Үлкен Алтай әлемі – Мир Большого Алтая – World of Great Altay 1(1) 2015
ISSN 2410-2725
жаңаға жол ашқандығынан да шығар-ау» (Saparaly 1995, b. 6) ?! – деген
байламын ғылыми тұрғыда індете зерттеп, ғылым алдында дәлелдеп көрсету
біздің негізгі мақсатымыз.
Бүгінгі күнге дейінгі зерттеулерде Абай мен қазақтың төл әдебиетінің байланысы
туралы сөз қозғаған Р.Бердібаевтың: «Абайға қатысты мақалалар мен
зерттеулердің кейбіреулерінде ұлы ақынның өзінен бұрынғы ақындар
шығармаларына айтылған бірен-саран сын пікірлері қайталана көрсетіліп, ауыз
әдебиеті мен жеке ақындар мұрасынан тапқан баға жетпес байлығы екінің бірінде-ақ
елеусіздеу қалдырылып келеді» (Berdіbaev 1986, s. 238), – деген пікірі біз мәселе
қылып көтеріп отырған тақырып көкейкестілігін дәл басқан тұжырым.
Кеңестік кезеңде қалыс қалып аталмай келген тұс – осы Абайдың маңындағы
ақын-жыраулар, би-шешендер. Абайдың ақын болып қалыптасуына үлкен ықпал
еткен осы бір топтың абайтану ғылымындағы орны әлі айқындалмаған. Кеңестік
заманда Абайды «ұлы» орыс халқының жетегіне салып, Михаэлис, Гростарды
Абайды Абай еткен бірден-бір тұлғалар деп таныдық. Дулат, Шортанбай, Бұхарлар
әлгі Абай сынының желеуімен іске татымай қалды. Бүгініміз де жырауларымызды
жарылқап жатқаны шамалы. Бұхар мен Дулаттардан Абай үйренді дегенге тіксіне
қарап, дана ақынды Бұхарлардың көлеңкесінде қалдырамыз ба?- деген біржақты
ұғымға шырмалып келе жатқанымыз жасырын емес. Кезінде айтылған
С. Мұқановтың: «...қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұхар жыраусыз, Махамбетсіз,
Шортанбайсыз Абай да болмас еді. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай емес,
Абайды туғызған – халық» (Mukanov 1995, b. 153, 154) – деген ойымен келіспеуге
болмайды.
Жақсы болсын, жаман болсын Абай соларға қарап сөз түзеді. Бұл арада,
әсіресе, Дулат ақынның ықпалы ерекше. Дулат Абайға ұстаз болған ба, жоқ па,
немесе, керісінше, ұстазы болса Дулат өлеңдерін Абай неге сынға алады деген
сұрақтар төңірегінде дау туғызып, әдебиетке пайда әкелмейтін әңгімелер төңірегінде
салғыласудың нүктесін қоятын кез жеткендей. Дулат Бабатайұлының Абайға игі
әсері болғандығын екі ақын поэзиясын салыстыра зерттеген ғалымдардың еңбектері
дәлелдейді. Ал, «ұстаз» деген сөз жөнінде ұстасудың қажеті шамалы. Дулаттың
Абайға ұстаздығы тура мағынада емес, жалпы мағынада айтылған. Абай бұл арада,
дәлірек айтсақ, шәкірт емес – үлгі алушы. Бұл ұстаздық ұғым Абай мен Шәкәрім
арасындағы ұстаздықтан анағұрлым жалпы, кең мағынада екендігін естен
шығармауымыз керек. Ал, Абай мен Шәкәрім, Абай мен Көкбай арасындағы
ұстаздық қарекет айқын. Сондықтан да, «Дулат – Абайдың ұстазы» дегенде оны
шартты (соңғысының үлгі алушылығын ескеріп) кең мағынада қабылдасақ, одан
Абайды кішірейтіп алдық-ау деп шошынбауымыз керек. Мәселен, Абай өзі нәр алған
Шығыстың шайырлары Науаи, Хафиз, Сағдиларды ұстаз тұтқаны іспетті. Бірақ
Дулаттың заманы Абаймен бір, сондықтан оның өлең үлгісі әлгі ақындарға
қарағанда
Абай
поэзиясында
айқынырақ
көрінеді.
Демек,
академик
С. Қасқабасовтың: «Абайдың ұлы ақын болуы ең алдымен оның туа біткен
дарынына байланысты болса, содан соң оның өскен ортасына, бала кезден алған
тәрбиесі мен оқып-тоқығанына байланысты. Ес біліп, тілі шыққан кезден бастап ол
қазақ әні мен өлеңін, не бір аталы да шұрайлы сөзін естіп, көпті көрген дана әжесі
Зере мен тұқымына шешендік, ақындық, өнерпаздық дарыған шешесі Ұлжанның
тәрбиесін алып, кестелі сөздерін құлағына құйса, топ алдында жаңылмай сөйлейтін
Құнанбай мен басқа да ру басшыларының даулы да билік сөздеріне ден қойса,
ауылына келген қонақтар мен жолаушылардың әңгімелерін, естеліктерін зор ынта
қойып тыңдады, бойына сіңірді» (Kaskabasov 1993, b. 37), – деген ойсұлбасын індете
зерттеу – бүгінгі абайтану ғылымының зор міндеттерінің бірі.
Абай сырттай танып, өлең-сөзін құлағына құйып өскен арысы Бұхар,
Шортанбайлар, бар қазақты көзінің тірісінде тәнті еткен Шоқан, іргелес жатқан
Сыбаннан Байғара-Ақтайлақтар, әріден Сүйінбай, күйші Тәттімбет, Құнанбаймен
|