М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007



бет13/25
Дата09.06.2023
өлшемі429 Kb.
#99983
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   25
Байланысты:
b201 3

1. 12 Мәшһүр Жүсіптің жоқтау өлеңдері

Мәшһүр Жүсіп поэзиясының жанрлық табиғатын саралағанда, оның жоқтау өлеңдері де назар аудартады. Қазақ әдебиеттану ғылымында жоқтауға арнайы анықтамалар берілген. 1926 жылдың өзінде А.Байтұрсынов былай деп жазған: «Жоқтау - өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның қатыны, я қызы, я келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы – қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз. Жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты келеді» [15, 254 б.]. Жоқтаудың орыс халық өлеңдерінде де бар екені белгілі. Арнайы еңбектің бірінде оған «Плач» деген сөзге мынадай анықтама берілген: «Жоқтау жақын адамның өлімін, немесе бақытсыздығын өлеңмен жылап жырлайтын орыс халық поэзиясының тұрмыс-салт жанры» [26, с.213].


XV-XІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясына үңілсек, Үмбетей Тілеуұлының «Бөгембай өліміне», Бұқар Қалқаманұлының «Күпшек санды күреңді» (XVІІІ ғ.) өлеңдері [19, 107, 139-140 б.], Нұрым Шыршығұлының «Шенен ер», Бұдабай Қабылұлының «Әйекені жоқтау» (ХІХ ғ.) өлеңдері [20, 157-158, 237-239 б.] - жоқтаудың жанрлық табиғатына, ерекшелігіне сай жазылған туындылар. Сонымен қатар қазақ жоқтау өлеңдерін топтастырған «Боздағым» (Құрастырып, түсінік жазған Т.Арынов) [49] кітабында көп үлгілер қамтылғанын атап өтеміз.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы лириканың басқа жанрлық түрлерімен бірге жоқтауды да өндіре жазған деуге негіз мол. Олар: «Исабек Ишан» (1871), «Мұса Шорманұлы» (1885), «Хұсаиын Боштайұлы», «Камардин хазірет», «Мұқыш Жұпарұлы», «Хамза өліміне», «Әмен қазасына», «Әменді жоқтау» - өлеңдері. Назар аударарлық жайт: Мәшһүр Жүсіп бұл өлеңдерінің бәрінде де әуелі белгілі бір адамның көз жұмғанын ескертіп өтеді де, іле соған деген күйініш әсерімен және саралау биігімен оның өмір жолын, халқы үшін сіңірген еңбегін нақты деректер келтіре отырып, кең қамтып көрсетуге ден қойып отырады. «Исабек Ишан» өлеңінде Исабектің өмір жолы, қажымай еңбек етуі, халық қамына берілгені, әулие адам екені т.с.с. кеңірек бейнеленсе, бұл ауқымдылық және әсерлілік ақынның «Мұса Шорманұлы» туындысында да орын алған:
Бисмиллә сөздің басында,
Бір мехнат кештім жасымда,
Опасыз дүние осы екен, иманы болсын қасында.
Сапар қылды дүниеден – алпыс алты жасында.
Арманда болды ағайын жан тапсырған уақытында.
Халық қамы үшін барды да, тағдыры бітті Омбыда.
Шыңғыстан басқа ағайын ешбірі болмай қасында!
Халайық, бір сөз қозғайын, шариғаттан озбайын,
Асылық сөйлеп, жарандар, сүннет жолын бұзбайын.
Қазақстан мың хан болған, көргендерге таң болған,
Арманда кеткен кешегі – ғазиз ерді қозғайын!
Қозғамай қайтіп тұрайын, күйікке қайтіп шыдайын?
Айтпастай болмас іс болды, қалайша шер қылмайын?
Мен құдайға жылайын, сөкпеңіздер жамағат,
Өртеніп ішім барады, шығарып лебіз тынайын!
Аз ғана жоқтап сөйлейін, Арғынның жалғыз шырайын.
Ғазиз рухын, мақшар күні шапағатшы қылғай-ды!
Бұл Арғынның ішінде бар ма еді мырза пішінді?!
Айтып бір тамам ете алман, қылып бір кеткен ісіңді,
Жібектен арқан есілді, қалай түйін шешілді?
Сүйіндіктің баласы
Салқынында саялап, еркінше шауып көсілді.
Уа, дариға, есіл ер, дүниеден көшіп кеткен соң,
Дүниеде ләззат көрінбей, сонша бір нәубет кесілді.
Адастым ғой ақылдан, жиярмын қайтып есімді?!
Көзімнен аққан қанды жас,
Ертеден кешке ағызып, алайын сенен өшімді [22, 238-239 б.].
Шығармада нақты тарихи деректер келтіріле отырып, екінші лирикалық бейненің, Мұса Шорманұлының, қазақ халқының білім мен мәдениетке қол созуы, бақытты болашақты жақындатуы үшін қаншалық тер төгіп, іс бітіргені кең қамтылған. Халық қаһарманы өмірін кең қамту үлгісін әзірше аяғы табыла қоймаған «Хұсайын Боштайұлы» және кейіпкер өмірін кең қамтуда өзіндік бір биікке көтерілген «Мұқыш Жұпарұлы» туындысы туралы да айтуға болады. Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінің енді бірі аз ғұмыр сүріп, жауыздар қолынан мерт болған ақынның өзінің ортаншы ұлы Мұхаммедәменді (1888-1921) қайғырып еске түсіруге арналса, енді бірі («Хамза өліміне») ер жетіп, халқына пайдасы тигізе алмауымен де әке күйінішін арттырған кенже ұлының тым ерте көз жұмғанын еске алуға арналған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет