Тәрбие технологиясы тәрбие жұмысындағы кәсіптік шеберліктің элементі Жоспар: 1.Тәрбие технологиялары (оқыту және тәрбие технологиялары, ақпараттық технологиялар, қарым-қатынас технологиясы) 1.Тәрбие технологиялары (оқыту және тәрбие технологиялары, ақпараттық технологиялар, қарым-қатынас технологиясы) ХVII ғасырда ең алғаш оқыту технологиясының концептуалдық негізін Я.А.Коменский қалыптастырды. Оның басты принциптері: ғылымилық, бірізділік, жүйелілік, беріктілік, белсенділік арқылы сапаға жету, көрнекілік, теорияның тәжірибемен байланысы, оқушылардың жас ерекшеліктері мен дара ерекшеліктерін ескеру. Оқыту технологиясы сыныптық - сабақ жұмысын ұйымдастыру арқылы іске асады. Оқыту технологиясының басты белгілері: бір жас мөлшеріндегі оқушылардың тұрақты құрамы мен олардың дайындық деңгейлері ескеріледі; жылдық жоспар мен оқу бағдарламасы негізінде оқыту жүргізіледі; әр оқу пәнінің сабақтары тақырыптарға бөлінеді; тұрақты сабақ кестесі жасалып, мұғалім оқуды ұйымдастырады. Оқыту мақсатына байланысты жеке тұлғаны дамыту белгілі білім, білік және дағдыларды меңгертуге негізделеді. Дәстүрлі оқыту технологиясы екі топқа бөлінеді: 1) иллюстративті – түсіндіру әдістері (лекция, баяндау, әңгімелесу, тәжірибелер көрсету, еңбек операцияларымен таныстыру, экскурсиялар, т.б.) арқылы мұғалім түсіндіреді және оқу материалдарын көрнекі түрде көрсетеді; 2) репродуктивті әдіс: мұғалім білім мазмұнын, іс-әрекет тәсілдерін, тапсырмаларды шешу үшін тапсырмалар құрастырады; оқушы оқу материалдарын есіне (сұрақ-жауап, есептер шығарады, т.б.) түсіреді. Оқыту технологиясының артықшылығы: оқыту материалын қисынмен беріп, оны дұрыс ұйымдастыру; оқушыға мұғалімнің эмоциялық деңгейде ықпал етуі; оқуға бөлінген қаржыны дұрыс пайдалану. Оқыту технологиясының кемшіліктері: біркелкі оқыту; сабақ уақытын тиімсіз пайдалану, оқушылардың бірімен-бірінің қарым-қатынасын шектеу; оқушының даралық ерекшелігін ескермеу; оқушы іс-әрекет белсенділігінің төмендігі, оларды сөйлетпеу; оқушыларға орта өлшем деңгейінде қарау; даралап оқытуға назар аудармау; мұғалім мен оқушы арасындағы нашар кері байланыс. Сыныптық сабақ технологиясы оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастырудың басқа формаларымен толықтырылады. Ақпараттық технологияларға компьютерлік оқыту технологиясы жатады. Арақашықтықтан оқытатын технологиялар әр түрлі оқушыларға үздіксіз білім беру жүйесінің бір формасы ретінде білім алуға мол мүмкіндіктер жасайды.