Ішек эпителийі энтодермадан дамиды. Ішек эпителийі ас қорытылатын, қоректік заттар сіңірілетін ішек және асқазан қабырғаларының ішкі қуыстарын қаптайды. Сонымен қатар ішек эпителийі ішектің ішкі қуысында болатын бактерияларды денеге өткізбейтін кедергі жасайды және ішектің қабырғасын ас қорыту ферментінің әсерінен сақтайды. Ішек эпителийі биік призмалы клеткалардан тұрып, бір қабатты келеді. Ішектің үнемі қозғалыста болуы (перистальтика) және ішек эпителийінің тоқтаусыз қызметі клеткалардың өмірін қысқартады. Сондықтан ішектің бұрыңғы клеткалары өліп, ішек қуысына түседі, олардың орнына жаңа клеткалар пайда болады. Ішек қуысына түсетін бұл клеткалардың кейбіреулері ас қорыту ферменттері бар тығыз секрет деп аталатын ішек сөлін түзеді.
Кірпікшелі және целомдық эпителийлер. Адамдар мен сүтқоректілер денесіндегі көптеген қуыстар мен шырышты қабықтар кірпікшелі эпителиймен қапталған. Эпителий кірпікшелері бірінен соң бірі қозғалып, үнемі бір бағытта ырғақты толқып отырады. Кірпікшелердің қозғалысы ылғал ортада болып отырады. Ортаның ылғалдығы өзгерсе, кірпікшелердің қозғалысы тәртіпсіз өтеді. Кірпікшелі эпителийдің маңызы сол, ол бір бағытта ағатын сұйық заттардың ағысын күшейтеді. Мысалы, жұмыртқа жолында жұмыртқа клетканың жатырға қарай жылжуын жылдамдатады.
Целомдық эпителиймезодермадан пайда болып, мезотелий деп аталады. Целомдық эпителий дененің екінші реттік қуысын (целомды) қаптайды. Мезотелий морфологиялық жағынан әртүрлі пішінді жазық клеткалардан тұратын тұтас қабат. Ол астында жатқан дәнекер ұлпамен ішкі мембрана арқылы байланысады. Нағыз эпителийге қарағанда мезотелийдің клеткалық байланысы оңай бұзылады. Тітіркенген кезде мезотелий клеткалары жиырылып, жалпы қабаттан бөлінеді, кейін өледі. Мезотелий жамылғы түрінде физиологиялық маңызы өте зор жете маманданған ұлпа. Мезотелий ішкі мүшелер мен қуыстардың сірлі қабықтарын қаптай отырып, эпителий ұлпаларға тән ерекше құрылысын және жамылғылық маңыздылығын сақтайды.
Без эпителийі және оның түрлері.Без эпителийі деп жеке маманданған, клеткалары әртүрлі заттарды жасап және бөліп шығаратын эпителийді айтады. Егер бөлінетін заттар организмге пайдалы болса оны секрет деп, ал зиянды болса экскрет деп айтады.
Секреттерге ас қорыту сөлдері, шырыш, бауыр өті, майлы түзілістері, гормондар және көптеген басқа заттар, экскретке тер, зәр қышқылы, мочевина және т. б. жатады.
Без эпителийі без деп аталатын арнаулы құрылымдар түзеді. Егер пайда болған секреттер дененің қуысына немесе сыртына арнаулы түтіктер арқылы бөлінсе, оны сыртқы секреция деп атайды. Көптеген омыртқалыларда түтіксіз бездер бар, сондықтан олардан пайда болатын заттар - гормондар тікелей қанға, лимфаға немесе жұлынның сұйық затына бөлінеді. Ондай бездерді ішкі секрециялық немесе эндокринді бездер деп атайды. Эндокринді бездерді микроскоптық анатомия зерттейді. Сондықтан біз сыртқы секрециялық бездердің құрылысымен қысқаша танысып қана өтеміз.
Бездер бір клеткадан құралуы мүмкін, онда ол бір клеткалы деп аталады. Бездер көбіне көп клеткадан тұрып, күрделі түзіліс құрады. Бір клеткалы бездерге мысалы, ішек эпителийінің бокал тәрізді клеткалары жатады. Клетка толған кезде плазманың қалдығы мен ядросы клетканың жіңішкерген ішкі бөліміне ығысады. Сөлдері бөлінген соң қайтадан қалпына келеді. Мұндай клеткалар тоқ ішектің қабырғасында көп болады. Ал көп клеткалы бездер күрделі құрамды, кейде көлемі де үлкен болады. Олардың құрамында өзге ұлпалар болса да, секрециялық қасиет тек эпителийге тең. Көп клеткалы бездерде 1) безді эпителиймен төселген секреторлы немесе безді бөлім және 2) қуысы эпителий клеткаларымен қапталған сыртқа шығарушы түтіктер болады. Көп клеткалы бездердің түтіктері тармақтанып бөлінуіне қарай күрделене түседі. Сондықтан көп клеткалы бездер жай және күрделі бездерге бөлінеді. Көп клеткалы жай бездердің сыртқа шығарушы түтігі тармақталмайды. Көп клеткалы күрделі бездердің сыртқа шығарушы түтіктері тармақталып аяқталады. Көп клеткалы бездер формасына қарай әртүрлі болады. Жай бездер альвеолды, түтікті және түтікті-альвеолды тәрізді болуы мүмкін. Түтік тәрізділерде бездер бөлімі созылыңқы келеді. Мысалы, адамның қарын түбіндегі бездері, тері бездері, альвеолды бездердің безді бөлімі сауыт тәрізді болады.
Клеткаларда түзілген секрет шағын тамшы түрінде пайда болып, жиналған сайын ірілене түседі. Тамшы клетканың ішкі торлы аппараты орналасқан бөлімінде пайда болады. Тамшылардың сол жерде пайда болуы секреттің түзілуіне органоидтардың қатысты екендігін көрсетеді. Жиналған секрет клеткалардан бөлініп отырады. Секреттің бөлінуі әрбір безде әртүрлі өтеді. Бұл процесс кейбір клеткалардың денесін бұзу арқылы, ал басқаларда секреттің түзілуінің жаңартылып отыруы арқылы жүзеге асады. Соған сәйкес секрет бөлу сипатына қарай бездер үш топқа – мерокринді, апокринді, голокринді бездерге бөлінеді.
Мерокринді бездерде секрет клетканың протоплазмасын бұзбай бөлінеді, секреттің түзілуі қайталанып отырады. Мерокринді бездерге организмдегі көптеген бездер, мысалы ішек бездері жатады.
Апокринді бездерде секретпен қатар клетканың сыртқы жоғарғы бөлімі және протоплазманың бөлімдері бөлініп, бұзылады. Бірақ клетканың протоплазмасы тез қалпына келіп, секреттің жиналуы қайталанады. Апокринді бездерге адамның сүт және тері бездері жатады.
Голокринді бездерде ядро мен протоплазма бұзылып, жиналған секреттің құрамына кіреді. Мұндай бұзылу процесі клеткалардың үстіңгі жағында ғана өтеді. Өйткені, олар астыңғы қабатта жатқан камбиалды элементтер арқылы жаңартылып отырады, сонымен мерокринді және апокринді бездердің клеткасында секреторлы цикл көбірек қайталайтын болса, голокринді бездердің клеткаларында секреторлы процесс бір рет қана өтеді. Адамдарда болатын голокринді бездерге майлы бездер жатады.