Сан – мөлшер категориясы «Мөлшер» ұғымына қатысты тағы бір күрделі сұрақ – оның шектілігі мен шексіздігі. Платон шексіз және шекті ұғымдар өзінен санды тудырады деп есептеп, мөлшер категориясын санмен байланыстырды. Бұл жағынан ол Пифагорға жақын ұстанымда болды. Аристотель әлемді билеуші сандар деп түсінген пифагоршыларды сынай отырып, материяны санмен теңестіруге болмайтынын айтты. Өйткені мұнда қозғалыс жоқ, «қозғалыссыз, өзгеріссіз әлемдегі дүниелердің пайда болуы, жойылуы мүмкін емес». Бұл мөлшерлік шамалардың барлығын санға айналдыруға, санға құруға болмайтынын, саннан тыс та мөлшерлік шамалар барын көрсетті. Аристотель алғаш рет мөлшер категориясын және оның математикалық көріністері «сан», «шама», «жиын» ұғымдарын бір-бірінен айыра білді. Мөлшердің болмыстағы «сапа», «форма», «мән» сияқты туынды ұғымдарын байланыстыра көрсетуді мақсат етті.
Сан есімдердің мағыналық топтарының ішінде нақты сандық мәнді білдірмейтін, сандық мәні мөлшермен ғана берілетін (болжалдық, топтық) сан есім топтарының бар екені белгілі. Бұл топтағы сан есімдердің білдіретін лексикалық мағынасының өзегінде есептік сан есімдердің мәні тұрады да, сол шамада аздап артық не кем екені мөлшермен айтылады. Сан мөлшерін білдіретін сан есімнің мұндай мағыналық топтары санау мүмкін болмаған немесе санауды қажет етпейтін тілдік қолданыстарға орай қалыптасқан. Ал мұндай қолданыстар көбіне мөлшерге қатысты болады. Сан мөлшері де жалпы «мөлшер» ұғымын құрайтын кіші ұғымдардың қатарына жатады. Олай болса, сан мөлшері дегеніміз – болмыстағы заттар мен құбылыстардың, қимыл-әрекеттің сандық мәнінің болжалмен айтылған шамасы.
Сан мөлшері семантикасы лексикалық деңгейде берілмейді. Ал морфологиялық, синтаксистік дейгейде көптеп кездеседі.
Морфологиялық деңгейде: - сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -лаған, -леген, - даған, -деген, -таған, -теген жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (ондаған, жүздеген, мыңдаған т.б.). Мысалы:
1) Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр (М.Дулатұлы);
2) Ұлы дала мыңдаған жылдар бойы тағаттылықтың мекені болды. (Н.Назарбаев).
Бұл екі мысалда да ерлер мен жылдар санының нақты қанша екені белгісіз, оның контекске нақтылығының да қажеті жоқ. Сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (ондап, жүздеп, мыңдап, он мыңдап т.б.) Мысалы, Егер біз бұған дейін жүздеп, мыңдап қырған болсақ, енді, қажет болғанда, он мыңдап қыра алатын ұйым, аппарат құратын мезгіл келді (Ғ.Қабышұлы, Сегіз ауыз сөз). Мұнда да жүздеп, мыңдап, он мыңдап сөздері нақты сол сандарды емес, «осы санның шамасында» деген сандардың болжалды мөлшерін білдіреді. Сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (елудей, жүздей, мыңдай т.б.). Мысалы, «Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей атбал азаматқа ең жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына тегіс сойылдарын ұстатып, айбалта, найза бергізді». (М.Әуезов, Абай жолы).
Сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -ларда, -лерде, -дарда, -дерде, -тарда, -терде жұрнағының жалғануы арқылы беріледі (бестерде, алтыларда, ондарда, жиырмаларда т.б.). Мысалы, «Бұл үйде Маруся атты қызметкер қазақ-орыс әйелі тұрады екен, жас шамасы сол кезде жиырмаларда». (С.Мұқанов, Өмір мектебі).