Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет223/239
Дата06.10.2023
өлшемі3,08 Mb.
#113265
1   ...   219   220   221   222   223   224   225   226   ...   239
Байланысты:
fccc01431d3e67547942d7aa722f633c

X.Меңдібаев 
 
Ағаны көріп іні өсер... 
 
1922 жыл. Январь айының бас кезі. Ауылдан уездің орталығы болған 
Темір қаласына бармақ болып, өзімнен 12 жас үлкен домбырашы әрі әнші 
Есқара деген ағайға еріп шықтым. Есқара ағай Жұбан аулының туған жиені 
болатын. Қалаға жақын жердегі бір ауылға қонып, таңертең сағат 8-9 
шамасында Темірге келдік. «Кімдікіне, қай пәтершінің үйіне түсеміз», – деп 
сұрағанымда, ағай: «Осында нағашым бар, аты Құдайберген, өзі кішіпейіл, 
конақжай адам, ашық кісі, сонда барамыз. Сен өзің Құдайбергенді көргенің 
бар ма?» – деді. «Естігенім болмаса, көрген емеспін. Ол ағай өткен жазда 
біздің ауылда болып: «Келесі жылы ауылдарыңнан сауатсыздарды оқытатын 
мектеп ашамыз!» – деп уәде беріп кетіпті...», – дедім. 
Қала тәртібімен таныс емес ел адамдарының әдетімен аттарымызды 
аулаға байлай салып: «Ассалаумағалайкум» деп салдырлай үйге кіріп келдік. 
Пәтер иесі Боқтыбайдың үйі екі бөлмелі екен. Кіре берістегі бөлмесінде үй 
иесі өздері, төргі бөлмесінде Құдайберген ағай әйелімен тұрады екен. Төргі 
бөлменің есігін аша бергенімізде, ар жағынан: «Торғайлар, тұра тұрыңдар 


421 
(«торғай» — біздің руымыздың аты), біз әлі киінгеніміз жоқ!» – деп жымия 
күліп шыққан ағай Есқарамен амандасты да, «Мына бала атқосшың ба?» – 
деп маған қарады. Есқара ағай: –Жақын туыс бала, арабша оқи да, жаза да 
біледі, төңкерістің алғашқы жылдарында 5 ай орыс мектебінде оқыды, 
табылса, қалаға қызметке де тұрғысы келеді, – деп мені таныстырып та 
үлгірді. Әлгіде, бөлменің есігін аңғырт аша берген кезімізде, төрдің оң 
жағындағы кереуеттен тұрып жатқан жұмыртқадай аппақ жас сұлу 
келіншекті байқап қалғам. Бұл кісі – Құдайбергеннің ауыл-еліндегі бүкіл 
бала біткенге «мама», бұл күнде немере-шөберелерінің тілінде «ақ мама» 
атанған, біз сияқты қайнылары үшін «ақ жеңге» деп құрметтелетін кәдімгі 
Раушан жеңгеміз екен... 
Құдайберген ағамыз – қалың қара бұйра шашты,дөңгелек жүзді, тік 
мүсінді, дене бітімі орта бойлыдан биігірек, келісті, өңі қара торылау келген 
ажарлы жігіт екен. Әсем қоңыр даусы, мағынасы терең сөздері мені еріксіз 
елтітіп, оның ойлы, кескінді жүзіне қарағыштай берем... 
Боқтыбайдың әйелі төргі бөлмедегі кілем үстіне көрпе төсеп, дастарқан 
жайды. Дәстүрлі сәнімен шай әзірленді. Шай үстіндегі әңгіменің желісі, 
негізінен, оқу-ағарту, халыққа білім беру, елді сауаттандыру жағдаяты 
болды. Құдайберген ағай өткен жазда Жиенғали Тілепбергенов екеуінің 
(Жиенғали да уездік оқу бөлімінде инспектор болған) мұғалімдерге арналған 
үш айлық курс ашып, ана тілі сабақтарын оқыту жөнінде нұсқау-кеңес 
бергендерін, уездегі Темір-Орқаш болысының Тепсең, Шилі, Қопа секілді 
ауылдарында тұңғыш мектептер ұйымдастырып, енді алдағы жазда барлық 
ауылдық кеңестерде сауатсыздарды оқытатын мектептер ашуды ұйғарып 
отырғандарын айтты. 
Құдайберген ағай күй тартатын, ән салатын өнерлі жігіттерді қатты 
құрметтейді екен. Шай дастарқаны жиналғаннан кейін Есқараға домбыра 
тарттырып, ән салдырды. Әрбір ән аяқталып біткен соң Есқарадан оның 
тарихын сұрап, кейбір айтқандарын қойын дәптеріне жазып алып отырды. 
Есқара ағай да қай әнді болмасын нәшіне келтіре, құйқылжыта салатын 
айтулы әнші еді. Оны 1934 жылы Ахаң (А.Жұбанов) филармонияға алмақ 
болып, Алматыға шақыртқанда, Есқара: «Жасым қырықтан асты, жастардың 
ортасында менің енді жүру-тұруым да ыңғайсыз болар», – деп ауылдан 
ұзамай қалып еді. 
Құдайберген ағамыздың ән-күй, жыр тыңдауға ерекше құмарлығын 
уақыт өте келе, әбден таныс-сырлас болған кездерімде де сан байқап, көзім 
қанықты. 1923 жылы жазда ол екі күн қатарынан қасынан кетпей Нұрпейіс 
Байғанин толғаған «Қобыланды батыр» жырын тыңдады. 1924 жылғы жазғы 
жәрмеңкеге Шалқар қаласынан Әли Құрманов келді. Кейін Қазақ ССР-іне 
еңбегі сіңген артист болған Әлекең ол кезде жарауы түскен бәйге атындай 
ойнақшып тұрған жас жігіт еді. Сауда дүкеніне арналған жеті қанат бір киіз 
үйді уездік оқу-ағарту бөлімі арқылы Жәрмеңке комитетінен сұратып алған 
Құдайберген ағай өзі басы-қасында болып екі күн ән салғызды. Қалада енді-
енді қызғалдақтай гүлдеп келе жатқан ойын-сауық кештерінің қырдағы елге 


422 
жаппай өріс алуына мұның өзі де үлкен себепші болды. Сол ойын-сауықтарға 
мұрындық болған, мәдениет кештерін ұйымдастырған осы екі ағамыз еді. 
Жиенғали мен Құдекең 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған 
бір фельетонның, ізімен «Кек» атты пьеса жазып, Темірдің ауқатты татар 
саудагерінің жүн-тері жинайтын үлкен сарайында ойын көрсетті. Пьесаның 
мазмұнынан менің есімде қалғаны: бір бай 12 жыл есігінде жүрген өз 
жалшысын «тышқақ лақ» бермей үйінен қуып жібереді. Қорлық пен зәбірге 
шыдамай кектенген малай байдың тоқалымен көңіл қосып, оны алып қашып 
кетеді. Уездік сот, милицияның көмегімен бас бостандығын алған тоқал 
сүйген жігітіне қосылып, үйлі-баранды болып, аңсаған арманына жетеді... 
Уездік қалада оқыған, көзі ашық қазақ қыздары болмағандықтан, 
пьесадағы әйелдердің рольдерін жігіттердің өздері ойнады. Байдың бәйбішесі 
кейпінде Жиенғали, ал тоқалы болып Әбдіхалық Отарбаев (орысша 2 
кластық мектеп бітірген сұлу жігіт еді, 1937 жылы репрессияға ұшырап, 
құрбан болып кетті) ойын көрсеткендері есімде. Сауық кешке қажетті 
киімдерді пәтерші қазақ үйлерінен сұрап алатын. 
1922-24 жылдар аралығында Темір уезінің (Ақтөбе губерниясы) барлық 
жерінде қара шаруаны жаппай сауаттандыру ісі қатты қолға алынып, халық 
ағарту шаралары кеңінен өрістетілді. Қазақ АССР Орталық Атқару 
Комитетінің қалың бұқараға түгел қара таныту жөніндегі қаулысы 
жарияланып, бұл мәселе аса маңызды әрі шұғыл жұмыс болып саналған тұс 
еді. Құдайберген аға осы жорыққа белсене араласты. Оқу жылы аяқталған 
соң уездің оң жақ өңіріндегі Жем-Байсары болысын, Темір өзенінің төменгі 
ағысындағы Темір-Орқаш болысының ауылдарын аралап қайтуға елге 
шықты. Мен бұл кезде уездік жұмысшы-батырақ қызметкерлер 
кәсіподағының Жем-Байсары болысы мен Жем өзенінің жоғарғы ағысындағы 
ауылдық кеңестерде байлар мен батырақ-жалшылар арасында шарт 
жасататын нұсқаушы-уәкіл болып қызмет істейтін едім. Құдайберген аға осы 
аталған жерлерді аралап, қалаға қайта оралғанынша қасында бірге жүрдім. 
Ағай әрбір мектепте екі-үш күн болып, оқудың үш жылдық жұмыс 
қорытындыларымен, мұғалімдердің сабақ беру тәжірибелерімен танысты. 
Оларға оқыту сапасын жақсарту жөнінде өз ақыл-кеңестерін берді. Сол 
жүрген жерлеріндегі сауатсыздарды оқыту ісіне де айрықша көңіл бөлді. 
Қалаға арнайы адам жібертіп, сауат ашу мектептеріне қажетті қалам
қарындаш, кітап, дәптерлер алдырды. Сонымен бірге ауылдық кеңестермен 
келісіп, байлардың қосалқы үйлерін жазғы оқу жылы аяқталғанша, 
сауатсыздарды оқыта тұру үшін мұғалімдердің қарамағына алып бергізді. Ол 
кезде болыс территориясында партия ұйымдары әлі құрыла қойған жоқ-ты, 
бірақ әрбір ауылдық Совет жанында комсомол ұялары бар болатын. Ағай қай 
жерге келсе де, комсомолдармен кездесіп, оқу-ағарту жұмысының маңызын 
түсіндіріп, жастарды сауат ашу жұмыстарына қолғанат болуға үгіттеп, ақыл-
кеңесін аямады. 
Құдайберген ағайдың кескін-келбеті, түр-тұлғасы қандай сұлу болса, 
жүрегі де сондай кіршіксіз таза, мінезі жұмсақ, сабырлы, кішіпейіл жан еді. 


423 
Шешенсімей ақырын сөйлейтін, соның өзінде әрбір сөзін, ой-пікірін 
тұжырымды, нақты да дәлелді етіп айтатын. Біреудің сыртынан қиянат сөз 
айтушы, ойланбай сөйлейтін адамды ұнатпайтын. Ондай әңгімелер қозғалған 
тұста қабағын сәл түйіп, үндеместен орнынан тұрып кететін. 
Сол елде жүрген кезінің өзінде-ақ Құдайберген ағай қазақтың сөз 
қорын молайтуға, тілді тұтыну мәдениетін арттырып, тіл тану қабілеттерін 
дамытуға зор көңіл бөлетін. Ол кезде Темір қаласында жұма сайын уездің 
барлық ауылдарынан және көшпелі адай, табын елдерінен ұлан-асыр жұрт 
жиналатын базар болатын. Ағай да жұма сайын сол базарға барып, 
әңгімелесушілердің сөздеріне құлағын салатын, бұрын естімеген өрнекті сөз, 
мақал-мәтел, тіпті соны бір сөйленіс естісе де, қалт жібермей, қойын 
дәптеріне түртіп алатын. 
Мен кейін де, Ақтөбе мен Алматыда оқып, қызмет істеп жүріп те 
ағаймен үнемі аралас-құралас болдым. Кездескен сайын мәнді, мағыналы 
әңгімелерін, ғибраты мол ақылды сөздерін тыңдадым. Оның бәрін айта 
берсең, көп әңгіме. Осы шағын естелігімде Құдайберген Қуанұлы 
Жұбановтың қазақ ғылымы мен халық ағарту ісіне, мәдениет тарихымызға 
қосқан зор үлесін айтуды ағамен тұстас, қызметтес болған ғалым-
азаматтардың еншісіне қалдырып, қадірменді ағамыздың өміріне қатысты 
көпшілік біле бермейтін бастапқы кезеңін еске алуды жөн көрдім. 
Ал ағамыз ешқашан естен кетпейтін, ұмытылмайтын, ұмытуға 
болмайтын, өзі қатарлы тең-тұстастарынан шоқтығы биік, біртуар азамат, 
асыл жан еді-ау!.. Оның ағалық қамқорлығын көрген туған інілері – академик 
Ахмет, жастай опат болған мұғалім Мұхамбеди, Ұлы Отан соғысының 
құрбаны Нұрша Тәпеновті атамағанның өзінде, тұңғыш қазақ архитекторы 
Төлеу Бәсенов, Социалистік Еңбек Ері, металлург Нәби Жақсыбаев т.б. 
көптеген танымал азаматтар өсіп жетілді. Ал енді сол Ахаңдар бастаған аға 
буын ұрпақтың тәлімін көріп өскен жастар қаншама десеңізші! Бұған тіпті 
Құдайберген мен Ахметтің өз балаларын мысал етсе де болғандай. «Әкені 
көріп ұл өсер, ағаны көріп іні өсер» деп халық бекер айтпағаны ғой! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   219   220   221   222   223   224   225   226   ...   239




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет