Бақылау сұрақтары:
1. Үстеудің сөзжасамына жалпы сиптатама
2. Үстеудің синтетикалық сөзжасамы
3. Үстеудің семантикалық топтарын жасайтын жұрнақтар
4. Үстеудің аналитикалық сөзжасамы
5. Күрделі үстеулер
Әдебиеттер:
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. -Алматы, 1982.
Қазақ грамматикасы. -Астана, 2002.
Қазақ тілінің грамматикасы.- Алматы, 1967.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1989.
№26 лекция. Тақырыбы: Етістіктің сөзжасамы
Жоспар:
Етістік сөзжасамы туралы түсінік, оның зерттелуі
Етіс жұрнақтарының сөзжасамға қатысы туралы түрлі көзқарастары
3.Етістіктің синтетикалық тәсілмен жасалуы
Лекцияның мақсаты: Етістіктің сөзжасамы түсіндіру.
Лекцияның мазмұны: 1. Етістік – сөзжасам жүйесі қалыптасқан сөз таптарының бірі. Етістік сөзжасамдық бірліктері әбден қалыптасқан. Туынды етістік жұрнақ және күрделендіру тәсілі арөылы жасалады. Жұрнақ және күрделендіру тәсілдері арқылы жасалған туынды етістіктер тіліміздің сөздік қорын үнемі байытып отырады. Сондықтан етістік – туынды түбір етістіктерге де,күрделі етістіктерге де өте бай сөз табы.
Етістіктің сөзжасамдық бірліктеріне уәждеме сөздер мен сөзжасамдық жұрнақтар жатады. Етістік сөзжасамына уәждеме болатын сөз таптарына зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, одағай сөз таптары жатады. Яғни етістік сөзжасамында уәждемелік қызметті барлық сөз табы атқарады деуге де болады. Бұл - өте сирек кездесетін құбылыс. Мысалы, балтала, балала, бұзаула, жақсар, қызар, үлкей, екеуле, мыңдап, жүздеп, өзеуре, мұндала, жылтылда, сыртылда, қылтыңда, кешеуле, қыста, ойбайла, өлтір, келіс, сұратқыз сияқты туынды түбір етістіктерге барлық сөз таптары уәждеме болған.
Бұл туынды етістік жасауға барлық сөз табының уәждеме ретінде қатысатынын дәлелдейді. Ал, ол туынды етістік жасаудың мүмкіндігін арттырады.
2.Етістік сөзжасамдық жұрнақтарға бай, олар алуан түрлі. Етістік жұрнақтары түрлі сөз таптарының сөздерінен туынды түбір етістік жасайтын болғандықтан, олар есім сөздерден етістік жасайтын және етістіктен етістік жасайтын жұрнақтар болып бөлінеді.
Есім сөз таптарының сөздерінен синтетикалық тәсіл арқылы сөзжасамдық жұрнақтар туынды түбір етістік жасайды: сына, ойна, қыбырла, жемде, ағар, көбей, қысқар, өзгер т.б.
Етістіктен етістік жасалуы да етістік сөзжасамынан кең орын алады: бүрке, келтір, алғыз, сайрат, жөндеткіз т.б.
Етістіктің жұрнақтары құрамы жағынан жалаң және құранды болып бөлінеді: 1) жалаң жұрнақтар бір морфемадан тұрады: ақта, есей, сыйла, өзгер, менсін, жолық, теңел, адамсы, құтай, ата, аунакқшы т.б.
Құранды жұрнақтар ең кемі екі морфомадан құралады: -лан(-ла+-н), -лат(-ла+-т),-лас(-ла+-с),-сара(-са+-ра),-ырай(-ыр+-ай):қарулан, әндет, көмектес, ойсыра, ажырай, бадырай и т.д.
Сонымен бірге етістіктің жекелеген туынды түбір етістік жасаған өнімсіз жұрнақтары да бар: -ши (шұқши), -и (селти), -ке (иіске), -іне (есіне), -ірке (есірке, мүсірке, тосырқа) т.б.
Етістіктің сөзжасамдық жұрнақтары лексикалық мағынаға әсеріне қарай сөз өзгертуші және сөз түрлендіруші жұрнақтар болып бөлінеді. Сөз өзгертуші жұрнақтарға негізінен есім сөздерден етістік тудыратын жұрнақтар жатады. Лексикалық мағынаны түрлендіретін жұрнақтарға етістіктен етістік жасайтын жұрнақтар жатады. Лексикалық мағынаны өзгертетін жұрнақтар деп негіз сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп, одан қимыл мағынасын жасайтын жұрнақтар аталады
3. Синтетикалық тәсіл етістік сөзжасамында белсенді қызмет атқарады. Синтетикалық тәсіл арқылы етістіктің жасалуы сөзжасамдық жұрнақтармен байланысты. Етістіктің сөзжасамдық жұрнақтарының негіз сөзге жалғанып, оның мағынасын өзгертуі не түрлендіруі синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы деп аталады. Мысалы, көгер, жасар, тыңда, қозға, сөйле, көрсет, жуын, оқыт, сөндір, жазғыз т.б.
Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер туынды түбір етістіктер деп аталады. Туынды түбір етістіктер үшін екі морфема міндетті түрде қызмет атқарады. Оның бірі — негіз сөз, екіншісі — жұрнақ. Негіз сөз толық мағыналы дербес сөзден болады. Тұлғасы жағынан негіз сөз негізгі түбір, туынды түбір де болады. Мысалы, толық, ағар, жина, көгерт, емдет т.б.
Тілде негіз сөздер жұрнақсыз да колданыла береді. Мысалы, Үлкенмен ақылдас. Ақылы бар бала деген сөйлемдердегі ақылдас туынды түбірінің негіз сөзі ақыл екінші сөйлемде дербес сөз қызметінде қолданылып тұр. Бұл - негіз сөз атаулыға тән құбылыс. Бірақ аздаған туынды түбір етістіктердің негіз сөздерінде қазір бұл қасиет жоқ. Мысалы, оян, оят, аңқай, аңқи, өңки, тыңқи, жымпи, семір, жұбан, жұбат, ұзай т.б. сияқты бір топ туынды түбір етістіктердің жұрнақтары анық көрініп тұрады да, негіз сөздері жұрнақсыз жоғарыдағыдай жеке қолданылмайды, бірақ олар туынды түбір етістік деп танылады. Ал олардың негіз сөзі бір кездері дербес сөз болғанымен, қазіргі тілде түбір сөз ретінде қолданылмайды. Мұндай түбірлерді орыс тіл біліміндегідей байлаулы түбір деуге болады. Байлаулы туынды түбір етістіктер жұрнақтары арқылы танылады, өйткені ондағы негіз сөздер қазіргі тілде қолданыста жоқ. Тарихи тұрғыда қазір туынды түбір етістік деп дәлелденіп жүрген біраз етістіктер бар, олар: кел, кет, тол, той т.б. Бұлар қазір негізгі түбір болып саналады. Осылардың аздаған мағыналық байланысы олардың тарихи тұрғыда түбірлес сөз аталуына негіз болған. Қазір бұл сөздердің құрамы қосымша мен түбірге бөлінбейді. Етістік сөзжасамында барлық сөз табы негіз болып, сөзжасамдық бірлік қызметін атқарады. Олардан зат есім сөздерді (балтала, нөсерле, мұзда, жемде), сын есімдерді (қарала, әдеміле, жақсыла), сан есімдерді (біреуле, екеуле), есімдікті (кайдала, өзімсін), үстеуді (ертелет, кештет), етістікті (түйре, бүрке, жүріңкіре), одағайды (ойбайла, ұһле) атауға болады. Тіліміздегі барлық негізгі сөз таптары етістік жасауға қатысады.
Аналитикалық тәсіл де етістік сөзжасамында белсенді қызмет атқарады. Мұнда да негіз сөздер қызметінде түрлі сөз таптарының сөздері колданыла береді: адам ет, ақылды бол, жақсы көр, дем ал, бас қатыр, келіп кет, алып бер, кіріп шық, жинап ал, керіп кел т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |