Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы. Ағзаның эмбрионалды дамуы кезінің өзінде кейбір миоциттер жиналып симпласттарға айнала бастайды. Бұл көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы. Оның бірыңғай салалы ет ұлпасынан айырмашылығы ондағы миофибриллалар белгілі бір тәртіппен орналасады. Негізі миофибриллалар бірінен соң бірі келіп отыратын бөлімдерден тұрады. Ал ол бөлімдердің оптикалық қасиеттері әр түрлі. Бірі микроскоппен қарағанда ақ болып көрінсе, екінші бөлімдері қара болып көрінеді. Жоғарыда айтылғандай көлденең жолақты бұлшықет ұлпасында миофибриллалар белгілі бір тәртіппен орналасқандықтан, бір фибрилланың ақ жері екінші фибрилланың ақ жеріне, керісінше қара бөлімі қара бөліміне сәйкес келгендіктен, көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы микроскоппен қарағанда көлденең жолақты болып көрінеді. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы 1)көлденең жолақты қаңқа бұлшықет ұлпасы және 2)көлденең жолақты жүрек бұлшықет ұлпасы болып бөлінеді.
Көлденең жолақты қаңқа бұлшықет ұлпасына қаңқа бұлшық еттері, ауыз еттері, тіл еттері, жұтқыншақ еттері, өңештің жоғарғы 1/3 бөлігінің еттері, бет еттері, көз еттері, құлақ еттері, диафрагма еттері, анус сфинктерінің еттері жатады. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы бұлшықет клеткалары - миоциттер емес, көлденең жолақты бұлшықет талшықтарынан тұрады. Көлденең жолақты бұлшықет талшығының ұзындығы 13 см-ге жетеді, ені 150 мкм-ге дейін барады. Көп ядролы, ядролары сарколемманың астына, саркоплазманың шетіне орналасқан. Саркоплазмада миоглобин немесе ет гемоглобині болады. Бұлшық еттегі миоглобиннің мөлшеріне қарай, бұлшық еттер қызыл, ақ және орташа деп бөлінеді. Жиі, жылдам жиырылатын еттерде миоглобин көп болады, сондықтан да ондай бұлшық еттер қызыл болады. Сирек, аз жиырылатын еттерде миоглобиндері аз болып, түсі ақ болып келеді.
Көлденең жолақты бұлшықет талшығы цилиндір пішінді, ұшы сүйір немесе бірнеше өсінділі. Бұлшықет талшығының қабығы сарколемма үш қабаттан тұрады. Сарколемманың сыртына базальды мембрана орналасады, ал базальды мембранаға өте майда коллаген талшықтары тор құра отырып, орналасады. Базальды мембрана мен сарколемманың арасында ені 14-24 нм келетін қуыс болады. Көлденең жолақты ет талшығының сарколеммасы әрбір белгілі қашықтықтан соң түтікше түрінде саркоплазманың ішіне қарай керіледі. Ондай керілу жүйесін Т-жүйесі (тансверсус-көлденең) деп атайды. Жоғарыда айтылғандай ет талшықтарының көп ядросы сарколемманың астына шамамен әрбір 5 мкм аралықта орналасады. Ядролардың пішіні ұзынша, хроматині аз. Талшықтың перинуклеарлы аймағына эндоплазма торлары мен пластинкалы комплекс орналасқан. Саркоплазмадағы миофибриллалардың диаметрлері 1-2 мкм. Бір талшықтағы миофибриллалардың саны 2000-ға дейін жетеді. Миофибриллалардың ара-арасына саркоплазма торлары мен митохондриялар орналасқан. Миофибриллалар актин және миозин миофиламенттерінен тұрады. Актин миофиламентінің диаметрі 4-8 нм, ұзындығы 1 мкм-ге жетеді. Ал миозин миофиламенті одан үлкендеу, диаметрі 10-12 нм, ұзындығы 1,5 мкм-ге жетеді. Бұл миофиламенттер жиырылатын белоктар - миозиннен, актиннен, тропомиозиннен және тропониннен тұрады.
Көлденең жолақты қаңқа бұлшықет ұлпасы бұлшық еттердің құрамына кіреді. Көлденең жолақты бұлшықет талшығы дәнекер ұлпалары арқылы жинақталып бұлшық ет деп аталатын органға айналады. Бұлшық ет сыртынан перимизий қабықшасымен қапталған. Одан бұлшық ет арасында болбыр қалыптаспаған дәнекер ұлпасынан тұратын, ішінде қан және лимфа тамырлары мол, нервтерге бай қабаттар тарайды. Ол қабаттарды эндомизий деп атайды. Эндомизийдің коллаген талшықтары көлденең жолақты ет талшықтарының базальды мембранасының майда коллаген талшықтарымен байланысады. Көлденең жолақты бұлшықет талшықтарының ұштарына саусақ тәрізді өсінділер пайда болып, олардың арасына ет пен сүйекті байланыстыратын сіңір талшықтары бекиді. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасының жиырылу жылдамдығы бірыңғай салалы ет ұлпасының жиырылу жылдамдығымен салыстырғанда 10-25 есе жылдам.