Нерв ұлпасының жасушалары. Жалпы нерв ұлпасы нерв клеткаларынан және нейроглия клеткаларынан тұрады. Олардың бірі, нерв клеткалары немесе нейрондар нерв импульстарын қабылдап, өткеріп, талдап, оған қарсы әсер ұйымдастырса, екіншілері нейроглия немесе глиоциттер – нерв ұлпасының тіректік, қоректік, оқшаулық және қорғаныштық қызметтерін атқарады. Нейроглия клеткалары өз кезегінде макроглия және микроглия болып бөлінеді. Ал макроглия клеткалары өз кезегінде эпендимоциттер, астроциттер және олигодендроциттер болып бөлінеді.
Адамдар мен сүтқоректілердің нейрондары ми мен жұлынның сұр заттарында және ганглияларда немесе нерв түйіндерінде жинақталған. Нейронның ядросы мен одан да басқа органоидтары орналасқан бөлігін клетка денесі деп атайды. Клетка денесінің ортасында үлкен, домалақ, ақ, хроматині аз ядросы орналасқан. Негізінен ядро біреу болады, бірақ вегетативті жүйке жүйесінің нейрондарында 15-ке дейін ядросы бола береді. Ядрода бір кейде бірнеше ядрошықтар орналасады. Нейрондардың цитоплазмасында базофильді түйіршіктер мол. Оны Ниссел заттары немесе жолбарыс түстес заттар (тигроидты заттар) деп атайды. Шындығында да ол заттар микроскоптан қарағанда жолбарыстың шұбар түсін елестетеді. Ниссел заттары эфферентті нейрондарда үлкен кесек-кесек түрінде болса, афферентті сезімтал нейрондарда майда түйіршіктер түрінде болады. Нейрондарда эндоплазма торлары, пластинкалық комплексі жақсы дамыған, митохондриялары мол. Цитоплазмасында лизосомалар мен секрет тамшылары кездеседі. Сонымен бірге липофусцин, меланин пигменттері де кездеседі. Меланин клетканың белгілі бір аймақтарында болатын болса, липофусцин организм қартайғанда пайда болады. Цитоплазма ішінде диаметрі 6-10 нм келетін нейрофиломенттер орналасады.
Нейрондардың түрлері. Нейрондарды қызметіне қарай үш топқа бөледі. Сезімтал нейрондарды рецепторлар деп атайды. Орталық нерв жүйесінің әртүрлі органдарына нерв импульстарын, бұйрықты жеткізетін нейрондарды қозғағыш немесе эфферентті нейрондар деп атайды. Ал осы екі нейрондарды қосатын нейрондарды байланыстырушы немесе ассоциативті нейрондар деп атайды. Нейрондарды өсінділерінің санына қарай униполярлы – бір өсінділі, биполярлы – екі өсінділі және мультиполярлы – үш және одан да көп өсінділі деп бөледі. Нерв клеткаларының өсінділері өте ұзын келеді. Кейбір ересек адамдардың нерв клеткаларының өсінділері 1,5 м-ге дейін жетеді. Нерв клеткалары орталық нерв жүйесінде және ганглияларда өте көп болады. Адам миында 10 млрд-тан астам нерв клеткалары болады. Оның әрқайсысы 10 мыңға дейін басқа клеткалармен байланыс түзеді. Сонымен, есептеп қарасақ адам денесіндегі барлық нерв клеткаларының өткізгіш жолдарының ұзындығы 300 мыңнан 400 мың км-ге дейін жетеді екен. Немесе салыстырмалы түрде айтсақ бұл ұзындық Жер мен Айдың ара қашықтығындай болады екен.
Нерв клеткаларындағы ақуыздар алмасуы өте қарқынды жүреді. Мысалы адамдар мен сүтқоректілердің миындағы ақуызды заттар 14 тәулік ішінде толығымен алмасып үлгереді. Нерв клеткаларының денесінде синтезделген ақуызды заттар олардың ең ұзын өсіндісі аксонның бойымен тәулігіне 2 мм жылдамдықпен жүріп отырады.