Бипаның атынан Абайға баға беріледі. Бипа - дастанда қарапайым халықтан шыққан момын шаруа қызы ретінде суреттеледі. Қорлық пен зорлыққа ұшырғанда, оның үміт етері мен сүйенері - Абай ұстанған әділеттік қана. Абайға әділетті жетті жаным, Ісімнің болар дедім бір мәнісі, - деп ескі салттың қанды шеңгелінен құтқарушы, әділеттің жақтаушысы Абай ғана деп біледі. Рушыл ақын Қуанышбай: «Абайдың әр білімі елден асты», деп оны тек Тобықты руының білгірі ретінде дәріптесе, дастанның кейіпкері Бипа қыз: Абайеке, арызымды айттым сізге, Данышпан даңқы шыққан бұл үш жүзге, - деп Абайды бүкіл қазақ халқының құрметіне ие болған дана ретінде бағалап отыр. Дастанда Абай ескілік салттың күні өткен дәстүріне қарсы күресуші әрі махаббат теңдігінің қорғаушысы ретінде суреттеледі. Дастанның идеялық түйіні де: Бір ауыз Абай айтқан әділ сөзді Жүреміз үлгі қылып жас пен кәрі, Таласқан тар кезеңде әйге әперген, Абайды неге ұмытсын әйел табы, - деп, Абайдың әйел теңдігіне ат салсыуын бүкіл халық атынан құптап, оны әділет пен жаңалық жаршысы, қазақ елінің ойшыл данасы ретінде таниды. Осы себептен де бұл дастанның идеясы, өмірде болған шындық М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының сюжеттік желісіне сіңісіп, арқау боп өрілгенін көреміз. Абай тұсында ақынның өз басы мен әдеби мұрасы жайлы баспасөз бетінде де пікірлер айтыла бастағанын 1898 жылы басылған «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқанын» (Бастауышы Шайхисламұлы Жүсіпбек қожа) деген кітаптан көреміз. Мұнда айтлыған пікірдің салмағы – Абайдың пікірлес болған ән еркесі ардагер Біржан тарапынан айтылуымен бірге, бүкіл қазақ халқына мәшһүр болған «Біржан - Сара» айтысында сөз болып, бағалауында жатыр. Біржан – шын мәнінде, Абай шығармалары мен әндерін халық арасында таратушы өнер саңлағы. Ұлы ақынмен замандас болған Біржанның негізінен, халықтық тұрғыда осы айтыста Абайды танып бағалауы сол кездегі ру жуандарынан Абайдың теңдесі жоқ ерекше қасиетін әйгілей түседі. Абайдың ақындық өнерін бағалауы да Біржаннан басталады десе болғандай. Біржан Абайды өз заманнан иығы асқан ойшыл, құдіретті сөз өнерінің иесі ретінде танығандықтан: Абайдай тумас адам сөзге зерек, Зейіні түпсіз дария көзің жетпес, - дейді. Абай заманында - ақ ақынның өз басы мен әдеби мұрасын танып, бағалауды осы тәріздес қарама – қарсы пікірлер күндердің күнінде дүбірлі талас – тартыстың нышаны болатынынан белгі беріп жатқандай сезіледі. Абайдың әдеби мұрасын тану жолында ақын шығармаларының баспасөзде біршама жариялануы елеулі мәні бар құбылысқа айналды. Абай мұрасының бірегей білгірі академик М. Әуезовтің: “Абайды танудың басы, алғашқы адамдары революциядан бұрын басталған. Көлемі шағын болғанымен, Абай мұрасының революцияға дейін танылып, бағалануы жайлы нақтылы ұғым берелік жазба деректердің бірі – “Дала уәлаяты” газеті. Абайдың “Дала уәлаятында” жарияланған “Жаз”, “Болыс болдым мінеки” деген екі өлеңінің тағдыры да қызық. Бұл өлеңдері белгілі бір себептермен Көкбайдың атынан жарияланса да, жұртышылық оны Абай өлеңі деп танығаны М. Көпеевтің сол газеттегі корреспонденциясынан байқалады. “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” (1899 ж.) деген ғылыми негіздегі тарихи мақаласының жазылу себебі де “Түркістан уәлаяты” мен “Дала уәлаяты” газетінде о баста қатар уағыздалған діншілдік теріс танымдардағы мақалаларға қарама – қарсы жазылған еңбек екеніне көзіміз жете түседі. Абай өз шығармаларын бастыруға мүмкіндігі болса да, кітап етіп бастырмаған. Өйткені өз творчествосында ұстанған реалистік: халықтық бағыттың бұрмалануы мен сол дәуірде шыққан қазақша деген кітаптар тілінің түгелдей шұбарланып, рухының бұзылып шығу себептері сезгір ақынды көп ойға түсірген болар. Абай шығармалары қолжазба, көшірмелер арқылы немесе ауызша жатқа айту арқылы таралып жатты. Дәл осы күнге дейін Абайдың көзі тірісінде жарияанған өлеңі деп “Дала уәлаяты” газетінде басылған: “Жаз”, “Болыс болдым мінекей” екі өлеңі мен Шайхисламұлы Жүсіпбек қожаның өз атынан иемденіп бастырған “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” деген Абай өлеңдерін ғана атап жүреміз. Абайдың өз шығармаларын жариялауға рұқсат етпей жүргенде ақынның көзі тірісінде сонау қиянағы Қазанда басылған “Кнәз блан Зағифа” (1897 жылы басылған) қиссасында кезедесетін “Сынағанағы аттың сыны” (“Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ”). “Бүркітші” (“Қан сонарда бүркітші шығады аңға”) деген атпен Абайдың атақты екі өлеңінің жариялануы назар аударарлық құбылыс. “Кнәз блан Зағифа” қиссасы қыз бен жігіттің жұмбақ айтысына құрылған. Айтыстың негізгі тақырыбы - дін мәселесі. Негізгі мазмұны – дін шарттарын насихаттау болғанымен, кейде жұмбақтарының тақырыбы күнделікті тұрмыстан алып, оралымды шешен тілмен суреттеледі: - Тағы да мен отырмын жұмбақ ойлап, Дүлдүлді сахараға қойдым байлап. Басында бұлбұл отыр үйдің сайрап, Дарияның құрағы бар тұрған саулап, Жел тисе жанып кетер өрттей қаулап, - деп жұмбақтаса, оны: - Болғанда ақылың – дария, кеудең – дүлдүл. Басында сайрап тұрған тілің бұлбұл. Дарияның жанып кеткен құрақтары – Адамның қатты шыққан ашуы дүр, - деп шешеді. Алғыр құс пен жүйрік аттың сипатын жоғарыда аты аталған Абайдың екі өлеңін пайдалану арқылы суреттейді. Бірақ бұл өлеңдер Абай атынан берілмейді, қисса авторы өз атынан: Насихат қып шығардым осы сөзді, Бозбала, осыны оқы, сөз таппасаң, - деп, Абайдың көзі тірісінде – ақ ұлы ақын өлеңдерін баспасөзде өз атынан бастырып жіберген. Бұл өлең 1897 жылы Қазанда басылуы Абайдың ақындық даңқының ертеден-ақ шырқауы алысқа жайылып, шығармалары ауызша әрі қолжазба, көшірме түрінде кең таралғанын танытумен бірге, көзі тірісінде-ақ бұраланып әркімдердің атымен жарияланғандығын яғни революцияға дейін ақын шығармаларының танылу, жарияану дәрежесі қаншалықты аянышты халде болғандығын айғақтайды. “Тобықты Ыбырай марқұмның сөзінен” деген атпен бір топ Абай өлеңін жариялаған Зейнелғабиден 1909 жылы Уфа қаласындағы “Шарқ” баспасында басылған “Насихат Қазақия” деген рисоласы мен 1909 жылы Қазанда басылған Мұқамедсалим Кәшимовтің “Сұлу қыз” жинағынан да көреміз. Мысалы, “Сұлу қызда” басылған 20 жол өлең Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, “Білектей арқасында өрген бұрым”, “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” деген үш өлеңінен құрастырылып жарияланған. “Насихат-Қазақияда” жарияланған Абайдың “Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек” деген үш өлеңі:
1. “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы”.
2. “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқың сергек.”
3. “Бай алады кезінде көп берем деп”,
4. “Ал енді жақсы дейміз кімді қалап” деген атпен төрт өлең ретінде басылып әрі елеулі текстологиялық өзгерістерге де ұшыраған. Зейнелғаиден қолына Абай өлеңдері түпнұсқа бойынша жетпей, ел аузынан біршама өзгерістерге ұшырап барып жеткенін көрсетеді. Абай өлеңдері “Кнәз блан Зағифа”, “Сұлу қыз”, “Насихат - Қазақияда” жарияланып, яғни революцияға дейін-ақ түрлі жолдармен таралу жағдайлары оның шын мәніндегі халық ақыны ретінде кең тұрғыдан таныла бастағанын дәлелдей түсетін деректер деп білеміз. Абай шығармаларын үзінді, арнайы жинақ, академиялық толық жинақ ретінде жариялау мен ол мұраны ғылымыи-зерттеу ісі арқылы кең түрде насихатау ісі үдей түсті. Абай шығармалары майдандағы қазақ жауынгерлерінің рухани азығы ретіне 1943 жылы, 1944 жылы таңдамалы жинақтары “Әскери кітапханалар” үшін деген айдармен жарияланады. Ақын шығармаларын жариялау, әсіресе, жүз жылдық мерейтойға байланысты кең өріс алып, қанат жая бастады. Тұңғыш рет ақынның академиялық толық жинағымен қоса бүкіл туысқан республикалар баспасөздерінде көптеген үзінділер жарияланып орыс, өзбек тілдеріне аударылып, жеке кітап ретінде басылып шықты. Ұлы ақынның оқырман қауым асыға күткен академиялық толық жинағы өз дәрежесінде шықпады. Бұған Абай шығармаларының конондық текстін даярлау үшін арнаулы текстологялық зерттеулердің болмауы тікелей әсер етті. Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан тереңірек танып білуде, көбірек назар аударылған саланың бірі- ақынның белгісіз өлеңдері мен ол жөніндегі естеліктерді жинап жариялау, архивтік дерек мағлұматтарды сарыла іздестіру әрекеті күшейді. 1933 жылдан соң Абайдың жаңадан табылған өлеңдері әуелі баспасөзде жарияланып, іле-шала 1945 жылғы академиялық толық жинаққа ендірілді. Абай тарапынан не қолжазбасы, не архивтік дерек көздері сақталмауыақын мұрасын зерттеушілер үшін елеулі қиындықтар туғызуы себепті 20- жылдардың басында-ақ Абай туралы өз замандастарының естелігін жинау ісі қолға алынды. Осы тұрғыдан қарағанда, Ф.Н. Киреевтің тарапынан табылған Абай туралы архивтік деректер ерекше назар аударылады. Ал М. Фетисовтың Абайға тән деген (“Заметка о происхождений родов средней киргизской орды”) соны дерегінің де елеулі мәні бар. Ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолындағы ізденістердің көп аялдаған мәселесі - Абай дүниетанымы мен ақын мұрасының рухани нәр алған арналарына келіп тірелетін еді. Абай дүиетанымының болмысын ғылыми негізде жете танып біле алмау ақын мұарсын зерттеушілерді көп жағдайда теріс пікірге соқтырып, тіпті Абайдың дербес ойшыл екендігіне күмән туғызылып жатты. Абай мұрасының бұл сияқты күрделі саласын зерттей отырып, пікір айтуға М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Сильченоко, Н. Сауранбаев, Т. Елеуов, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Жиреншин т.б. ғалымдар араласты. Бұл жылдары, алдымен, Абай дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен, яғни нәр алған қазына көздерін анықтаудың міндеті көтерілді. Академик М. Әуезов Абай шығармаларының нәр алған рухани қазына көздерінің үш арнасы туралы күрделі мәселені 30-жылдардың ортасында көтерді. Профессор Н.Сауранбаев Абайдың көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен құбылыстардың тарихи екі негізі бар деп білді. Зерттеушінің пікірінше, бірінші негіз Абайды: “прогресшіл ағартушы ниеті ойдан шығарылған, не болмаса Батысқа еліктеуден туған жоқ. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының саяси-экономикалық, мәдени-рухани халін терең талдап зерттеуден, сынап танудан туған еді”- десе, оның екінші негізгі Батыс пен Шығыстық дүние ғылымымен танысудан туған деп қарап, өз ойын “Абайдың әлеуметтік, философиялық, эстетикалық көзқарасының тарихи тамырлары осындай еді”-деп тұжырымдайды. 1941-1951 жылдардың аралығында ақынның дүниеге көзқарасының кей салалары жеке-жеке тексеріле бастады. Әсіресе, Абайдың философиялық көзқарасы арнайы монографиялық тұрғыдан зерттелмесе де, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Сильченко, Т. Елеуов, Ә.Қоңыратбаев, Ә. Жиреншин т.б. арнаулы зерттеу мақалаларында әр тұрғыдан сөз болғанын көреміз. Осы дәуірден бастап қана, шын мәнінде, ақын көзқарасының сырын жан-жақты терең танып ақтарып, зерделей қараудың шеңбері кеңи бастады. Осыған орай Абайдың эстетикалық, этикалық, педагогикалық, діни т.б. көзқарастарын жеке-жеке бөлектеп, арнайы зерттей бастаған құбылысты көреміз. Абай мектебі өкілдерінің айтыс жанрын игеруі қазақ әдебиетіне айтарлықтай жаңалық әкелді. Табан астында өлең құрап, суырыпсалама өнердің не бір түріне аса мән берген Абайдың өзі де айтысқа бей-жай қарамаған. Бізге жеткен Қуандық қызбен сөз қағысы Абайдың айтысқа тікелей қатысын байқатқандай. Табан астында сөз құрап, айтысқа түскен шәкірттерін Абай күнделікті сынап отырды десе де болғандай. Әсіресе, суырыпсалма өнердің майталмандары – Көкбай, Әріптер Абайдың баулуымен, айтыс өнерін шебер меңгерді. Ал, айтысты көркем шығармаға айналдыру– Абай айналасына кең тараған көркемдік тәсіл десек, Шәкәрімнің, Тұрағұлдың,Әубәкірдің жанрлық жағынан қыз бен жігіт, мысал айтыстарына жататын өлеңдермен қоса, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс үлгісі бар көлемді поэмалардың жазылуы – айтыс жанрының мүлде өзгерген көркемдік түрін ұсынды. Сондай-ақ, Әріпке қатысты «Біржан –Сара», Әсетке байланысты «Әсет пен Ырысжан» айтысы сияқты туындыларда – айтыс өнерін жетік меңгерген ақындар ел аузында жұрнағы қалған айтыстарды көркем шығармаларына арқау етті. Кеңестік кезеңде абайтану саласының «қоғамға жат» саналған саласының бірі – Абай мектебі. «Абайдың ақындық мектебі» концепциясын М.Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Нақты «әдеби мектептің» анықтамасы болмағанмен, бұл ұғым батыс пен орыс әдебиетінде әдеби ағым, әдеби үйірме, әдеби топ дегендермен алмастырыла айтыла береді. Әсілі, әдеби мектеп – бір көзқарастағы, бір бағытта шығармалар жазатын, арман-мұраттары ортақ қаламгерлердің басын құрайтын ұғым. Көбінің бастаушысы, яғни сол мектепті құрушы ұстазы болып, қалғаны шәкірт саналады. Бірақ, батыс әдебиеттануындағы мектеп атаулының қайқайсысында да ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нақты айтылмайды да, әдебиеттегі ағымға қарай ауып кетеді. Ал, Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды. 1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па?» деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласына ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек,кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады. Кеңестік саясаттың салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» деп аталатын қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік әдебиетке жақпады. «Бай баласының» ақындық құдіретінен мін таппаған таптық идеология, оның жеке басынан сырғып, айналасын бопсалауға көшті. Ақынның өмір сүрген ортасы – «ескішіл», әкесі – байшонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Мұхтар Әуезовтың Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолында жарты ғасырға таяу толассыз ізденіс үстінде туған көп салалы ғылыми зерттеу еңбектері абайтанудың қолы жетпес заңғар биігіне айналып отыр. Бұл еңбектердің нәтижесінде М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихын іргелі де көрнекті саласы абайтанудың негізін салушы әрі ол мұраны ғылыми творчестволық жолмен бүкіл әлем халқына таныту арқылы да әдебиеттану саласында қайталанбас дарынды тұлға ретінде танылып, мойындалды. Абай мұрасын терең бойлай танып білу мен насихаттау жайында атқарған ұлан-ғайыр еңбегі қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ ұлттың рухани қазыналы байлығына айналып та үлгерді. «Абай» журналының ұлы ақын мұрасын жөнінде мақалалар жазып, Абайдың қайтыс болуына жиырма жыл толуына орай ақын мұрасын жинастырып, өмірі мен творчествасын зерттеуге кіріскен М.Әуезов ғұмырының соңына дейін толассыз іздену үстінде болды. Абай мұрасын зерттеу – автордың дем беру үшін рухани қайнарына айналды. Ол мұра жөнінде жазылған М.Әуезовтың жазылған көп салалы ғылыми зерттеу еңбектері мен көп томды ұлы эпопеясын жазуы- ғылыми творчествалық зор мақсаттың шын мәнінде жүзеге асуын бұлтартпас дәйекті айғағына айналды. Тек қана бір ақынның мұрасы жайында бір ғана зерттеушінің соншалықты зор көлемде зерттеу жұмысын жүргізумен бүкіл әлем оқырманын табындырған көркем шығармалар жазуы әлем әдебиеті тарихында кездесе бермейтін бірегей құбылыс. М.Әуезовтың ұзақ жылдар бойы жүргізген ізденіс үстінде туған ойпікірлері түгелге жуық «Әр жылдар ойлары» деген атпен басылым көрген монографиялық еңбегінің желісіне сіңісіп отырған. Бұл еңбек автордың ұлы ақын мұрасына арналған жоғарғы оқу орындарында абайтанудың арнаулы курсынан оқылған дәрістері арқылы жинақталған ой-пікірлері мен танымдары болатын. Өйткені осы монографиялық еңбегіне дейін мұрасының әр түрлі салаларын өз алдына жеке сөз етіп, ізденісте жүргізіп келсе, сол жан-жақты ізденіс үстінде туған ойлары мен танымдарын түгелге жуық қамти отырып, ғылыми негізде хронологиялық желіге түсіріп, баяндап берген. Мұнда көзделген басты міндет – Абай мұрасының сырын, болмысын танып білумен қалың оқырман қауымға таныту болуы себепті де, ол ақын мұрасын тұтас қамтып, көптен бері айтып, жазып келе жатқан ой танымдарын өзі ұстанған хронологиялық желісіне шебер түрде сіңімді өріліп, үйлесім тапқан табиғи тұтастықты көреміз. Абай мұрасын тұтас қамтып зерттеу нысанын алғанда хронологиялық желіне қолдану мақсаты – Абайдың ақындық өнері мен дүниетанымындағы өзгерістер мен толысудың, іштей түлеп рухани қорлаудың эволюциялық даму жолын көрсетуде. Еңбектегі назар аударарлық ерекшелік – Абайдың мәдени мұрасын тұтас қамытылып, ақындық мәдениеті мен көркемдік шеберлігінің даму жолдары, дүниетанымы мен рухани өсуінің эволюциясын хронологиялық желіге сүйене отырып, әрі ақын творчествосындағы өзгерістер мен бетбұрыстардың себебін сол дәуірдің тарихи шындығы мен сабақтастыра қарап, сырын ашып саралауда жатыр. Елуінші жылдар ішіндегі зерттеулерде М.Әуезов Абай мұрасы жайында кейбір талас тудырған күрделі мәселелерге көңіл аудара бастады. Әсіресе, Абайдың әдеби мектебі немесе Абайдың шәкірт ақындары туралы қолдан қоздырылған, бірақ ғылыми ойдан тыс, саяси идеологиялық мақсат көздеген теріс бағыттағы ой-танымдары мен пікір таластырып, өз көзқарасын қорғау жолында күреске түсті. Ұтыстар да ұтылыстар да болып жатты. Бұл салада күресте ақыры шындық жеңді. Бірақ кешігіп келді ... Бұл тұста кейбір зерттеушілер тарапынан Абай ақындығының алғашқы жылдарындағы шығармалары ешбір ғылыми дәлелсіз сыңаржақтылықпен терістеле бастады. М.Әуезов бұл мәселеге де ерекше көңіл аударып, алғашқы жылдардағы ақын шығармаларының сыры мен қырын ғылыми тұрғыдан тереңдей аша отырып, пайдасынан зияны басым ғылыми ойға жат нигелистік пікірдің жалғандығын батыл әшкереледі. Ұлы ақын мұрасы жолындағы ізденістері мен жиырмасыншы ғасырдың ұлы туындысы аталған «Абай жолы» эпопеясы – қазақ елінің өткені мен бүгінгі дәуірінің рухани көпіріне, яғни дәстүрлер жалғастығына айналуда. Енді Абай мұрасының сыры мен қырының мән-мағынасын М.Әуезовтың абайтану саласындағы ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» эпопеясы арқылы танып білетін рухани ғажап құралға ие болудамыз. М. Әуезов ақын өмірбаянын қайтақайта өңдеп, толықтырып жазу үстінде Абай өмірі мен заманы жөнінде ел аузындағы естеліктерді жинап, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оны Абай шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындармен салыстыра отырып, басты тарихи арнаны табады. Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда шешуші орын алған сұрастыру, әңгімелесу, естелік жию жолымен жинастырған көл-көсір деректерді талдап, талғай қорытып алған ой тұжырымдарының көбі эпопея желісіне ендірудегі қайталанбас суреткерлік өнер бірден танылып та тұрады. Жазушы өз ойында қорытып, танып білген тарихи шындығын өлі дүниені қайта тірілткендей, жанды образ арқылы құлпырта берудегі творчестволық ерен еңбектің өзі – жазушы лабораториясының сырын ашуға арналған ғылыми зерттеуді тілейтін ерен тақырып.
Ұлттық әдебиеттануда қажырлы еңбек еткен әдебиетші Е.Ысмайыловтың абайтанудағы ғылыми зерттеулері ұлы ақын шығармашылығын әдебитеориялық тұрғыдан саралауымен құнды. М.Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітабының «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылса, сөз зергерінің мұрасынан 1940 жылы жарық көрген тұңғыш библиографиялық көрсеткіш ғалым ыждахатының (Қ.Бекхожинмен бірге) жемісі. Ал «Абайдың поэтикасы» (З.Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы».1934.№11-12), «Абайдың өлең өрнектері» («Социалды Қазақстан». 1934.30.12), «Кемеңгер Абай» («Әдебиет және искусство».1940.№9), «Қазақ халқының кемеңгер ақыны» («Коммунист».1940.15.10), «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері» («Социалистік Қазақстан».1945.14.08), «Абайдың этикалық көзқарасы» («Қазақстан мұғалімі».1954.9.09), «Абайды зерттеу жайынан» (1959) т.б. ғылыми мақалаларында абайтанудағы маңызды мәселелер қамтылды. «Абайдың шығармалары мен өмірін зерттеу дегеніміз - қазақ әдебиеті тарихының негізгі, келелі мәселелерін зерттеп, анықтау деген сөз» деп білген ғалымның Абайдың классикалық мұрасын, ақындық дәстүрін эстетикалық зерде биігінен қарастырудағы алғашқы қадамы «Абайдың поэтикасы» (З.Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы». 1934. №11-12) мақаласынан бастау алады. «Өлең өрнектері», «Абайдың кейіптеу заңы», «Дауыс ырғағы» аталатын үш бөлімнен тұратын мақалада қазақ өлеңіндегі дәстүрлі қара өлең мен жырға Абай өлең өрнегінің он алты жаңа түрін енгізгені талданды. Абайдың поэтикалық әлемін айшықтаған зерттеушілер ақын шығармашылығын пролеткультшілдік тұрпайы сын ызғарынан аршып алуды әрі шын шеберлік қарымын ұштаудағы эстетикалық қуатын айқындауды мақсат етіп алды. Ғалымның «Абай қазақ поэзиясының сөзсіз бір биік асқар белі. Қазақ поэзиясын тұйықтан шығарып, шын мәнінде поэзияның есігін ашты», «Абай сияқты классик, мастер, шебер, шешен, ұста ақын өз дәуірін қалай суреттеді, қалай көрсетті, соны көрсетуде тілді қала жұмсады, қалай пайдаланды, міне осы жағынан үйреніп, дәуірімізді, отанымызды осылай суреттей білу керек» деген тұжырымы соны айқындайды. Тұрпайы социологизм дендеп тұрған сол кездегі қоғамдық ағыстың бірыңғай саяси ағымына таза шырмалып қалмаған әдебиетші «Қазақ поэзиясының тарихы» (ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті туралы) («Қазақ әдебиеті». 1936. 27.06) проблемалық мақаласында ұлттық сөз өнерін Абай дәстүрінде жаңа поэтикалық биікке шығарған ақындар шығармашылығын зерделеуге көркемдік даму үрдісіндегі тарихи сабақтастық тұрғысынан үңіле білді. Маркстік-лениндік әдіснаманың қасаң танымында «ұлтшылдық», «байшылдық» тұрғыдан мансұқталып, әсіре саяси қырағылықпен қараланып жүрген Абай ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлын «либерал-феодал» ақын деп таптық сипатта қарастырғанымен, «шын поэзияның үлкен шебері» деген сана биігінде бағалады. «Қазақ поэзиясын тіл жағынан, жаңа образдар жағынан байытқан» Шәкәрім романтизм сарынымен бірнеше поэмалар жазғанын екшей келіп, Пушкиннің «Дубровский» т.б. шығармаларын өлеңмен аударғанын баса көрсетеді. Әдебиетшінің аталған мақаласын «Жаңа әдебиетіміз туғанға дейін бізде түк болмады деп әдебиет тарихында крес қоятын адамдарға жауап осындай» деп ғылыми принциптілікпен түйіндеуінің астарында көркемдік дамудағы дәстүр ұласуының әдеби-тарихи негіздерін айқындау мұраты болғаны анық. Е.Ысмайылов М.Әуезовтің Абайдың ақындық айналасын, ақындық мектебін зерттеудегі тұңғыш әрі тың ізденістерін қолдай отырып ғылыми концепцияның ұлттық әдебиеттануда түкпілікті орнығуына қажыр-қайратын салған ғалымдардың бірі. М.Әуезов жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) еңбегінің «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылды. Әдебиет мектебіне әдеби-теориялық анықтама берген зерттеуші «Белгілі дәуірде асқан әйгілі жазушының төңірегіне бірнеше ұсақ жазушылар өзінен өзі жиналып соның әсерінде болады, себебі ірі талантты жазушылар өзінің ұлы көркем шығармаларының әсерімен төңірегіне басқа жазушыларды тартып алады. Сол талант иесінің маңына жиналып, содан үйренеді, басшы ұлы ақынды дәріптеп көтереді, шығармаларын жұртқа жайып таратады. Бірнеше ақын - жазушылардың бір әйгілі ақынның айналасына стихия түрінде жиналып, соның стилінен үйренушілікті әдебиет мектебі дейміз» деген құнды тұжырым жасайды. Ал әдеби мектептің атап айтарлық басты қасиеті «жас таланттар сол ірі ақынның маңында мәпеленіп өсіп шығады» деп түйеді. Басылым - әдеби шығарманың жарық көрген нұсқасы. Бірнеше рет жарық көрген шығарманың әр басылымның мәтінінде азды-көпті айырма болуы ықтимал. Сондықтан, шығарманы зерттегенде оның алғашқы және кейінгі басылымдарын салыстырады. Бұрынғы басылымдарды білу, салыстыра тексеру, әсіресе, текстологиялық зерттеу жүргізу үшін қажет. Мысалы, Абай шығармаларының 1909 жылы Петербургте, 1916 жылы Орынборда, 1922 жылы Ташкентта, 1933 жылы Қызылордада, 1939 - 40, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995 жылдары Алматыда шыққан басылымдары бар. Осылардың бірінде жоқ деректі бірінен табуға болады. М.Әуезов Абай өмірбаянын жазумен ұзақ жылдар бойы айналысумен бірге Абай мұрасының текстологиялық жағына да айрықша назар аударып, ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі ізденістерінің мол көрініс берген кезеңі, әсіресе, 1933 жылғы Абайдың тұңғыш толық жинағында анық байқалды. Бұрынды соңды Абай басылымдарында ұшыраспайтын көптеген өлеңдер мен өлең жолдары тыңнан қосылып отырылды. Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тікелей ат салысқан М. Әуезов Абай өлеңдерінің өрнек үлгісін толығымен табиғи қалпына келтіре алды. Әрине, бұл үшін өлең табиғатын терең танып білумен бірге, өлең құрылысы туралы теориялық білім де қажет болды. Осы ерекшелік М. Әуезовте толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерін қалпына келтіруде алғашқы толық жинақта М. Әуезовтің өзі де кемшіліктерге жол беріп алды. Бірақ толассыз ізденіп Абай өлең құрылысының ерекшеліктеріне қаныққан сайын ол кемшіліктерін жетілдіріп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегі жағынан өте күрделі Абайдың «Қатыны мен Масақбай», «Сен мені не етесің?» өлеңдерінің бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы басылымдарда оны толық табиғи қалпына түсіріп, қалыптастырғанын көреміз. Отызыншы жылдар басында-ақ М. Әуезов Абайдың әдеби ортасы деген күрделі мәселеге ерекше назар аудара бастады әрі осы тақырып абайтану тарихында мейлінше айтыс тартыс тудырған ең күрделі мәселеге айналып кетті. Өйткені бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай, Абайдың әдеби мектебі, Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ақындық дәстүрі немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйіні бір, бірақ тармақтары сан тарау мәселелерді қамтыды. Абайтанудың негізін қалаған М.Әуезовтің ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық ізденістерімен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулі үлестерін қосып жатты.
Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулі еңбек болды. Абайтанудың М. Әуезов дәуірінде С. Мұқанов, М. С. Сильченко, К. Бейсембиев, К. Мұхаметханов, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, Полибина, М. Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлі саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгерді. Абайтанудың ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрі де сол тұстағы кеңестік жүйенің таптық идеологиясы қойған тегеуірінді талабының шеңберінен шыға алмады. Осы себепті зерттеу жұмыстарының дені Абай мен орыс әдебиетінің қарым-қатынасы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатын-ды. Абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі дәуірдегі даму жолындағы басты ерекшелік кеңестік биліктің кезінде-ақ ақын мұрасына таза таптық таным тұрғысынан қойылатын партиялық талаптың шеңберінен шыға бастағыны байқалды. Ал еліміз тәуелсіздік алысымен-ақ абайтану саласында, әсіресе, ол мұра туралы жазылған монографиялық зерттеулер мен мақалаларда еркін ойлылық, мәселені ашық қою, жаңа танымдағы ой пікірлерді, соңы дерек мағлұматтарды, тіпті, Абай мұрасының исламиятқа қатысы бүкпесіз айтыла бастады. Абайтанудың бастапқы кезеңі яғни 1889 жылдан 1933 жылдың аралығы мен М.Әуезов дәуірі яғни 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы даму жолының тарихы осы жолдар авторының «Абайтану тарихы» (1994) мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) деп аталатын ғылыми монографиялық зерттеу еңбектерінде өз көрінісін тапты. Бұл салада істелген бірсыпыра зерттеу еңбектері орыс әдебиеті мен Абай мұрасының творчестволық байланысы жайындағы мәселені тереңірек ашуда ғылыми ойда елеулі ізденістің барлығын аңғартты. 1941-1951 жылдар аралығындағы зерттеудегі ерекшелік – монографиялық зерттеулердің пайда болуына байланысты бұл тақырыпты бұрынғыдай жалпылама сөз етпей нақтылы зерттеу нысанасына алу арқылы дұрыс тұжырымдар жасалып жатты.
М. Сильченконің 1945 жылғы жүз жылдық мерейтой қарсаңында «Абай» деген атпен басылым көрген еңбегі ерекше атап өтуге болады. Абай өмірбаяны мен әдеби мұрасы туралы орыс тілінде жазылған бұл еңбектің бағалы жағы – ақын мұрасын жүйелі түрде кең насихаттауында жатыр. М.Әуезов- ұлыларға тән көп қырлы дарын иесі. Оның көркемдік әлемі мен жарты ғасырға жуық Абай мұрасы туралы ғылыми зерттеу еңбектерін танып білу жолында ғалымдар тарапынан атқарылар көп салалы аумағы мол арналы міндеттерді алға тартады. Айтулы дарын иелерінің творчестволық өмірінде құлай берілген әрі ұзақ ізденуден туатын жан сыры ретінде жазылатын бас шығармасы болмақ. М.Әуезовтың мұндай туындысы – «Абай жолы» эпопеясы. М.Әуезовтың жиырма томдық шығармалар жинағында абайтану саласында жазылған еңбектері түгелге жуық беріліп, олардың бәріне де арнайы ғылыми түсініктемелер жазылды. «Абай» энциклопедиясында да М.Әуезовтың абайтану саласындағы еңбектері мен зерттеулері өз көрінісін толық тауып, оқырманға келгелі отыр. М.Әуезовтың абайтану тарихындағы орны мен сол жолда жазылған ғылыми зерттеу еңбектері жайында осы жолда автор тарапынан 1982 жылы «Ғылым» баспасына «М.Әуезов және абайтану проблемалары» деген көлемді монографиясында қамтылған болатын.
Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, ноутбук
Лекция оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: баяндау, проблемалық, сұрақ – жауап, түсіндіру, сабақ жоспарына сәйкес оқу пәнiнiң нақты сұрақтарын талқылау


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет