Байланысты: Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура
3 ЛЕКЦИЯ Тақырыбы: Қазақ фольклорының қалыптасу даму кезеңдері. Жоспары:
1. Рулық қоғамдағы фольклор.
2. Феодализм дәуіріндегі қазақ фольклоры.
3. Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклоры
4. Қазіргі кездегі қазақ фольклоры.
Рулық қоғамдағы фольклор. Алғашқы қауымдық құрлыс кезінде материалдың және рухани шығармашылық түрлері ұжымдық түрде сақталып, ұжымдық түрде дамытып ру тайпаның өмірлік тәжірибесіне тәуелді болды. Адам тұрмысының мұндай шарты фольклорлық өнердің ұжымдық ерекшелігін туғызды. Фольклордың бұл ерекшелігі ұзақ уақыттар бойы сақталып келді. Ол кездегі туындылардың ғұрыппен байланысы және синкреттілігі күшті болды. Шығармалар рулық тайпалық идеяларды, ұжымдық сезімді білдіретін көркемдік формасын тапты. Алғашқы қауым кезіндегі еңбек кәсіптің ролі фольклорлық өнер түрлерінен ерекше көрінеді. Адамзат баласының ең ежелгі шұғылданған кәсібі аңшылық болған болса, көне ырымдық әрекетпен жоралғының барлығы осы кәсіппен байланысты болып келді. Олар аңға шығар алдында би билеп, ырымдық өлеңдер айтып, әр түрлі жоралғылар атқаратын болған. Көне заманнан жетіп келген үңгірлер мен жартастағы суреттер мұны куәландыратын айғақтар болып табылады. Үй-ішілік қатынас, ру-тайпа арасындағы байланыстың да ролі ерекше. Ата еркі дәуіріндегі фольклорлық туындылар өзінен бұрынғы ана еркі дәуіріндегі фольклорлық туындылардан өзгеше сипатта көрінді. Мұндағы эстетикалық идеялдың, дәріптеудің күрт өзгергенін көптеген фольклоршылар дүниежүзілік немесе әлем халықтары ертегілерінен кең орын алған “мыстан кемпір” бейнеленгенін мысал ете отырып дәлелдейді. Ана еркі дәуіріндегі ритуальдың негізгі атқарушысы – тайпа көсемі әйелдің, ата еркі дәуірінде ұнамсыз бейнеге алмасқан осы мыстан кемпір бейнесі деп көрсетеді. Рулық қоғам кезіндегі наным-сенім түрлері де фольклорды тудырушы негізгі фактордың бірі болды. Бұл кезеңдегі ең көне түсініктің бірі – анемизм. Анемизм дегеніміз – табиғаттағы әрбір заттың жаны, рухы бар деп есептеушілік. Одан бертін келе пайда болған түсінік – тотемизм. Бұл түсінік бойынша әрбір рудың, тайпаның қолдаушысы белгілі бір жан-жануар түрінде болды. Көне замандарда көптеген ру-тайпалар өзінің шығу тегін бөріден, аққу, қарғадан т.б. жан-жануар түрінен шықты деп есептеп әрдайым соларға сыйынып отырған. Фольклорлық шығармадағы адамның жануарға айналып кетуі немесе жануардың адамша сөйлеуі, осы тотемнің қалдығы болып есептеледі. Мифология олардан гөрі кеңірек ойлау нәтижесінде пайда болған көне түсінік. Мифологиялық түсініктерде адамның, табиғаттың қалай пайда болғаны жөніндегі көне таным негізгі түсіндірулер қамтылады. Мифологиялық сана бойынша дүниені жаратушы Димург (Ілкі ата). Мұнда дүниенің төрт бұрышы, вертикальды үш әлем (жоғарғы, орта, төмен) және оларды жалғастырушы өмір ағашы, бұл түсініктің тұрақты белгілері болып табылады. Рулық қауым кезіндегі фольклор үлгілері таза күйінде бізге жетпеген. Бірақ оған негіз болған көне дүниетаным мен наным-сенім белгілері әртүрлі дәрежеде фольклор туындысының мазмұндық, пішіндік бөліктерінде сақталып қалып отырды. Фольклор туындысындағы адам бейнесінің бойынан, шығарманың тілдік кестесінен сол рулық қауым кезіндегі көне түсініктің іздері жиі көрініс беріп отырады.
Феодалдық қоғам кезіндегі фольклор. Фольклорлық өнердің шарықтау шегіне жетіп, барынша өркендеген тұсы феодалдық қоғам екенін көптеген фольклортанушылар бірауыздан мақұлдап жүр. Ал қазақ халқы бұл қоғамды өз басынан сан ғасырлар бойы кешіріп келді. Қазақ фольклорының ерекше бай болуының да себебі осында. Феодалдық қоғам қазақ халқының этногенездік қалыптасу дәуірінде болды. Сондықтан, бұл қоғам тұсындағы қазақ халқына қатысы бар фольклорлық мұраның көпшілігі өзге түркі халықтармен де ортақ болып келді. Феодалдық қоғамның бастапқы кезеңіндегі фольклордағы ең басты ерекшелік мұнда жеке шығармашылықтың (индивидуальдық) да ролі күшейе түсті. Мұндағы фольклордың бастапқы жаратушысы қоғамның жоғарғы сатысын иеленген жеке тұлғалар болды. Бірақ бұл жеке шығармашылық жалпы халықтың елегінен өтіп қана фольклорға айналып отырды. Феодалдық қоғам кезінде де халық көне наным-сеніммен біржола қол ұзіп кете қоймады. Осы кездегі фольклорды жаратушы негізгі тұлға бақсы болды. Бақсы түркі халқының, соның ішінде, қазақ халқының исламға дейін тұтынған, қазіргі ғылымда шаманизм деп аталып жүрген көне нанымның негізгі өкілі болды. Бақсының ғұн дәуірінде де болғанын айғақтайтын деректер бар. Оларды “қам” деп атаған. Қамның ең ірі өкілі – атақам әрдайым билеушілер қасында болып мемлекеттік істерді шешіп отырған, зор беделге ие болған. Олардың беделін арттырушы негізгі фактор өзінің ерекшелік қасиеті болып табылады. Олар бұл қасиеттерін көбінесе соғыс кезінде пайдаланған. Шешуші ұрыстарда қар жаудырып, т.б. табиғи өзгерістер жасаулар арқылы жау әскеріне қолайсыз жағдайлар туғызып, оларды жеңуге себепші болып отырған. Бұл ырыми функцияны бақсылар сөз өнерінің жәрдемі арқылы жүзеге асырып отырған. Бақсылар сөзінің негізінде кейіннен көптеген фольклорлық жанрлар жіктеліп шықты. Өзінен бөлініп шыққан фольклорлық жанрмен қатар бақсылар сарыны да біздің дәуірге дейін өзгерген түрде жетті. Шамандық түсінігінен кейін қазақ халқының негізін құрайтын ру-тайпалардың дүниетанымын мүлде өзгерткен құбылыс – бұл өлкеге ислам дінінің келуі болды. Бірақ қазірге дейін жетіп келген фольклорлық мұраның көпшілігі исламға дейін де қалыптасқанын көне жазба ескерткіштерінен көруімізге болады. Түрік қағанаты кезеңінің тұрмыс-тіршілігінен мол хабар беретін Орхон-Енисей деп аталатын көне жәдігерліктерде қазіргі қаһармандық эпос үлгілеріне тән сюжеттік құрылымды, композициялық ерекшелікті көре аламыз. Тіпті, кейбір “тізеліні бүктірді”, “бастыны еңкейтті” немесе “кедей ұлыңды бай қылды”, – деген сияқты жолдар қазақ батырлар жырындағы “айдарсын құл қылды, тұлымдысын тұл қылды” деген тіркестермен сарындас болып келеді. Ислам діні де қазақ даласына елеулі өзерістер алып келді. Ислам дінін ұстанған ең үлкен мемлекет – Қарахан қағандығы құрылды. Олардың астанасы ретінде қазіргі ғалымдардың көбі Қашқар және Баласағұн қалаларын атап жүр. Бұл дәуірден бізге жетіп келген жазба жәдігерлерінің ішінде қазірге дейін қазақ фольклорының құрамында айтылып келген көптеген туындыларды кездестіре аламыз. Атап айтар болсақ, М.Қашқаридың “Диуани лұғат ат-түрік” (1072-1073 ж.) еңбегінде кездесетін мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштың көпшілігі қазірге дейін айтылып келе жатыр. Қарахан мемлекеті тұсында түркі ру-тайпаларының көпшілігі отырықшы өмірге көше бастаған болатын. Сулы өлкелерде ірі қалалар пайда болды. Міне, осы өзгерістің ізі сол тұстағы фольклордан айқын көрінгенін М.Қашқаридың осы еңбегінен біле аламыз. Мысалы, бүгінге дейін айтылып келген “Диірменде туған тышқан, найзағайдан қорықпайды” деген сияқты мақалдар отырықшы өмірдің ерекшелігіне сай болса, “Түйе сілкінсе есекке жүк” деген мақалдар көшпелі өмір ерекшелігін танытып тұр. М.Қашқаридың өзі осы еңбегінде өзі аралап көрген 25-ке жуық ру-тайпаның көпшілігі отырықшы болғанын айтады.
Қарахан мемлекеті өзара ішкі бірліктің болмауынан, соны пайдаланған сыртқы жаудың баса көктеп кіруінен құлады. Қарақытайлар Қарахан мемлекетінің, әсіресе, шығыс бөлігінде үстемдік жүргізді. Сыртқы басқыншыларға қарсылық ретінде ислам дінін уағыздау күшейді. Сопылық ілімнің кең таралу ерекшілігі байқалды. Сопылық ілімнің ірі өкілдері халықты дінге шақыру идеясын көркем шығармалар арқылы да жүзеге асырды. Олар түркі халықтарының барлығына ортақ бір діннің болу қажеттігін түсінді.
Бұдан кейін қазақ даласында ең үлкен орын алған мемлекет Оғыз мемлекеті болды. Олар сыр бойында мекен еткен оғыз тайпасының қуатты бірлестігі болды. Бұл кезде де фольклорлық туындылар ерекше дамыды. Бірақ оғыз тайпасының көпшілігі отырықшылық өмір салтын ұстағандықтан, сол жағдаймен байланысты сөз өнерінде поэзиядан гөрі прозалық жанрдың басымдығы байқала бастады. Мұны “Кітаби деде Қорқыттағы” деп аталған, ХІІ ғ. шамасында хатқа түскен ескерткіштен көруге болады. “Кітаби деде Қорқытта” аңыздаудың көпшілігінің сюжеттік, композициялық ерекшеліктері қазақ батырлық жырларымен ұқсас келіп отырады. Тіпті оның Бамсы Бәйрек жөніндегі тарауын В.М.Жирмунский, Х.Зарифовтар “Алпамыс батырдың” көне нұсқасы деп есептеген.
Бұдан кейінгі қазақ даласында ерекше орын алған ірі мемлекеттің бірі – Алтын Орда. Алтын Орда кезінде қазақ даласындағы түркі ру тайпаларының көбі қайтадан көшпелі өмірге көше бастады. Көшпелі өмір салты Исламға дейінгі келе жатқан фольклорлық туындылардың сақталуына себепші болды. Бұл кездегі Қорқыт жөніндегі аңыздар мен Қорқыт айтты делінетін жырдың, ол шығарды деп айтылатын күйдің бізге көп бүлінбей жетуі бізге осыны дәлелдейді. Алтын Орда кезінде шаман бақсының ролі біршама қайта жанданды. Бірақ, Ислам дінінің ықпалы фольклорды жаратушы басқа өкілдері тудырды. Олар - жыраулар еді. Жыраудың да қоғамдық ролі бұрынғы бақсының ролінен кем болмады. Алайда Алтын Орда кезіндегі жыраулар шығармасының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Жыраудың негізгі жанры болған толғау фольклордың емес, әдебиеттің үлесіне тиеді. Бірақ кейбір авторы сақталмаған толғауларды фольклорлық туынды ретінде қарастырамыз. Алтын Орда кезіндегі жырау, шешендердің шығармалары сақталмаған, оның есесіне, олар жөніндегі аңыз әңгімелер, әпсаналар бізге молынан жетіп келді. Қазіргі әдебиеттанушы ғылымдардың көбі батырлық жырдың әуелгі шығарушылары жыраулар деп жүр. Орыс фольклортанушылары қаһармандық эпос, көбінесе, мемлекет пайда болған кезден бастап туындайды деп есептейді. Осы пікірді ескеретін болсақ, Алтын Орда кезінде қазақ батырлар жырының көпшілігінің бастапқы нұсқалары пайда болған деп болжай аламыз. Алтын Орда құлаған ХІҮ ғасырдан кейін оның орнына Қырым, Қазан, Астрахань, Қазақ, Өзбек хандықтары, Ноғай Ордасы пайда болды. ХҮ ғ. бастап ірге тепкен Қазақ хандығы, әсіресе, көршілес әлеуметтік жағдайы өзімен ұқсас Ноғай ордасымен және Өзбек хандығымен ерекше қарым-қатынаста болды. Бұл кезде Отан қорғау мәселесі бірінші орында болған. Осы мәселемен тікелей байланысы бар қаһармандық эпос үлгілері ерекше көп туындайды. Қазақ фольклоры құрамындағы “Ноғайлы жырлары” деп аталған үлкен қаһармандық жырлар тобы осы кезде пайда болды.
Қазақ халқының қоғамдық санасына ерекше әсер еткен ірі тарихи оқиғаның бірі – “Ақтабан шұбырынды” болды. Бұл кезде де тарихи жырлар көптеп туындады. Рудың, тайпаның идеясын көздейтін шығармалар саны көбейді. Тіпті кішігірім мақал-мәтелге дейін, “У ішсең руыңмен”, “ауру астан, дау қарындастан”, “таста тамыр, төреде туыс жоқ”, “қанына татпағанның қары сынсын” деген сияқты түрлерінен осы ерекшелікті айқын көреміз.
ХҮІІІ ғ. кейін халықтың тұрмыс-салт ерекшелігін көрсететін жанрдың өркендеуіне қолайлы жағдай туды. Беташар, жар-жар, қоштасу өлеңдерінің небір көркем үлгілері туындады. ХҮІІІ ғ. аяғынан бастап айтыс жанры өркендей бастады. Көне түркі замандарда да айтыстың болғанын Қытай, Мысыр жазба әдебиеті куәландырады. Одан кейінгі айтыстың қайта жандануына қолайлы жағдай туғызған - ХІХ ғ. ІІ жартысынан кейінгі қазақ халқының бейбіт өмірі болып табылады. Сол кезде батырлық жырдың т.б. эпикалық жырлардың көптеген варианттары пайда болды. Сонымен бірге мақтау, даттау, сәлемдесу сияқты халық тұрмысымен байланысты шығармалар өркен жайды. Бұрыннан келе жатқан көркем шығарманың мазмұндық, пішіндік өзгерістері пайда болды. ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы әр түрлі ұлт азаттық көтерілістерге байланысты өлең жанрлар мен тарихи эпос үлгілері көбейді. Сонымен қатар, Шығыстық сюжеттегі қисса-дастандардың көбейгенін байқаймыз. ХІХ ғ. ІІ жартысында қазақ фольклорында көршілес халықтар фольклорымен шығармашылық алмасудың белгілері көзге түсті. Қисса-дастандар, ертегі, мысалдар т.б. шығыстан келген сюжеттерге негізделген шығармалар өзбек, түркімен, қарақалпақ, тәжік халықтарымен ортақ болды және онда діни сарын басым болды. Лирикалық өлеңдер көбейді. Мұның барлығы жазба әдебиеттің өркендеуімен де тығыз байланысты еді.
Қазақ фольклорындағы осы өзгерістерге орыс әдебиетінің де әсері тиді. Мұндай ықпал, әсіресе, Абай айналасындағы әнші, ертегішілерден көрінді. Баймағанбет, Бейсенбай сияқты ертегішілер орыс классикасын әңгіме, ертегіге айналдырып, ауызша таратты. Ә.Найманбаев Абайға еліктеп “Евгений Онегинді” жаңа мазмұнмен, халық арасына лайықтап, дастанға айналдырды. Ол халық арасында ауызша тарап бірнеше нұсқада дамып, фольклорлық айналымға түсті. ХХ ғ. басындағы тарихи өзгерістердің бәрі қазақ фольклорында өз белгісін айқын қалдырды. 1905 жылғы төңкеріске қатысты орыс әндері қазақ даласына кең тарады. Қуғында немесе айдаудан қашып жүрген, патша үкіметіне жазықты болған жандардың туған елін, жерін сағынған өлеңдері көптеп туындады. 1916 жылғы патшаның “июнь жарлығынан” соң әскерге алынған қазақтардың қоштасу өлеңдері, бұл жарлыққа қарсы шыққан көтерілісшілердің өлең-жырлары да осы кезең тудырған фольклор үлгілері болып табылады.
Қазіргі дәуірдегі фольклор. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жаңа дәуірді жырға қосқан лирикалық өлең жырлар көбейді. Социализм жеңістерін, Ленинді жырға қосқан шығармалар ел арасына мол тарады. Арнау өлеңдері айрықша өркендеді. Сондай-ақ үгіт-насихат өлеңдердің көбеюін өмірлік қажеттіліктен туды деп айтуға болады. Бұл кезде халық ақындарының көбі “Қызыл отауда” жұмыс істеді. Үгіт-насихат жұмыстарына айтысты да пайдаланды. Осы кезден бастап айтыс сахналық сипат алды. Оның тақырыбы да, жанрлық ерекшелігі де өзгерді. Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклорының дамуын М.Ғабдуллин 4 кезеңге бөледі:
1. 1917-1930 ж.
2. 1930-1941 ж.
3. 1941-1945 ж.
4. 1945 жылдан кейінгі кезең.
1917 жылдардың кезінде қазақ фольклоры социалистік құрылыстың жеңісін бейнеледі. Әрине, бұл кезеңде М.Ғабдуллин қамтымай кеткен ерекшеліктер де бар. Ол 1926 жылдары жүрген кәмпескелеу науқаны еді. Осы кезде қазақ руларының көбі жаңа саяси қысымның салдарынан шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Мұның ізі де қазақ фольклорынан көрініс тапты.