1.17 Мәшһүр Жүсіптің хат өлеңдері
Лириканың жанрлық сипатын саралағанда, хат өлеңдерінің орыны бөлек екенін атап өткіміз келеді. «Хат өлеңдері» - дегенде А.Байтұрсыновтың 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде оны «Заман хат» - деп атап, мынадай анықтама бергеніне көңіл бөлеміз: «Біреудің заманында болған тарихи уақиғадан, яки, өз ішінде болған істерден дерек беруі – заман хат деп аталады. Мәдени жұрттың адамында заманында болған көзге түсерлік уақиғалардың, яки өз өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, әңгіме ретінде тіркеп отыратын әдет болады. Заман хат шежіредей емес, тәртіпті, жүйелі келеді. Шежірені тек хат білетін адамдар құр тіркей беруге болады. Заман хатты оқымысты адамдар жазады. Сондықтан мұнда құр халық аузында әуезе болып жүрген дәлелсіз сөздер жазылмайды. Заман хатта уақиға уақыт сарынымен жазылмайды, іс сарынымен жазылады. Заман хатта боларлық бір кемшілік мынау:
Уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне бояп, реңін өзгертуге ықтимал. Олай ету уақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді. Заман хат шынға жақын болу үшін жазушы өз көңілінің күйіне түспейтін, яғни достыққа да, қастыққа да қарамайтын адам боларға тиіс, ондай адам табиғаттан тысқары адам болмақ. Адам табиғаттан тысқары бола алмайтындықтан, заман хаттары көңіл күйінің әсерінен аман бола алмайды. Сонда да тарихтан беретін жемінің молдығынан заман хат өте құнды сөздер есебіне қосылады» [15, 214 б.].
Хат үлгілерін пайдалану әлем әдебиетінде, оның ішінде орыс әдебиетінде аз болмаған. Оған А.С. Пушкиннің 1825 жылғы «Өртенген хат», Н.А. Некрасовтың «Ыстықсың-ау, сүйген әйел хаттары-ай» (1845-1855), Сергей Есениннің «Анама хат» (1924 ж.) өлеңдерін мысал ретінде келтіруге болады.
Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ ақындарының хат үлгісін қолдануының бір көрінісі – Ақмолла Мұхамедиярұлының «Ақмолланың Есенгелдінің еліне жазғаны» - өлеңі. Хат өлеңдерін Мәшһүр Жүсіп замандастары да пайдаланған. Алысқа бармай-ақ, А. Байтұрсыновтың 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан «Маса» кітабына енген: «Анама хат», «Достыма хат» өлеңдері және 1912 жылғы С.Торайғыровтың «Достыма ұмытпастық үшін хат» өлеңдері бұған дәлел бола алады.
Мәшһүр Жүсіп хат өлеңдерін де біраз жазған. Оған 1888 жылғы «Анама хат» және Сыздық Мешімбайұлына жазған екі хаты, «Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі» (1916), Жүсіпбек Аймауытұлына 1927, 1928 жылдары жазған екі хаты жатады. Бұл хат өлеңдерін жанрлық талап тұрғысынан сараласақ, онда лирикалық қаһарман баға беруімен қатар лирикалық бейне (тікелей Мәшһүр Жүсіп) сезімі аралас отау тігуі үлгісін көреміз.
Бұлай шартты бөлу себебіміз: лирикалық бейне дегенде, тек Мәшһүр-Жүсіптің жеке өз басы сезімі берілсе, лирикалық қаһарман дегенде, ақынның дербес сезімі ғана емес, сол заманда өмір сүрген өзі тектестердің ойын жинақтап беруді қоса қамтимыз. Демек Мәшһүр Жүсіп басқа да ақындар тәрізді өз өлеңінде әрі мыңдардың, яғни өзі тектестердің, әрі жеке өзінің сезімін біріктіріп үйлестіріп отырса, бұл оның хат өлеңдерінде де жүзеге асқанына көңіл бөлгіміз келеді. Мәселен оның «Анама хат» өлеңінде өзінің алыс сапарға, Ташкент, Бұхара қалаларына оқу іздеп бара жатқанын, артында балалары қалғанын ескертеді Мұхаммедфазылдың 1890 жылы туғанын, өлеңнің 1888 жылдары жазылғанын ескерсек, әңгіме оның алдындағы екі ұлы: Мұхаммедшарафи (1886-1935), Мұхаммедәмен (1888-1921) туралы екені анық. Бұл өлең лирикалық қаһарманның оқуға, алыс жолға аттанғанын еске ала отырып, артта қалған анасы, балалары туралы қам жеуін т.с.с. көрсетуге арналған. Ақынның Сыздық Мешімбайұлына жазған бірінші және екінші хаттары лириканың жанрлық сипаты түрлішелігін аша түсуге дәйек бере алады. Екінші лирикалық бейне Сыздықтың сауал беруі алғашқы өлеңде баяндалса, екіншісі соған жауап беруге құрылған:
Жүйрік бар озып жүрген мыңнан, саннан,
Үлгілі бір өрнекті сөйлеп ханнан.
«Төрт асыл, бес береке» - сұрапсың сен,
«Бұл күнде табылады, - деп, - қандай жаннан»?! [22, 267 б.].
Сауалдың адам бойындағы төрт асыл, бес берекені білуге арналғанын ескерсек, екінші хатында Мәшһүр Жүсіп былай жауап береді:
«Құдай бір, хақ, - деп айтса, - баста тілің!»
Шын білсе, тіліңдегі жаны – ділің!
Денеңмең аянбастан қылып ғамал,
Пайғамбар сүннетімен өтсе күнің!
Береке-анық осы бойыңдағы,
Ұғарсың, айтылса сөз ойыңдағы.
Бесінші: екі дүние нұры-ғылым,
Ғамалдан, ұстамасаң, жойылмағы.
Салауат және бірі қайырменен,
Кім білер мұны оқып зайырменен.
Төртінші – сол береке – ғаділ айту,
Құс тілін көңіл ашып майырменен.
Және де рахым – шапағат, сен қайдасың?
Сөзінен әуелгі айтқан ер таймасын!
Бұлардың қатарына қосылмайды,
Ойласа, елді қойып, өз пайдасын!
Төрт асыл, мұныменен береке – бес,
Түсерсің мазмұнына, болса ақыл, ес.
Құраннан аят, дәліл көрсетпесем,
Сұраусыз болсын құным, басымды кес! [22, 269-270 б.].
Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің «Төрт асыл, бес береке» - деп аталатын басқа да жеке туындысы бар екенін (ол төртінші томда берілген) ескерсек, ақынның осы ұғымға қайталап назар аударып отырғанына көз жеткіземіз.
Бұл екі хат лирикалық қаһарман талғамына, сезіміне бағындырылып өрілсе, бұл үрдіс оның басқа да хат өлеңдеріне: «Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі», «Жүсіпбек Аймауытұлына бірінші және екінші хат» өлеңдеріне де тән. Бәрінде де түрлі оқиғалар, деректер лирикалық қаһарман сезіміне бағындырыла сап түзеуімен ерекшеленеді. Қорыта айтқанда, басқа да ақындар тәрізді Мәшһүр-Жүсіптің осы хат өлеңдері көмегімен де қазақ лирикасының жанрлық жетілуіне өзіндік үлес қосты деуге негіз толық.
Достарыңызбен бөлісу: |