М. Ж. КӨпеевтің 155 жылдығына арналады


М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ



Pdf көрінісі
бет20/31
Дата12.03.2017
өлшемі1,82 Mb.
#8949
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31

М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
ақыл ойлаған, қылмаған өнер қалмаған. Жақсылар 
бас қосқанда алды-артынан тосса да, шылбырынан 
шалдырмай, құбылып гүл-гүл жайнаған. Өтіп кеткен 
мырзаның  жер  жоқ-ты  даңқы  бармаған!  Дүние, 
ақырет  ісінен  қылмаған  өнер  қалмаған.  Бұхара, 
Ташкент, Самарқанд, Урім менен Ресейде асылы бар 
ма алмаған?! Дүние бақытын байқасаң, тайы қысыр 
қалмаған, Тайлағы бота салмаған».
Жыраулық өнердің дүлдүлі Мәшһүр Жүсіптің 
«Мұса  Шорманұлы»  деген  жоқтауында  тарихи 
деректер де жарқын көрініс тапқан. 1855 жылы 
жасауылдық шен алғаны, екі медаль және бриллиант 
жүзік салғаны, Аққошқар, Бегалы, Шыңғыс, Тәттімбет, 
Ыбырай, Секербай, Тоқтамыстармен патшаға барғаны, 
медресе, мешіт салғаны, 29 жасында аға сұлтан 
болғаны, елді оқытқаны, аңшылық пен ұсталыққа 
үйреткені, «асыл туған шаһбаздың» жұртының «жел 
жағындағы панасы, ел жағындағы қаласы» екендігі 
құштарлықпен кестеленеді. 
Мәшһүр  Жүсіп  «қазақ  тілінен  асыл,  қазақ 
тілінен  бай  тіл  жоқ»  дейді.  Және  де  «адамның 
көңілі  ұшы  жоқ  ұзын,  түбі  жоқ  терең  дария» 
дегені  бар.  Демек,  М.Ж.  ақындық  даналығы 
мен  дүниетаным  даналығы,  ой-парасаты,  қиял, 
түйсік қуаты, рухани қабылет-қарымы, көркемдік 
тәжірибесі  бір-бірімен  қисынды  үйлесім  тауып, 
берекелендіріп Мұса Шорманұлының сұлулық пен 
ізгіліктен құйылған қайталанбас образын жасаған.
Жоқтаудың  қолжазба  нұсқасы  Санкт-
Петербургтағы Березин архивінде сақталған.
«Ағашсыз жапырақ» - сақилық пен сарандықты, 
адалдық пен арамзалықты, жақсылық пен жамандықты, 
елгезектік  пен  еріншектікті,  уайымшылдық  пен 
ойсыздықты, естілік пен қысыр кеңесті салыстыра 
сипаттаған терең мазмұнды ғибратты жыр. Мәшһүр 
Жүсіптің  лебізіне  зейін  аударайық:  «Жігіттер, 
сараңдықты қылма кәсіп, Болмайды сараң жанға 
жұмақ нәсіп. Болма да өзі тақуа, өзі сопы, Тозақтан 
құтылмайды сараң қашып». Я болмаса: «Қылыңдар 
сақилықты жастан машық, Жомартқа сегіз ұжмақ есігі 
ашық. Сахи адам – бір Алланың сүйер құлы, Болса 
да бөгеті жоқ қандай пасық!» Қас жақсының белгісі 
– кеңпейілділік, жомарттық. Ақыл адам баласының 
осындай  асыл  қасиеттерін,  аят,  хадис  сөздерін 
ардақтайды. Үлгі, өнеге тұтуға, «істер істің тәртібін 
білуге», өнерменен еңбек қылуға, «жалғанның келер-
кетер ісін ойлауға» үндейді.
«Бес  қымбат»  -  адам  баласының  рухани-
ізгілік  келбетін,  рух,  сана  болмысын,  ар-ождан 
тазалығын  терең  де  шынайы  толғаған  туынды. 
Ақынның «Бес қымбат» дегені иман, ғақыл, сабыр, 
шүкір, әдеп. Бұлар бір-бірімен берік-байланыстағы 
философиялық-этикалық  категориялар.  Рухани 
жетілудің негізгі шарттары.
«Бес парыз» - Мәшһүр Жүсіптің Исламның 
бес парызын (иман, намаз, рамазан, зекет, қажыға 
бару)  нақ-нағымен,  тақта-тақтасымен  келістіре 
суреттеген көлемді жыры. «Бес нәрсе бізге бұйрық 
бір Алладан, ықыласпен қылу керек білген адам» 
деп  қадап  айтады.  «Дүние  жиғанның»,  «қолы 
жұмықтың» емес, «Құдай үшін жанын қиғанның», 
«Өнерпаз - ғылым-білім» деп түсінген көкейкөзі 
керемет  «береген,  шыншыл»,  сәлем  беретін 
данасының қасиеттерін мөлдірете сипаттайды. 
«Құдай кірсіз, Ай мінез» екендігін, Пайғамбар 
хадистерін ерекше пайымдаған ақын:
Құдайдың шеберлігін көзіңмен көр,
Тіреусіз тұрған жоқ па көк пенен жер.
Алланың ризалығын шын ойласаң, 
Баланы кішкентайдан оқуға.
Баланы бер оқуға жас басынан,
Алланың  құр  қалдырмай  олжасынан  –  деп 
тұжырым жасайды.
«Балғынды жоқтау» – фольклор жинаушысы 
Мәшһүр Жүсіптің жазбасында «Батырбек деген 
төренің қызы Балғын өлгенде, шешесі жоқтады» 
делінген. В.В. Радловтың кітабында да осылайша 
көрсетілген.  «Балғынды  жоқтау»  он  шумақтан 
түзілген. Қара өлең үлгісінде шығарылған (ұйқасы а а ә 
а). Жоқтаудың көркемдік, музыкалық деңгейі жоғары.
Қарағым, айналайын, қандай еді,
Бауырсақ майға піскен нандай еді.
Мақтасам өзімді–өзім, болар өлім,
Баланың өзі құрбы маңдайы еді!
Қарағым, айналайын, ұлы кентім,
Сарғайды санаменен ақша бетім!
Мәтін  поэзиялық  сипаттаулар,  сөз–
символдарға бай («майға піскен нандай», «маңдай», 
«ұлы кентім», «ақ күміс», «ақ ешкі» т.с.с.)
« Т ө р т т а ғ а н »   -   ф и л о с о ф и я л ы қ   о й -
тұжырымдарға бай төрт тармақты өлең. Мәшһүр 
Жүсіптің көркемдік логикасы ересен. Сондықтан да 
телегей ой-пікірлерін тастүйін, жинақы, оймақтай 
етіп, жұтынтып жеткізеді әрі тереңнен толғайды, 
түбірінен  қозғайды.  Мәселен,  «Ай  –  қараңғы, 
күн-бұлт,  түн  демеңіз,  Біреу  –  жарлы,  біреу  – 
бай: күндемеңіз! Ата тілін сыйлаған халал ұлды, 
Хұтпа  ұстаған  молдадан  кем  демеңіз!»  Немесе: 

113
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
«Біреу – өлі, біреу – тірі: «Ал» мен «Бердің», Мал 
қашты  уысынан  һәмматлы  ердің.  «Шық  бермес 
Шығайбайға»  тұрақтады,  О  дағы  біліп:  «Ал» 
-ды берген жердің». Осынау төрттаған тұспалға, 
ғибратқа  бөленген.  Адам  басындағы  мәрттік, 
сан  етін  кесіп  беретін  жомарттық,  адамшылық, 
мейірбандық,  кеңпейілділік  азая  бастағанын 
мәлімдейді. Мәшһүр Жүсіп «Өлең және қара сөз 
ғибраты» деген ой-толғамында: «Ал» - «Бер» деген 
сөзі екі ағайынды болушы еді, соның «Ал» дегені 
өліп, «Бер» дегені тірі қалып, «Бар» - «Жоқ» деген 
екі ағайынды болушы еді. «Бар» деген сөз өліп, 
«Жоқ» деген сөзі тірі қалып» деп жазады. Бұл – 
ақиқат.  Дүниеқоңыздық  жайлаған  жерде  обал, 
сауап, рақым адыра қалады. 
«Үлгілі  сөздер»  –  өмір,  дүние,  тұрмыс–
тіршілік,  тағдыр  туралы  толғаныстарды  әсерлі, 
мәнерлі, нақышты жеткізетіндігімен қызықтырады. 
«Барлы,  Барлы,  Барлытау»  деп  басталатын 
түйдекте  адам  өміріндегі,  тірлігіндегі  көріксіз, 
қайшылықты  көрініс–жайларды  тізбелейді.  Ал 
«Ақсұңқар,  ұшқырмен  деп  мақтанба»  дейтін 
тізбектегі мақтангөйлікті, сасық, пасық пиғылды 
әшкерелейді. «Басым көп деп, топтанба, Малым 
көп  деп,  шоқтанба!»  деген  халық  даналығы 
тереңдігімен ерекшеленеді.
Бұрынғылардың:  «Мал  ұрысы  –  пенденің 
ұрысы,  Сөз  ұрлаған  –  Құдайдың  ұрысы»  деген 
сөзінің мәнісін, астарын Мәшһүр Жүсіп былайша 
түсіндіреді:  «Сабырласып  сөйлесудің,  сөзді 
жасырып  сөйлескеннің  хақында  айтылған 
сөз.  Бұрынғы  заманның  жақсылары  бүркітше 
саңқылдап,  айдай  ғаламның  көзінше  сөйлесуші 
еді. Бұл заманның қулары: «Бері шығып кетші!» – 
деген пәлеге қалды. «От ішінде мақта, Мақтадай 
Құдай сақта!»
«Үкібай  сөзі»  -  тарихилық  әрі  деректілік 
сипаттарымен өзгешеленеді. Би сөзінің бастамасы 
яки құлақкүйі былайша өріледі екен: «Адам Ата, 
Хан Шыңғыс, Дін мұсылман құл пейіс(бейіш), Алаш 
– алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Үйіміз ағаш 
болғанда, Ұранымыз: «Алаш!» болғанда. Алты сан 
Алаш, жеті сан қазақ, Тоқсан екі баулы Қыпшақ, Он 
екі баулы өзбек. Тоғыз таңбалы Арғын. Сан таңбалы 
Абылай, Қол (Құл) таңбалы Бөкей. Есім ханның ескі 
жолы, Қасым ханның қасқа жолы».
«Үкібай»  XIX  ғ.  өмір  сүрген  би.  Заты  – 
Арғын, Қаржас бұтағынан. Едіге бидің немересі 
Итемген бидің бір қысырағы жоғалғанда Үкібай 
би  «атасының  жолын»  сыйлап,  түгел  қылып 
қайтарған екен. 
«Үлгілі  сөз»  –кісілік,  дұрыстық,  түзулік 
жайындағы түйінді ой–толғаныстырға негізделген 
халықтық–поэзиялық  дәстүрдегі  терме 
сипатындағы  салиқалы  сөз.  Мысалы:  «Шын 
асылмен  дос  болсаң,  «Алсаңыз,  ал,  бер»  демес. 
Түзу жолда жүрген соң, Теңім түзу көрген соң, 
Жарлы  да  болсаң,  тұқым  шаш,  Еңбегіңді  жер 
жемес».  Немесе:  «Жастықта  қызба,  жалын  от, 
Артығы ақылға салмаса. Дариядан гауһар кім алар, 
тереңге сүңгіп бармаса?!»
«Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге» – Мәшһүр 
Жүсіптің шынайы ақындық өнерін, өмір, тіршілік, 
тұрмыс  құбылыстарына  деген  философиялық 
көзқарасын  терең  танытатын  болмыс-бітімі 
бөлекше шығарма. «Жел сөзге қызыл тілім ділмар 
еді», «Дананың сөзге жүйрік дүлдүлім», «Қырықты 
ілген қысқа күнде қыран едім», «Кеудеге Құдай 
кеңес  берген  шақта,  Қағазға  он  саусағым  атша 
желген» деуінде терең сыр бар. Өйткені, телегей 
ой-толғаныстар, сөздің меруерт толқындары бұл 
жырда  нөпірлеп  төгілген.  Мысалы:  «Көңілім 
–  дария  болғанда,  қолым  –  қайық,  Өз-өзімнен 
боламын Еділ-Жайық». 
Қоғам  өміріндегі  қайшылықтарды:  «Бір 
шын  сөзге  он  өтірік  қосып  айтатындықты», 
«ит  мойнына  гауһар  таққанмен,  басқа  затқа 
айналдырып  жібермейтіндікті»,  «есіл  болат 
жауһарды»  қадірлемейтіндікті,  қара  тасты 
жылтыратып ысқанмен айнадай жарқырамайтынды 
түп-тамырынан қозғап әшкерелейді. «Қасқырдай 
қақпандағы ызаланып, Жатырмын өз аяғым өзім 
шайнап» – деп қынжылады. 
«Ғибрат өлең» – Мәшһүр Жүсіптің жалғанның 
опасыздығы,  дүние  байлықтың  өткіншілігі, 
«ақыреттің жолы жақсы дүр» екендігі, «Ақымаққа 
дүние малы жақсы дүр» болатындығы, сондай-ақ 
адамның жас ерекшеліктері жайлы толғаныстары 
сыршылдықпен сипатталған. 
«Ғибратнама»  –  шығармашылық  еңбегі 
жайындағы «баяннама» (Мәшһүр Жүсіптің авторлық 
оралымы).  Ақындық  бұлқыныс-құлшыныстан, 
телегей толғаныстан тоқылған жыр. «Япырм-ай, 
кессем бе екем мен тілімді» деп бастап, қызыл тілдің 
қызығы мен шыжығын, ғұмырын яғни жас дәуренін 
«қасірет пен қапалықта өткізгенін» тебіреніспен 
жырлайды.  «Жаныма  тыныштығы  жоқ,  өзіме 
қас,  Бұлбұлдай  жағып  жұртқа  сайрағаным»  деп 

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
114
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
өкінеді.  Кей  ретте  «Бұлттай  жауатығын  менің 
өзім», «Ғаламға дастан қылып айтқан сөзім» деп, 
дархан дарынына сүйсінеді. Дереу көңіл, күй, ой, 
сезім толқындары басқаша реңге өзгеріп, «Бораған 
қардай  болып  бұрқырадым,  Жалғаннан  суып 
көңілім,  тоқырадым»  деп  күйінеді.  Ақын  ойын 
әрі  қарай  тереңдетіп,  тәмсілге  көшеді.  Сөйтіп, 
бұлбұл  мен  қаршығаны  кездестіріп,  бір-бірімен 
сөйлестіреді.  Бұлбұл  айтады:  «Жалғанда 
ынтызарым – бір қызыл гүл!» деп. Қаршыға сен 
ақылға кендесің. Бектер бағып қағады. Жүйрігіңіз 
ерттеулі.  Патшаның  қасындасыз.  Кекіліктің 
жүрегі  мен  миын  қоректенесіз,–  дейді.  Бұған 
қаршыға былайша уәж айтады: Сен де ақымақсың. 
Пайдасы жоқ гүлге ғашықсың. Жағың тынбайды. 
Зарығумен, зарлаумен өміріңді өткізесің,– дейді. 
«Ғаламға  дастан  болған  бұлбұл  атым» 
бар  дегенінен  танбайды.  Өнеріне  табынады. 
Ақын жырдың ең соңғы шумағын: «Құс болсаң, 
бозбалалар, бұлбұлдай бол! Табылар іздегенге бір 
қызыл гүл! Ет үшін бір-екі торға түскен, Тіл алсаң, 
бола көрме қаршыға сол!» – деп түйіндейді. Затыңа, 
атыңа лайық қызмет жаса дегенді көкейге ұқтырады. 
«Мәшһүр»  атты  қалай  алғандығы  туралы» 
–  Мәшһүр  Жүсіп  өзінің  шығармашылық 
өмірбаянын  жан-жақты  баяндайды.  Ақынның 
рухани  жетілу  жолдары,  алты  жасында  «Шар 
кітапты»  жатқа  заулатқанын,  арабша,  парсыша 
самардай  қақсағанын,  «Тарғын»  мен  «Қозы 
Көрпеш»  жырларын  тамылжыта  жеткізгенін, 
сегізден  тоғызға  қараған  жасында  «парасат 
нұрын»  болмысына  дарытқан  аға  сұлтан  Мұса 
Шорманұлы  «Мынау  Мәшһүр  болатын  бала 
екен!» деп, үкі тақтырғанын (Ғабдолла Халфенің 
қызы  Бибі  Мәриям  қызының  басындағы  бір 
тал  шоғын  мүбарак  қолымен  жайғастырғанын), 
Нәжмеддин,  Шөкелұғлы  Дүржанбай,  Жүніс, 
Дамолда,  Қамар  хазіреттердің  ересен  ұстаздық 
еңбегін айшықты бедерлеп өрнектейді. «Көз, көңіл 
құлын  жастан  нұрға  тойғанын»  яғни  «Кеудеге 
он бес жаста ғылым толды, Толумен тасып кетіп 
өлең қонды» дегенінде бейнетқорлықтың, қайтпас 
қайсарлықтың,  мақсаткерліктің  ғажайып  үлгісі 
бар. «Бейнет беру жағына Құдай мырза, Құдай өзі 
берген соң, ни как нельзя» дейтін сөзі айғақ. Ұстазы 
Дамолда хазірет «Уай, әулие» – дейді екен.
«Аузыма  сөздің  шынын  Тәңірім  салған» 
деп,  Мәшһүр  Жүсіптің  өзі  айтқандай,  осынау 
өлеңінде  ақындық  сырлары,  хакімдік  болмысы, 
адамгершілік қырлары, кемеңгерлік ғибраттары, 
асыл ойлары айрықша көрініс тапқан. 
«Мәшһүрдің өзін-өзі ертегі қылып сөйлегені» 
– ишарат, тұспалға негізделген шығарма. Ерте, ерте, 
ертеде бір ханның қолына сұңқар ілігеді. Баптайды, 
мәпелейді.  Оның  балақ  бауын  алтындатады, 
алтын күннің сәулесіне ойнатып жалтылдатады. 
Таза алтыннан қоңырау жасатып тағады. Сұңқар 
мейлінше алғыр болып жетіліп, аспан құшағында 
әуелеп,  асып-тасады.  Иесіне  қайрылмай, 
сый-құрметіне  мойынсұнбай  менмендікке 
ұрынады.  Дей  тұрғанмен,  ұшқан  ұясына  деген 
ынтызарлық  орасан  оянып,  мекеніне  оралады. 
Балақ  бауын  ұяластары  жем  деп  жиналады. 
Олардың  ойлағанындай  болмаған  соң,  барлығы 
да  теріс  қарайды.  Сылдыраған  қоңырауынан 
да  үрейленеді.  Жан-жақтан  дүрсе  қоя  береді. 
Ақыры итқорлықпен өледі. Ақын өзінің өнердегі 
жолын, ғылымдағы соқпағын осы бір жағдаймен 
салыстыра суреттейді. 
«Біледі  өз  басынан  кешкен  кісі,  Талай  уын 
жалғанның  ішкен  кісі.  Жалғыз  шала  болумен 
бықсып қалып, От боп заулап жана алмай өшкен 
кісі. Қуғаным бала жастан – ғылым жолы, Емес пе 
ғылым жолы – ханның қолы?!» деп, өз жайынан 
сыр толғайды. Рухани кемелдікті, кемеңгерлікті 
мойындау – келешектің ісі, болашақтың еншісі. 
«Төрт асыл, бес береке» – бұл адам бойындағы 
асыл қасиеттердің (ақыл, тіл, дін, жан-ділің, көңіл, 
ой  және  т.с.с.)  жайынан  сыр  толғайды.  «Төрт 
асыл, бес береке – бір бойынан. Табылса, түгел 
болып, әне, кісі!» - дейді. Негізінде, ақын кей ретте 
ой-пікірлерін жұмбақтап жеткізеді. Мысалы, «Бірі 
– төрт, бірі – бесеу, – болсын тоғыз, Ат тезегін 
әуре  боп  жинар  қоңыз.  Тоғызды  түгендемей 
ұстағанды, Обалсыз, адам демей, деуге – доңыз». 
Осы бір таңғажайып сөзімді шешкен адам қазынаға 
жолығар деп мәлімдейді. Құдайды мойындаған, 
тілің – жан-ділің екендігін шын білген, «дініңмен 
(денеңмен) оянбастан ғамал қылған», бес уақыт 
намаз оқыған, қайыр садақа, зекет берген, нәпсісіне 
(көзге,  тілге,  жүріске)  ие  болған,  «несие  сөзге» 
ұрынбаған, жүйелі сөз туындатқан, жақсы әдетті 
серік  еткен,  берекеге,  игілікке  қол  жеткізетінін 
әсерлі, мәнерлі сипаттаған. 
«Әменді жоқтау» – Мәшһүр Жүсіп «өзінен өте 
туған баласы», араб-парсы, түрікше, орысша тілдерді 
жетік меңгерген ортаншы ұлы Әмен 1921 жылы 
Ташкенттегі №14 мектеп-интернатта ұстаздық етіп 

115
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
жүргенде қастандықпен өлтірілуіне байланысты 
шығарған  жоқтауы.  Бұл  жоқтауды  осы  бір  жан 
түршігерлік қайғылы оқиғаның куәгері Уәлихан 
Омаровтың айтуы бойынша шығарған. Әмен өте 
турашыл,  әділетті  болған.  Сүймегеніне  еріксіз 
қосылған бір келіншек Әменге келіп мән-жайын 
түсіндіреді.  Елгезек  Әмен  оның  мұңын  тыңдап, 
өтініштерін хаттап, әйел құқын қорғаушы мекемеге 
бергізеді. Сөйтіп, бас бостандығына ие болады. 
Содан оның бұрынғы күйеуі Әменге өштесіп, Әмен 
«Мезгілсіз іңір кезі суға барғанда» төрт қарақшы 
бүйірінен екі рет пышақ салып өлтіреді. Алаштың 
уыз жастары, замандастары, «ығай мен сығай өңшең 
асыл тастары» «алтын кеуде» Әменді ақтық сапарға 
ардақтап  шығарып  салады.  Мәшһүр  Жүсіптің 
Әменнің аяулы достары «Алаштың ат атанған науша 
жасы,  Жүзіктің  көзіндегі  асыл  тасы»  Садуақас 
Оспанов, Сапа Уәлиханов, Калатин, Ғиных Колетов, 
Ибраһимов,  Кашомхыз  Спандияров,  Ғазымбек, 
Хамит есімдерін құрметпен атайды. 
«Мұндай ұл туа бермес бұл алаштан, Алашқа 
абыроймен атап шашқан» Әмен рухына ескерткіш. 
«Әмен қазасына» – Мәшһүр Жүсіптің ұлының 
қазасын естігенде «Бозінген, бозайғырдай» күйге 
түсіп, күйініштің, қасіреттің отына күйіп шығарған 
жыры. «Қан түсті алпыс үште аяғыма, оқ тиіп түзде 
жүрген саяғыма» деп зарлайды. Ұлт үшін жанын қиған 
перзентінің ұлы рухын, болмысын: «Құдайдың бір 
зор сыйы маған берген, Толық қып бергендігін алаш 
көрген» деп сипаттайды. Және «Толық боп жарап 
кеткен құрбандыққа» деп, шүкіршілік жасайды.
«Қазыбек би және қалмақ ханы» – Абылай хан 
заманында жүз кісі елшілермен бірге Телқоңыр тай 
мініп жүрген он бес жасар бала Қазыбек ат бәйгесіне де 
қосылып көрейін деп қалмақ еліне барғанда Тайкелтір 
би сөзін майдалап, кішірейіп сөйлеген сәтте босаға 
жақтан атып түрегеліп, құстай ұшып Қоңтажыға 
айтқан атақты сөзінің тарихы баяндалады.
«Қазақ деген мал баққан, Сарыарқада қаздай 
қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын, ұзақ 
өзенді, көк майса көкорай шалғында, сахара салқында 
ел  жайлап  шалқып  жатқан  елміз.  «Елімізден 
қашпасын!»  деп,  «Жерімізді  жау  шаппасын!» 
деп,  найзамызға  үкі  таққан  елміз.  Жау  аяғына 
басылмаған ел боламыз. Досымызды сақтай білген, 
дәм-тұзын ақтай білген ел боламыз. Ұл туса, атадан: 
«Құл  болам!»,  -деп  тумайды.  Анадан  қыз  туса: 
«Күң болам!», -деп тумайды. Ұл менен қыз сенің 
тұтқынында отырса, оларды азат етпей тынбайды.
Қатты болсаң, темір шығарсың,
Сен темір болсаң мен көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келгенмін!
Сен көктегі құс болсаң,
Мен іліп тастар сұңқармын.
Сен жердегі аңның жүйрігі құлан болсаң,
Мен қуып жетіп соғар тұлпармын!
Сен қабылан болсаң, мен жолбарыс,
Алысқалы келгенмін!
Жау тілегенге
Жасыл туса еді, - деген,
Ел болып, шабысқалы келгенмін!
Елімнің шетіне ойран салған өзің:
Бітім беретін болсаң,
Айыбыңды мойындап, бітім бер!
Болмаса, тұрысатын жеріңді айт,
Шабысқалы келгенмін! – депті. 
– Япыр-ай, дауысың қаздың дауысындай екен! 
Қазақ деген елдің дауысы қаз дауысты екен, - деп, - 
Сенің атың «Қаз дауысты Қазыбек» болсын, менің 
қасыма келіп отыршы! – депті Қоңтажы. 
«Қазыбектің қастандықтан аман қалғаны» – 
бидің батыр бауыры Бөдене бір жаққа жолаушылап 
кеткенде  аталас  жақындары  Қосым  жорға, 
Жалықпас, Хан Бертіс үшеуі өлтірмекші болып, 
Қазыбекті шақыртады. Олардың арам ойын сезген 
қарындасы  Мәлике  сауыт  кигізген  еді.  Әңгіме 
үстінде Қосым Жорға: «Ананы айттық, мынаны 
айттық, бағанағыны қайттік» – деген Хан Бертіс 
Қазыбектің үстіне міне түседі. Үшеуі де Қазыбекті 
жұлмалап  жатқызады.  Осы  бір  заматта  Бөдене 
батыр жетіп келеді. Ол Хан Бертісті көріп: «Атын 
атайын ба, өзін атайын ба?» – дейді. «Қан төгіп 
қайтесің, атын ат!» – дейді. 
Содан Хан Бертіс Ташкентке қашып кетеді. Ол 
екі-үш жылдан кейін 250 ақ байтал мен ақ сәукелені 
айыпқа беріп, Қазыбек бидің аяғына жығылады.
«Қазыбектің  төртінші  билігі»  –  жетпістен 
асқан  Азбас  тоқалдыққа  еріксіз  Гөбе  сұлуды 
алмақшы  болғанда,  Қазыбек  би  арашаға  түсіп, 
қызға теңдік әпереді. 
«Қазыбектің үш сұраққа жауабы» – мұнда ол 
бір қарияның «Жақында не жақын?», «Қымбатта 
не қымбат?», «Дүниеде не қиын?» деген күрделі 
философиялық  сауалдарына  берген  дәйекті, 
дәлелді жауаптары жинақталған.

ӨЛКЕТАНУ № 2, 2013
116
М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
«Қазыбектің  үшінші  билігі»  –  Үш  жүздің 
баласына ортақ бір үлкен дауда игі жақсылардың 
басы қосылғанда, Ұлы жүздің төбе биі Төле би, Кіші 
жүзден Мама би билік-төрелік айтуға таласқанда 
атаның  өсиетін  неге  естен  шығарасыңдар  деп, 
Қазыбек былайша сөйлеген екен: 
- Білмесең, атаңның өсиеті мынау: «Ұлы жүзді 
қауға бер де, малға қой. Кіші жүзді найза бер де, жауға 
қой. Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой!» - дегені 
қайда? Соған қарағанда төре беру жолы менікі емес 
пе? – депті. –Жығылсам, алдымда ағам бар, сүрінсем, 
артымда  інім  бар:  билік  менікі  еді  ғой!  Мұны 
біреуіңнің аузыңа алмағандарың қалай? – депті. 
Бұл сөзді үш жүздің жиналған адамдары бір 
ауыздан қабылдап, билікті Қазыбекке беріпті. 
Қазыбек осы арада.
- Уа, Үйсін: Төле би, сен атадан үлкен болып 
тудың. Ініңнің бір еркелігін көтеретін жөнің бар. 
Оны ойламай, жылқысын неге қуып аласың? Уа, 
жарқыным Мама би, сен атаның қара шаңырағында 
қалған екенсің, ағаңның көзінің тірісінде жеңгеңді 
неге зорлықпен әкетесің? «Даугердің адалы құстай 
ұшатын да, арамы мұрттай ұшатын». Сен, Мама би, 
қатыныңды қайтар, сен Төле би, жылқыны қайтар. 
Екі жағыңда иесіне табысы болмаған, екі аяқты 
түгіл, төрт аяқты қалмасын! – деп, билік айтыпты. 
«Қазыбектің:  «Тәңірі  алдына  барғанда» 
сөзінің  әсері»  –  ертоқым  дауына  байланысты 
төрелік сөз. Бірде Ұлытауда ас болады. Ұлы жүздің 
Сиқым, Жаныс руларының жігіті Арғынның бір 
азаматының керемет ертоқымына қызығып, Төле 
бимен  кеңеседі.  Би:  «Мынау  менің  былтырғы 
жоғалған  тұлпарымның  үстінде  кеткен  менің 
ерім!»  -  деп,  алып  кел.  Мен  бір-ақ  ауыз  сөзбен 
бұйырып берейін! – депті. 
Сонан  Төле  би  аудара  қарап,  ақтара  сұрап: 
«Көзі  бар  еріңді  өзің  ал,  көзі  жоқ  тұлпарың 
салауат!» - деп кесім айтыпты. 
Жаланың  отына  күйінген  арғынның  жігіті 
Қазыбекке  жүгінеді.  Қазыбек  Төле  би  отырған 
үйге келеді. Бірсыпыра адамдар бар екен. Ұрланған 
ерді  бірінен  соң  бірі  көріп  отыр  екен.  Қазыбек 
те  күміс  ерді  алақанына  қондырып:  «Қапталың 
–  қайың,  қасың  –  шұбар,  Қалменбет  қосқан  бір 
ерсің! Үйсінге ие Төле би, Бұл ерге қайтіп тиерсің?! 
Сиқым, Жаныс екі топ, Бір ерге қайтіп мінерсің?! 
Бұл  мінезбен  Үйсінді,  Бір  төбеге  үйерсің!  Бұл 
мінезден  қайтпасаң,  Тәңірі  алдына  барғанда, 
Қалменіңмен күйерсің!» - депті. 
Сол-ақ екен Төле би: «... Мен бір сөзді ойнап 
айта  салып  ем,  ерді  иесіне  беріңдер!»  -  деп, 
райынан қайтыпты. 
«Торайғыр  бидің  сөздері»  –  тереңдігімен, 
парасатты  пайымымен,  ұлтқа  деген  шынайы 
көзқарасымен, әлеуметтік-қоғамдық қырларымен, 
философиялық  түйін-толғаныстарымен 
ерекшеленеді. Орыстың полковойы Омбыға алып 
барғанда, небір айла-шарғының тұзағын құрса да 
«Орыстың дәмін татпаймын!»  - деп, қасарысып 
қарсылық жасапты. Сонда полковой айтты дейді: 
«Аюдан  да  күшті  екенсің.  Жетпіс  күнде  аюды 
құрдай жорғалатушы едік, сені иліктіріп көндіктіре 
алмадық Бар, бар енді!» - деп, елге қайтарған. Бұ 
жақта  Баянауылға  Шоң,  Көкшетауға  Айғаным 
қала салдыра бастаған. Сонда Торайғыр: «Орысқа 
қарамаймын! А, құдай, орыстың жүзін көрсетпей 
мені ала гөр!» - деген. 
Торайғыр  би  ұшқыр  шешендігімен  қатар 
найзагер болған. Бірде жылқысына жау тигенде 
Уәлиханның  қадірлі  төлеңгіті  Алшынбай  деген 
бір  сарбазды  найзамен  шаншиды.  Ол  өкіре 
құлайды. Жан тәсілім етеді. Содан Уәлиханның 
асында  Абайділда  ханға  Торайғыр  би  көрісіп 
айтыпты: «Құдай тағаланың құдіреті хазіреті Мұса 
пайғамбармен  Тор  тауында  сөйлегенде:  «Мұса, 
жердің тарында кім тұр, кеңінде кім тұр?» - деген 
екен. Сонда Мұса пайғамбар айтқан екен: «Жердің 
кеңінде мен тұрмын, тарында сен тұрсың», - деген 
екен. «Мен он сегіз мың ғаламды жоқтан бар қылған 
Құдай болсам, жердің тарын, кеңін өзім жаратқан 
болсам, мен қалай тарында тұрамын, сен кеңінде 
тұрасың?» - дегенде, «Рас, он сегіз мың ғаламды 
жаратып,  мені  жоқтан  бар  қылған  құдайым  сен 
болсаң,  сендей  құдайым  бар  екен.  Мен  жердің 
кеңінде тұрмай кім тұрады? Менің сендей құдайым 
бар болғаны үшін, жердің кеңінде тұрамын. Сенің ар 
жағыңда сүйенетұғын құдайың жоқ, жердің тарында 
тұрғаның сол емес пе» - дегенде, «Рас айтасың, 
құлым. Сөзің – хақ сөз!» - деген екен. Сол айтқандай, 
сендей төрем бар, не ғамым бар, тақсыр»?!
Алшынбайдың  жесіріне  Торайғыр  би: 
«Алшынбайдың ажалы жетті де, менің ақ найзамның 
ұшының абиыры кетті де?!» – дегенде, ол: «Байым 
өзінен кемнен өлмей, өзімен теңнен өлген екен. 
Қараңғының көзі бола ма, тиіп кетсе сөзі бола ма! 
Құдайға разымын, байыма да разымын, өлтірген 
жаным, саған да разымын. Мен байымның құнын 
кештім» - деген екен.

117

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет