Құлыяс Табыл. Таңдамалы. Үш томдық / Т. Құлыяс. – Астана: Фолиант, 2015. ӘОж 821. 512. 122 Кбж 84 (5Қаз)



Pdf көрінісі
бет4/24
Дата04.02.2017
өлшемі1,88 Mb.
#3366
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
ТІРШІЛІКТІҢ ҚАЙҒЫЛЫ ПАРАҚТАРЫ

Шаңқай түсте аптап күйдіріп барады, қаннен-қаперсіз 

бүкіл ауыл, әркім өз тірлігін күйттейді. Киім киісі, жүріс-

тұрысына сырттай қарап, мұңсыз ел деп қаларсың. Ой 

түбінде бұғып жатқан арыстандай шер бастан өтсе де 

ешкімнің білдіргісі жоқ. Оқтай түзу көшелерге асфалть тө-

селген, адамдардың тұрмыс-тіршілігі бірқалыпты. Ішпесті 

ішіп, киместі киіп отыр деуге болады. Шаруашылықтың 

экономикалық кірісі облыста алдыңғы қатарда. Кеңшар-

дың еңселі биік кеңсесінде директор Сұлтан Насыров ауыл 

адамдарының ол-пұл сұранысын орындап, күнделікті 

шаруаны жайғап отыр. Ұзақ жыл басқару ісінде бастық-

тың қызметін атқарып келеді. Халық алдында беделі 


69

жеткілікті, тұрмысы көзге шыққан сүйелдей елден ерек 

емес, халықпен бірдей, шағын үйде тұрады. Кеңшардың 

байлығы есебінен күн көруден аулақ, қажеті болса 

қаржысын кассаға төлеп жаздырып алады. Бастық таза 

болғасын, мамандары да тал шайнап, қыл жұтпайды деу-

ге болады. Жері жомарт, топырағы құнарлы, ағаш қазық 

қақсаң көктеп шығатындай дерсің. Егін шаруашылығы 

дамыған, мал өсімі байлық негізіне айналған. Ал осындай 

жомарт жердің байлығын біле тұра халқы қалай бұрын 

аштыққа ұрынды дерсіз... Өзен-көлдерде тайдай тулаған 

балығы, еркін жортқан аң-құстары асырамайтын ба еді? 

Өткен ел тарихының ақтаңдақ беттеріне нақты жауапты 

елдегі бірен-саран қарттар ғана айтар. Әйтпесе, жастар 

«байлығым бұрыннан баянды болған» деп өте шығар еді. 

Шындық бастарынан өткеріп, көзімен көргендердің ау-

зында ғана:

– Аштық жөнінде басқа түскен, халыққа тап болған 

нәубет, зауал деп қысқа қайыра салуға болар. Бұл тура-

сында әркім әр түрлі бөсер де. Өмірде шындыққа не жет-

сін! – деп бір сәт терең ойланып алып, іздеп келген шаруа-

мызды білгесін Жәпек қарт жан сарайын ашып әңгіме 

тиегін ағытты:

– Байтақ даламызда теріп жегенге де, ұқсатып жегенге 

де ризық көп. Қолын қағып, кісен салмаса кім аштан өледі?! 

Өзен-көл жетеді. Мына іргеде тұрған кеңшарды «Қызыл 

жұлдыз» атандырды. Екі ел іргелес, қалың қазақ мекені. 

Қорғалжын өңірі. Қайырсыз жер жоқ, қайырсыз уақыт, 

зұлым адам болады, тірі жүргеніңді көпсінетін имансыз 

адам болады, олар беті күйсе заманды жамандайды, заман 

кінәлі емес, кінәлі өзі. Сұрағыңа қарай айтпағым, отыз 

екінші жылдың аштығы ғой, өлім аузында жатқандарды 

көрдік, олардың басын сүйейтін, аузына су құятын жан 

болмады. Осы жерде елуден астам жанұя бар еді, бар ма-

лын ортаға салды, әуелі ТОЗ, одан соң серіктес атанды. 

Мал балағынан өспеді, бәрі құрыды, етке өткізілді. Үкімет 

бұзау, қозы әкеліп берді. Ойша есептегенде үш жүзден 

астам адамның жұмырына жұқ болатын азық жоқ, қапқа 

да сыймайтын уәде жетіп жатты. Жұрт үнсіз, өлетін бала 

молаға қашады деп өлерде тіл байланады ғой. Аштық ел 



70

шетіне келді. Азыққа деп жинаған ірімшік, құрт, сүзбе, 

майды милициялар тартып әкетті. Салық деп адал асты 

жинап алды. Аз-кем азығын жасырып қалғандар аштан 

адам өле бастағасын үреймен жалмап қойды. Үрейдің 

өзі өлім екен. Қазір сондай көргенімізді еске алудың өзі 

қорқынышты. Түсіме кіргенде талай шошып оянғанмын. 

Адамның арса-арса сүйегі, бақырайып ұясынан шыққан 

көзі, аңқиып жатқан ауызы, аяқ-қолының сіңірі тар-

тылып, кейбіреуінің ашылып-шашылып жатуын көру 

оңай емес. Есім кірген сегіз-тоғыз жастағы баламын, 

үйімдегі он жаннан аман қалған менмін. Анам «жаныңды 

сақтайды, анда-санда аузыңа салып сор» деп екі шақпақ 

тұз берген. Ауылда орыстар балық аулайды, солардың 

қасына барғанымда әйтеуір қиқымын, сүйек-саяғын, кей-

де аяп балық береді. Соны талғажау етіп жүрдім. Басыңды 

көп ауыртып қайтейін?! Айналасы бір-екі айда халықтың 

біразы қырылып қалды. Өліктерді көмуге үлгере алмаған 

соң суы тартылып қалған ескі құдыққа тастай бастады. 

Үш үйлі орыстар көшіп келіп қоныстанды, қазақтарға көп 

жолай бермейді. Оларға азық беріледі. Үйлерге орналасты. 

Әке-шешем, бауырларым өліп қалғасын, сол орыстардың 

жұмсаған жұмысын атқарам. Отын шауып, тасып әкелем. 

Адамдары өліп қаңырап қалған үйлердің тезек отынын

тауып берем. Ауылдың басшылары, белсенділері халық-

тың дені өлгесін жүктерін тиеп басқа жаққа көшіп кетті. 

Иесіз үйлер құлап жатты... Бұралқы иттер қуыс-қуысын 

паналап еді, оларды да кейін ашыққандар жеп қойды...

– Қазақтар неге балық ауламаған?

– Молдалар айтыпты, көлдің құрты – балықты же-

ген адам о дүниеге барғанда ауыр соққыға тап болады. 

Балықты тірілт деп күрзімен қабырғасын күйретіп, 

денесін отқа қақтап тастайтын көрінеді дегенді молда 

айтты ма, қаскөйлер ойлап тауып зұлымдық жасады ма, 

малдан айырылғасын ажалды тып-тыныш күтіп алайын 

деген ғой. Тұяқ серіппей, онсыз да сақтаған азық-түлігін 

милициялар тінтіп әкеткесін ажалды күтіп жатпай 

ма. Аңғалдық, адалдық, ешкімнің ала жібін аттамаған 

бейкүнә мінез сол. Үйіміздегі он жан шетінен өле бастады. 

Әлгінде анам берді деген екі шақпақ тұзды аз-аздан сорып, 

шаңырақта бір өзім аман қалдым. Анамның тілегі де сол 


71

еді... Тірі жүргеніңді көпсінетін қаскөйлер сұрқиялығын 

көрсетпей қалған жоқ, Жаратқан Иемнің құдіреті ғой, 

солардан тұқым да қалмады. Алайда құдықта денелері 

ашық-шашық жатқандардан бір артықшылығы – мола-

сы бар. Басына барып ит те симейді. Аштық адамдардың 

қастандығын, жыртқыштығын көрсетіп берді, – деп ора-

малымен жасаураған көзін сүртті. Көкірек кере күрсінді. 

Бойында қалған үрейді қабірге бірге әкететіндей ойын 

сездірмеді. Көкірегі шерге толып, көз алдындағы көрпе-

көпшік, төсеніш, кілем қып – қызыл қанға боялғандай 

көрінді ме, тұнжыраған күйі басын төмен салды... Біраздан 

соң терезеден төгілген күн сәулесіне қарап, сол жарықтан 

қуат алғандай боп:

– Адамды әзәзіл шайтан азғырды ма?! – деп Қожабеков 

қарт азапты жылдарын есіне қайталап түсіргісі келмеді. 

Аштықтың себебін саясаттан көрмейді, адамды кінәлі 

деп таниды. Онысы да жөн шығар, бар байлығын қа-

руларын кезеніп келгендер тартып алды. Тонады, тала-

ды. «Үкімет жарылқайды, ешкімді аштан өлтірмейді» 

деп бұлбұлдай сайрады. Соңы бәлду-бәлду, бәрі өтірікке 

айналды да қазаққа ажал жетті. Қоғам өзгеріп, саясат 

құбыла бастағанда жалғыздан-жалғыз бұғып жүрген 

сұм-сұрқиялар жойқын күшін салып, өз пайдасын шы-

ғарып, мұралы болып қалады екен. Ел тарихын ерекше 

құрметтейтін Сұлтан Насыров Кеңес үкіметі құлағаннан 

кейін әкімшіліктегі әлдекімде: «Зейнет жасынан астың, 

ордендеріңді ал да, орныңды босат», – дей бергесін, туған 

жері Қимаға көшті де кетті. Облыстағы бірден-бір ірі әрі 

экономикасы нық шаруашылық нарықтың талапайына 

түсіп таланды, жүнін жұлған тауықтай жұтаған күйге 

түсті. Басшыдан соң басшы ауысты, байлықты, малды, 

техниканы, құрылыс материалдарын тынымсыз жан-

жаққа тасып жатты. Банкрот дегені қанкүрек болып, 

«Жапалақ келіп жалп етіп, жарымын ішіп ол кетті, 

сауысқан келіп саңқ етіп, сарқытын ішіп ол кетті», – деген 

сатиралық жырды шертті. Сол нарық басталған жылдар-

да ауыл сыртындағы молалар да көбейді, Жәпек қарт та 

мәңгілік мекеніне жайғасты. Бір ғасырдың қайғылы тари-

хын, шемен боп қатқан шерін денесімен бірге жер қойнына 

әкетті...


72

* * *


О дүние демекші, отыз екінші жылғы аштық қыр-

ғынының себептері жетіп жатыр. Оны көзімен көріп, 

құлағымен естігендердің жазба дерегін саясат үрейі көп 

жерде қалдырған жоқ. Ақпарат құралдарының, заң орын-

дарының дерек-құжаттарының шындығын он екі де бір 

нұсқасынан толық қалпында таба алмайсың. Саяси бас-

шылар түрлі жиындарда аштық туралы еш уақытта тіс 

жармады, абайсыз сөз айтпайтын. Ал милициялардың 

елді күн құрғатпай емес, ай сайын аралап тұратын көлігі 

жоқ, ауданның бірінші хатшысы ауыл басшысынан көлік 

сұрағанда: «Сіз түгілі милиция да жаяу кетті», – деген сөз 

қалған. Жер шалғай, қатынас қиын, елдің хабар-ошарын 

«жіп телефон», аздаған пошта тасушы ғана баршылық. 

Ел мен елдің арасы жүздеген, мыңдаған шақырымға со-

зылып жатса, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарын-

да Қазақ елінде 53 уезд, 1127 болыстық басқару, 8136 

ауылдық кеңес, ондағы халық саны (нақты деуге болмас) 

5 212 651 адам болса, сонша өзекті шаруаны, мұқтаждық 

пен кіріптарлықты көлікпен жүріп қамтып, жай-күйді 

бес саусақтай біліп тұруға мүмкіндіктің жоқтығын 

түрлі құжаттардан білесің. Дегенмен, «жатыпатар-

лар», пысықайлар үкімет орнына не түрлі оқиғаларды да 

жеткізіп тұрған. Өштік, қастық, кек сақтау, әлсізді ба-

сынып тұқырту, өзін белсенді танытып қалпағын қақы-

райтып көрсетуде көбіне шындық болды дейсің бе?! Қиян 

шеттегі елдерде халық аштан өліп жатыр ма, бірін-бірі 

сойып жеп жатыр ма, оны айына, жылына келіп-кететін 

өкілдердің жазба дерегінен іздей бастайсың. Бірақ, өзінің 

қу құлқыны мен бас пайдасына бола Мәскеуден осындай 

тапсырма бар деп, көлдің балығын аулауға, аң-құс қағуға 

лұқсат бермеген, елдегі мылтықты жинап алған сұм-

сұрқия қаныпезерлер еді. Бірде қаламгер ініміз Сәбит:

– Мына Ереймен халқының біразын аштық жалмап 

кетті дегенге, кейде ойға қаласың. Қытайлар: «Қазақ неге 

қырылып жатыр, жерінде жусан көп, адал жусанды жесе 

өлмейді ғой», – депті деседі. Сол айтқандай, Күншалған 

таулы өңірі аң-құсқа бай, көлдері балыққа толы, шөбі 

де не түрлі дәрілік өсімдіктер ғой. Ашыққандар мал-



73

дан айырылғасын табиғаттың байлығын алуға, дәлірек 

айтсақ, балық аулап жер еді, құралы жоқ, аң қағар еді, 

мылтығы жоқ. Тіпті көсеу болар дейтін темірді де табу 

мүмкін емес. Егістік жерді ағаш соқамен жыртады. 

Тірлікке қажетті жылтыраған құралды милиция қағып 

әкетеді. Олар да өлшеп берген азыққа жарыды деймісің. 

Сонымен Айжарық деген аңшы жанұясын асырау үшін 

Күншалған етегін мекендейді. Аң қағады. Оның хабарын 

елдің тыңшыларынан білген милициялар аңдуға түседі. 

Себеп көп, үкіметке қарсы сөз айтты, бандылық топ құрып 

жүр десе қағаз көтереді. Бәрі сыйымды заңға жатады. Ең 

бастысы, өзін өлтіріп, жүйрік атын, қаруын, үй-мүлкіне 

қол салып, байдың тұқымы дейді, алтын-күмістерін то-

нап алады. Айжарық өзін милицияның аңдитынын біліп, 

жасырынатын орындарын алдын ала дайындап қойған. 

Содан не керек, Айжарықтың үйіне жақын келгенін 

милициялардың көзі шалып қалып, үйді, оның маңын 

тінте бастайды. Таба алмайды. Жер жұтқандай жоқ деп 

ойлаған милицияның бірі қазан астына от жағып жатқан 

әйелдің қасына келіп:

– Айжарықтың кінәсі жоқтығын біліп, үкімет кешір-

ді, «мал ұрлады, бандылық топта» дегені бекер болды, 

ақталды. Күйеуіңе айт, бізден құжаттарын алсын? – дейді. 

Сол кезде аңқау әйел дауыстап:

– Айжарық, жасырынба, шық, үкімет ақтапты, ел 

ортасына барамыз, – дейді. Сол кезде от жанып жатқан 

қазандық астындағы шұқырдан атып шыққан оны ми-

лиция қақ маңдайынан атып түсіреді. Балаларын, әйе-

лін қаңғытып, үйіндегі бар мүлкін, байлығын сыпы-

рып әкетеді. Міне, осындай дүлей күшті зұлымдардан 

үрейленген адамдар оққа ұшып өлгеннен «жайыма жа-

тып өлейін» деп өздеріне үкім шығарып ажал күтеді. Елді 

мекеннің аштыққа ұрынып осылай үні өшіп жатады...

Кейде қанішердің ұсқынсыз суық түсін көргенде шо-

шынасың. Елдің аузына азық тиіп, зар-мұң бәсеңси бас-

тағанда, елуінші жылдарда Ойыл қаласында қара Василий 

деген жүрді, есі кіресілі-шығасылы. Тіл алмай тентектік 

жасаған балаларын жұрттың «милиция келе жатыр, қара 

Василий жеп қоямын деп келе жатыр» деп қорқытатынын 

еститінбіз.


74

* * *


Аса құпия, Ақтөбе облысы, УНКВД, үштіктің кеңесі, 

№5 протоколдан көшірме. 3 қыркүйек, 1937 жыл.

Баймағамбет Айназаровтың қылмыстық ісі. Ключевой 

ауданының Сазды елді мекенінде 1874 жылы туған. Бай-

банды, 1929 жылғы тәркілеуге ілігіп, 40 ірі қара малы, 

10 жылқы, 4 түйе, 100 қойы ортаға салынған. Үкім жаза-

сынан жасырынып жүрген. 1932 жылы өзіне төрт адам-

нан топ құрып колхоздың екі жылқысын сойып жеген. 

Қылмысын мойындағасын сот 3 жылға үкім шығарған, 

денсаулығына байланысты 1933 түрмеден шығып тағы 

да мал ұрлайтын топ құрған, «Искра» кеңшарының екі 

өгізін, бір жылқысын сойып жеген. Ұсталды, түрмеге 

отырды, тағы да қашып кеткен. 1937 жылы екі өгіз, 

бір түйені ұрлап сойып базарда сатып тұрған жерінен 

ұсталды. «Кеңшарларда «колхоз ештеңе бермейді, азық-

түліксіз аштан өлесіңдер, малды ұрлап сатып өздеріңе 

қор жасаңдар, сосын шетелге көшесіңдер» деп үгіт тарат-

қан», – деген айыпты өзіне мойындатып, қолын қойдырып, 

бай-бандыны бірден атуға үкім шығарады. Одан кейін 

шұғыл түрде «Аса құпия» актісі бойынша Айназаров 

Баймағамбет Ақтөбе облыстық НКВД басқармасының 

үштік қаулысы бойынша 10 қыркүйек, 1937 жыл, сағат 

3-те атуға деген үкім орындалды. Қол қойып құжатты 

заңдастырушылар мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 

сержанты Молчанов, кіші лейтенант Ягунков және мили-

ция сержанты Ивченколер екен. Міне, тағы да бір қазақ 

63 жасында қара жерге сыймай атылып кетті. Ойласаң, 

бұрынғының байы жиған мал-мүліктің құны бүгінгі 

ұрының «Джип» автокөлігінің құнына да тұрмайды. Кеңес 

үкіметі қалай тазартса да ұрлық тыйылмай, бүгінгі күнге 

де сыбайласа отырып танаулап жетіп үлгерді. Жә, әлемде 

жемқорлық тоқтар емес, сабыр сақталық. Одан бұрын Ай-

назаров өз өмірін өзіне көпсініп қылмыс жасауға өзі бар-

ды ма екен деген ойға қаласың. Бәрінен ауыры, алпыс 

жастағы әйелі мен екі ұлының тағдыры қыл үстіне ілігіп, 

жел айдаған қаңбақтай басымен қайғы болып кетпеді 

деймісің. Аштыққа ұрынып әлдекімнің жуындысын ішуге 



75

зар болды ма екен, әрине, бұндай жағдайдан кейін оларға 

кең дүние тар болғаны анық... Ойнарсың ажалмен деп 

бармақ тістеп отырғаның сосын...

* * *

Тергеуші зілді сұрақ қойды. Онсыз да жанының аманды-



ғын ойлап қайғырып отырған Қабыш Алмағамбетов «жын-

дандың ба?» деген дөрекі сөзге шыдамай:

– Жұрт өлді деп өлуім керек пе? Мен атадан жалғызбын, 

ұрпақ қалдыруым керек. Соғыстың қырғынын өзің ба-

рып көрсең, қалай қашуды білер едің? Бір жыл соғысып 

жүрдім, қырғында, қалың өрттің ортасында тірі қалу 

некен-саяқ, – деп тергеушінің қаперсіз, түтіккен жүзіне 

таңырқап қарағандай болды.

– Есің дұрыс емес... Отанын сатқан сатқын екеніңді 

мойындайсың. Бітті шаруа, не түрмеде шірисің, не 

майданның алдыңғы шебінде оққа ұшасың. Бітті шаруа. 

Үкімді күт!

– Рас, қашып шықтым, қара шыбындай қырылған 

өліктің арасынан тірі қалған адам аз. Өлсем туған жерімде 

өлейін дедім. Және әйеліммен үйленгеніме бір ай толмай 

жатып соғысқа кеттім. Әкеден жалғызбын, аштықта бәрі 

қырылып қалған. Жүрегіңде әділдіктің тамшыдайы болса 

ойлашы, әйелімнің қасында жатып, бір ұрпақ қалдырсам 

деп армандап едім. Ұрпақсыз өтем бе деген қорқыныш 

шыдатпады, – деді де Қабыш көз жанарын төмен сала-

ды. Көзінен домалаған жас еденге тамып жатты. Оны кім 

ұғынып, ақтайды дейсің?! Қаштың бітті, мойындадың, 

тергеуші басқадай жауапқа тартып мазаламайды. Қорғаса 

теріс түсінетін, секем алатын басшылары бар. Сондықтан 

тергеуші әскери трибуналдың заңдылығына, тәртібіне 

көнеді. Сонымен Қабыш Алмағамбетов әскери трибунал 

шешімімен 197-статьяның 7-тармағы бойынша он жыл 

үкім алып, егер 1942 жылдан 1943 жылға дейін соғыста 

болғаны ескеріліп майданға кетуді сұранса алғы шеп-

ке жіберіледі (Аса құпия іс. №83, №6-0-2035). Сонымен 

қазақтың тағы бір қара шаңырағына қауіп төнді, отағасы 

соғысқа кетсе оққа ұша ма, түрмеге барса өлім құша ма, 

белгісіз. Тағдырдың күнілгері әзірлеп қойған ажалы ма, 


76

бейнеті ме, одан қашып құтыла алмайсың. Еріксіздік-

тің, қырғынның қайғысы сіресіп жатқанда томашадай 

басыңды қорғар пана таппассың...

* * *

– Тыңда мені, жаның шықпай тұрғанда айтасың, бұл 



ауылда кімнің малын ұрлауға болады? – деген Данил ар-

тынша: – Өзің отқа қақтап не жеп отырсың? Ет пе?

– Тышқан жеп... ашпын, қақпанға түсетін тышқан да 

қалмаған...

– Қарныңды тойдырам, малды қай жерден, қалай 

ұрлауға болады?

 Тышқан жеп отырған әлсіз селт еткен жоқ. Шайнаңдап 

жұтынып алды да:

– Бұл ауылда тышқақ лақ қалған жоқ, бәрін үкіметке 

тапсырды, – деп көз жасын тамшылатты. Данил аяп кетті. 

Адамды сойып жегендер бар деп естіді. Ашықса қайраты 

бар адам нені жемейді деп те ойлады ма? Қайткенде де 

аштықтың жаман түрінен шошыды. Сосын да қалайда 

қор жинауға бекінді. Егер күшпен қимылдап ұрлап, то-

нап қалмаса мынадай аштыққа ұрынудан жүрегі сезік 

алды. Зражевский Данил Ивановичтің туған жері Астра-

хань губерниясы еді, кулактардың бірі болды, мал-

мүлкі тәркіленді, 1930 жылы Ойыл ауданынан жер ау-

дарылды. Байлығы есінен шықпайды, 50 сиыр, 150 қой, 

5 ат, 6 түйесін екі кедей бағып, содан түскен қаржыға 

тарықпай өмір сүрді. Сол күндерін ойласа жүрегі шан-

шиды, өз-өзінен өгейлеп қалады. Мал-мүлкіне салық 

төлемеген деп 5 жыл еркінен айырған, сайлауға дауыс 

беруге құқығы жоқтық айыбы және бар. Ойыл өңірі аш-

тықтың құрсауынан шықпаған, күнкөріс жоқ болғасын 

ұлдары Иван мен Григорийді ертіп мал ұрлау, мүлік 

тонау, кеңшарлардың астығын тартып алумен айна-

лысты. Ойыл және Орынбор облысының «Бөрте» кеңшары-

ның мал-мүлкін, азығын тонап қоймай, қарсыласқанның 

жанын қиды деді ме, «Кеңес үкіметі халықты аштан 

қырады» деп үгіт жүргізді деді ме, қылмысы жетерлік бо-

лыпты... Шетелге қашамыз, байланысым бар деп талай-



77

ды азғырғанын «жатыпатарлар» жеткізгенге ұқсайды. 

Байлығынан айырылғасын кешіре алмай, Кеңес үкіметі-

нің ісін бұрмалап, қисық түсінік таратпай тұра ма?.. Сем-

сер пышақ бар, мылтық бар, күш бар, малынан айырылған 

ыза-кек бар. Мал ұрлығы, астық ұрлығы үстінде Орын-

бор облысының үштігі бұларды қолға түсіреді. Данилдің 

үлкен ұлы Иванды бірден атуға үкім шығарып, дереу 

жаза орындалады. Григорийді он жыл түрмеге қамайды. 

Ал 69 жастағы Данилді түрмеде өлмелі ауруға шалдыққа-

сын алты айдан кейін бостандыққа шығарады. Міне, 

Ресейден жер ауып Ойылға қоныстанған Зражевский-

дің шаңырағы 1937 жылғы 15 қарашадағы үштіктің 

шешімімен өлгені өліп, тірісі түрмеде жазасын өтейді.

Жалпы айтқанда, жеке адамның, қоғамның мал-мүлкін 

ұрлап, түрлі қарақшылық қылмыс істегенді қай қоғам 

болсын, оны ақтай алмайды. Қазақтың ескі дала заңында 

жылқы ұрлаған ұрыны өлім жазасына кесу болған. Қалай 

ойласаң да, ұры-қарақшы, лаңкес, бұзақы, содырды бүріп 

түсетін заңға ешкім қарсы тұра алмас. «Ұры кісі басқаның 

малын жейді, өзінің арын жейді» дегенді түсінбегенге қай 

кезеңде де обал жоқ.

Айта кетелік, Молотов пен Сталиннің қол қойған (8 ма-

мыр, 1933 ж.) қаулысы бойынша таптық тазартуда Одақ 

бойынша 12 мың кулактың жанұясымен басқа жаққа 

жер аударуға ілігіп келгендерінің қылмыс істеуден аман 

қалғаны аз шығар. Бір жерде қылмыс болса, алдымен со-

лардан күдіктену болмады деймісің...

* * *

Баста билік жоқтығын, әркімнің жанын аман сақтауы-



на дәрменсіздігі болғанын айтпайын десең де, «халық 

жауы» атанып бірден атылғандар ұлттық алтын қор, 

мықты кадрларымыз екенін тарих біледі. Құжаттардан 

көресің. Үкімді де, тәртіпті де Мәскеу шығарады. Көбісі 

орыстілділер. Олардың «Ұлттық кадрларды атып тауы-

сар емеспіз, олардың орынтағына кім отырады?» деген 

сұрақпен шаруасы да болмаған шығар. Айла табылады, 

құтылып көрсін. Шап беріп ұстайды да атады, көбіне 



78

қылмысыңды мойында деп қыстап та жатпайды. Алғыр 

ойлы, елдің өркендеу тұтқасына керек болар демейді. 

Ғалым болсаң да санаспайды. Қазақ даласының түрлі кен 

байлығын зерттеп, игеру жөніндегі жұмыстары Одаққа 

белгілі, Қазақ ССР жергілікті өнеркәсіптің халық ко-

миссары Қалменов Аташ Алпысбайұлы жұмыс орнын-

да тұтқындалып, сол күні 1938 жылдың 8 наурызында 

атылды. Үкімді КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы 

шығарды. Қуынуға, қайта қарауға жатпайды. Ғалым екен 

демеді.

– Не үшін жазықтымын, республикаға ғылым керек 



емес пе?

– Ғылым керек, сен керек емессің! Ататегің таза емес, 

әкең Алпысбай Қалменов Ресей мемлекеттік думасының 

депутаты болып еркін ел, тәуелсіз мемлекет құрғысы 

келген. Бай болған, тәркіленген. Бәлкім, өзің де Орын-

бор арқылы Алматыға жер аударылған Л.Д. Троцкий мен 

Зиновьевтің үгітін тыңдап шетелмен байланысып жүрген 

боларсың. Кеңес үкіметіне қасақана ойың бар деседі, – деп 

одан әрі сөз шығындамайды, бір оқ жалынсын деп өлікті 

актілей салады (Қалменов ұрпағы – Арқалық боксит кенін 

ашушылардың бірі). Сол наурыз айының 2 жұлдызын-

да Қазақ КСР совхоздар халық комиссариатының 

басқарма бастығы Нұрмағамбет Шамғоновты «Ет тапсы-

ру майданының жоспары неге орындалмайды? «Халық 

жауысың», – деп кабинетінде тұтқындайды. Оның жауа-

бы: «Елде мал қалған жоқ, аштық жылдарында қырылып 

қалды, тартып алынған мал етке тапсырылып кетті», – 

деп шындықты айту болса керек. «Ендеше өзің де жоқ 

боласың!» – деп КСРО Жоғарғы сотының әскери колле-

гиясы шұғыл үкім шығарып атып тастайды. Заңсыз тұт-

қындауға Қазақстан Орталық комитетінің дәрмені жоқ па 

дерсің. Оның ретіне қарасаң КСРО Жоғарғы соты әскери 

коллегиясының тәртібі ешкімге бағынбайтынын көрсете-

ді. Әйтпесе, Қазақ КСР прокурорының аға көмекшсі Сабыр 

Қашин 41 жасында «халық жауы» атанып атылып кетпес 

еді ғой...

– Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуір-

дегі «Саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» за-



79

ңына сәйкес заңсыз, дәлелсіз репрессияға ұшырағандар 

ақталды, – дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану 

музейінің директоры Еркін Құрманбек. – Басқасын 

айтпағанда, сол жылдары 1615 ақтөбелік атылып кет-

кен, ал контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізгені 

үшін делініп 1378 адамға үкім шығарылып, түрмелерде 

отырған.


Бұл – бір облыстағы асыра сілтеу, қырып-жоюдың қан-

ды сойқан түрі. Міне, КСРО Жоғарғы сотының әскери 

коллегиясы мен үштіктің өрттей жалмаған қырғынымен 

ойнап көр... Одақ бойынша 1921-1954 жылдарда 642 980 

адам атылып кеткенін 1954 жылы Одақтың Бас проку-

ратурасы, Ішкі істер министрлігі және КСРО Юстиция 

министрлігінің Н.С. Хрущевқа берген анықтамасында 

көрсетілген деректі қате деп ешкім айта алмас. Дала 

қызыл қанға бөккен, әркімге жан қайғы болған кезеңнің 

қайғылы оқиғалары жетерлік... Оған қағаз парақтары да 

шақ келмес. Бүгінде халықтың өткен замандағы көрген 

азабы түс сықылды көрінеді. «Өлдім, құтқар!» деп ойбай-

лап жатқандардың зарлы дауысы естілсе жаның шошыр 

еді...


* * *

Саясат үйреншікті. Жебір әйелдің күніне жеті рет 

киінетініндей өзгеріп, құбылып, толығып, қым-қиғаш тір-

шілікпен ойын ойнап, той тойлап жатқандай болады. Оны 

біреулер саясат сайқал дейді, айта берсін, ауыз өздерінікі. 

Қайткенде халықты уысында ұстаудың амалын тауып, 

бұлтақтағанның сазайын тарттырып оңтайына түсіріп, 

тәртіп-тәрбиесімен тәж-тақтың беделін арттырып, ұтысқа 

шығып отыруға тиісті. Сосын ғой, көсемдер бір-бірімен 

кездесе кетсе сүйісіп амандасады. Ұсақ-түйек реніштері 

болса кешіріп, шешілмейтін істер де оңай шешіліп жата-

ды. Көсемнің жел жағынан шығып, қателігін айтқандар 

Тескентау асып қуылып жатты, қажет болса қанына қол 

бұлғанып жатты. Қан кешу де, жан кешу де саясатқа 

қызмет етеді.

«Оу, Кеңес үкіметін аяғынан тік тұрғызып құрысам, 

оның қарсыласына кеудемді оққа төсегендей қатар тұ-


80

рысам», – дегендер бір сөзінен қателік жіберсе, олардың 

да шүлдікше ұшқан кезеңдері болғанға ұқсайды. Троц-

кий мен Зиновьевті халықтың бір тобы қайраткер болып-

ты деседі. Сөйте тұра бай-кулактарды жақтағаны қара 

табан кедей халыққа, пролетарларға ұнай ма? Ұнамайды. 

Өз пікірлерін арқалап елден қуылуы керек. «Социа-

лизм менің ісім емес екен», – деп өз кінәларын өздері 

біліп, еркімен кетсе кім қарсы тұрады?! Қай заманда, 

қай қоғамда да билікпен ой-пікірлері қабыспағаннан кім 

қайда кетпей жатыр? Сонымен социализмнің іргетасын 

қисық қалаймын дегендерді айыптап, Одақтың жер-

жерінде, бұрыш-бұрышында у-ду көпшілік қатысқан жи-

налыстар өткізіліп, партия ұйымдары «арамызда жаулық 

пікірлі болмасын» деп хаттамалар мен даттамаларды 

толтырып іске тігіп жатты. Оны Мәскеу оқып, біліп жат-

ты. Керауыздылардың үнін өшіруге, Кеңес үкіметінің 

құрыштай күшін дәріптеуге газеттер қырағылық міндетті 

атқарды. Беделі де орасан өсті. Газетте сыналғандар басы-

мен қайғы боп, құйын арасындағы шаңша ұшты. 1937 

жылдың 25 қазан айында Шалқар аудандық партия ко-

митетінің секретары Бермұхамбетов қол қойған бюро мә-

жілісінің қаулысында: «Аудандық газет сын мен өзара 

сынды өрістете отырып, ең бастысы ұлттық, фашистік 

көзқарасты әшкерелеу, партия мен халықтың жауларын 

тауып, олардың бет-жүзіне қарамай сынға алуға тиісті! 

Троцкийшілер большевиктік колхоздарды таратып, ша-

руаларды бай-кулактардың қолына бергісі келеді. Біз 

фашистік мұндай идеяға жол бермейміз!» – деп тапсыра-

ды. Мұндай жиналыстар, мәжілістер, құпия отырыстар 

Одақтың барлық жерінде өткені тарихтан белгілі. Содан-ақ 

жамандық ойладың ба, идеяға біте қайнасады, жақсылық 

ешқайда қашпайды, әуелі арамызды тазартып алалық. 

Тазарту кезінде қаламгерлердің де жаңсақ қадам басып, 

айшығы ауып, тіміскі кешірімсіз қатесін тауып жатқаны 

аз болды деймісің. Троцкийшілді табу керек деген тап-

сырыс және бар. Сонымен 1937 жыл-дың 4 қыркүйегінде 

үштік Паршин Иван Михайловичті қара тақтаға іліктіреді. 

Ол троцкийшілердің ұйымына дем беріп, А.П. Мельни-

ков, М.Ф. Богдановты мүшелікке тартып, түрлі листов-



81

калар таратуларын жөн көріп, Кеңес үкіметіне қарсы 

саяси жұмыстар жүргізген. Ол газет шығару жұмысында 

бұғып жүріп, жасырын пәлелі ойын жүзеге асыруды ұғып 

жүрген. 1919-1920 жылдары «Красная звезда» газетінде, 

1920-1921 жылдары Псков губерниясында «Псковский 

набат» газетінде редактор, 1923-1924 жылдары «Степная 

правда» газетінде редактор болып қызмет істеп жүріп, 

Троцкийдің идеясын таратумен айналысқан. Үгіттеп та-

лайдың құлағын сарсаң етіп, ұйымға мүше болуға ылық-

тыра білген. Сөйтіп, 1937 жылдың 20 қарашасында 

УНКВД үштіктің шешімі бойынша үкім шығарылып, үш 

күннен соң үкім орындалған...

Ақтөбе облыстық КГБ мекемесінің бастығы, полков-

ник Шалтақбаевтың 1969 жыл, 26 мамырдағы №2005 

анықтамасында: «Паршин тұтқындалғанда әйелі Юлия 

Паршина (қазір ІІ топтағы мүгедек), ұлдары: Юрий – 

15 жаста, Владимир – 14 жаста, Анатолий 2 жаста бол-

ған. Паршинді тұтқындағанда дүние-мүлкі тәркіленген 

жоқ. Ал қылмыстық іс делосы мен жеке құжаттары сақ-

талмаған», – деп жазылған. Демек, кейбір қылмыскер 

дегендердің тергеу құжаттарының сақталмай қалу 

деректері де болған. Бәрінен де ең қиыны, сотталғандардың 

жанұясында тірі қалған ұрпақ тас төбеден зәбір көріп, жан 

дүниесі ойрандалып жатты. Ал қылмысты делінгендер-

дің шетел азаматы болса, түрлі құжат-деректері табыла 

бермейді. Бірер беттік үкім қағаздары тіркеліп қалатыны 

да кездеседі. Мына бір қылмыстық іс делосында Түркия-

ның Измир қаласында туған, өмір сүру жағдайымен 

Ақтөбеде суретші-қолөнерші болып қызмет істеп жүрген 

Муссапиф Ниязнови ұсталып, «шпиондық қызмет ет-

кен» делініп 1938 жылы 17 қазанда үштік үкімімен аты-

лып кеткен. Ақтөбе облыстық прокуратурасы 1989 жылы 

23 маусымда қылмыстық ісі дәлелденбеген деп ақтаған 

екен. Демек, шетелге шпиондық қызмет етті деп бірқатар 

қылмыскерлерге тағылған айыптардың қатарында сей-

фуллиншіл, рысқұловшыл, есқараевшыл, троцкийшіл де-

ген саяси астар беру де кездесіп жатады. Айта кетсек, реп-

рессия жылдарында Қазақстанға саяси сенімсіз делінген 

адамдар легі Ресейден, Украинадан, Молдавиядан көптеп 

6-0203


82

жер аударылуының негізгі мақсаты жұмбақ. Ал кәрістер, 

шешендер, немістер «әлеуметтік қауіпті элементер» делі-

ніп мың-мыңдап Қазақстанға ағылуының себебі тарих-

тың қара көлеңкесінде шындығы әлі күнге толық анық-

талмай келеді. «Басқа республика жоқ па?» деген сұраққа 

нақты жауап белгісіздікпен тынады. Кім білсін, қателіктер 

қай кезде де, қай елде де болмады дейсің. Әйтеуір сол жер 

ауып келгендер қазақтармен бауыр басып, тар жолдарда 

бірігіп тірлік етіп, әй-шәй деспегеніне көңілің көншиді...

– Адам өмірге келеді, кетеді, қауіп-қатерді басына 

түскенде ғана біледі, – деді бірде Қымыр. – Кейде қан-

сорғыштық, түрлі-түрлі қулықтар да жаңарып оты-

рады... Оның бәрі халықтың тарихы, оған сақтықпен 

қарап, жөнін құрметтеп, жөнсізіне ойлылықпен ұғынып, 

түсіністік білдіру керек. Жазмыштың ырқына бағынбау 

қиын, тірлік алақұйын, – деп ойға шомады кейде. Күтетіні 

көп, бірақ барлық өткінші күндерін күйкі тірлікпен 

өлшегісі де келмейді... Кеңес үкіметінің іргетасын бұзбай, 

болаттан берік қалыпта деп ұстап тұрған кезде жұртпен 

бірге жұлқынып еңбек етті. Қариялардың сыбырлап 

қырғын өлімді айтатынын еститін, саясаты тереңге ба-

тырып тұрғанын білгесін дерек-дәйекті мысалдамай, тірі 

жүргенімізге шүкір ғой деп іштей тынатынын да көрді. 

Басшылықта ұят болса бәрі орнынан келер деп үмітін 

үзбейтіндерін аңғарды.

«Ұят жоғалса пәле жолығады» деген сөз сол заманнан 

қалғаны анық. Қымыр бүгінде кейбіреулерден түңілсе, сол 

мақал есіне түседі.

Ұят деген немене өзі,

Бұйырмағанды алуға бөгет пе?

Қызығып тұрса көзің,

Ұяла қалу керек пе?

Желігіп кетер сезім,

Алмауға жетпес төзім.

Ісі түскесін жұрт береді де,

Алыс-беріске сенеді де.

Орынтақты да сұрап алдым,

Паралап тұрып, жылап алдым.


83

Орынтаққа қонжиып,

Бергенімді басқадан ала алмасам,

Құса боп ағаң өледі де...

Қаржы небір істі жеңеді де! –

деп Қымыр өмірдің қатыгез шағынан өткесін, қаржы бас-

қарудың кезеңіне жеткесін қанға бөккен даламыздың 

өткеніне көбіне ой жүгіртіп ойлануға көбіміздің қолымыз 

тимей жатыр. Толғаныс болмаса да асқақтық бар, 

толғаныс болмаса да осыншама байлықты оп-оңай өзім та-

уып алдым дейтін тасқандық бар. Осыншама бейжайлық 

қаншаға дейін созылар екен? Жә, бәрі жүйесін табады 

дегенге сеніп мына бір оқиғаны еске алған дұрыс шығар. 

Аманғали ініміздің: «Талшық іздеп тентіреп кеткені бар, 

азыққа қолы жеткені бар, ажал құшып о дүниеге өткені 

бар. Тарихымыздың қайғылы парақтары жетеді ғой», – 

дегені бартын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет