Нерв ұлпасы. Нерв ұлпасы нерв жасушаларынан түзілген. Нерв жасушасының құрылысы: денеден қысқа өсінділер мен ұзын өсіндіден тұрады. Қысқа өсінділері дендрит деп аталады, көп ағашқа ұқсап тармақталған, ұзын өсіндісі біреу, оны аксон дейді. Ұзын өсіндісі тармақталмаған. Сонымен жүйкенің бір жасушасында көп дендриттер мен бір ғана аксон болады.
Аксон – цитоплазмасында протеин түзуші органеллалары болмайтын нейронның немесе нейроциттің жіп тәрізді ұзын өсіндісі; Ол жүйке импульстарын бір жасушаның денесінен және дендриттерден келесі нейрон мен ағзаларға өткізетін нейронның ұзарған (1 м дейін) цитоплазмалық өсіндісі. Аксонның диаметрі бүкіл ұзынша бойында тұрақты және қалындағынейрон денесінің көлеміне және оның атқаратын әрекетіне байланысты. Аксонның алдыңғы сегменті аксон төмпешігі өте сезімтал және осы жерде жүйке импульстары пайда болады. Аксонның нейрондармен, бұлшық еттермен және безді жасушалармен қосылған жерлерінде синапстар пайда болады. Аксондардың буда болып қосылуының арқасында жүйке талшықтарын қалыптастырады.Аксон жүйке толқынын нейроцит денесінен, яғни перикаионынан (нейроциттің ядро орналасқан бөлігі) басқа нейроциттерге немесе орындаушы мүшелер жасушаларына өткізеді. Аксонды "нейрит" деп те атайды.
Сыртынан жасуша қабықшасымен қапталып жүйке талшықтарын түзеді. Жүйке жасушасын нейрон дейді. Нейронның бойымен қозу тек бір бағыт бойынша өтеді. Қозу дендриттер арқылы нейронның денесіне беріледі, одан денесі арқылы аксонға өтеді. Қозу бағытының сызбанұсқасы мынадай: дендриттер → дене → аксон. Жүйке жасушаларының айналасын қоршап тұрған қосымша жасушалары болады, оны нейроглия дейді. Нейроглия нейронды қоршап, қоректік, қорғаныштық тірек қызметін атқарады және нейрондардағы зат алмасуға қатысады. Кейде нейроглияны нейронның «серік жасушалары» деп те атайды.
Нерв жүйесі организмнің тыныс-тіршіліктерін үйлестіретін ең күрделі жүйе. Нерв ұлпасы қоршаған ортадан, организмнің ішкі құрылыстарынан әртүрлі информацияны қабылдап, оны талдап және оған организмнің қарсы әсерін ұйымдастырады.
Ақпарат, яғни информация нерв ұлпасының ерекше рецепторлары арқылы қабылданады. Ол рецепторлар экстеррецепторлар және интеррецепторлар болып бөлінеді. Экстеррецепторлар сырттағы, қоршаған ортаны бақылап отырса, интеррецепторлар организмнің ішкі құрылысындағы өзгерістерді, әртүрлі ішкі органдардың қал-жағдайын бақылап отырады. Рецепторлар қабылдайтын энергиясына, оларға әсер ететін күштерге байланысты жылу әсерлерін қабылдайтын - терморецепторлар, механикалық әсерлерді, жанасуды қабылдайтын - механорецепторлар, жарық әсерін қабылдайтын - фоторецепторлар, әр түрлі химиялық әсерлерді қабылдайтын - хеморецепторлар, электр зарядтарын сезетін - электрорецепторлар болып бөлінеді.
Нерв жүйесінің қызметі рефлекс арқылы орындалады. Рефлекс қоршаған ортадағы шындықты, реалды болып жатқан өзгерістерді көрсетеді. Адамдар мен омырқалылардың нерв жүйесінің негізін нерв ұлпасы құрайды. Олар мидан, жұлыннан, нервтерден, нерв түйіндерінен және нерв ұштарынан тұрады.