М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Үзіндідегі «тасып шашылмаса» сөздері
демеуімен отау тіккен екпін күші, мәні одан кейін
күрескер ерлерге де сондай қасиет керек екенін
салыстыра шегендеуге қызмет етіп тұр. Яғни
табиғаттағы айқындық адамдар бойындағы көзге
көрінбейтін қайратқа да белгілі бір заттылық,
тегеуріндік шарпуын дарытқан. Сол іспетті
жарыстыру үлгісі:
Сеңгір-сеңгір таулар бар, бұлағы жоқ,
Қопалы көл-жекен мен құрағы жоқ.
Өңшең үрген қарынға душар болдық,
Зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ (79 б.).
Алдымен қанша зәулім болса да, бұлағы жоқ
тауларды, ізінше жекен мен құрағы жоқ көлді
көру мұнарасымен саралап барып, «зарлап тұрсаң,
еститін құлағы жоқ» «өңшең үрген» қарын сияқты
адамдардың пайдасы жоқтығы, бейшаралығы
айқындала түседі.
Сондай-ақ:
Ақ марал жайылмайды қабанменен,
Бірге ұшпас бұлбұл-қарға, тағанменен.
Түлкі мен шер, мысық пен тышқан бір боп,
Барады әуре-сарсаң заманменен (84 б.)
- жолдарында да психологиялық егіздеу,
табиғаттағы бұлтартпас сәйкессіздікті паш етуден
кейінгі адамдар қарама-қарсылығын жайып салу
іске асқан. Атап айтқанда, маралдың-қабанмен,
бұлбұлдың-қарғамен, түлкінің-арыстанмен (шер-
парсыша арыстан дегені), мысықтың тышқанмен
бірге жүруі, бірдей күй кешуі қандай орынсыз
болса, лирикалық қаһарманда да сондай мүшкіл
хал бар екені, жақсы мен жаман адамдар ара жігі
ажыратылмай жатқаны т.б. сыналады.
Ақын дәстүрлі символдық белгілерді
жарыстыра пайдалануға сүйеніп, өз ойын өрістетіп,
тұлғалантып жеткізе біледі:
Ай орынын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһардың су тас қалып.
Құр тікен қызыл гүлсіз қолға түсіп,
Ауызға қант орнына зәһәр салып (100 б.).
Мұнда да айды- бұлтпен, дүр гауһарды- су
таспен, қызыл гүлді- тікенмен, қантты зәһәрмен
ауыстыру келіссіздігін, яғни көзге бадырайып
көрінген, дәлелденіп біткен айқын ұғымдарды
алға тарта алған ақын оң ниеттің орындалмай, не
бір қымбаттың арзанмен теңестірілуі терістігін
таныта білген.
Мәшһүр-Жүсіп шеберлігі, бейнелеу тәсілдері
дегенде, ол мәнерлеген сөз кестелерінің алдымен
ұлттық бояумен көмкерілгенін, көп детальдің
ұлттық өрнекке сай сұрыпталғанын дәлелдеу қажет:
«Өнерге өзіңді өзің ерте баулы,// Жастықтың бір
күн көшіп кетер ауылы») (93 б.). Бұл деталь, жастық
ауылының бір күн көшіп кетуін бейнелеу өрнегі,
негізгі тіршілігі малмен, көшумен байланысты қазақ
ұғымына неғұрлым жақын түсінікті болумен де
мәнді. Ауыл көшуімен, басқа жерге ауысуымен,
яғни шұғыл алыстауымен салыстыру нәтижесінде
жастық шақтың да тез өтуі мүмкіндігі ұтымды
кестеленген. Сол тәрізді: «Бұл жалғанның жүзінде
көңілің өспей, // Көрінгеннің жұртында қалдың
көшпей»,- тармақтарында басқалар аттанғанда ере
алмай қалуды сипаттау да малы барлар ғана көше
алатынын бағамдап өскен қазақ үшін аса аянышты
халді жайып салады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 1907 жылғы
«Хал-ахуал» кітабында шығыс поэзиясында кең
әспеттелген махаббат, бақыт символы бұлбұл
мен гүл жарасымдығын қызықтап, бұлбұлдың
түнімен қызыл гүлдің ашылуын тосуын, арман
етуін жырлағаны белгілі. Ақын сонымен бірге
орыс поэзиясы дәстүріне де иек артып отырған.
Мәселен, И.А.Крыловтың «Ала қойлар» мысалында
патша арыстан әмірімен қойды баққансып жүріп
жоқ қылған қасқыр (бұл мысалды Абай да,
А.Байтүрсынов та тәржімалаған) әрекетін Мәшһүр-
Жүсіп ұтымды пайдаланған:
Оңдырмас мынау қойшы бізді бағып,
Сіңбей тұр ішкен тамақ бойға жағып.
Тұрғызып омақаны әрбір жерге,
Жер-суды ап кетті ғой қазық қағып (34 б.).
Бұл арада қазақ халқын бағушы губернатор,
не патша деп есептесек, аталған тұспал белгінің
өрбітілуін сәл кейінірек жырлаған ақындардан да
кездестіреміз:
Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:
... Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,...
(М.Дулатовтың 1916 жылы «Қазақ» газетінде
басылған «Алашқа» өлеңінен).
Ай ұшамын аспанға
Жер жағдайды жақпайды...
Ащы, қатты дауыстан
Қарағай, терек жығылар.
Қожайынсыған арыстан
Сескенер, тасқа тығылар.
(І.Жансүгіровтің 1923 жылғы «Ызалы қиял»
өлеңінен).