Баймағамбет Айтқожаұлы (1870-1932) – Абайдың ақын шәкірті. Абайдың алдында болып, ұлы ұстаз ақынның өсиетін көп тыңдап, мол тағлым алған, талапты ақын шәкірттерінің бірі – Баймағамбет Айтқожаұлы.
Абай мектебінің ақыны деген атақты ақтаған адам. Оған дәлел: оның Абай шығармаларының үлгісінде жазған өлеңдері және Абайдан естіп, ұққан уақиғалар негізінде жазған дастандары болады.
Баймағамбет Айтқажаұлының шығармалар жинағы, жеке кітап ретінде, 1915 жылы Семей қаласындағы "Ярдам" ("Жәрдем") серіктігі баспасынан басылып шыққан.
Абай ауылына келіп, апталап жатып, көп өнеге алған ақынның бірі — Баймағамбет Айтқожаұлы (1870-1932) былай депті: "Абайдың бір мінезі: өзі бір нәрсеге бет қойып кіріспеуші еді. Егер кіріссе, ол нәрсенің үлкен-кішісіне, жақсы-жаманына қарамай, соны іске жаратуға құмар еді" (Қ.Мұхаметханов. Шығармалар жинағы.- 4 том. - Алматы, 2005. - 175 бет). 1977 жылы басылып шыққан "М.О.Әуезов қолжазба мұрасы" кітабында Сапарғали Бегалин былай дейді: «Мен көргенде, Абай әңгімесін жап-жақсы білетін кісі Баймағамбет Айтқожаұлы еді... Ол кісінің әдебиеттен де хабары бар болатын, ол кісі қазір тірі кісі. Солардан әлі де болса, толығырақ жинау керек" (50-60 бб.). Сапарғали Бегалин Абай тұсында өмір сүрген адамдар және оның шәкірттерінен естеліктер жинаған. Оның Баймағамбетпен кездесіп, әңгімелескен уақыты – 1930-31 жылдары шамасы болса керек.
Иманбазар Қазанғапұлы (1876-1943) - халық ақыны. Абайдың шәкірті. Абай аулымен көршілес Қызылмола болысында туып өскен. Әкесі Қазанғап Қынашұлы мұсылманша, орысша сауатты, көзі ашық, еліне сыйлы адам болған. Туған аулында медресе ашып, бала оқытқан, Меккеге з рет қажылыққа барған. Иманбазар әкесінің тәрбиесін көріп, ауыл молдасынан хат танып, кейін Семейдегі 5 кластық медресені бітірген. Өз жанынан өлең шығарып, Абай өлеңдерін өз бойына сіңіріп өскен. Иманбазар ұлы ақынмен Шыңғыстауда танысады. Бұл кездесу шығармашылық достыққа ұласқан. Иманбазар ел басқару қызметіне араласып, Қызылмола болысы № 1 старшындық аулының, одан кейін болыстық халық соты болып қызмет істеген. Осы қызметі үшін 1900 ж. Шыңғыс болысының басқарушысы, досы Мағауия Қүнанбаевпен бірге дала генерал -губернаторлығының мақтау қағазын алған. Абаймен кездескеннен кейін қазақ өмірінің көкейкесті мәселелерін қозғайтын шығармалар жазған. Тұңғыш өлеңдері 1888-89 ж. «Дала уәлаятының газетінде» жарияланған. Абайға еліктеп лирикалық өлеңдерден, эпиграммалар мен арнаулар, ақынның тапсыруымен «Әнибал» (1909), «Алтын сақина» (1911) дастандарын жазған