М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Зорлығын қоймай өзі, жаппай мінін,
Ініге қойғыза алмас аға тілін.
Қасқырдай өз күшігін талаған жан
Түзетіп тыныш ұстайды қалай елін?!
(«Сарырқаның кімдікі екендігі»- 1907 ж.
кітабынан. 68 б.)
«Ұрлық», «зорлық» көзбен барлап, қолмен
сипауға келмейтін дерексіз ұғымдар екені белгілі.
Ал, осы екі ұғымның бірін екіншісі тудыратынын
әспеттеу үшін, екеуін де жан иесі, ағайынды адам
ретінде алу нәтижесінде ақын қоғамды жайлаған
кесапаттың өзара байланысты екенін ұтымды
өрнектеген. Көрініске, суретке ұлттық өрнек
(национальный колорит) тұрғысынан келсек,
інісіне сөзін өткізе алмаудың өзі қазақ ұғымында
соншалық ерсі, оғаш қылық. Ал, осы ағаның ініге
игі үлгі көрсете алмауына, қасқырдың өз күшігін
талауымен салыстыру қосылғанда (біз келтірген
үзіндідегі жетінші жолда), ел билеушінің келіссіз
әрекеті айқындала түскен. Бұл әсерліліктің бастау
көзі дерексіз ұғымның («ұрлық», «зорлық»)
заттану, жандануында жатқанын дәйектесек, тағы
да ақынның суреттеу құралдарының сан алуан
екеніне көз жеткіземіз.
«Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген
сөзі» өлеңінде мынандай бір жолдар бар: «Өзіме
көрінемін өзім мінді // Кісендеп бекітпедім неге
тілді?» (73 б.) Сөзбе-сөз ұғынсақ, «тіл» сөзі дерексіз
емес, оны көруге де, ұстауға да болады. Әйтсе де
мәселе жеке тілді бекіту емес, ішке сыр сақтауда,
демек адамның жалпы өзін тежеуінде екенін
зерделесек, тілді жай ұстамай, темір кісенмен
бұғаулаудың адам тәніне айрықша қатты бату
мүмкіндігі аян. Ендеше сөз иесіне қысым жасаушы
күштердің қаншалық өктем екенін бейнелеуде осы
бір шартты қолданылған «кісендеп» сөзінің алар
орны ерекше. Бұл шығармадағы мына тармақтар
да назар аударарлық:
Былғарының орнына көн мен сірі,
Теріс қарасар ұнатпай бірін-бірі.
«Ал», «бер» деген сөз еді екі ағайын,
«Ал» өліп, «бер» деген сөз қалды тірі.
Екі сөз: бірі айтылды, бірі қалды,
Уақ ақша таусылды, ірі қалды.
«Бар» деген сөз аты өшіп, тып-типыл боп,
Бұл күнде «жоқ» деген сөз тірі қалды (76 б.).
Жалпы жылы киім, не етік т.б. әзірлеу үшін
жұмсақ былғарының неғұрлым қолайлы екенін,
ал, қатып қалған көн, сіріден сапалы бұйым
шықпайтынын ескерсек, бұл екеуін салыстыру
барысында бастапқының қажеттігін, кейінгінің
жайсыздығын оңай бағамдаймыз. Осы көзге
көрінер екі ұғымның бір-біріне қарама-қарсы
екенін ажырату- соған сүйене өрілген «ал», «бер»
ұғымдарының кереғарлығын сезінуді негіздеген.
Деректі зат алшақтығына сүйеніп, дерексіз
ұғым қарама-қарсылығын әзірлегеннен кейін,
дерексіздің бірі «ал» өліп, «бер» тірі қалуы- ерекше
әсерлі. Бұл мүшкілдікті дерексіз «бар» ұғымының
заттанғаны соншалық, «аты өшіп, тып-типыл боп»
өшкені, ал дерексіз «жоқ» ұғымының заттанып,
жан иесіне айналғаны сондай,- тірі қалуы одан әрі
жоталанта түскен.
Ақынның «Қалмады ойлай-ойлай басымда ми»
өлеңінде де осы іспеттес дерексізді заттандырудың
ұтымды үлгісі көрінеді: «Абыройым төгілмесін
деп ойласаң, // Ұяттан қолшатыр ғып ал басыңа»
(92 б.) . Дерексіз ұғым ұятты қолмен ұстарлық
қолшатырға айналдыру нәтижесінде ақын адамға
қорғаныш боларлық қасиетке мойын бұрғыза
білген. Қолшатырды елестетіп, оның күннен,
жауыннан қорғарлық мәнін дәйектегесін барып,
біз ұяттың ізгі ниетті адам үшін ерекше роль
атқаратынын зерделей аламыз. Ақын дерексізді
заттандыру тәсілін қолданғанда, тұрмыста жиі
пайдаланылатын бұйымдарды алады: «Бұзылған
замананың уақытысында // Шын сөзің өтірікке
болмайды астар» (97 б.). Киімнің, не көрпенің
ең қымбат, асыл жағы бергі беті, өңірі екені, ал,
астарға неғұрлым арзан материал қолданылатыны
мәлім. Демек адамдар үшін зиянды өтірік-өңірге,
неғұрлым бағалы материалға айналса да, адамдар
үшін керек шын сөздің соған астарлыққа да, яғни
бағасы төмен екінші қатардағы материал болуға да
жарамай қалуы ой саларлық. Сөйтіп дерексіз «шын
сөз» бен «өтірік» ұғымдарының заттанып, бірінің
өңір болуға жарап,ал, екіншісінің астар дәрежесіне
де жетпей қалуы көмегімен ақиқаттың қаншалық
қадірі кеткені жарқырап ашылған.
Ақын өз ойын шынайы нақыштау үшін,
табиғаттағы көріністер мен оған шартты түрде
болсын ұқсас делінген адамдар өмірін салыстыра,
жарыстыра алу, яғни психологиялық егіздеу
тәсілін де жиі енгізген:
Бұлақ деп судың көзін ешкім ашпас,
Екпіндеп өзі тасып шашылмаса.
Ерлерге жай жатумен қайрат кірмес,
Ғалыдай орда жатып ашынбаса (45 б).