Лекция тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік


ЛЕКЦИЯ Тақырыбы: Фольклордың тегі мен жанрына қарай жіктелуі



бет3/21
Дата12.02.2023
өлшемі169,13 Kb.
#67326
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура

2 ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Фольклордың тегі мен жанрына қарай жіктелуі.
Жоспары:
1. Фольклордың идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне, құрылысына, атқаратын қызметіне қарай жіктеу.
2. Жанрлық түрлердің бөліну жолдары.
3. Тарихи поэтика. Фольклордағы көркем формалардың даму, өзгеру жолдары.
Өнер түрлерінің әрбірінің өзіне тән жанрлар жүйесі бар. Сол сияқты фольклорлық шығармалар тобы да өзіндік белгі қасиеттермен өзге өнер түрлерінен ғана емес, жазба әдебиеттен де ерекшеленеді. Фольклордың жанрлар жүйесі әдебиетке қарағанда әлдеқайда тұрақты. Өйткені, фольклорлық жанр халық бұқарасынан қолдау тапқанда ғана қалыптасады. Ондағы өзгерістер де көпшілік қалауымен жүзеге асады. Сондай-ақ мұнда жанрлық құрам әдебиеттен анағұрлым аз. Бірақ фольклордың синкретті белгісіне және оның өмір сүруіндегі көркемдіктен тыс фактордың көптігіне орай, оларды жанрлық түрде жіктеу әдебиетке қарағанда әлдеқайда күрделі.
Жанрлық белгілер бір топтағы шығарманың бір-біріне жақындығын және олардың басқа топтардағы шығармалардан айырмашылығын танытады. Бірақ осы белгілерді анықтаудың өзі оңай емес. Көркем жанрлар өнердің тарихи дамуы барысында пайда болып қалыптасып отырады. Өнердің дамуындағы көркемдік шарттылықтар адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандырады. Бүл – көркем шығармаға қоғамдық мақсаттылық сипат беріп және оның шындықты бейнелеуіндегі ерекше образдық, стильдік жүйелерін қалыптастырады. Сонымен фольклор туындысының жанрлық ерекшеліктерін анықтауда, ең алдымен, шығарманың өмірлік мақсатындағы қондырғысы анықталуы керек.
Халықтық шығармалықтың тұрмыспен тығыз байланысты түрлерімен бірге қолданбалы-тәжірибелік мақсаттан азат туындылары да жеткілікті. Тұрмыс-салтпен байланысты туындының ең басты жанрлық белгісі олардың қолданбалы өмірлік негізіне қатысты. Ал салттан тыс фольклордың мұндай белгілері олардың идеялық, эстетикалық мақсатындағы қондырғысынан келіп шығады. Бірақ салттан тыс фольклордың көне формаларының көбі идеялық-эстетикалық мақсаттан туындай бермеген. Шығарманың өмірлік қызметі оның жанрлық ерекшеліктерін қалыптастырады. Сонда фольклордағы жанр дегеніміз – белгілі бір идеялық-эстетикалық және өмірлік-тұрмыстық жүк арқалаған мазмұнды іске асырумен және тасымалдаумен әрдайым бірлікте жүретін поэтикалық құрлым типі болып шығады. Белгілі бір тарихи кезеңде фольклор халық бұқарасын назар аударған өмір шындығының құрамына енеді. Әр түрлі шығарманың тақырыптық бірлігі олардың, яғни халықтың өзінің идеялық-эстетикалық және өмірлік-тәжірибелік мақсатын саналы түрде меңгеруінен туындайды. Бірақ, шығарманың тақырыптық бірлігінің пайда болуы өздігінен жанрды қалыптастыра алмайды. Фольклорлық туындының тақырыптық бірлігі әрдайым шындықты қабылдау ерекшелігінің бірлігімен қатар жүреді. Танымның мақсаттылығы объектіні таңдаудың алғышарттары болса, ал объекті өз кезегінде танымның кеңдігі мен сипатын айқындайды. Мысалы, бақсының объектісі – мифология, өзге әлем болса, мақсаты – ауруды емдеу.
Дүниетанымдық қондырғы өзіне лайық стильдік құралдарды иеленгенде ғана шығарма өзіндік жанрлық белгілерге толық ие болды. Бірақ шығарма өзге шығармаға қатысты қарағанда өзіндік дербестікке ие болмаса, олардың тақырыптық шындықты игеру тұрғысындағы бейнелеу құралындағы сәйкестік туындының белгілі дәуірдегі жанрлық емес сәйкестігі болып қалар еді. Ал фольклорлық шығарманың дербестігі біртіндеп қалыптасады. Қалыптасқан жанр өзінен бұрынғы шығармашылық дәстүрдің мазмұндық, пішіндік белгілерін пайдаланады. Бұрынғы шығарманың тақырыптық дәстүрі жаңадан пайда болған жанрлық құрлымның бір бөлігіне айналады. Көне белгілер жаңа ойды жеткізудің пішіндік әдісі мен құралына айналды. Мысалы, ертегі жанрын алсақ, бұның тақырыптық ерекшелігі –отбасы бақыты. Мысалы, миф өзінен кейін пайда болған ертегінің поэтикалық құралына негіз болса, ертегі өз кезегінде батырлық жырдың көріктеу құралына азық болды. Солай болуымен бірге бұл жанрлар халық аузында бірге, қатарда өмір сүре береді.
Ғұрыптық поэзия үлгілерінде, кейінгі дәуірлерде, магиялық белгілер әлсіреп, көріктеудің таза стильдік жүйесіне айналды. Жанр мәселесі, жанрлар жүйесінің тууы, дамуы мәселесімен сабақтас болды. Ал жанрлар жүйесі шындықты көркемдік тұрғыдан қабылдау мен бейнелеуге тән ерекше танымдық формалар болып табылады. Егер сөз өнерінің типтері шындықты қабылдау мен игерудің тәсілдері болса, жанрлар бейнелеудің көлеміне, объектісіне, көпқырлылығына орай шындықты тану мен игерудің осы тәрізді тәсілдерінің одан әрі қарай нақтыландырылуы болып табылады. Жанрлар бір-бірінен шындықты бейнелеудің нақты тәсілдері арқылы ажыратылып тұрады. Олар образды түрді игерудің әр алуан түрленуі болып табылады. Объективті шындықты әр түрлі жанрларда әркелкі-бөлшек немесе тұтас күйде, қозғалыссыз немесе қозғалыс үстінде, себеп-салдарлық қатынасы мен байланысының түрінде көрсетеді. Мәселен, жұмбақта зат, құбылыстың өзге зат, құбылыстармен салыстырған сыртқы пішіні арқылы тарату осы жанрға тән ерекшелік.
Қорыта айтқанда, әрбір жанрдың құрлымдық типі бар. Олар сан ғасырлар бойы қалыптасқан, сондықтан да жанр мәселесін, әсіресе, фольклорда тарихи тұрғыдан зерттеу қажет. Фольклор тарихшысының алдында фольклорлық жанрлар құрлымының барлық типін зерттеу және олардың тарихи қалыптасу кезеңін танымдық мәнін түсіндіру арқылы айқындау міндеті тұрады. Халық даналығының танымдық белсенділігінің жетістіктері әлемді күрделі поэтикалық тұрғыдан қабылдауға мүмкіндік берді және жанрлық құрлымның алуан түрлі типтерін жасауға жол ашты. Шындықты игерудің тәсілдері және формасы тарихи даму барысында қалыптасты. Өнердің қоғамдық-танымдық табиғатын зерттеу негізінде ғана жалпыға ортақ тарихи поэтиканың құрлымы айқындалады. Жанрдың шындықты игеру тәсілдерін тану дегеніміз жанрдың өзіндік белгілерінің генезисін, оның тарихи өмірін, қасиетін білу болып шығады. Жанрдың өмір шындығымен байланысына көз жүгірту әрдайым теориялық сипатта болады.
Фольклорлық шығарма әдебиет сияқты заттық формаға ие болмағандығынан және халық жадында сақталатындығынан, ол әрдайым қоғамдық санамен бірге өзгеріп отырады. Ш.Ыбыраев айтқандай, мұнда дәстүр әдебиеттегідей бір шығарма мен екінші шығарманың арасында ғана емес, бір шығарманың өз ішінде де жүріп отырады. Фольклорлық туындының көркемдік формалары әрдайым дамып, көркейіп қана емес, тоқырап, кейде эстетикалық қуаты кемуі де мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бұл туындылар үнемі өзгеріс үстінде болады. Тек жекелеген шығармалар емес, тұтас жанрлар мен жанрлық түрлер, тіпті жанрлық жүйелер құрамы құбылмалы сипатта болады.
Жекелеген жанрлар әрбір тарихи кезеңдерде тың қасиеттер тапса, енді бір жанрлар өмір сүруін тоқтатып, енді бірі жаңадан пайда болып жатады. Мұның бәрі тарихи-әлеуметтік құбылыстармен сабақтас болып келеді.
Фольклор дәстүрі нақты тарихи-әлеуметтік жағдайда белгілі дәрежеде өзгеріп отырады. Бұл ерекшелік фольклорды тарихилық принцип тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. Осыдан келіп тарихи поэтика пәні пайда болды.
Жәй ғана поэтика көркем шығарманың әр түрлі типтерінің көркемдік құрлымы жөніндегі ілім болса, ол тарихилық принципсіз, фрагменттік сипатта болып қалады. Ғылыми пән ретіндегі тарихи поэтиканың негізін қалаушы Н.А.Веселовский (1838-1909) болды. Ол пәнді көркемдік санамен, оның формаларының эволюциясы деп түсінді. Көркемдік формалары болып табылатын әдеби тек пен түрдің, көркем стильдің, сюжеттің даму картинасын Веселовский негізінде әлеуметтік тарихи процесс жататын көркем эволюцияның көрініс деп түсінді. Веселовскийдің тарихи поэтика жөніндегі кейбір тұстарына қазіргі ғылым тұрғысынан түзетулер енгізілгенімен, ол фольклор туындысын зерттеудің дұрыс әрі нақты әдістемесін қалыптастырды. Фольклор туындысын тарихилық принципсіз зерттеу әрдайым біржақтылыққа ұрындырары сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет