Терминнің заманауилығы – көнерген терминдерді қолданыстан шығарып, оларды қазіргі заманғы терминдермен алмастыру арқылы жүзеге асырылатын терминге қойылатын талаптардың бірі. Бірақ терминтанушылардың көпшілігі, бұл талапты міндетті түрде орындалуға тиісті басты талаптарға қоса бермейді.
Әдебиеттер Реформатский А. А. Что такое термин и терминология// Вопросы терминологии. - М., 1961. С. 46-54.
Реформатский А.А. Термин как член лексической системы языка// Проблемы структурной лингвистики. – М.: Наука, 1968. - С. 103-125.
Лейчик В.М. О языковом субстрате термина// ВЯ. 1986. №5. - С. 87-97.
Бақылау сұрақтары: 1.Термин дегеніміз не?
2. Терминнің өзіндік белгілерін атаңыз?
3. Белгілі бір ғылым, кәсіп саласында терминдердің жиынтығы не деп аталады?
4. Терминге қандай талаптар қойылады?
5. Терминге қойылатын семантикалық талаптарды атаңыз?
6. Терминнің тілдік нормаға сәйкес келуі қандай талапқа жатады?
7. Прагматикалық талаптарды атаңыз?
№3 Лекция ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ НОРМАЛАНУ ҮДЕРІСІ Терминдік жүйелердің жедел қарқынмен дамуына байланысты шешілуі тиіс мәселенің бірі - терминологияны нормалау болып табылады. Өйткені ғылым мен техниканың тілі танымның басқа құралдары сияқты дәл болуы тиіс. "Тіл еш уақытта түпкілікті қалыптасып болмайтындығын оның үнемі жетілу, даму үстінде болатындығынан көруге болады. Тіл халықтың өмірімен бірге дамиды"(Фуко, 1977).
Тілмен бірге оның нормасы да дамиды. "Норма" сөзі латын тілінен norma - ереже, үлгі деген мағыналарды білдіреді. О.С.Ахманова тілдік норма ұғымын "Адам сөйлеуіндегі тілдік құралдардың қолданылуын реттейтін қабылданған ережелер жиынтығы" деп анықтайды. Қазақ тіл білімінде тілдік норма мәселесін арнайы зерттеген ғалым Р.Сыздық осы саланың терминдерін ғылым тілінде тұрақты қалыптастыруға ықпал еткенін айта кеткен жөн. Профессор өзінің «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001) деп аталатын еңбегінде норма, нормалану, қалыптандыру (кодификация) тағы басқа ғылыми ұғымдарға түсініктеме береді. Ғалымның сөзімен айтқанда «Норма - негізінен тілдің өзі ұсынған тәртіп, нормалану – сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы». Лексикалық норма дегеніміз - аталған тілдегі сөздерді қолданудың тәртібі, ал, нормалау үдерісі дегеніміз - норманы қалыптастыру болып шығады.
Лингвистикада "норма" ұғымын анықтауға деген бірін-бірі толықтыратын екі көзқарас қалыптасқан. Алғашқысы норманы тілдік құралдарды қолдануды реттейтін заңдылықтар ретінде қарастырса, екінші көзқарасты жақтаушылар норма деп қоғамдық тілдік тәжірибеде бекітілген және іріктелген, барынша тұрақты тілдік құрылымдардың қолданылуының жиынтығы деп түсінеді. Екі көзқарасты біріктіре отырып С.И.Ожегов тілдік норманы былайша анықтайды: "... Норма дегеніміз - қоғамға қызмет ететін тілдік құралдардың тілдік бірліктерді іріктеу нәтижесінде құралатын ең жарамдысының (дұрыс, таңдаулы) жиынтығы. Яғни сөздік қорда бұрыннан бар сөздердің ішінен таңдап алу" деген сөз.
Терминологиялық норма дегеніміз – ғылым тіліне қызмет ететін тілдік бірліктердің дәлдік, қысқалық, бірмағыналылық, ақпараттық толықтық т.б. талаптарға сай қолданылуын реттейтін қабылданған ережелер жиынтығы.
Ғылым мен техника тілінде лексиканың ақпараттық жағынан барынша толық, барынша тұрақты болып келетін қабатымен, яғни терминологиялық лексика туралы сөз болатынын есте ұстаған жөн. Терминологиялық лексиканың нормасы жалпы 8 қолданыстағы сөздердің нормасымен сәйкес келгенімен, өзіне тән ерекшелігі де болады. Терминологиялық норманы қолданыс тілінде бекітілген немесе сөздіктер мен анықтамаларда және т.б. басылымдарда келтірілген стандарттар, нұсқаулар, заңдық актілер деп біржақты түсінуге болмайды. Егер терминологиялық норманың ең негізгі рөлі кәсіби қарым-қатынасты барынша толық қанағаттандыру қызметінде екенін ескерсек, онда бұл норма тек тілдік қолданысты тіркеуші ғана болмайтыны түсінікті болады. Демек, "норманың кәсіби варианты", "нормалау жұмыстары" және "кәсіби қарым-қатынас талаптары" арасында динамикалық сәйкестіктің үштағаны пайда болады. Бұл үштағанның ішінде "терминологиялық норма" орналасады. (сурет)
Лингвистикалық нормалау нәтижелері нұсқау, кеңес беру сипатында болуы керек. Тілші белгілі бір терминнің дұрыс/бұрыстығы, болашағы, орынды/орынсыздығы, лайық/лайықсыздығы туралы шешім қабылдай алмайды. Бұл жерде соңғы сөзді ғылым мен техника саласының мамандары айтуы тиіс. Маман ғана терминнің өзі атап тұрған ұғымның барлық белгілерін көрсетіп, сыртқы формасы мен ішкі мазмұнының сәйкестігін анықтай алады.
Тілшілер мен мамандардың бірлесе отырып жүргізген нормалау жұмыстары барынша нәтижелі болары анық. Мұндай қиын да маңызды істе "тек қана мамандар мен терминшілердің бірлескен күші ғана терминологиялық жүйе және жеке терминдердің дамуы мен қолданылуына әсер ететін әр түрлі факторларды нақты-тарихи және жүйелі түрде жан-жақты лингвистикалық талдау жасауға мүмкіндік береді" (Скворцов, 1980).
Демек, терминологиялық норманы нормалау саласы анықтай ма, әлде қолданыс аясы анықтай ма деген мәселені шеше отырып, біз бұл екеуін бірлікте қарастыру керек деген қорытынды жасаймыз. Өкінішке орай, кейбір лингвистикалық еңбектерде тек тілдік тәжірибедегі нормалар туралы сөз қозғалады және олай айтылмайды, бұлай айтылады деген тәрізді нұсқаулардан аспайды. Тілшіге тек тілдік қолданыстарды санау қызметін беріп қоймау керек, өйтетін болсақ нормалау үдерісінің қажеттілігі жойылады да, норма барлық тілдік бірліктердің табиғатына тән деген теріс пікір қалыптасады.
Бірақ мұндай жағдайда тіл білімінің тілдік нормаға қатысты қызметтерінің барлығы дайын нормаларды, олардың қарым-қатынас жасау кезіндегі түрлерін, кемшіліктері мен қайшылықтарына қарамастан тек тіркеу болып есептеледі. Нормативтік сөздіктерде терминологиялық таңбалардың тілдік тәжірибеде қолданған, болашағы бар, тіл сөйлермендері мойындаған варианттары алынатыны белгілі. Егер сөздіктегі терминологиялық лексиканың жиілігі төмен немесе синонимдері көп болатын болса, барлық жағдайда мұны сөздік түзудегі кемшіліктер деп есептеуге болмайды.
Терминологиялық жұмыстардың өнімділігі терминнің дәлдік, қысқалық, бірмағыналылық, ақпараттық толықтық, эмоция-экспрессияның жаттығымен сипатталады. Жасалған термин эстетикалық талапқа сай болуы маңызды. Ғылым мен техника тіліндегі терминдер қатарында жаргондар, ауызекі сөйлеу тілінің сөздері де кездесетіні белгілі. Олардың арасында сәтті жасалғандары да бар. Оларды термин ретінде қабылдауға бола ма деген мәселеге келсек, әрине болады деп жауап берер едік. Егер ол терминологиялық лексикаға қойылатын талаптардың барлығына жауап берсе, неге қалыптастыруға болмайды. Терминнің лексикалық қордың қай көзінен жасалғанына қарап емес, оның ғылыми ұғымды дәл атауына қарап шешім қабылдау қажет. Бірақ ғылыми ұғымды атауға алынып отырған терминнің көпшілігі сол сала мамандарына толық түсінікті болып, ғылым тілінің талаптарының бәріне жауап бере бермейді.
Білім алу үшін ұғым мен соған сәйкес атауының арасын біріктіру қажет. Атау мен ұғым арасындағы сәйкессіздік, оған жеңіл-желпі қарау кәсіби қарымқатынасты төмендетеді.
Термин жасау кезінде қандай ғылыми нұсқауды негізге алу керек? Біріншіден, терминнің "сыбырлау" қабілетінің, ұғымды нұсқап тұруының, мазмұны мен тұлғасының арасында толық сәйкестіктің болуы керек. Бұл ғылыми қарымқатынастың міндеттері мен терминологияны игерудің әдістемелік алғышарттарымен сәйкес келеді.
Тілшілер терминдерді тіркейтін және бақылайтын ғана емес, ол нормаларды іздеуші, оларды түсіндіруші, кәсіби қарым-қатынастың жалпы талаптары мен терминдердің шынайы қолданысының арасындағы "төреші" қызметін атқаруы тиіс. Ең алдымен терминологиялық бірліктің формасы мен мазмұнының арасындағы өзара байланысты бірінші кезекке қою қажет, бұл терминологиялық норманың табиғатына сәйкес келеді. Бірақ тілші өзі ұсынған нормасын тек ұсыныс немесе нұсқау ретінде бере алады. Терминдердің қолданысын ескермей, оларды мынадай нормаға сәйкестендіріңдер деп талап ете алмайды.
Тілдің стихиялы даму үдерісінде көптеген жаңа сөздер, олардың варианттары пайда болады. Оларды іріктеу және реттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп тұруы тиіс. Терминология саласында бұл үдеріс терминологиялық дублеттерді, синонимдерді реттеу жұмыстарынан көрінеді. Көптеген жаңа терминдерді түзету, сәтті баламалармен алмастыру т.б. жұмыстар жүргізіледі. Кірме сөз бен төл сөздің синонимдік қатарлары болған жағдайда төл сөзді қалдырған жөн. Тілді сәтсіз жасалған терминдерден тазарту табиғи жолмен де, саналы іс-әрекеттің көмегімен де, яғни нормалау арқылы жүзеге асырылады.
Тәжірибеде термин өзінің бұрынғы ескі мағынасын сақтай отырып, жаңа мағынаға ие болып жататыны жиі кездеседі. Егер бұл затқа деген көзқарасты тереңдете түссе, оның жаңа қырларын ашса, терминдердің мұндай көпмағыналылығын мойындауға болады; егер керісінше, ұғым туралы көзқарасты дамытпаса, қолданылған терминнің мағынасын білмегендіктен және терминнің мәнін жете түсінбегендіктен туындаса, мұндай көпмағыналылыққа жол беруге болмайды, өйткені ол ұғымды күңгірттендіріп, оны білдіріп тұрған терминнің мағынасын бұрмалауға әкеледі. Терминнің көпмағыналылығымен қатар бір ғана ұғымды бірнеше терминмен белгілейтін синонимия құбылысы да пайда болуы мүмкін. Сонымен бірге жалған бағыт сілтейтін, яғни өзі бейнелеп тұрған ұғыммен сәйкес келмейтін терминдер пайда болуы мүмкін. Аталған кемшіліктердің барлығы мамандардың бір ғана терминді түрліше түсінуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде ұғымның мәні бұрмаланады, жалған елестер пайда болады, білім, дағды, тәжірибе алмасуда қиындықтар туады да, ақыр соңында практикалық қателер туындайды. Міне сондықтан кез келген ғылым және кәсіби іс-әрекет саласы үшін ең негізгі міндеттердің бірі - терминнің қолданысының тұрақтылығы болып табылады.
Қазақ терминологиясы үш факторды ескере отырып қалыптасуы керек: ең алдымен, белгілі бір терминдік жүйенің тілін; терминологиялық мектептердің 24 соңғы он жылдағы озық тәжірибелерін және қазақ терминжасамының тәжірибесін пайдалану.
Халықаралық терминдер санының арта түсетіні түсінікті. Қазіргі ғылым мен техника тіліндегі олардың санының өсуін халықаралық қатынастарды, көптеген ғылым салаларының бірігіуі, әр түрлі елдердің ғалымдары мен зерттеушілерінің кәсіби қарым-қатынас саласында тәжірибе алмасу мақсатымен күш біріктіруімен түсіндіруге болады. Мұндай үрдіс ғылымның информатика сияқты жаңа қалыптасып келе жатқан терминдік жүйесіне тән. Сондықтан да тілдік патриотизмді әлем мәдениетінің жетістіктерімен үйлестіре жүргізген дұрыс деген қорытынды жасауға болады.
Кеңес өкіметі тұсында экономиканы орталықтандыру ғана емес, тілді де орталықтандыруға ұмтылыс жасалынды. Әсіресе бұл термин шығармашылығынан анық байқалады. Бір жағынан, орыс тілінің тіларалық қатынастағы рөлін төмендетпей, екінші жағынан қазақ-орыс тілдерінің интерференциясының біржақтылығын сынай отырып, орыс тілі басқа тілдердің жаңа терминдерімен қоса субъективті сипаттағы кедергілер жасағанын айтқым келеді. Сәтсіз аудармалар, көп компонентті терминдерді сәтсіз қысқарту, терминдік жүйедегі ретсіздіктер т.б. Егер бұған стандарттау принциптерінің және қазақ тілі терминдеріне арналған арнайы стандарттардың жоқтығын қоссақ, орыс стандартына қазақ тілінің терминдік жүйесінің күштеп салынғанын байқау қиын емес. Соның нәтижесінде қазақ тілі терминдерінің тіл мәдениеті, тілдік норма, орфоэпия талаптарына сәйкес келмейтін қатарлары пайда болады. Қазақ тілі терминдеріне арналған терминологиялық стандарттар жасаудың қажеттігі анық. Мүмкін болса, мұның алдында көптілді терминологиялық түсіндірме сөздіктер жасалуы қажет.
Жалпылингвистикалық қордың басым бөлігін құрайтын ғылыми-техникалық терминологияны нормалау мәселесіне де ерекше назар аударған жөн. Өйткені ол үнемі дамып, толығып отырады. Сондықтан терминшілер терминдерді тек тіркеп, таңдап, ұсынып қана қоймай, сонымен бірге барлық терминжасамдық үдерістерді сол ғылым саласына бағыттауы тиіс. Бұл жерде көрнекті лингвист Юрий Апресянның «адамның мәтінді түсінуі үш нәрседен тұрады — тілді білу, логиканы білу және шындық өмірді білу» деген тұжырымы еске түседі. Әрине, нормалаудың бұл үш түрінің арасындағы шекара анық емес және көптеген тәжірибелік сұрақтарға тәуелді, соған қарамастан олар өзара байланысты. Тілшінің терминнің дұрыс немесе бұрыс жасалғандығы туралы шешім қабылдауға құқы жоқ, өйткені оның қызметі нақты бір терминнің мазмұнын ашуға жанама ықпал ете отырып, терминологиялық бірліктің тілдік ерекшелігі саласында іске асады.
Өзіміздің тілдік кеңістігімізді шет тілінің үлгісіне беру арқылы біз төл мәдениетімізді ғана емес, тіліміздің ұлттық нақышын, табиғатын жоғалтамыз.
Терминологияны нормалаудың аталған маңызды қызметі тәжірибеде оны реттеуге, оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін, терминдер мен ұғымдардың бір мағыналы жүйесін құрайтын сөздіктер мен стандарттардың көмегімен шешіліп отырады.
Терминдік жүйені нормалау әрбір нақты ғылым саласында терминдерді бірыңғай қолдануға жетуге бағытталады. Терминнің мағынасына байланысты күмән туған жағдайда терминологиялық сөздікке немесе стандартқа қарау керек.
Терминологияны нормалау тілдің табиғи даму заңдылықтары мен үдерістерін ескере отырып жүргізілген жағдайда ғана оң нәтиже береді. Терминологияны нормалау принциптеріне әдеби тілдің сөздерін термин түрінде пайдалануға басымдық беру, синонимдердің мағыналарын саралау және жүйелеу, шет тілінен енген терминдерді мүмкіндігінше аударып алу, термин жасауда шарттылықты мойындауды айтуға болады.