М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Мәшһүр Жүсіп шығармашылығындағы би‑шешендер мұрасы. Қазақ билерінің
шешендік өнері, дәстүрі мен мектебі ұлт
мәдениеті тарихындағы ерекше бір текті
құбылыс. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы
мен даму тарихындағы би-шешендер институты
– Қазақстанның соттық-құқықтық жүйесін,
әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін кейінгі заманға
жеткізуші һәм жетілдіруші. Би-шешендер ұлтының
тәуелсіздігін қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау,
қорғаныс қабілетін күшейту жолында өлшеусіз
еңбек сіңірді. Би-шешендер – қоғамдық-саяси тұлға,
мемлекет қайраткері, кемеңгер, көріпкел-абыз,
сәуегей-көсем, қолбасшы, заңгер, тарихшы,
этнограф, ұйымдастырушы. Мұның жарқын
мысалы, Тәуке Ханның ұйымдастыруымен (1680-
1718) дүниеге келген құқықтық-конституциялық
құжат «Жеті жарғы». Бұл Қасым хан (1511-
1523) мен Есім ханның (1598-1645) ережелері,
билік-кесімдері негізінде жасалған. Бұған Төле би,
Қаздауысты Қазыбек би, айыр тілді Алшын Әйтеке
би, Әнет баба, Шақшақұлы Жәнібек, Жағалбайлы
Шеген би, қырғыз елінен Қоқым би, Қара Шыбын
би, қарақалпақ Сасық би араласқан.
Мәшһүр Жүсіп мұрасында «тоқсан ауыз
сөздің түймедей түйінін» шешкен, «шешендігімен
судан қаймақ қалқыған» би-шешендер туралы
ой-түйіндер, пікір-лебіздер, мейлінше мол.
Мысалы: «Шобалай баласы Жаңабатырдан би
асқан емес. Күнту баласы Жанайдардан шешен
асқан емес», «Үйсін Төле биден дөкей болып
би шыққан жоқ». Жанқұтты шешенді «қазақ
жақсыларының қасқа маңдайы» деп атаған.
Абылай ханның Бейсен би жөніндегі «Анық құдай
жаратқан шын би еді» дегенін келтірген.
Қ а з а қ б и - ш е ш е н д е р і н і ң « қ а с и е т т і ,
үлгілі, өсиетті» лебіздері Мәшһүр Жүсіп
шығармашылығында молынан келтірілген.
«Жиренше шешен» - ұлттың зердесінде
сақталған, жадында жатталған жезтаңдай
шешендігімен аты шыққан, үздік жаралған мінсіз
жарқын бейненің бірі. Аңыздарды сөйлетсек,
атақты ділмар Қасым ханның әкесі Әз Жәнібек
ханмен (1406-1473 жылдар шамасы) замандас.
Сол ханның білгір ақылшысы, кемеңгер кеңесшісі,
ғұлама сыншысы Жиренше шешен – «қазақ
ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл-парасаттың,
тапқырлықтың символы...Қазақтан өзге түркі,
моңғол және үнді-еуропа халықтарының
фольклорында Жиренше шешен туралы
шығармалар кездеседі. Қазақ фольклорында
Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме бір топ»
- деп жазылған Қазақ совет энциклопедиясында.
Білім-білігі мейлінше кемел, парасат-пайымы
терең Жиреншенің «сауып ішерге малы жоқ, төсегі
тулақ, үйі қара лашық болған» екен.
Қиыннан қиыстырып, жүйесін тауып, тігісін
жатқызып, қара қылды қақ жарып айтқан,
көкейге қонымды ғып, тауып айтқан, інжу-
маржандай асыл ойларға толы, сымбаты мен сыры
келіскен толғамдары, әсіресе, Жиренше шешен
мен Қарашаш арасындағы сөз жарыстыру, Әз
Жәнібек ханның жұмбақтай күрделі сұрақтарына
Жиренше шешеннің берген ұтқыр жауаптары
түпсіз тереңдігімен, алғыр, тапқыр болмысымен,
қуатты, кестелі көркемдігімен, мағыналық
айқындығымен, үлгілі қасиеттерімен, ғибратты
даналығымен өзгешеленеді.
Ұлттық шешендік өнерінің ту ұстаушысы
Майқы би, Аяз билер сияқты, Жиренше шешен
де даналық, тапқырлық сөздерді өз заманының
құдіретті билеушісі – ханмен өнер жарыстыру,
білім салыстыру бәсекесі үстінде тудырып
отырған. Бірде хан Жиреншеге он қошқарды
қырық күнде қоздатып бересің деп әмір етеді.
Жаны қысылған Жиреншеге: «Тұйыққа тіреліп,
саспа. Құдай бұйыртқан қойларды сойып алып,
азық ете берелік. Жауабын ханға өзім-ақ айтамын»
- дейді Қарашаш сұлу.
Кесімді қырық күн болған күні Қарашаш сұлу
Жиренше шешенді төсекке жайғастырады да, үйдің
ішінде бақан құрып қояды. Сол күні уәде бойынша
ӘОЖ 882.151.212.2