М. Ж. КӨпеевтің 155 жылдығына арналады


М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ



Pdf көрінісі
бет16/31
Дата12.03.2017
өлшемі1,82 Mb.
#8949
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31

М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Мәшһүр  Жүсіп  шығармашылығындағы 
би‑шешендер  мұрасы.  Қазақ  билерінің 
шешендік  өнері,  дәстүрі  мен  мектебі  ұлт 
мәдениеті  тарихындағы  ерекше  бір  текті 
құбылыс.  Қазақ  мемлекеттігінің  қалыптасуы 
мен даму тарихындағы би-шешендер институты 
–  Қазақстанның  соттық-құқықтық  жүйесін, 
әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін кейінгі заманға 
жеткізуші һәм жетілдіруші. Би-шешендер ұлтының 
тәуелсіздігін қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау, 
қорғаныс  қабілетін  күшейту  жолында  өлшеусіз 
еңбек сіңірді. Би-шешендер – қоғамдық-саяси тұлға, 
мемлекет  қайраткері,  кемеңгер,  көріпкел-абыз, 
сәуегей-көсем,  қолбасшы,  заңгер,  тарихшы, 
этнограф,  ұйымдастырушы.  Мұның  жарқын 
мысалы, Тәуке Ханның ұйымдастыруымен (1680-
1718) дүниеге келген құқықтық-конституциялық 
құжат  «Жеті  жарғы».  Бұл  Қасым  хан  (1511-
1523)  мен  Есім  ханның  (1598-1645)  ережелері, 
билік-кесімдері негізінде жасалған. Бұған Төле би, 
Қаздауысты Қазыбек би, айыр тілді Алшын Әйтеке 
би, Әнет баба, Шақшақұлы Жәнібек, Жағалбайлы 
Шеген би, қырғыз елінен Қоқым би, Қара Шыбын 
би, қарақалпақ Сасық би араласқан. 
Мәшһүр  Жүсіп  мұрасында  «тоқсан  ауыз 
сөздің түймедей түйінін» шешкен, «шешендігімен 
судан  қаймақ  қалқыған»  би-шешендер  туралы 
ой-түйіндер,  пікір-лебіздер,  мейлінше  мол. 
Мысалы:  «Шобалай  баласы  Жаңабатырдан  би 
асқан  емес.  Күнту  баласы  Жанайдардан  шешен 
асқан  емес»,  «Үйсін  Төле  биден  дөкей  болып 
би  шыққан  жоқ».  Жанқұтты  шешенді  «қазақ 
жақсыларының  қасқа  маңдайы»  деп  атаған. 
Абылай ханның Бейсен би жөніндегі «Анық құдай 
жаратқан шын би еді» дегенін келтірген. 
Қ а з а қ   б и - ш е ш е н д е р і н і ң   « қ а с и е т т і , 
үлгілі,  өсиетті»  лебіздері  Мәшһүр  Жүсіп 
шығармашылығында молынан келтірілген.
«Жиренше  шешен»  -  ұлттың  зердесінде 
сақталған,  жадында  жатталған  жезтаңдай 
шешендігімен аты шыққан, үздік жаралған мінсіз 
жарқын  бейненің  бірі.  Аңыздарды  сөйлетсек, 
атақты ділмар Қасым ханның әкесі Әз Жәнібек 
ханмен  (1406-1473  жылдар  шамасы)  замандас. 
Сол ханның білгір ақылшысы, кемеңгер кеңесшісі, 
ғұлама  сыншысы  Жиренше  шешен  –  «қазақ 
ауыз  әдебиетіндегі  кейіпкер,  ақыл-парасаттың, 
тапқырлықтың  символы...Қазақтан  өзге  түркі, 
моңғол  және  үнді-еуропа  халықтарының 
фольклорында  Жиренше  шешен  туралы 
шығармалар  кездеседі.  Қазақ  фольклорында 
Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме бір топ» 
- деп жазылған Қазақ совет энциклопедиясында. 
Білім-білігі  мейлінше  кемел,  парасат-пайымы 
терең Жиреншенің «сауып ішерге малы жоқ, төсегі 
тулақ, үйі қара лашық болған» екен.
Қиыннан қиыстырып, жүйесін тауып, тігісін 
жатқызып,  қара  қылды  қақ  жарып  айтқан, 
көкейге  қонымды  ғып,  тауып  айтқан,  інжу-
маржандай асыл ойларға толы, сымбаты мен сыры 
келіскен  толғамдары,  әсіресе,  Жиренше  шешен 
мен  Қарашаш  арасындағы  сөз  жарыстыру,  Әз 
Жәнібек ханның жұмбақтай күрделі сұрақтарына 
Жиренше  шешеннің  берген  ұтқыр  жауаптары 
түпсіз тереңдігімен, алғыр, тапқыр болмысымен, 
қуатты,  кестелі  көркемдігімен,  мағыналық 
айқындығымен,  үлгілі  қасиеттерімен,  ғибратты 
даналығымен өзгешеленеді.
Ұлттық  шешендік  өнерінің  ту  ұстаушысы 
Майқы би, Аяз билер сияқты, Жиренше шешен 
де  даналық,  тапқырлық  сөздерді  өз  заманының 
құдіретті  билеушісі  –  ханмен  өнер  жарыстыру, 
білім  салыстыру  бәсекесі  үстінде  тудырып 
отырған.  Бірде  хан  Жиреншеге  он  қошқарды 
қырық  күнде  қоздатып  бересің  деп  әмір  етеді. 
Жаны  қысылған  Жиреншеге:  «Тұйыққа  тіреліп, 
саспа.  Құдай  бұйыртқан  қойларды  сойып  алып, 
азық ете берелік. Жауабын ханға өзім-ақ айтамын» 
- дейді Қарашаш сұлу.
Кесімді қырық күн болған күні Қарашаш сұлу 
Жиренше шешенді төсекке жайғастырады да, үйдің 
ішінде бақан құрып қояды. Сол күні уәде бойынша 
ӘОЖ 882.151.212.2
МӘШҺҮР ЖҮСІП ӘЛЕМІ
C. НЕГИМОВ
ф.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті, Астана қ. 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
92
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
хан келіп, Жиреншені сұрайды. Ол Жиреншенің 
босанғанын айтады. Оқыс оқиғаға тап болған хан: 
«О заманда бұ заман, еркек те туушы ма еді?» - 
дейді.  «Я,  тақсыр,  еркек  тумайтын  болса  еркек 
қойды қоздат деп неге жарлық бердіңіз?» - дейді 
Қарашаш сұлу. Сонда хан есінен танып, сөзден 
жаңылып, миы ашып, құты қашып, елге, жұртқа 
күлкі болады.
Ақыл-айласына  құрық  бойламайтын  хан 
тағы  да  Жиреншеге  сүліктей  қадалып:  «Мынау 
қаздың етін өзіме, ханымға, екі балама және өзіңе 
бөл, біреуге артық жібермей, тең бөліп бер. Егер 
бірімізге  бір  мысқал  артық  немесе  кем  бөлсең, 
саған аяушылық болмайды» - деп, зілді бұйрық 
береді. Жиренше шешен толғанып: «Тақсыр, Сіз 
біздің басымыз едіңіз», - деп қаздың басын ханға 
ұсынады. «Хан ханымсыз болмас, құс мойынсыз 
болмас» - деп, қаздың мойнын ханымға ұсынады. 
«Екі  балаңыз  қос  қанатыңыз,  қолғанатыңыз»  - 
деп, екі қанатын оларға сыйлайды. «Мен өзім бас 
та емес, аяқ та емес, орташа ғана адаммын, мына 
қаздың  орта  денесі  маған  лайық»  -  деп,  қазды 
мүше-мүшесімен дастархан басындағы адамдарға 
таратып, сөзін тәмамдайды.
Хан аңда жүргенде, жел айдап бара жатқан 
қаңбақты  көріп:  «Жиренше,  анау  қаңбақ  қайда 
бара жатыр екен, жөнін сұрашы» - деп бұйырады. 
Жиренше қаңбақты қуып жетіп, сәл кідіріп, ханға 
қайтып оралады. «Жиренше сұрадың ба, қаңбақ не 
айтты?» - дейді хан. Сонда майталман Жиренше 
тосыннан  суырыла  сөйлеп:  «Менің  ұшарымды 
жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрай 
келген сен ақымақ па, әлде сұрата жіберген хан 
ақымақ  па?  -  деп  айтты»  дейді.  Ұтқырлық  пен 
ұшқырлықтан,  ойшылдық  пен  тапқырлықтан, 
сыншылдық  пен  сұңғылалықтан  түрленіп  туған 
бірегей лебіз, үздік пікір. Асылы, Жиренше шешен 
сөз- ұғым, сөз образдың табиғатын, құбылыстың 
ішкі қасиеттерін, мәнді белгілерін, ерекшеліктерін 
жіті аңғарып, шебер қиыстырады. 
Ұғым-түсініктер мен сөздің қарым-қатысын, 
сөздің  сан  алуан  мазмұндық  әрі  мағыналық 
қырларын,  сөз-  ұғымның  логикалық  құрылым-
жүйесін айрықша таниды.
«Жиреншенің  енді  бір  түйіндері»  -  миы 
толық,  судай  төгілген  қас  шешеннің  даналық 
болмысын, әсіресе, ойының дұрыстығын, тілінің 
тазалығы  мен  дәлдігін,  қисында  аналогиялық 
ой  қорытындылауын  айрықша  айтуға  болады. 
Мәселен, «Ей, жаным, бірімізге біріміз – аз күн 
қонақ, ойласаң мына дүние тіпті шолақ. Тірлікте, 
аз өмірде сыйласып өт, бүгін бар, ертең жоқ: өмір 
- сол-ақ!»
«Қазыбек  би»  –  ұлттық  сана  мен  тілінің, 
рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық 
қасиеттерін  ересен  қуат-құдіретімен  көрсете 
білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып 
еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі 
ер, мемлекет қайраткері. 
-  Үш  жүздің  қай  батырына  ризасың  деп 
сұрағанда, Абылай хан айтыпты:
- Мен өзімнен бұрын болған екі кісіге ризамын. 
Ол Қаракесек Қазыбек пен Уақ Деріпсал. Бұл екеуі 
де жауға түскен тұтқынды босатып алды. Қазыбек 
Қалданға барып босатты. Деріпсал өз ауылында 
отырып, күшпен қорқытып босаттырды. 
Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер 
би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97 
жасында яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты 
Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта 
жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа) 
руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың 
немересі,  Бұлбұлдың  шөбересі.  Ал  өз  әкесі  – 
Келдібек би. Анасының есімі – Тоқмейіл. Қазыбек 
биден  Бекболат  би,  бұдан  Тіленші  би.  Тіленші 
би  баласы  Алшынбай  би  (Құнанбай  қажының 
құдасы,  Абайдың  қайын  атасы).  Алшынбайдан 
Бәпи  тарайды.  Атақты  әнші-композитор  Мәди 
Бәпидің ұрпағы.
 «Қазыбек би және қалмақ ханы» – Абылай 
хан заманында жүз кісі елшілермен бірге Телқоңыр 
тай мініп жүрген он бес жасар бала Қазыбек ат 
бәйгесіне де қосылып көрейін деп қалмақ еліне 
барғанда Тайкелтір би сөзін майдалап, кішірейіп 
сөйлеген  сәтте  босаға  жақтан  атып  түрегеліп, 
құстай  ұшып  Қоңтажыға  айтқан  атақты  сөзінің 
тарихы баяндалады. 
«Қазақ деген мал баққан, Сарыарқада қаздай 
қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын, ұзақ 
өзенді, көк майса көкорай шалғында, сахара салқында 
ел  жайлап  шалқып  жатқан  елміз.  «Елімізден 
қашпасын!»  деп,  «Жерімізді  жау  шаппасын!» 
деп,  найзамызға  үкі  таққан  елміз.  Жау  аяғына 
басылмаған ел боламыз. Досымызды сақтай білген, 
дәм-тұзын ақтай білген ел боламыз. Ұл туса, атадан: 
«Құл  болам!»,  -деп  тумайды.  Анадан  қыз  туса: 
«Күң болам!», -деп тумайды. Ұл менен қыз сенің 
тұтқынында отырса, оларды азат етпей тынбайды.

93
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Қатты болсаң, темір шығарсың,
Сен темір болсаң мен көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келгенмін!
Сен көктегі құс болсаң,
Мен іліп тастар сұңқармын.
Сен жердегі аңның жүйрігі құлан болсаң,
Мен қуып жетіп соғар тұлпармын!
Сен қабылан болсаң, мен жолбарыс,
Алысқалы келгенмін!
Жау тілегенге
Жасыл туса еді, - деген,
Ел болып, шабысқалы келгенмін!
Елімнің шетіне ойран салған өзің:
Бітім беретін болсаң,
Айыбыңды мойындап, бітім бер!
Болмаса, тұрысатын жеріңді айт,
Шабысқалы келгенмін! – депті. 
– Япыр-ай, дауысың қаздың дауысындай екен! 
Қазақ деген елдің дауысы қаз дауысты екен, - деп, - 
Сенің атың «Қаз дауысты Қазыбек» болсын, менің 
қасыма келіп отыршы! – депті Қоңтажы. 
 «Қазыбектің алғаш көзге түсуі» − Абылай хан 
заманында Тайкелтір би мен Малайсары батырға 
еріп,  қалмақ  ханы  Қонтажының  алдында:  «Сен 
темір  болсаң,  мен  –  көмір.  Еріткелі  келгенмін. 
Екі елдің арасын, Теліткелі келгенмін!» − дейтін 
сес сөзін селдете айтқан. «Даусың қаздың даусы 
сияқты,  сенің  атың:  «Қаз  дауысты  Қазыбек» 
болсын! Сенің келген жолыңа қазақтан алғанды 
түгел  үш  күннің  ішінде  тауып  берем!»  −  депті 
қалмақ ханы.
 «Қазыбектің екінші билігі» − орыс шаруалары 
қазақ жеріне ентелеп енгенде, үш жүздің аймаңдай 
қасқа−жайсаңдары  ақылдасыпты.  Біреулер: 
«Соғысамыз!» − деседі. Ұлы жүзден Төле би, Кіші 
жүзден Мама би, Орта жүзден Қаздауысты Қазыбек 
би  тұспалдап,  тақпақтап  сөйлеседі.  Қаздауысты 
Қазыбектің: «Арылмастай пәлеге қап жүрмесек, суда 
жүрген перінің қызын атып» − дегеніне орай Төле би 
толғаныспен: «Қазыбек, сен соғыспауға байладың−
ау!» −депті. Сол заматта Қаздауысты Қазыбек: «Біз 
орыспен  қалай  соғысамыз?  Пайғамбарымыздың 
ғаділшілік орыста қалады, − дегені бар емес пе? 
«Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыға 
қылса», қолының ұшын беретін көршіміз болса, 
жаман болмас! − депті.
Сөйтіп, Қаздауысты Қазыбек «орысқа соғыс 
ашамыз!» дегендердің десін басыпты.
«Қазыбектің  үшінші  билігі»  –  Үш  жүздің 
баласына ортақ бір үлкен дауда игі жақсылардың 
басы қосылғанда, Ұлы жүздің төбе биі Төле би, Кіші 
жүзден Мама би билік-төрелік айтуға таласқанда 
атаның  өсиетін  неге  естен  шығарасыңдар  деп, 
Қазыбек былайша сөйлеген екен: 
- Білмесең, атаңның өсиеті мынау: «Ұлы жүзді 
қауға бер де, малға қой. Кіші жүзді найза бер де, 
жауға қой. Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой!» 
- дегені қайда? Соған қарағанда төре беру жолы 
менікі  емес  пе?  –  депті.  –Жығылсам,  алдымда 
ағам бар, сүрінсем, артымда інім бар: билік менікі 
еді  ғой!  Мұны  біреуіңнің  аузыңа  алмағандарың 
қалай? – депті. 
Бұл сөзді үш жүздің жиналған адамдары бір 
ауыздан қабылдап, билікті Қазыбекке беріпті. 
Қазыбек осы арада.
- Уа, Үйсін: Төле би, сен атадан үлкен болып 
тудың. Ініңнің бір еркелігін көтеретін жөнің бар. 
Оны ойламай, жылқысын неге қуып аласың? Уа, 
жарқыным Мама би, сен атаның қара шаңырағында 
қалған екенсің, ағаңның көзінің тірісінде жеңгеңді 
неге зорлықпен әкетесің? «Даугердің адалы құстай 
ұшатын да, арамы мұрттай ұшатын». Сен, Мама би, 
қатыныңды қайтар, сен Төле би, жылқыны қайтар. 
Екі жағыңда иесіне табысы болмаған, екі аяқты 
түгіл, төрт аяқты қалмасын! – деп, билік айтыпты. 
«Қазыбектің  төртінші  билігі»  –  жетпістен 
асқан  Азбас  тоқалдыққа  еріксіз  Гөбе  сұлуды 
алмақшы  болғанда,  Қазыбек  би  арашаға  түсіп, 
қызға теңдік әпереді. 
«Қазыбектің бесінші төрелігі» − Ақбалық сұлу 
өз үйінің қойшысы Қозыбақ дейтін жігітке ғашық 
болып қосылуының тарихына қатысты. Ол атақты 
байдың жалғыз қызы болатын. Небір мырзаларды, 
сал−серілерді менсінбейді. Өзі «Бес қасқа» атанған 
айбарлы тұқымнан. Ата−анасы, туыстары Ақбалық 
сұлудың сүйгеніне қосылғанына тілеуқор. Алайда 
Майқы, Бошан руларының намысты ақсақалдары 
Қаздауысты Қазыбек биге даттайды Би бұған таң 
қалып, Ақбалық сұлудың үш қанат құрым отауына 
келеді.
Қазыбек  би:  «Қарындас,  мәнді  сөзден  мән 
шығады.  Беймәнді  сөзден  не  шығады?  Жапалақ 
үйрек іліпті, өйткенмен онан не мән шығады?» − 
дегенде, Ақбалық сұлу мүдірмей: «Рас айтасыз, 
мәнді сөздің мәнісі бар. Беймәнді сөздің не мәнісі 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
94
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
бар? Жапалақ үйрек ілгенге таңырқайсыз, оның 
енді бір қоңыр қаздан дәмесі бар!» – депті.
Қазыбек би қыз сүйіспеншілігіне ырзаланып, 
ел ақсақалдарына былай деген екен: «Байлық – 
мұрат емес, кедейлік –ұят емес.» «Атадан алтау 
тудым  деп,  жалғызға  жапа  көрсетпе!»  деген, 
қосағымен көгерсін! – деп, бата беріпті. Басына 
үй тіккізіпті, еншісін бергізіпті.
«Қазыбектің қастандықтан аман қалғаны» – 
бидің батыр бауыры Бөдене бір жаққа жолаушылап 
кеткенде  аталас  жақындары  Қосым  жорға, 
Жалықпас, Хан Бертіс үшеуі өлтірмекші болып, 
Қазыбекті шақыртады. Олардың арам ойын сезген 
қарындасы  Мәлике  сауыт  кигізген  еді.  Әңгіме 
үстінде Қосым Жорға: «Ананы айттық, мынаны 
айттық, бағанағыны қайттік» – деген Хан Бертіс 
Қазыбектің үстіне міне түседі. Үшеуі де Қазыбекті 
жұлмалап  жатқызады.  Осы  бір  заматта  Бөдене 
батыр жетіп келеді. Ол Хан Бертісті көріп: «Атын 
атайын ба, өзін атайын ба?» – дейді. «Қан төгіп 
қайтесің, атын ат!» – дейді. 
Содан Хан Бертіс Ташкентке қашып кетеді. Ол 
екі-үш жылдан кейін 250 ақ байтал мен ақ сәукелені 
айыпқа беріп, Қазыбек бидің аяғына жығылады.
«Қазыбектің үш сұраққа жауабы» – мұнда ол 
бір қарияның «Жақында не жақын?», «Қымбатта 
не қымбат?», «Дүниеде не қиын?» деген күрделі 
философиялық  сауалдарына  берген  дәйекті, 
дәлелді жауаптары жинақталған.
«Қазыбектің:  «Тәңірі  алдына  барғанда» 
сөзінің  әсері»  –  ертоқым  дауына  байланысты 
төрелік сөз. Бірде Ұлытауда ас болады. Ұлы жүздің 
Сиқым, Жаныс руларының жігіті Арғынның бір 
азаматының керемет ертоқымына қызығып, Төле 
бимен  кеңеседі.  Би:  «Мынау  менің  былтырғы 
жоғалған  тұлпарымның  үстінде  кеткен  менің 
ерім!»  -  деп,  алып  кел.  Мен  бір-ақ  ауыз  сөзбен 
бұйырып берейін! – депті. 
Сонан  Төле  би  аудара  қарап,  ақтара  сұрап: 
«Көзі  бар  еріңді  өзің  ал,  көзі  жоқ  тұлпарың 
салауат!» - деп кесім айтыпты. 
Жаланың  отына  күйінген  арғынның  жігіті 
Қазыбекке  жүгінеді.  Қазыбек  Төле  би  отырған 
үйге келеді. Бірсыпыра адамдар бар екен. Ұрланған 
ерді  бірінен  соң  бірі  көріп  отыр  екен.  Қазыбек 
те  күміс  ерді  алақанына  қондырып:  «Қапталың 
–  қайың,  қасың  –  шұбар,  Қалменбет  қосқан  бір 
ерсің! Үйсінге ие Төле би, Бұл ерге қайтіп тиерсің?! 
Сиқым, Жаныс екі топ, Бір ерге қайтіп мінерсің?! 
Бұл  мінезбен  Үйсінді,  Бір  төбеге  үйерсің!  Бұл 
мінезден  қайтпасаң,  Тәңірі  алдына  барғанда, 
Қалменіңмен күйерсің!» - депті. 
Сол-ақ екен Төле би: «... Мен бір сөзді ойнап 
айта салып ем, ерді иесіне беріңдер!» - деп, райынан 
қайтыпты. 
«Қазыбектің  қартайған  шағындағы  сөзі» 
−  даналық  тұжырым−пайымдауыларымен 
ерекшеленеді.  Көпті  көрген  данагөй  өмір, 
тіршіліктің  сәні  мен  мәнін,  бақ−дәулеттің 
баянсыздығын,  тәж  бен  тақтың  мәңгі  еместігін 
тақпақтап жеткізеді.
«Қазыбектің соңғы бір тілегі» − «Бауырдың 
оты  күйерлік,  қатынның  көті  күйерлік»  күнде 
өлмеген соң, күл төбеде қалған кәрі саулықтың 
жемтігі есебінде қалдым−ау» −деген. Себебі, әбден 
қартайып, шөгіп, Далбада қыстаған. Ел−жұртына 
хабар  бергенде,  Бекболаттан  басқа  кісі  келе 
қоймағанда армандап айтқан сөзі екен.
«Мөңке  би»    –  XVII  ғ.  2-ші  жартысында 
(шамамен  1675-1756  жылдарда)  ғұмыр  кешкен 
мемлекет қайраткері, ділмар-шешен, болжампаз 
сәуегей.  Әкесі  Тілеу  1681-1684  жылдарда 
Түркістанды жоңғар шапқыншылығынан қорғаған 
қолбасы яғни ұлт тарихында «Сайрам соғысы» деп 
аталған қанды шайқастың қаһарманы. 
Мөңке  бидің  замана,  ұлт  тағдыры  туралы 
толғаныстары шынайы шыншылдықпен, көркемдік 
философиялық таным-пайымымен айқындалады. 
Мәшһүр  Жүсіптің  жазба  мұрасында 
Ноғайлыдан  шыққан  Мөңке  бидің  «Азарсың, 
жұртым, азарсың» деген сөзі келтірілген. Болашақ 
замана қайшылықтары мен сұм-сұрқия суреттері 
кемел  ойшылдықпен  көрсетілген  деуге  болады. 
Мысалы:  «Өзі  болған  жігітке,  Қыз  артылар  деп 
еді»,  «Көкек  айы  болғанда,  Кемпір  күйлер  деп 
еді»,  «Ендігінің  қатыны,  байын  билер  деп  еді». 
Және «келін-айғыр» деген лебізде сұрапыл сұмдық 
бар.  Бұл  –  келер  заман  дерті.  Содан  алдын-ала 
сақтандырады.  У  тілді  көреген  ойын  әрі  қарай 
тереңдетеді:  «Заманақыр  болғанда,  Ат  қояндай 
болады, Адам құмандай болады...» дейді. 
Парасат зердесі өзгеше Мөңке бидің даналық 
мәйектерін Ахмет Байтұрсынұлы мен Жүсіпбек 
Аймауытов қолданған. Сонымен бірге С.Сейфуллин 
«Қазақ әдебиеті» (1932) хрестоматиясында Шекті 
Мөңке бидің сөздері деп пайдаланған.
«Едіге  би»  –  Айдабол  Төлебайдың  баласы. 
Ол атақты Шоң, Торайғыр билердің әкесі. Бірде 

95
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Едіге би жүз кісіні ертіп, наурыздама қылдырамын 
деп, Қызылтаудағы Сәти мырзаның үйіне келеді. 
Алайда Тәти мырза қансонарға бүркітімен шығып 
кетіпті. «Бес берекенің біріне» қосылған Баяу деген 
бәйбішесі: «Мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ! 
Наурыздаманы сегіз күн жасамаған соң, мұның не 
сәндігі бар!» - деп, сегіз күн бойы күтіп, сыйлапты. 
Тәти  мырза  қансонардан  оралып,  олжасы  қара 
түлкіні бәйбішесіне сыйлапты да, Едіге биге түйе 
бастатқан тоғыз, тоқсан тоғызының біріне түйе, 
біріне жылқыны, атшыларына мата үлестіріпті. 
Едіге  би  еліне  қайтып  келе  жатқанда  «Ат 
шалдырайық» деп, тоқтап: «Мен сегіз кісіні бір түн 
осындай қылып күте алам ба? Бұл жүз кісіні сегіз 
күн күтті ғой! Бір күннен бір күнгісін асырды ғой», 
- деп, көзінен жасы бұршақтай домалап, былайша 
бата  беріпті:  «А,  Құдай,  халқымды,  жұртымды 
өзімнің тұсымда бай қылмасаң да, балам Шоңның 
тұсында бай қыл!» - деген.
«Едігенің алғашқы билігі» – он төрт жасар 
күнінде Ұлы жүз елінде болған. Ертеректе Үйсін 
Ошақты  дейтін  ел  Орта  жүз  Малайсары  деген 
таптан Құлназар деген жігітті өлтірген екен. Мұның 
тарихы Ақбура Бөрібай ақын жырында сипатталған. 
Ошақты жұрты айыбын мойындамаптты. 
Қаншама уақыт өтсе де, осы құнды жоқтап, 
он төрт жасар Едіге жүз кісіні жанына алып, Шу 
өзені бойына жетеді. Ұлы жүз жолаушыларға он үй 
тігіп қарсы алады. Дау-шар мәселесі жөнінде ешкім 
тіс жармайды. Амандық-есендік сұрап отырады. 
«Намаздыгер  болыпты,  намаз  оқиық!»  дегенде, 
Ұлы жүз адамдарының ішінен бойы есік пен төрдей 
кісі Орта жүз кісілеріне қарап, былайша сөйлейді: 
«Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті 
атасын  жетелеп  жүрген  бар  ма  екен?  Алмасың 
болса, мойным бар, асылың болса, қойным бар. 
Бұ сөзімді ойлай бер!» – деп, аяғын баса бергенде, 
Едіге: «Ақсақал, кішкене мойныңызды бұрыңыз! 
«Кигіз кімдікі болса, білек сонікі.// Ауыз кімдікі 
болса,  сөз  сонікі».  Кен  шыққан  жеріне  қайтып 
сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та 
өзіңізден!» – деп, қала беріпті. 
« Е д і г е н і ң   к ө р г е н   т ү с і »   –   ш ы н а й ы 
деректілігімен  қызықтырып  сүйсіндіреді.  Ол: 
«Шоң  биде  қара  бүркіт  ұстадым.  Жемін  екі 
қанатымен бүркеп отырып жеді. Парақор болар!», 
«Торайғырда  –  сұңқар  ұстадым:  айдын  шалқар 
көлдің бір шетінен кірді, бір шетінен шықты. Алған 
құсын бір шоқымады, табанымен басып, кекжиді 
де отырды. Адамның сұңқары болар!» - деген екен. 
Ендігі  бір  перзенттері  қырғауылдың  қоразына, 
тот басқан темір қылышқа, қаршығаға кейіптесі 
жапалаққа ұқсаған.
«Едігенің  соңғы  билігі»  –  Шобалай 
баласы  Жаңабатыр  би  бес  көкала  бас  атанын 
жоғалтқанда Айдабол Олжабай батыр Қаракесек 
Қарсұн-Кернейден жылқы барымталағанда Әйтеке 
бидің баласы Өміртай араласып: «Едіге сенде мін 
бар:  Көпке  тізгін  бермейсің?!»  -  дегенде,  Едіге 
көпке тізгін беріпті де, батыр, би, бай Жарылғап 
көлденең беріпті. 
Тағы бір сөз «Қарсұн-Кернейде бір арам сирақ 
бар!» - десіпті. Сөйтсе ол өзі сары, өзі кәрі атан 
түйе екен. Сол заматта Едіге би: «Мұның жүнін 
бояп сары қылған ғой, тісін егеп кәрі қалған ғой!» - 
депті. Осы сөзді ілік қылып, бітім-тыным болыпты. 
«Торайғыр  бидің  сөздері»  –  тереңдігімен, 
парасатты  пайымымен,  ұлтқа  деген  шынайы 
көзқарасымен, әлеуметтік-қоғамдық қырларымен, 
философиялық  түйін-толғаныстарымен 
ерекшеленеді. Орыстың полковойы Омбыға алып 
барғанда, небір айла-шарғының тұзағын құрса да 
«Орыстың дәмін татпаймын!»  - деп, қасарысып 
қарсылық жасапты. Сонда полковой айтты дейді: 
«Аюдан  да  күшті  екенсің.  Жетпіс  күнде  аюды 
құрдай жорғалатушы едік, сені иліктіріп көндіктіре 
алмадық Бар, бар енді!» - деп, елге қайтарған. Бұ 
жақта  Баянауылға  Шоң,  Көкшетауға  Айғаным 
қала салдыра бастаған. Сонда Торайғыр: «Орысқа 
қарамаймын! А, құдай, орыстың жүзін көрсетпей 
мені ала гөр!» - деген. 
Торайғыр  би  ұшқыр  шешендігімен  қатар 
найзагер болған. Бірде жылқысына жау тигенде 
Уәлиханның  қадірлі  төлеңгіті  Алшынбай  деген 
бір  сарбазды  найзамен  шаншиды.  Ол  өкіре 
құлайды. Жан тәсілім етеді. Содан Уәлиханның 
асында  Абайділда  ханға  Торайғыр  би  көрісіп 
айтыпты:  «Құдай  тағаланың  құдіреті  хазіреті 
Мұса  пайғамбармен  Тор  тауында  сөйлегенде: 
«Мұса,  жердің  тарында  кім  тұр,  кеңінде  кім 
тұр?» - деген екен. Сонда Мұса пайғамбар айтқан 
екен: «Жердің кеңінде мен тұрмын, тарында сен 
тұрсың», - деген екен. «Мен он сегіз мың ғаламды 
жоқтан бар қылған Құдай болсам, жердің тарын, 
кеңін өзім жаратқан болсам, мен қалай тарында 
тұрамын, сен кеңінде тұрасың?» - дегенде, «Рас, 
он сегіз мың ғаламды жаратып, мені жоқтан бар 
қылған құдайым сен болсаң, сендей құдайым бар 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
96

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет