Бастауыш сыныптардағы геометрия элементтері және оны оқыту. Орта мектеп бағдарламасына сәйкес геометрияның негізгі курсы 7-сыныптан басталады. Бірақ геометриялық бірқатар материалдармен оқушылар бастауыш сыныптың өзінде танысады және ол орта мектептің 5-6 сыныптарында одан әрі жалғасын табады.
Бастауышта геометриялық фигуралардың қасиеттерін оқып үйрену жеке геометриялық объектілерде қарастыру, оларды қабылдау және елестете алу, сондай-ақ қарапайым геометриялық қасиеттерінің дұрыстығын негіздеу үшін индуктивті әдіс қолданылады. Геометриялық материалдарды осылай қарастыру геометрияның жүйелі курсын оқып үйренуге дайындық курсы ретінде болып, оны геометрияны оқып үйренуге алдын-ала дайындық курсы деп атайды. Бұл курсты Н.Бескин [10] «көрнекі геометрия» курсы деп атаған. Бұл курс негізінен 1-6 сыныптарда оқылады. Оның негізгі мақсаты оқушылардың жазықтықтағы және кеңістіктегі геометриялық фигуралар туралы алғашқы түсініктер беру, геометриялық фигураларды бейнелей білу іскерліктері мен дағдыларын ашу. Бұл кезеңде оқушылар картоннан, қағаздан, ермексаздан екі өлшемді және үш өлшемді геометриялық фигураларды жасау, фигуралардың теңдігін, симметриялылығын және тағы басқа қарапайым қасиеттерін анықтау үшін тәжірибелер жасай білуі қажет.
Геометрияны оқып үйренуге алдын-ала дайындау курсында геометриялық фигуралардың қасиеттерін тек индуктивті түрде қабылдаумен шектелуге болмайды немесе дайын ережені жаттаумен шектелмеу керек. Оқушы қандай да бір нақты объектінің геометриялық қасиетін анықтайтын логикалық пайымдаумен негіздеуге болатынын сезінуі тиіс. Оқушылар ойлап қана қоймай, өз ойларын сөз арқылы толық жеткізе алулары тиіс. Олар өздерінің ойқорытуларын, тұжырымның логикалық негізделуін дедуктивті әдіспен емес, жалпы тұжырым мен анықтаманы жеке жағдайларда қолдану арқылы, яғни индуктивті әдіспен жасайды. Мысалы кез келген тіктөртбұрыштың ауданын өлшеу үшін индуктивті әдіспен нақты бір төртбұрышты қарастырамыз да, одан жалпы қорытынды шығарамыз.
Дегенмен өз пайымдаулары мен логикалық ойқорытуларын кеңістіктік формалардың қасиеттерін индуктивті әдіспен құруды бірте-бірте нақты формулалардағы ойқорытындыларының жалпы жағдайда дұрыстығын негіздей білуге үйрету керек.
Оқытуда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін төменгі сынып оқушылары геометрияны өмірмен байланыстыра көрнекі түрде оқып үйренуде көптеген нәтижелерге жете алады. 1-6 сыныптарда оқушылар жазықтықтағы және кеңістіктегі геометриялық фигуралардың қасиеттерін меңгеріп, оларды өмірде қолдана білуге үйренеді. Дайын формулалардың көмегімен, сызбасы бойынша оқушылар есептеулерді орындай алуға машықтанады.
Бастауыш сыныпта оқушылардың геометриялық фигуралар туралы түсініктерін қалыптастырудың негізіне, олардың кескіндерін немесе пішіндерін ойша көзге елестете алу қабілеті жатады. Бұл қабілеттілік баланың геометриялық фигураларды тани білуіне, бір бірінен ажыратуға және кескіндей алуға мүмкіндік береді. Ол үшін бастауыш сыныпта геометриялық фигураларды көрсетіп, сәйкес терминмен атау, кейбір ерекше белгілері мен қасиетерін айту жеткілікті.
Бастауыш сыныптарда дөңгелек, қабырғасының саны 6-8 аспайтын дөңес көпбұрыш, кесінді, түзу, нүкте, шаршы, тіктөртбұрыш, сынық сызық, куб, параллелепипед, т. б. фигуралармен танысады. Бұлардың ішінде оқушылардың мектепке дейін білетіндері де кездеседі. Мысалы, дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, куб, т. с. с. фигураларды оқушылар мектепке дейін-ақ ажырата алады.