М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007


Мәшһүр Жүсіптің салыстыру өлеңдері



бет15/25
Дата09.06.2023
өлшемі429 Kb.
#99983
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25
Байланысты:
b201 3

1.14 Мәшһүр Жүсіптің салыстыру өлеңдері

Қазақ лирикасының жанрлық сипатын, яғни оның бейнелеу өрісі тұрғысынан белгілі бір түрлерге бөлінетінін сараптағанда, әзірше арнайы айтыла қоймаған, әйтсе де, кейін жеке отау тігуге сұранып тұрған лирика түрінің бірі – салыстыру өлеңдері. Қазақ зерттеушісі С.Негимовтың мына бір пікірі осы мәселеге жарық түсіре алады: «Г.Гачевтің пайымдауынша, образдың алғышарттары нағыз көркем образдың өзі тумай жатып-ақ қалыптасады. Образдың негізінде байланыс, салыстыру бар. Шығыс ақыны сұлу төсін маржанға балайды» [50]. Көріп отырғанымыздай, С.Негимовте «салыстыру» сөзі белгілі бір жеке баламаға, атап айтқанда, «маржанға» ұқсатуға негізделіп қолданылса, біз бұл ұғымды кеңейтіп, тек дара өрнек емес жалпы бейнелеу үлгілері салыстырылуы арқылы өлеңнің өмірді қамту, бейнелеу көкжиегі кеңейіп, ұштала түскендігін бөліп саралағымыз келеді. Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ ақындары өлеңдеріне үңілсек, осы салыстырудың өзінің жіктелуі куәсы боламыз:


Психологиялық егіздеуге негізделген салыстырулар:
Аспандағы бозторғай,
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
... Қас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
... Қуанып, көңілі тынған күн. Махамбет [20, 68 б.].

Асқар таудың сәні жоқ –


Төрт түліктен қонысы,
... Көкмайса белі болмаса;
... Батырлықтың сәні жоқ
... Егескен жауды қашырып,
... Тұтамдап от жонбаса! [51].
Сырт қарағанда, мұнда психологиялық егіздеу, яғни табиғаттың белгілі бір құбылысы мен соған ұқсастырылған адамдар өмірін, іс-әрекетін салыстыра, жарыстыра алу нәтижесінде өлең әсерін күшейте түсу ғана бар. Біз айтар едік: осы бір өрнектер белгілі бір идеяны салыстыру көмегімен неғұрлым әсерлі етіп жеткізуге ғана қызмет етумен шектелмейді. Қайта осы бір жарыстырулар иық сүйесе келе бүкіл өлеңнің идеялық-тақырыптық негізіне, бітіміне соны сипат дарыта отырып, туындының жанрлық тұрғыдан да жаңа мәнге ие болуына, соның нәтижесінде белгілі бір жанр түрін негіздеуге де бастап тұр. Осы тәрізді балама шеңберінде талай туындының жанрлық табиғатын да дамыту үлгісі түрлі жеке сөз қайталауларға негізделген салыстыруларда неғұрлым кең орын алғанын діттегіміз келеді:
Бұ заманда не кәріп?
Ақ қалалы бөз кәріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз кәріп (XV ғ. Асан Қайғы).

Алаң да алаң, алаң жұрт,


Ақ ала ордам қонған жұрт,
... Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт (XV ғ. Қазтуған).

Ай не болар күннен соң,


Күн не болар айдан соң?!
... Қынай да белін буынған
Ол не болар ерден соң?! (XVІІІ ғ. Бұқар) [19, 68,71, 112-113 б.].

Сырт қарағанда, мұнда да жеке сөздердің: «кәріп», «жұрт», «соң» қайталануы белгілі бір ойды неғұрлым әсерлі бейнелеуге қызмет ету ғана бар тәрізді. Біздіңше, қайта сол арқылы, яғни белгілі бір ойдың әсерлі жетуі нәтижесінде туындының жанрлық тынысы да кеңейіп, оның белгілі бір жанр түрі ретінде шаңырақ көтеруіне негіз қаланған.


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бір өлеңін жақсы әйелге, енді бірін жаман әйелге арнаса, әр шығарманы жеке қараумен шектелмей, қайта сол салыстырулар нәтижесінде ғана белгілі бір ой, идея әсерлілігі артып, туындының жанрлық сипатына, яғни жанр түрі ретінде түрленуіне де ықпал жасалған деуге негіз толық. Оны күндіз бен түнді салыстырған: «Күндіз бен түннің айырмасы» өлеңі туралы айтуға болады. Мұнда, негізінен алғанда, тақырыптық, идеялық салыстыру жүзеге асса, жеке сөздерді қатар қою, жарыстыру нәтижесінде туындаған өлең әсерлілігін арттыру үлгілері ой саларлық:
Алтын боп бізге дүние жарқылдайды,
Көп тойған өгіз көті тарқылдайды.
Көрініп көң төбеде жемтік жатса,
Жиылып қарға, таған қарқылдайды.

... Адалға арам тамған несіп емес,


Мехнатсыз саған рақат ашық (ғашық) емес.
Жалбаңдап кешке дейін тышқан іздеп,
Ұшқаны бөктергінің кәсіп емес.

... Күйіндің бір нәрсеге, күйгенің кім?


Күйініп, көп сөз айтып тигенің кім?
Әркімнің опасыздан сүйгені бар,
Ұнатып онан тәуір сүйгенің кім?!

Уа, дүние, әуреленіп, өте шыққан,


Нажасат батпағына бізді тыққан.
Таудағы біз әншейін қоян болдық, -
Мергеннен: «Ата ма?!» - деп, қашып бұққан. [22, 166-168 б.]

Көріп отырғанымыздай алтын жарқылдауына қарға қарқылдауы, бөктергінің тышқан іздеуі үлкен мәнді кәсіп болмағаны тәрізді адал адамға арам жеудің несіп еместігі, әркімнің опасыздан сүйгені болуы, мергеннен қорқып қоян болудан көрінген мүшкілдік – бәрі белгілі бір ой, идеяны өзіне ұқсас нақты көріністермен жарыстыра, салыстыра, ширата бейнелеуге бағындыруымен назар аудартады.


Салыстыру баламалары неғұрлым дамытылып өрбіген мына өлең жолдары да ой саларлық:
Ақыртып арыстандай шерді жығып,
Үстінен ойнақтап жүр түлкі шығып.
Қабанға, қасқыр менен қалып тоғай,
Жатақта арыстандар қалды бұғып.

... Кедейлік кетіреді сыныңызды,


Бар болса, мал жабады мініңізді.
Бұл күнде тіл сөйлемей, мал сөйлеген.
Көре бер үйтіп-бүйтіп күніңізді.
(«Дүниеге көңілі қалғандықтан, сөйлеген сөзі» өлеңі) [22, 152 б.].

Міне, осындағы арыстандарды түлкінің жығуы, тіл сөйлемей, мал сөйлеуі – бәрі де белгілі бір жарыстыру, қарама-қарсы қоюлардың нәтижесінде барып, белгілі бір ой әсерлілігін күшейтумен бірге бейнелеу өрісінің, жанр түрінің кемелдену үлгісі де анық байқалып тұр. Белгілі бір идеяны неғұрлым әсерлі беру үшін де түрлі балама: салыстыру, жарыстырулардың көмегімен туындының бейнелеу құралдарын ғана жетілдіріп қоймай, оның жанрлық сипатын да дамыту, өзгерту үлгілері ақынның бұдан басқа: «Ағашсыз жапырақ», «Қазақты жамандаушыларға», «Жұт», «Дойбының ойыны» т.с.с. өлеңдерінен де көруге болады. Мұның бәрі туындының жанрлық табиғатын саралап ашу үшін оны белгілі бір жанр түрі ішіне енгізіп, сырттай таңбалап өте шығу жеткіліксіздігін, шығармадағы бейнелеу құралдары беретін әсерді белгілеумен шектелмей, қайта соның нәтижесінде ғана шығарманың жанрлық түрлеріне жол ашылатынын бағымдау керектігін дәлелдейді.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет