Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер



бет68/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69
Байланысты:
азақ тіліндегі дисфемизмдер

ҚОРЫТЫНДЫ
Дисфемизмдер қазақ тілі лексикасының елеулі бір саласы бола тұрса да, осы кезге дейін зерттеушілердің назарына ілікпей келді. Жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардағы анықтама дәрежесінен аса алмады. Осы себепті олардың өзіне тән белгілері анықталмады, сөздік құрамдағы белгілі бір стильдік топ ретінде қарастырмады.

Осыларды ескере келе, біз диссертациямызда халық ауыз әдебиетінен, ауызекі сөйлеу тілінен, жергілікті тіл ерекшеліктерінен, көркем әдебиеттен, газет-журнал материалдарынан жиналған мол фактілерді қорытып, дисфемизмдерді ғылыми тұрғыдан сипаттауға тырыстық. Дисфемизмдердің зерттелу тарихына көңіл бөлгенімізде, бұл құбылыстың эмоционалды-экспрессивті сөздермен сондай-ақ қарапайым сөздермен бірге қарастырылып келгені мәлім болды. Байыптап қарағанда, кез келген дисфемистік бірліктің эмоционалды-экспрессивті мағынасы болатындықтан осы топпен бірге қарастырылғанға ұқсайды. Дисфемизмдер негізінен ауызекі сөйлеу тілі арқылы қалыптасатындықтан қарапайым сөздермен де араласып кеткен.

Алайда эмоционалды-экспрессивті сөздер қарпайым сөздер есептелініп келген лексикалық бірліктердің үлкен бір тобы дисфемизмдер екендігін зерттеу тәжірибесі көрсетті. Дисфемизмдердің әдеби тілде белгілі бір баламасы болады да, олар синонимдер, омонимдер, антонимдер сияқты бір-бірімен дисфемистік қатар түзеді. Анығырақ айтқанда, әуел бастағы жағымды, сыпайы, әдепті сөздер стильдік мақсатына қарай саналы түрде дөрекі, тұрпайы, анайы сөздермен ауыстырылады. Осы себепті дисфемизмдердің әдеби тілдегі тура мағыналы баламасы өзге лексикалық, стильдік топтардан ажырататын, бөлектейтін басты айырым белгі болып есептеледі.

Дисфемизмдер жұмсалу сипатына қарай: 1) жалпыхалықтық қолданыстағы дисфемизмдер; 2) жеке қолданыстағы дисфемизмдер болып екі топқа бөлінеді. Жалпыхалықтық қолданыстағы дисфемизмдер әрқашан тұрақты болып келеді, қоғам мүшелерінің барлығына түсінікті болады. Жеке қолданыстағы дисфемизмдер белгілі бір мәтінде ғана түсінікті болады да, жалпыхалықтық қолданысқа түсе алмайды.

Адам өз айналасында болып жатқан құбылыстарды сезім мүшелері арқылы қабылдап қана қоймай, оған өз көзқарасын да білдіріп, баға беріп отырады. Бұл ерекшелік дисфемизмдерге де эмоционалды-экспрессивті сөздерге де тән. Сонымен қатар осы екі стильдік топтың өзара ортақ мынадай белгілеррі бар: 1) дисфемизмдер де эмоционалды-экспрессивті сөздер де күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде көбірек қолданылады. Оның есесіне публицистикалық стильде, күнделікті баспасөзде өте сирек кездеседі; 2) ақындар мен жазушылар аталған стильдік топтарды көркем шығармада кейіпкерлердің бейнесін айқындай түсетін тілдік құрал ретінде пайдаланылады; 3) эмоционалды-экспрессивті сөздер де, дисфемизмдер де ауыспалы мағынада жұмсалуға бейім тұрады.

Дисфемизмдердің эмоционалды-экспрессивті сөздерден ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да елеулі: 1) екеуінде де жек көру, ұнатпау, қомсыну, кекету, мұқату, кемсіту, жақтырмай т.б. толып жатқан жағымсыз мән болғанымен эмоционалды-экспрессивті топта жағымды мәнде сөздер жағымсыз мәндегі сөздерден кем түспейді. Дисфемизмдер бірыңғай ұнатпау, жек көру сипатында ғана қолданылады; 2) дисфемизмдердің әдеби тілде баламасы болады, ал эмоционалды-экспрессивті сөздердің әдеби тілде баламасы болуы шарт емес. Әдеби тілде баламасы бар дисфемистік қатар әрі дисфемизмнің, әрі эмоционалды сөздердің қызметін атқара береді; 3) эмоционалды-экспрессивті сөздерде қосымша мән, қосымша реңкте елеулі мән атқарса, дисфемизмдерде ұғым заттарға, не қолданыстарға, адамдарға берген баға басты роль атқарады.

Дисфемизмдердің қарапайым сөздерден мынадай айырмашылығы бар деп есептейміз: 1) Дисфемизмдер дисфемистік қатар түзе алады. Қарапайым сөздерде мұндай қасиет болмайды. Кейбір қарпайым сөздердің әдеби тілде баламасы болады деген пікір дисфемизмдер зерттелмей тұрғанда айтылған тұжырым. Егер қарпайым сөздердің әдеби тілде баламасы болса, олардың барлығын дисфемизмдер деп түсінген жөн. Кейбір сөздердің бойынан әрі қарпайым сөздердің, әрі дисфемизмдердің сипаты табылуы олардың белгілері ортақ болуынан. Мысалға “олақ” деудің орнына “шалапай”, “семіз” деудің орнына “бөшкебай”, “сөйлеме” деудің орнына “қыртпа” десек, бұл екі стильдік топ бір-бірімен қабысып кетеді; 2) жағымды сөздерді саналы түрде жағымсыз сөздермен алмастыру дисфемизмдердің басты ерекшелігі. Мұндай сөздермен ерекшелік қарапайым сөздерге тән емес; 3) дисфемизмдердің эмоционалды-экспрессивті сөздер сияқты әдеби нормаға жататындары да, жатпайтындары да бар. Қарапайым сөздер ешқандай әдеби нормаға жатпайтын, сөйлеу тілі элементі ретінде ғана жұмсалатын лексемалар.

Дисфемизмдердің көне түркі жазба ескеркіштерінде ұшырасуы бұл құбылыстың халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқандығын көрсетеді. Мұндай сөздердің тобы негізінен халық ауыз әдебиетінде, көркем әдебиетте, сөйлеу тілінде кездеседі.

Көркем әдебиетте жалпыхалықтық қолданыстағы дисфемизмдермен қатар жеке қолданыстағы дисфемизмдер де көп пайдаланылған. Дегенмен сан жағынан алғанда жалпы халыққа түсінікті дисфемизмдер қаламгер тудырған дисфемизмдерден басым түседі. Жеке қолданыстағы дисфемизмдердің қандай көркемдік әдісті пайдаланғанына қарай: 1) дисфемистік метафора; 2) дисфемистік синекдоха; 3) дисфемистік перифраза; 4) дисфемистік теңеу деп төртке бөліп қарастырдық. Дисфемизмдердің қыр-сыры, сан-алуан тілдік ерекшеліктері әлі де бірнеше ғылыми еңбектерге негіз болады деп санаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет