Әр түрлі философиялық бағыттардың тарих ғылымына көзқарасы.
Позитивизм ағымы. Позитив ұғымы латынның (positivus) – положительный деген сөзінен шыққан. Ағымның негізін қалаған француз ғалымы О.Конт, ХІХ ғасырдың 30 жылдары өмір сүрген ғалым өзінің метафизикалық философиядан бас тартатындығын жариялады. Ол философияның басқа ғылымдардың үстінен қарайтын рөліне үзілді-кесілді қарсы болып, сол кездегі философиядағы екі ағым: иделизм және материализмді қолдамайтындығын білдірді. Конттың ұғымынша дүниедегі барлық ғылым пайдалы.
Осыны негізге алған тарихшылар өз ғылымының пайдалы ғылымдар қатарына жатқызуға атсалысты. Тарихшы өз шығармаларын жазу барысында белгілі бір ойдан шығарылған схеманың тұтқынында қалмауы қажет. Қоғамдағы құбылыстарды нақтылы, шынайы дәйек-тер негізінде, әрбір деректі сыни талдау жасай отырып пайдаланғанда ғана шынайы шығарма жазу мүмкіндігі туады.
Позитившілер қоғам мен табиғат ортақ заңдылықтар бойынша дамиды деген қорытындыға келеді. Конт әлеуметтану ғылымының негізін қалады. Қоғам дамуының негізінде эволюция (қарапайым формадан күрделіге дамуы). Бұл концепция бойынша қоғам эволюциясына саяси, экономикалық, әлеуметтік, географиялық, идеологиялық, биологиялық, психологиялық сияқты факторлар әсер етеді. Қоғамдық өмірде аталған факторлар біріне-бірі байланысты бір мезгілде дамиды. Кейде тарихшылар өз зерттеулерінде көрсетілген факторларды кешенді зерттемей, олардың арасындағы тығыз байланыстарды ескере бермейді. Соның нәтижесінде зерттеу біржақты болып шығады. Осы күні позитивизм ықпалындағы тарихшылар қоғамның әлеуметтік-экономикалық үрдісін зерттеуге үлкен көңіл бөлуде. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, сауда тарихына арналған еңбектерде соңғы жылдары статистика әдісін пайдалану үрдісі орын алуда. Әлбетте, мұндай шығармаларда қоғамның интеллектуалдық дамуына да зор көңіл бөлінді. Позитивші тарихшылар өз зерттеулерінде тарихи-салыстырмалы әдістерді пайдаланып отыр. Бір өкініштісі, олар тарихи процестің тереңде жатқан себеп-салдарлық байланысын тану мүмкін еместігін алға тартып, тарихшы тек «қалай» деген сұраққа жауап беруге тиісті. Ал «неге» деген сұраққа жауап берудің мүмкіндігі жоқтығын дәлелдейді.
Европада позитивші ғалымдардың әртүрлі топтары қалыптасты. Олардың ең көрнекті өкілдеріне тоқтала кетелік.
Ағылшын ғалымы Г.Бокаль әлем халықтарының 13 тілін меңгеріп, 20 мың кітаптан тұратын кітапхана жинақтады. Әлемдік өркениеттің тарихын жазып шығуды жоспарлады. Бірақ ғұмыры ағылшын өркениеті туралы екітомдық кітап жазуға ғана жетті. Осы кітаптың өзі оның атақ-даңқын әлемге паш етті. Оның еңбегі позитив бағытында жазылған еңбектердің эталоны болып есептелді. Қоғамды алға апаратын ақыл-ойдың дамуы деп түсінді ол. Бұл процесті жеделдететін күмәндану мен скептицизм екендігін дәлелдеді. Тарих-шының еңбегін өте жоғары бағалап, оның өте қиын кәсіпке жататындығын, кез-келген тарихи құбылыс қаншалықты ақыл-ойдың прогресіне жеткізетіндігіне байланысты бағаланатындығын көрсете білді.
Францияда – И.Тэн, Германияда – К.Лампрехт, Ресейде – Н.Кареев, М.Ковалевский, Е.Терле сияқты ғалымдар да осы бағытта ғылыми зерттеулерін жүргізді.
Өкінішке орай, ХІХ ғасырдың аяғына қарай позитившілдік бағыт өзінің прогрессивтік мәнін жоғалта бастады.