М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Жанайдардың алғыр, тапқыр сөздері және «Заман
азбас, ел азар», «Қариялардан қалған сөз», «Байғыз
деген құс болар» дейтін толғамдар жинақталған.
Сондай –ақ Мәшһүр Жүсіптің: «Бұрынғы
өрнекті хан, үлгілі билердің сөздерін айтушы да
таусылды, шын құлақпен тыңдаушы да таусылды.
Енді сұм жалғанның сұмдық сөзі. Ел тозығы жетіп,
сөзден азғындық белгісі - осы» - деген пікірінің
жаны бар.
«Бөлтірік би» - Мәшһүр Жүсіп: «Құдай рахмет
қылсын Бөлтірік биге, кісі болса, осындай болсын»
деп сүйсінген. Мәшһүр Жүсіп Бөлтірік бидің
қырғыз ханын әлденеше рет сөзден сүріндірген,
қырғыз шешеннің қалайша сөзден тосылғанының
тарихын тұжырымды баяндаған.
«Боздақ би туралы бір дерек» - Мәшһүр
Жүсіптің көрсетуінше, Ақиіс – Қалқаманның
ұрпағы. Салдық құрған, «сылқылдап, әдемі
киініп жүрген». Бейіті Далбаның ту сыртында
Үшқағылдың оңтүстігінде Жайма деген жердің
күншығысында. Өлерінде: «Сүйіндіктің жерінің
шетіне апарып қойыңдар! Олай-бұлай жүргені дуа
қыла жүрер!» - деп, өсиет қалдырған.
«Боздақ би» - Қалқаманның Ақиіс тармағынан
өрбіген. Шыншыл, әділ Боздақ бидің өз тұқымы
жайында былай депті :« Бестеректің түбінде, Бес
үйлі Ақиіс демесін, «Бес Мейрамға білдірмей,
Басын жеймін!» - демесін.»
«Жәуке шешен» - тапқыр ойлы, өткір тілді
ділмар-шешен. Айдабол-Күліктің Айдаболынан
тараған Еламанның баласы, Тұрсынбай, Шонтының
ағасы. Ол Ұлы жүзде «Би қатын» атанған
Сарайбикені сөзден сүрндірген. Керуенбасы Жәуке
шешен Арқадан Бұқараға бет түзейді. Жолшыбай
«Би қатынды» «Үйінде бар ма?» - деп сұрастырса,
Түркістанда Тоғай хан шақырып, сол елге кетті»
деседі.
Тоғай ханның ордасына сәлемдесуге барса,
«Би қатын» тақтың үстінде жалы күдірейіп отыр
екен. Айрықша құрмет, ықыласқа бөленген. Төменгі
жақтағы науша жастар өзара күңкілдесіп, күлісіп:
- Хан мұның қойнына барады ғой, солай
болғаны үшін осынша ардақтайды ғой – дейді
Мұны Би Қатынның құлағы шалып қалып,
біздерге қарап:
«Мұндар, не дейсің, жағыңды тас-талқан
қылайын ба? – дейді.
Содан Жәуке би:
- Сүндетің бар ма? – дейді.
Қатын:
- Жоқ, - дейді.
Жәуке би:
-Оһ! – дейді.
- Жаназаға кіріп, еркекке имам болған жерің
бар ма? – дейді.
Қатын:
- Жоқ, - дейді.
Жәуке би:
-Оһ! – дейді.
- Ердің құнына нардың пұлын төбеге шығып
төрелік берген жерің бар ма? – дейді.
Қатын:
- Жоқ, - дейді.
Жәуке би:
- Оһ! – дейді, - Тең теңін олжалайды, тезек
қабын олжалайды. Олжа алуға қатын аттанса,
жорықта жүріп, сақар мен сабын олжалайды.
Құралай бастаған киік оңбайды, Қатын бастаған
көш оңбайды. Байтал шауып бәйге алмайды, Қатын
қайраттанып қазан қайнатпайды. Оңбаған ханды
төлеңгіті билейді, қараң қалған елді қатын билейді
деген. Сен бір қараң қалған елдің ішінде тұрған
немесің-дағы! Мен Арқада жатқан он сан Орта
жүз деген елмін. «Абылай аспаған сары белмін»!
Сен түгіл мына отырған Тоғай хан менің атымның
шаужайын ұстауға жарар ма екен? Көзіңді ашып
қара өзіңе! – дейді Жәуке шешен.
Осы бір шешендік сөздерді жеткізген «аттыға
жол, жаяуға сөз бермеген» «Алтай керуенбасысы»
атанған Алтай Сайдалының Аққошқары.
Ноғайлының дәулеткер байы Құдайберді
айдаһармен дос болған. Осы бір әңгімені де
керемет келістіріп айтады екен Жәуке би.
«Үкібай» – XIX ғ. өмір сүрген би. Заты –
Арғын, Қаржас бұтағынан. Едіге бидің немересі
Итемген бидің бір қысырағы жоғалғанда Үкібай
би «атасының жолын» сыйлап, түгел қылып
қайтарған екен.
«Үкібай сөзі» - тарихилық әрі деректілік
сипаттарымен өзгешеленеді. Би сөзінің бастамасы
яки құлақкүйі былайша өріледі екен: «Адам Ата,
Хан Шыңғыс, Дін мұсылман құл пейіс(бейіш), Алаш
– алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Үйіміз ағаш
болғанда, Ұранымыз: «Алаш!» болғанда. Алты сан
Алаш, жеті сан қазақ, Тоқсан екі баулы Қыпшақ, Он
екі баулы өзбек. Тоғыз таңбалы Арғын. Сан таңбалы
Абылай, Қол (Құл) таңбалы Бөкей. Есім ханның ескі
жолы, Қасым ханның қасқа жолы».