МӘШҺҮР ЖҮСІП ӘЛЕМІ
C. НЕГИМОВ
ф.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.
ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
92
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
хан келіп, Жиреншені сұрайды. Ол Жиреншенің
босанғанын айтады. Оқыс оқиғаға тап болған хан:
«О заманда бұ заман, еркек те туушы ма еді?» -
дейді. «Я, тақсыр, еркек тумайтын болса еркек
қойды қоздат деп неге жарлық бердіңіз?» - дейді
Қарашаш сұлу. Сонда хан есінен танып, сөзден
жаңылып, миы ашып, құты қашып, елге, жұртқа
күлкі болады.
Ақыл-айласына құрық бойламайтын хан
тағы да Жиреншеге сүліктей қадалып: «Мынау
қаздың етін өзіме, ханымға, екі балама және өзіңе
бөл, біреуге артық жібермей, тең бөліп бер. Егер
бірімізге бір мысқал артық немесе кем бөлсең,
саған аяушылық болмайды» - деп, зілді бұйрық
береді. Жиренше шешен толғанып: «Тақсыр, Сіз
біздің басымыз едіңіз», - деп қаздың басын ханға
ұсынады. «Хан ханымсыз болмас, құс мойынсыз
болмас» - деп, қаздың мойнын ханымға ұсынады.
«Екі балаңыз қос қанатыңыз, қолғанатыңыз» -
деп, екі қанатын оларға сыйлайды. «Мен өзім бас
та емес, аяқ та емес, орташа ғана адаммын, мына
қаздың орта денесі маған лайық» - деп, қазды
мүше-мүшесімен дастархан басындағы адамдарға
таратып, сөзін тәмамдайды.
Хан аңда жүргенде, жел айдап бара жатқан
қаңбақты көріп: «Жиренше, анау қаңбақ қайда
бара жатыр екен, жөнін сұрашы» - деп бұйырады.
Жиренше қаңбақты қуып жетіп, сәл кідіріп, ханға
қайтып оралады. «Жиренше сұрадың ба, қаңбақ не
айтты?» - дейді хан. Сонда майталман Жиренше
тосыннан суырыла сөйлеп: «Менің ұшарымды
жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрай
келген сен ақымақ па, әлде сұрата жіберген хан
ақымақ па? - деп айтты» дейді. Ұтқырлық пен
ұшқырлықтан, ойшылдық пен тапқырлықтан,
сыншылдық пен сұңғылалықтан түрленіп туған
бірегей лебіз, үздік пікір. Асылы, Жиренше шешен
сөз- ұғым, сөз образдың табиғатын, құбылыстың
ішкі қасиеттерін, мәнді белгілерін, ерекшеліктерін
жіті аңғарып, шебер қиыстырады.
Ұғым-түсініктер мен сөздің қарым-қатысын,
сөздің сан алуан мазмұндық әрі мағыналық
қырларын, сөз- ұғымның логикалық құрылым-
жүйесін айрықша таниды.
«Жиреншенің енді бір түйіндері» - миы
толық, судай төгілген қас шешеннің даналық
болмысын, әсіресе, ойының дұрыстығын, тілінің
тазалығы мен дәлдігін, қисында аналогиялық
ой қорытындылауын айрықша айтуға болады.
Мәселен, «Ей, жаным, бірімізге біріміз – аз күн
қонақ, ойласаң мына дүние тіпті шолақ. Тірлікте,
аз өмірде сыйласып өт, бүгін бар, ертең жоқ: өмір
- сол-ақ!»
«Қазыбек би» – ұлттық сана мен тілінің,
рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық
қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете
білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып
еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі
ер, мемлекет қайраткері.
- Үш жүздің қай батырына ризасың деп
сұрағанда, Абылай хан айтыпты:
- Мен өзімнен бұрын болған екі кісіге ризамын.
Ол Қаракесек Қазыбек пен Уақ Деріпсал. Бұл екеуі
де жауға түскен тұтқынды босатып алды. Қазыбек
Қалданға барып босатты. Деріпсал өз ауылында
отырып, күшпен қорқытып босаттырды.
Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер
би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97
жасында яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты
Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта
жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа)
руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың
немересі, Бұлбұлдың шөбересі. Ал өз әкесі –
Келдібек би. Анасының есімі – Тоқмейіл. Қазыбек
биден Бекболат би, бұдан Тіленші би. Тіленші
би баласы Алшынбай би (Құнанбай қажының
құдасы, Абайдың қайын атасы). Алшынбайдан
Бәпи тарайды. Атақты әнші-композитор Мәди
Бәпидің ұрпағы.
«Қазыбек би және қалмақ ханы» – Абылай
хан заманында жүз кісі елшілермен бірге Телқоңыр
тай мініп жүрген он бес жасар бала Қазыбек ат
бәйгесіне де қосылып көрейін деп қалмақ еліне
барғанда Тайкелтір би сөзін майдалап, кішірейіп
сөйлеген сәтте босаға жақтан атып түрегеліп,
құстай ұшып Қоңтажыға айтқан атақты сөзінің
тарихы баяндалады.
«Қазақ деген мал баққан, Сарыарқада қаздай
қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын, ұзақ
өзенді, көк майса көкорай шалғында, сахара салқында
ел жайлап шалқып жатқан елміз. «Елімізден
қашпасын!» деп, «Жерімізді жау шаппасын!»
деп, найзамызға үкі таққан елміз. Жау аяғына
басылмаған ел боламыз. Досымызды сақтай білген,
дәм-тұзын ақтай білген ел боламыз. Ұл туса, атадан:
«Құл болам!», -деп тумайды. Анадан қыз туса:
«Күң болам!», -деп тумайды. Ұл менен қыз сенің
тұтқынында отырса, оларды азат етпей тынбайды.
|