1.9 Мәшһүр Жүсіптің төрттағандары
Мәшһүр Жүсіп лирикасының жанрлық сипаты дегенде, ол жазған төрттағандарға, яғни шығыс поэзиясында рубай деп аталған өлең түріне, кеңірек үңілуіміз заңды. Әдеби терминге арналған сөздікте ол туралы: «Әр рубаи өзіндегі аяқталған ойды білдіреді» [26, с.251] – деп, орынды көрсетілген. Қазақ әдебиетшілер пікірлері ішінен белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев рубаи мәнділігін дәлелдеп ашқан «Шындап келгенде рубаи жемістің сығып алған нәрінің қайнаған қағындай маңызды жыр, төрт жол өлеңде романға арқау болар нығыз ой жатады. Бас-аяғы жұп-жұмыр, теп-тегіс, қырланған алмастай қымбат дүние. Жақсысы бір оқығанда-ақ жатталады.
Мәселен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына рубаиын алайық:
Сезімнің сыртқа шықпас түрі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Көрсетпейтін жүректің ісі бар ма?» -
Терең психология да осында, философия да осында. Адам тағдыры! Рубаи жазу қиын. Жай өлең жазу оңайырақ [42].
Қазақ ақындары шығыстық дәстүр рубаи үлгісін кең қолданған:
Мекке мен Мәдине жолдың үші (ұшы),
Алыс сапар жол дейді барған кісі.
Ата менен анасын күткен жанға –
Мекке мен Мәдине – үйдің іші
(Шал Құлекұлы) [19, 156 б.].
Осы орайда мынадай шүбә тууы да заңды: «Бұл мүмкін тек төрт жолдан тұрмаған болар, бізге жеткен түрі осы болар». Біздіңше, бұл келтірілген мәтінде ақынның айтпақ ойы толық аяқталған, яғни ол ата-анасын күтуді Мекке, Мәдинеге қажылық сапармен теңестіріп отыр.
ХVІІІ ғасырдағы Шал Құлекұлы дәстүрін ХІХ ғасырдағы Ақмолла Мұхамедиярұлы былай жалғастырған:
Түннен артық хақ жаратқан күндізді,
Түнге мақұл-Ай, қасында жұлдызы.
Жауса жаңбыр, мысал, рахат Ғаламға,
Түрленіп гүл, жасарады жер жүзі.
* * *
Шіркін, тілден тамар шәрбәт мүләйім,
Мақсатым сол: сөз тебірентсем, әрдайым.
Бердің, тәңірім, тілді бізге сөйле деп.
Тура жолға тілді баста ылайым [43].
«Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлегені» өлеңі бұған дейін 2 рет жарық көрді. Оның біріншісі 1984 жылы республикалық «Жұлдыз» журналында (№3, Әзірлегендер: Қ. Мұхамедқанов, Қ. Мәшһүр-Жүсіпов), екіншісі ақын таңдамалысының бірінші томында (Алматы, Ғылым, 1990, 72-81 б.) жарық көрді. Әйтсе де осы басылымдарда бұл аталым бір өлең ретінде ғана берілсе, кейін әзірленген ақын шығармаларының 4 томына ол бірнеше өлеңдер шоғыры ретінде ұсынылуы тегін емес. Біздіңше, бұл-бір өлең емес, бірнеше өлеңдер шоғыры. Шығармаларды біріктіруші жайт – оның бәрінің ақынның 46 жасында жазылғаны. Әйтпесе төменде келтірілмек төрттағандарды біріне-бірін қосып бір туынды етіп ұсыну қисынға келмейді. Себебі олардың әрқайсысында әрі басталып, әрі тамамдалған белгілі бір ой, идея бар. Соған сүйеніп оны бір емес, бірнеше төрттағандар жиынтығы, тек біріктірер желісі – оның бір мерзімде, тек 46 жаста жазылғаны – деп тұжырған дұрыс деп санаймыз:
Құйынмен – жерде жатқан шөп-шар ұшты,
Әуелеп, аспанға ұшып, көзге түсті!
Желмен ұшып жүргені – есінде жоқ,
О да ойлар: «Ешкім жоқ, - деп, - менен күшті!»
* * *
Өзімді - артық, өңгені кем көрмейін,
Бір ат мініп, бір атты өңгермейін!
«Менен асқан кім бар?» - деп, лағу сөйлеп,
Ақымақлықты семіртіп, жем бермейін!
* * *
Мен жүрмін дүние қуып, әлі жетпей,
Жас жетсе де, балалық ойдан кетпей!
Зер танитын зергердің жоқтығынан,
Алтын басым тот шалып, қалдым өтпей!
* * *
Қарқылдап қаз орнына қонды қарға,
Жүйрік жорға орнына – тақтақ арба.
Ай мен күннің орнына – бұлт жүрді,
Замана солай болды, шараң бар ма?!
* * *
Бетеге мен көделер сүнбіл болды,
Қарға – бұлбұл, есектер – дүлдүл болды.
Басты қанша қосқанмен, піскен сөз жоқ,
Бір қайнауы ішінде дүмбүл болды.
* * *
Былғарының орнына – көн мен сірі,
Теріс қарасар, ұнатпай бірін-бірі.
«Ал!», «бер!» - деген сөз еді – екі ағайын,
«Ал!» - өліп, «бер!» - деген сөз қалды тірі!
* * *
Екі сөз: бірі айтылды, бірі – қалды,
Уақ [ұсақ] ақша таусылды, ірі қалды.
«Бар!» - деген сөз аты өшіп, тып-тыпыл боп,
Бұл күнде: «Жоқ!» - деген сөз тірі қалды [23, 127-130 б.].
Жоғарыда біз келтірген бірінші төрттағанда алдымен «құйынмен жерде жатқан шөп-жер» ұшқаны, «менен күшті» «ешкім жоқ» - деп ойлайтыны берілген. Осы бір шағын ойды бастап та, тамамдап та үлгерген төрттағанды басқа өлең құрамына кіргізуге болама ма? Екінші төрттағанға келсек, ол алғашқыға ілестіріліп берілсе де, тіпті соның дамыған түрі ретінде көрінсе де өзіндік шаңырақ құруға сұранып тұр. Зерделесек, адамның өзін артық, біреуді кем көруі «бір ат мініп, бір атты» өңгеру тәрізді әрі ерсі, әрі қолдан келмес іс екен. Мұны төрттаған соңындағы дерексіз ұғым ақымақтықты семіртіп, жем бермеу ниеті дамытып, белгілі бір идеяның аяқталған түрі отау тіккені анық. Үшіншідегі «Зер танитын зергердің жоқтығынан» лирикалық қаһарманның алтын басының өтпей қалуы да жеке қора-жайы бар біткен – үй есебінде бөліп қабылдауға лайық. Ал төртіншіде қаз орнына қарға қонуымен салыстырыла «жүйрік жорға орнына тақтақ арба» шығуы да біріне-бірі ұқсас үйлеспеушілікті аңғартумен бірге өздерінен кейін орын алған «Ай мен күннің орнына бұлт» - жүруіне орайласуымен де бағалы. Төртінші тармақтағы лирикалық қаһарман қынжылысы да сол берілген идеяны түйіндеуге қызмет етіп тұр. Міне, осы тәрізді ақталған ой, жеріне жеткен идея туралы тұжырымдарды одан кейінгі төрттармақтар туралы да айтуға болады. Мұның бәрі нені көрсетеді? Жанр түрлерінің тап-таза оқшау өмір сүрмейтіні, қайта бірінің ішінде екіншісі келе беретіні, ондайда қай түрдің қаншалық шешуші, бағыттаушы, немесе негіздеуші роль атқаратынын анықтау керектігі сонау В.Г. Белинскийден бері айтылып келе жатқаны белгілі. Біздің діттегеніміз: жанрды белгілі бір түрге бөлгенде, пышақпен шорт кесу мүмкін еместігін ескеріп, қайсысының қаншалық жетекші екенін, ал қалыс қалды кейіндеу тұр дегенінің де бос жатпай, өзінің игі шарпууын тигізуін де қағыс қалдыруға хақымыз жоқ екенін дәлелдеу.
Достарыңызбен бөлісу: |