Екінші бөлім бойынша тұжырым
Сөз зергерлері айтайын деген ойын ықшам да ұтымды ұғымға қонымды етіп жеткізу мақсатымен, жалпыхалықтық қолданыстардан үлгі ала отырып, сан алуан тілдік тәсілдерді пайдаланады. Солардың арасында дисфемистік метафоралар ерекше орын алады. Қаламгерлер кейіпкерлерінің жағымсыз іс-әрекеттерін суреттеуде, олардың мінез-құлықтарын ерекшелеп сомдауда өздері өмірге келтірген фразаларды шебер қиюластырып, орны-орнына жұмсайды.
1) Жеке қолданыстағы дисфемистік метафоралар да жалпыхалықтық дисфемизмдер сияқты жан-жануарлар, құстар, жәндіктер, құрт-құмырсқалар т.б. дүниесіне ұқсатудан, жансыз заттардың қасиеттерін жанды заттарға, керісінше жанды заттардың қисық сапаларын жансыз заттарға телуден пайда болады.
2) Синекдоха талабы бойынша, бір ұғымды екінші ұғымға ауыстырғанда бірі – үлкен, екіншісі – кіші, бірі – бүтін, екіншісі – бөлшек, бірі – жалпы, екіншісі – жалқы болу қажет. Бұлардың бірін екіншісіне, яки керісінше ауыстыруға байланысты атаулардың мағынасы тарылады немесе кеңейеді. Осы заңдылыққа дисфемистік сиинекдохалар да тәуелді – дисфемистік синекдохалардың өзге синекдохалардан басты айырмашылығы құлаққа жағымсыз тиетін сөздерді пайдаланып, оларды дөрекі, тұрпайы мақсатта жұмсайтындығында.
Дисфемистік синекдохалар қалам қайраткерлерінің шығамаларында күнделікті өмір қажетінен туып, өз алдына берік орныққан бейнелеуіш жүйе ретінде қызмет етеді. Сұрықсыз кейіпкер бейнесінің келеңсіздігін арттырып, ұсқынсыз суретін жасауға үлкен ықпал жасайды. Осыған орай олардың өздеріне тән қолдану аясы, өзді-өзіне тән стильдік қызметтері бар.
3) Затты, құбылысты, процесті өз атымен атамай, басқаша атау, сол арқылы оны образды сипаттау – перифраза тәсілінің басты ерекшелігі. Осы тәсіл арқылы дисфемистік перифразалар да жасалады. Мағынасы жағымсыз, дөрекі қолдануға қолайсыз, анайы ұғымдарды жеткізуде мұндай перифразалар ерекше роль атқрады. Бұл сипаттағы перифразалар өткен ғасырлардағы ақын-жазушылардың шығармаларында көбірек ұшырасады. Олар қалың бұқараның мұңы мен кегі, ызасы мен күресін дисфемистік қолданыстар арқылы жеткізген. Дисфемизмдердің реңктерін айқын ажырату, тап басып, дәл қолдана білу, әлбетте, ақын-жазушы шеберлігіне байланысты. Өз тамырын өткен замандағы ақын-жазушылар поэзиясынан алатын дисфемистік перифразаларды қазіргі қазақ қаламгерлері де молынан пайдалануда.
4) Көркем әдебиеттің басты объектісі – адам. Адамның түр–тұрпатын, мінез-құлқын, кескін-келбетін, бойындағы жақсы-жаман қасиеттерін суреттеу – көркем әдебиеттің ең негізгі міндеті. Бұл ретте зат пен затты, құбылыс пен құбылысты салыстыра суреттейтін көркемдеу тәсілдерінің бірі теңеудің атқаратын қызметі айтарлықтай. Әсіресе дисфемистік теңеулер әдеби шығарманың “мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыра” түседі. Әр кейіпкердің жан-дүниесінің, қылық-әрекетінің бар бейнесі мен болмысын көз алдыңа елестете алады. Мұндай теңеулердің эмоционалды-экспрессивтік әсері өте күшті болады да, өте жаман не тым дөрекі ұғымды өзгеше бейнелеп беру үшін жұмсалады. Көркем туындыларда төрт-түлік малға, жан-жануарларға, құстарға, жансыз заттар мен бұйымдарға, сондай-ақ адамды адамға теңеуден пайда болған жеке қолданыстағы дисфемистік теңеулер мол ұшырайды.
Достарыңызбен бөлісу: |