М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007


Мәшһүр Жүсіптің өлеңдерінің жанрлық сипаты



бет2/25
Дата09.06.2023
өлшемі429 Kb.
#99983
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
1. Мәшһүр Жүсіптің өлеңдерінің жанрлық сипаты

Әдебиеттанудың басқа да салалары тәрізді жанрлық сипатын сөз еткенде, оның бар кезеңде, бар ақында үнемі біркелкі болып келе бермейтінін, қайта дәуір, стиль т.с.с. әсерімен түрлі өзгеріске түсіп отыру мүмкіндігін алдымен діттегіміз келеді. Осы орайда белгілі орыс зерттеушісі В.Г.Белинскийдің: «Жанрлардың шекарасы нағыз дәлдіктен гөрі шамамен айырылады. Қайткенмен де оны картада мемлекеттің шекарасын көрсеткендей саусағыңмен нұқып көрсете алмайсың. Көркемөнер қай жақтағы болсын, бір шекарасына таяна беріп, өзінің әуелгі мағынасын біртіндеп жоғалтады да, шекаралас екінші жанрмен мағыналас болады. Сөйтіп, шекаралас екі сипаттар ортақтасып екеуін жинастырады»-деп, жазғанын қазақ ғалымы С.Қирабаевтың С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» туындысының жанрлық сипатын анықтау үшін қолданғанын [14] осы орайда еске салғымыз келеді.


Лириканың жанрлық сипаты сөз болғанда да, оның тап-таза бір түрін бөліп көрсету мүмкін бола бермейтінін де жоғарыда аталған (В.Г.Белинский пікіріне) сүйеніп айта аламыз. Әйтсе де тап-тазасы қалған жоқ екен деп, оның шартты түрде бөлінген түрлері бар екенін де жоққа шығаруға болмайтыны анық.
Кез келген ғылым саласы тәрізді бұл мәселеге де соңғы нүкте қойылмайтынын, қойылуы мүмкін де еместігін ескерсек, мұнда да бұрыннан қалыптасқан басы ашық жанр түрлері бар да, әлі толық анықталып бітпегені, әйтсе де сол толықтыққа жету үшін де алдын-ала сараптауды тосып тұрған, әзірше шартты түрде ғана бөлініп жүрген жанр түрлері бар екендігін де ескерген жөн. Мәселен, мысал (басня), мұң өлеңі (элегия), мадақ өлең (ода), төрттаған (рубаи), нәзира т.с.с. бұрыннан шаңырақ көтерген даусыз лирика түрлері саналады. Ал, жоқтау, арнау, айтысты т.с.с. А.Байтұрсыновтың 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» кітабынан бастап ұлттық өлең түрі, ұлттық үлгі деп қарастырып келгеніміз белгілі. Сонымен бірге ойлану (медитативті), жұмбақ, хат өлең түрлерін жанр түрі, немесе тақырып т.с.с. бойынша жіктелім үлгісі деп, қабағат саралауда еш ағаттық жоқ. Осы орайда шығыс поэзиясында кең орын алған рауаят, хикаят ұғымдарын да ескермей кете алмаймыз. Соңғысының жоғарыда аталған А.Байтұрсынов кітабына енуі де тегін емес.
Сондай-ақ шығармаларды: үгіт (дидактикалық), шолу, деректі, аңыз, тұспал өлеңдері немесе махаббат, табиғат тақырыбындағы туындылар деп бөлуде, жанрлық межелеумен бірге, тақырыптық ерекшелік қоса ескерілетінін де діттей отырып, қазақ өлеңдерінің жанрлық табиғатын кең саралау үшін бұлай бөлудің де ұтымды тұстары мол екендігін ескермей болмайды.
Қысқасы, лирикалық қаһарманның ашылу деңгейі, белгілі бір тақырыптың қамтылу көкжиегі тұрғысынан болсын, бұл аталған өлең түрлерінің т.с.с.поэмаға мүлде келмейтінін, қалай түрленсе де, лириканың жанрлық шеңбері ішінде қалатынын басшылыққа аламыз.
Патшылық Ресейдің отарлау саясатының ХІХ ғасырда күшейе түсуі, алдымен хандық билік (1822ж.) кейін аға сұлтандықтан да айрылу (1868 ж.) және қазақтың неғұрлым шұрайлы жерлерінің Ресейден келушілерге зорлықпен тартып әперілуі, сөйтіп жер-судан айрылған халықтың жүдеп-жадауы, тозуы және ұлттық баспа, медресе, мешіт, мектеп ісіне қойылған ашық, жасырын шектеу, кемсітулер- бәрі адамдардың материалдық мұқтаждықпен бірге рухани азып-тозуына ықпал еткені белгілі. Бұл қысым ақындар шығармашылығына да елеулі әсер етті, ел билеушілердің отарлау саясатын сынау т.с.с. өсті.
Сол дәуірдегі: Абай Құнанбаев (1845-1904), Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931), Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) т.с.с. тәрізді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) өлеңдерінің идеялық-тақырыптық негізіне дәуір шындығы шешуші ықпал жасаумен бірге оның туындыларының жанрлық сипатын да негіздеді. Осы орайда халықтың өз мүддесі үшін күреске ұмтылуын тудыру үшін, тікелей үгіт айту, дидактикалық сарын етек алуы да заңды еді. Сөз жоқ, бұл кезеңде жалаң үгіт айту, дидактикалық ықпал қанат жаюынан өлең көркемдігінің біршама солғындау мүмкіндігі де туғаны анық. Әйтсе де көркем шығарманы тек әсемдікті әспеттеу құралы деп қараумен шектелмей, қайта сонымен бірге пәрменді насихат көзі ретінде пайдалану басқа да өз әріптестері тәрізді Мәшһүр Жүсіптің де ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде тікелей үгіт өлеңдерін көбірек жазуын негіздеді. Осы орайда тікелей үгіт айтуға бағытталған өлеңдерінің бәрінің көркемдігі төмендеді деуге келе бермейтінін, қайта көп ретте сол насихатты неғұрлым әсерлі беру үшін де, көркемдік ізденістің өзіндік сан түрлері отау тіккенін де ескермей кете алмаймыз. Демек бұл өлең түрі туралы А.Байтұрсыновтың: «Ақыл айтқан, жол көрсеткен, жөн сілтеген мағыналы өлеңдер- үгіт өлең деп аталады» [15, 240 б.]- деуі тегін емес дегіміз келеді.
Міне, бұл тұста орыс лирикасының сыр-сипатын ашуда көп тер төккен В.Д.Сквозниковтың ақын Баратынский поэзиясындағы дидактизмді атап көрсетуін [16] және И.Ю.Подгаецкаяның «Маяковский өлеңдерінің лирикалық пен шешендік бастаулар түйісуінің көп түрлі нұсқаларын» беретінін [17] атап көрсеткеніне назар аударғымыз келеді.
Дидактикалық өлең жазудың көне шығыс поэзиясында кең орын алғанын діттеу үшін Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» (1069-1070) кітабынан үзінді келтіреміз.
Білім-өнер қонады үйренгенге,
Қадірлесең, сені олар сүйрейді өрге.
Оқу оқы, білім ал, жүрме бекер,
Қажетіңе сол жарар күн келгенде.

Білім шешер бар сырдың тас түйінін,


Білім ал, оқы өмірді жақсы ұғынғын.
Біліміңді іске қос, тағы оқып,
Тағы үйренсең ғанибет, шат бұл күнің [18].

XV-XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясын алсақ та, дидактикалық өлеңдердің аз еместігіне көз жеткіземіз:


Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа!
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа!
Асан қайғы. XV ғ. [19, 66 б.].

Балаларыма өсиет:


Болмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Ақтамберді Сарыұлы. XVІІІ ғ. [19, 102 б.].

Қазаққа пайда мынау, малын бақсын,


Отқа жайып, суарып, бағып қақсын.
Шал Құлекеұлы. XVІІІ ғ. [19, 157 б.].

Еменнің түбі сары бал,


Еріскен көңіл бәрі бал.
Жоғарыдан төмен төгейін,
Керегіңді теріп ал.
Қасыма ерген жолдастар,
Антыңды бұзып айрылма,
Зейініңді бермен сал.
Махамбет. ХІХ ғ. [20, 64-65 б.].
Міне, көркем әдебиетті алдымен халыққа қызмет ету құралы деп түсінген ақындар тікелей үгіт өлеңдерін жазса, ондай туындыларды төменгі, екінші сортты деуге келе бермейтінін дәлелдеу үшін данышпан суреткер ақын Абайдың өзінің ара-тұра болсын, тікелей насихат өлеңдерін ұсынғаны тегін емес деп санаймыз:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап-босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
... Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ-
Бес дұшпаның, білсеңіз. 1886 ж. [21, 65 б.].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет