Кездесуі: Темір табиғатта таралуы бойынша O2, Si, Al, Fe – төртінші орында. Оның мөлшері 5,1%. Кобальт пен никель жер бетінде көп таралған элементтер. Fe мен Ni негізгі массалары жер ядросында. Темір оксид, сульфид ретінде: Fe3O4 – магнетит, Fe2O3 – гематит, Fe2O3×H2O –лимонит, FeS – пирротин, FeS2 – пирит, сонымен бірге FeAsS – арсенопирит, FeCO3 – сидерит ретінде кездеседі. Метеоритте, вулкандарда темір бос күйінде болады. Co, Ni көбінесе бірге кездеседі. Co,Ni көбінесе сульфидті қосылыс түзеді: СоAsS – кобальтин, NiAs – никелин, NiAsS – герсдорфит, мышьяк-никель жылтыры.
Алынуы: Оксидті кендерінен карботермиялық, алюмотермиялық әдістермен тотықсыздандырып өндіреді: Fe2O3 +3C→2Fe + 3CO карботермия (кокс);
Fe2O3 + CO→2Fe+3CO2 ;
Fe2O3 + 2АІ→ 2Fe + АІ2О3 - алюмотермия
Темірді оксидтерінен сутегімен тотықсыздандырып алады:
Fe2O3 +3Н2 → 2Fe + 3Н2O.
Таза темірді темірдің пентакарбонилін термиялық айырып:
Fe(CO)5 = Fe + 5CO және FeCІ2 ерітіндісінің электролизі арқылы:
FeCІ2 →Fe + СІ2 алады.
Сульфидті, арсенидті кендерін алдымен оксидтерге айналдырады. С, СО тотықсыздандырғыш ретінде қолданылатын себебі темір орташа активті металл.Оксидтер домна пештерінде тотықсыздандырылып, шойын алынады (~4%С болады). Мартен, бессемер, томас әдістерімен шойынды болатқа айналдырады (~1,4% С болады).
Кобальт пен никельді оксидтерін сутегімен, кокспен, алюминиймен, кремниймен тотықсыздандырып, карбонилдерін айырып, тұздарының сулы ерітінділерін электролиздеп, алады.
Физикалық және химиялық қасиеттері: үш металл да ферромагнитті. Балқу температуралары: Fe(1536); Co(1493); Ni(14530C) қиын балқитын металдар, балқу температурасы осы қатар бойынша азаяды, себебі 3d- қабатта жұпталмаған электрондар саны азаяды. Ақ жылтыр, ауыр металдар.
Бұл металдардың активтіктері орташа. Сутегіге дейін тұрғандықтан, сұйытылған қышқылдардан H2 ығыстырады. Концентрациясы H2SO4>70% болса, темір пассивтеледі. Концентрлі HNO3 Fe, Co, Ni үш металды да пассивтейді, НСІ+ HNO3 қоспасында үш металл да ериді. Кобальт қымыз қышқылында ериді, [Co(C2O4)3]3- оксалатты комплекс түзеді. Сілтілер ертінділері бұл 3 металға да әсер етпейді. Егер темірдің құрамында қоспалар болса, коррозияға тез ұшырайды:
4Fe + 6H2O + 3O2 = 4Fe(OH)3.
Таза металдар бөлме температурасында сумен, оттегімен, галогендермен әрекеттеспейді. Қыздырғанда, әсіресе ұсатылған күйде болса, олардың активтіктері артады.