№1 Лекция ТЕРМИНОЛОГИЯ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТ Дәріс жоспары: 1 Терминология пәні.
2 Терминологияның зерттеу нысаны
Мақсаты: Терминология - өндіріс пен техниканың, ғылым мен өнердің әр саласына тән терминдердің жиынтығы екендігін түсіндіру.
Қысқаша мазмұны: Терминологияның даму деңгейін анықтап, оның қазіргі жайына баға беру оңай мәселе емес. Алайда бұл саланың алдағы уақыттағы даму бағытын белгілеп, термин шығармашылығын реттеп отыру үшін өте қажет жұмыс болып табылады. Осыны дұрыс түсінген тілші ғалымдар мен әр түрлі саланың мамандары дәл қазіргі кезеңде терминология мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Қазіргі кезеңде ұлт тілінде термин жасаудың жанданып отырғаны белгілі. Көптеген жаңа терминдер жасалынып қолданысқа көше бастады. Бұл ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметін атқара бастауының бір көрінісі. Рас, жасалып жатқан терминдердің бәрін бірдей мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде терминологиялық жүйе мен терминдерге қойылатын талаптарға жауап бере алмайтындарының да бар екені даусыз. Ондай терминдердің қолданылуына жол бермеу дұрыс.
Ал сәтсіз терминдердің жасалу себебіне келсек, ол - термин жасаушының терминге қойылатын талаптарды білмеуінен, тілді дұрыс пайдалана алмауынан, ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшелігін ескермеуден, тәжірибесіздіктен немесе жауапкершілікті сезінбеуден туындайтын әрекет. А.Байтұрсынұлы айтқандай, тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе беретін жұмыс емес.
Қазіргі терминологиядағы шешімін таппай жүрген мәселенің бірі - халықаралық деп аталатын терминдерді ұлт тіліне аудару, жазу немесе бір сөзбен айтқанда, қабылдау тәртібінің белгіленуі. Бұл мәселе төңірегіндегі ғалымдардың пікірлері де әр түрлі. Сондықтан осы мәселені арнайы зерттеп, тиісті қорытынды шығарудың терминология үшін маңызы зор. Жалпы, кез келген ұлт тілінің оның ғылыми терминологиясының дамуына тікелей әсер ететін ішкі және сыртқы, басқаша айтқанда, тілдік және тілден тыс (лингвистикалық және экстралингвистикалық) факторлардың болатыны белгілі. Бұл факторлардың бірін - негізгі, екіншісін - негізгі емес деп қарау қиын. Олардың әрқайсысы өзінше маңызды және олар бір-бірімен тығыз байланысты. Дегенмен, қазақ терминологиясының даму тарихына үңілетін болсақ, оның жасалуы мен қалыптасуына тілден тыс факторлар барына көзіміз жетеді. Ғылыми-техникалық терминологияның дамуына тікелей әсер ететін сыртқы факторлардың қатарына ғылым мен техниканың даму деңгейін, ұлт тілінің қоғамдағы алатын орны мен елдің тіл саясатын жатқызуға негіз бар. Қазақ терминологиясының қазіргідей жағдайға тап болуының ішкі себептері де жоқ емес. Ол ең алдымен, қазақ терминологиясының ғылым ретінде дамуымен, терминология, термин мәселелерінің зерттелуімен тікелей байланысты.
20-30 жылдардағы қазақ зиялыларының еңбектерін айтпағанда, соңғы 15-20 жылдың ішінде де термин, терминология мәселелеріне арналған біршама ғылыми еңбектердің жарық көргені белгілі. Олардың қатарына Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Ә.Әбдірахманов, Б.Қалиев, Ш.Біләлов сияқты ғалымдардың авторлығымен жарық көрген кітаптар мен ғылыми мақалаларды жатқызуға болады. Сондай-ақ, соңғы жылдары баспасөз беттерінде тілші ғалымдар мен әртүрлі салалардың мамандары қазіргі терминология туралы пікірлерін үздіксіз жариялап келеді. Соған қарамастан қазақ терминологиясы өзінің даму бағытын айқындай алмай , яғни дағдарыстан шыға алмай отыр. Оның себебі - жоғарыда аталған авторлардың еңбектерін түгел қосып есептеген күннің өзінде де терминология өте аз зерттелген сала болып табылады. Кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселенің бірі - қазақ терминологиясының қалыптасу мен дамуының ғылыми принциптерін белгілеу. Академик Ә.Қайдаров дер кезінде бастаған бұл жұмыс қазір жасалуда. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімі ғылыми принциптерді арнайы зерттеу үстінде. Егер зерттеу жұмысы нәтижелі аяқталып жатса, терминологияның даму бағытын айқындаудың ғылыми негізі қаланбақ.
Мемлекетіміздің егемендік жолмен дамуының алғашқы жолдары, өтпелі кезеңнің қандай да болсын қиыншылықтарын басымыздан кешіре тұрсақ та, біздің халқымыздың, қоғамымыздың, саяси күштеріміздің бойынан жас мемлекетіміздің нығайту, экономиканы реформалау, құқықтық - демократиялық қоғам орнату, рухани бірлік пен ұлтаралық келісім ахуалын қалыптастыру жөніндегі ұлан-асыр жұмыстарды батыл бастауға ерік-жігер мен ақыл-парасат жеткілікті екенін өмір көрсетіп отыр. Қазіргі таңда нарықтық экономика республика азаматтарының күн көрісіне ғана араласып қоймай, олардың мінез- құлқына, бір-бірімен болған қарым-қатынасына әсер етуі сөзсіз. Еліміздің нарықтық экономикаға көшу негізінде дүниеге көптеген жаңа сөздер жаңа терминдер келген болатын. Әсіресе, қаржы-қаражат саласындағы терминдер өз өміршеңдігімен көзге түсуде. Ең алдымен термин және оның аударылу мәселесіне тоқталып кетейік.
Терминді зерттеуде және оның қоғам үшін мәні мен маңызын анықтауда А.А.Реформаторский, В.В.Виноградовтың, О.С.Ахманованың, И.Ф.Протченконың, Р.А.Будаговтың, В.И. Сифоровтың, К.А.Мусаевтың, В.П.Даниленконың, А.В.Сперанскаяның, т.б. зерттеушілердің ролі зор. Бұл жөнінде қазақ түрколог - тілшілері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдаров, М.Балақаев, Ш.Сарыбасов, Ә.Абдірахманов, Р.Өркенова, С.Исаев, Ө.Айтбаев біраз әңгіме қозғап, терминологияның дамуына зор үлес қосқандарын атап кетуге болады.
«Термин» деген ұғымның өз басына келсек, күні бүгінге дейін бұл жайлы бірыңғай пікір қалыптаса алмай келеді. Кез келген ғылым саласында жаңа ұғым пайда болған сайын жаңа термин дүниеге келеді. Ол термин сол ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінен тиісті орын алып, терминологияның мүшесі ретінде орнығады. Терминдер саны ұлғайып, ғылым дамыған сайын терминологиялық өріс кеңейе түседі. Термин мәселесімен тікелей айналысқан қазақ ғалымы белгілі лингвист Қ.Жұбанов бұған мынандай анықтама береді: «Белгілі бір ұғымдарды білдіретін қарақшылы сөздер болады, о сөздерді әлгіндегідей ұғымдарға ғылым мен революция жағы қандай сатыда тұрса, міне осы екеуі келіп отырады; сонымен қатар термин сөзінің терминдік ұғымы мен күнделік тіршілікте қолданылатын жай сөздік мағынасы басқа болуы да мүмкін». Профессор Қ.Жұбанов терминнің өзіндік өзгешелік сипатын дұрыс түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аударады.
Академик І.Кеңесбаев пен профессор Т.Жанұзақовта терминнің о баста латын тілінің «шек», «шекара» деген сөздерден пайда болғанын айта келіп: «Ғылым мен техниканың, көркемөнер мен қоғам өмірінің алуан түрлі саласына байланысты қолданылатын, тиянақты, тұжырымды ұғымды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері, атау сөз», - деп түйін жасайды.
Геккель термин болмысына берген пікіріне «Термин - заттардың болмысының мәнін айқындаушы» десе, белгілі бір тіл маманы А.А.Реформаторский термин мен терминология ұғымының мәнін ашуға тырысады. Ол термин, ұғым, сөз түсініктерінің өзара байланысын салыстыра келіп, екі түрлі бағытқа тоқталады, яғни, терминді белгілі бір затпен байланысты қарайтындар А.А. Реформаторский байқауынша терминді ұғыммен байланысты қарайтындардың бағытының кең етек алып, дамып жатқандығын, оның ғылымда анығырақ байқалатынын аңғаруға болады. Геккель пікіріне жүгінер болсақ, онда біздің терминделуші жаңа ұғымдарымыздың атауы ішкі болмысының мән- мағынасымен оның жалпы қолданыстағы ұғымдық мәні мен мағынасын аша білу керек.
Филология ғылымының докторы, профессор К.Аханов: «Тіл-тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларында қолданылатын арнаулы сөздер бар. Олар термин деп аталады. Күнделікті өмірде барлық салада жалпылама қолданыла беретін сөздер ыңғайына қарай түрлі-түрлі мағынада жұмсалып, көп мағыналы болып келсе, терминдердің басым көпшілігі дара мағынасында жұмсалады. Демек, дара мағына болу терминдерге тән басты қасиет. Ғылыми әдебиеттерде кездесетін пікірлердің бәрі де сайып келгенде, негізінен бір ғана тұжырымға тоқтайды. Ең алдымен термин дегеніміз белгілі бір ғылым мен техника саласында қолданылатын арнайы лексика. Оның басты белгілері: дәлдік, қысқалық, жүйелілік. Термин арқылы ғылыми ұғым білдіріледі. Ондай жағдайда термин ғылыми зерттеу жұмыстарының, ізденістердің негізгі құралына айналады.
Ғылыми ой-пікір қашанда өзінің анықтығымен, дәлділігімен, нақтылығымен ерекшеленуге тиісті. Термин дәл болсын дейтін талап осы негізінде пайда болған. Сонда осы дәлдікті кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда қамтамасыз ететін үш түрлі фактор бар сияқты: 1) Термин білдіруге тиісті ұғым білдіретін дәл іріктеп алу. 2) Термин жасау кезінде пайдаланатын оның компоненттері мен элементтерін дұрыс саралау. 3) Термин жасау барысында осы аталған бөліктердің органикалық бірлігі қамтамасыз етілуге тиіс. Термин қысқа болсын дейтін талап әшейін айтыла салған сөз емес. Әсіресе, ғылым мен техниканың ерекше қарқынды даму жолына түскен қазіргі кезеңде информациялық ақпар жиілігі барған сайын үстемелене түседі. Оның игерілуі едәуір қиындыққа айналып отырған осындай жағдайға айтылатын ұғымның, мәліметке тірек болатын термин сөздердің барынша қысқа, тұжырымды келуінің практикалық мәні айрықша болып отыр.