Еркек болып туды деп
Мына сені кім айтар? (Төле би).
2. Жаман еркек жер қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес (Мақал).
3. Еріккен хан бір күні елді жинап алып:
– Уа, халайық! Хан көрікті ме, әлде қараша халық көрікте ме? Еркек көрікті ме, болмаса әйел көріктіме? – деп сұрапты.
«Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген емес пе. Өмірдің көркі еркек қой,– деп шуласады.
Дей тұрғанмен де, бұл сөздің адамды мақтағанда, дәрежесін көтергенде айтылатын кездері де жоқ емес. Мысалы: Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” (Мақал). Еркек сөзінің тура мағыналы варианты М. Қашқаридің әйгілі “Диуани луғат ит-турк” сөздігінде кездеседі. Осы еңбектен мынадай мысалдар келтіруге болады. 1) Ер аны қызланды - ер аны қыз етіп алды, қызды болды; 2) Ер атланды - ер аттанды, атқа мінді, ат тәрләді - ат терледі; 3) Ер өзіңа йелміш автынды - ер өзі үшін жеміс терді, ол өзіңа ет суклунді - ол өзіне ет қуырды; 4) Ер қыфчақланды - ер қыпшаққа айналды, ер өзін қыпшақпын деп санады т.б. [24, 131 б.]. Ер сөзі туралы “Түркітануға кіріспе” деген еңбекте былай делінген: “Ер сөзі де түркі-монғол тілдерінде ортақ: Ол әр//ер//ар//ир түрінде қолданылып, “жыныстық белгі” “еркек” әйелдің күйеуі мағынасында қолданылады [41, 11 б.].
Еркек сөзінің екінші бөлігі - кек қосымшасының мағынасы бұлдырлау, М. Қашқари сөздігінде кездеспегеніне қарағанда оның кейінірек жалғануы мүмкін деп есептеуге де болады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде “еркек” сөзін бірнеше мағынасымен келтіреді: 1. Еркек зат. Ер жынысты адам; 2. Еркек бала. Ер жынысты бала, ұл; 3. Еркек жанды. Ер мінезді қайратты; 4. Еркек кіндік кіндікті. Еркек атаулы еркек біткен, еркек баласы (ҚТТС, ІІІт., 397). Б.М. Тілеубердиев: Батырлық эпос мәтіндеріндегі ер сөзі эпикалық батырдың тұрақты эпитеті ретінде беріліп, “еркек” (нағыз еркек, батыр) мағынасына ие болады” [46, 18 б.].
Бұл сөзде көбінесе ауызекі тілдің элементі ретінде өлең-жырларда, әдеби шығармаларда кейіпкерлердің аузында айтылып, образды ашу мақсатында қолданылады. Мысалы:
Елімде сабырлы Абат, ақылды Абат,
Қашанда қуаттайтын мақұлды Абат.
Бірінші сұрағыңа жауабым сол,
Еркекте қызғанбайтын қатынды Абат (Асан қайғы).
-Жаман далбай Әлмембетті менің соңыма салғанына қарағанда, қыпшақта өзге жібі түзу еркек тумағаны ғой! - деп Әйеке сөзін бастады (О. Сәрсенбаев). Б. Адамбаев бұл сөз туралы былай дейді: “Қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігінде сыртқы шаруаны еркек басқарғанда да, үй мүлікті, үйге кірген ас-ауқатты әйел билеген. Әке үйдің қамқоры, асыраушысы. Аң ауласын, мал бақсын, егін салсын еңбектің, бейнеттің ең ауырын арқалайтын, атқаратын - еркек. Сондықтан халық даналығы еркек-бас, әйел-мойын, әке-терек, бала-жапырақ деп сипаталады… “Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт, бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт” - дейді халық” [19, 40 б.].
Бұл пікірге жүгінсек, өткен дәуірлерде еркек сөзінің бүгінгі қолданыстағыдай тұрпайы мәні болмағанға ұқсайды. Ғалым келтірген халық мақалдары осының айғағы сияқты. Осы көне мақалдардағы еркек сөзі кемсітуден гөрі мақтағанға, ер адамның дәрежесін көтеріп айтқанға көбірек келеді. Уақыт өте келе, сөздің дөрекіленуі, сайып келгенде, жан-жануарлардың жынысқа бөлгендегі атауына (еркек) байланысты болса керек. Осыған байланысты тағы да түсіндірме сөздікке жүгінсек.
Еркек-ұрғашылығы сын. Еркегі де, ұрғашысы да бар. Сіз үшін еркек-ұрғашылы сегіз мал (түйе, сиыр, ешкі, қой) жаратты (М. Тоқжігітов) (ҚТТС, 3 т., 398). Еркек сөзінің мағынасы тұрпайы болғанымен кейде әдеби нормаға өтіп кететін кездері болады: Мысалы: Ол Гүлмираны өзінше емеурін білдірген еркекті құшақтай алатын, қаңсып отырған қалыңдық санайтын (Қ. Исабаев). Мысалдағы бұл сөзді жазушы кейіпкерінің аузында емес, өзі әңгімелеп тұр. Демек, әдеби норма ретінде пайдаланып тұр. Бұл кейбір дисфемизмдер қалауын тапса тілімізде әдеби норма бола алады деген сөз. Мұндай сөздерді әдеби норма ретінде шығармаға қосу әр жазушының шеберлігіне тікелей байланысты. Аталған сөзді әдеби норма ретінде пайдалану қазақ тілінде бұрыннан бар құбылыс. Дегенмен бұл сөздің мағынасы көп жағдайда тұрпайы, дөрекі екенін айтып өттік. Жалпы алғанда, жағымды мағыналы сөздердің қатарына жатқызуға болмайды.
Бай ауызекі сөйлеу лексикасында қолданылатын кәдімгі үйреншікті, жұрттың бәріне мағынасы түсінікті сөз. Бұл сөздің ұлттық экзотикалық ерекшелігі де жоқ емес. Мысалы: - Қазақтың байға тиген бар әйелі өстіп сықсыңдап жылай береді (З. Жәкенов). Сол шайпау әйел байына жағыну үшін арпылдай бастаған әлгі сөзіне Санақ қатты назаланып, түтігіп шыға келгенін сезе қойған Берік тағы да ара түсті (З. Жакенов).
Ұлттық экзотикалық ерекшелігі бар деу себебіміз, бұл сөзде халықтық психология мен салт-сана іздері жатыр. Бұл сөз де еркек сөзі сияқты ертеректе тұрпайы мағына бермеген, қайта “әйелдің қожайыны, билеушісі” деген мағынаға ие болса керек. Бірақ біз бұл сөзді тіліміздегі көп мағыналы бай сөзімен тікелей байланыстыра алмаймыз. Түсіндірме сөздікте былай делінген: Бай зат. Әйелдің некелеп қосылған күйеуі, ері (ҚТТС, ІІ т., 28). Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |