Тәрбие принциптері тәрбие міндеттеріне сай анықталады. Педагогика тарихының дамуында тәрбие принциптерінің төмендегідей жүйесі қалыптасқан: 1. Тәрбиенің мақсаттылығы. 2. Тәрбиенің өмірімен, еңбекпен, қоғамдық құрылыс практикасымен байланыстылығы. 3. Еңбек арқылы тәрбиелеу. 4. Жеке тұлғаға талап қоюшылық пен құрметтей білудің бірлігі. 5. Балалардың жас және дара ерекшеліктерін есепке алу. 6. Тәрбиенің жүйелілігі, бірізділігі және үздіксіздігін қамтамасыз ету. 7. Жеке тұлғаны ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу. 8. Тәрбие процесіндегі мектеп, отбасы, жұртшылық әрекетінің бірлігі болуы. Тәрбие принциптерінің ішіндегі ең негізгісі, оның мақсаттылығы. Өйткені, тәрбие процесіндегі тәрбиелік ықпалдар мен әрекеттер белгілі бір мақсатқа бағытталады. Мақсат – тәрбиелік шаралардың кездейсоқтық сипатқа тап болмауын қамтамасыз етеді. Мақсатқа сай тәрбие міндеттері анықталып, оны атқаруда жұмыстардың түрлері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері белгіленеді. Сондықтан да бұл принцип тәрбие жүйесінде жетекші принцип ретінде саналады. Тәрбиенің келесі принциптерінің мәні жас ұрпаққа тәрбие беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірімен ұштастыра жүргізуді талап етеді. Ол мектептегі теориялық білімдерді оқушыларға меңгертуде, оларды өмірмен байланыстыру, қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен хабардар етіп, оған нақтылы көзқарастарын, сенімін орнықтыру, қоғамдық пайдалы еңбекке қатыстыру т.б.тәрбие мақсатының түпкі мүддесін көздейтін әрекеттерге араластыру. Жас ұрпақты қоғамдық өмірге ерте көзден араластыру өз еліне, туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке баулу, ел азаматтарына, еңбек ардагерлеріне деген құрметтеушілік, ізгілік ниеттерінің орнығуына, қысқасы, «өмір мектебінің» баспалдағынан біртіндеп қуат алып, оның қыр-сырымен танысуға мүмкіндік туғызады. Еңбек арқылы тәрбиелеудің принципінің мақсаты баланы еңбек ете білуге, оны қадірлеп-қастерлеуге, оған деген жағымды көзқараспен қарым-қатынас қасиеттерін орнықтыруды, сонымен қатар қарапайым еңбек құралдарын пайдалана білу қабілеттерін сіңіру қажеттіліктерінен туындайды. Адамды табиғат жаратқанымен, оны нағыз адам етіп қалыптастырған – еңбек процесі. Адам баласының қоғамдағы өмірі тек еңбекпен байланысты, себебі ол оны саналы өмір сүре білуге дағдыландырады. Тек еңбек процесінде адам баласы өз тіршілігін қамтамасыз етіп, қоғамға пайда келтіреді. Сондықтан да бұл принцип тәрбие процесінің өн байында өзекті мәселе болып қала береді.