2.3 Мөлшер категориясының XIII–XIV ғасыр қыпшақ ескерткіштеріндегі функционалды-семантикалық өрісі
Орта түркі дәуіріне тиесілі (X–XV ғғ.) қыпшақ жазба ескерткіштері біршама
мол. Сондай-ақ олардың тілдік ерекшеліктері де әртүрлі. Белгілі түркітанушы,
қыпшақтанушы ғалым Ә.Құрышжанұлы орта түркі дәуіріне жататын
ескерткіштерді тілдік ерекшелігіне қарай былайша жіктейді: «Қыпшақ жазба
ескерткіштері әдеби тілде және халықтың ауызекі сөйлеу тілінде жазылған.
Бірінші топ шығармалары екіге бөлінеді: а) дәстүрлі әдеби тілде жазылған
еңбектер; ә) жергілікті халықтың әдеби тілінде жазылған Орта Азия мен Еділ
(Алтын Орда) ескерткіштері» [176, 45 б.]. Мұнда дәстүрлі әдеби тіл дегені –
көне түркі кезеңінен бері жалғасын тауып келе жатқан, бүкіл түркі халықтарына
ортақ жазба тіл (А.Н.Самойлович). Ә.Құрышжанұлы осы жіктеуі бойынша
Рабғузидің «Қиссасу-л-Ән-бия», Құтыбтың «Хусрау уа Шірін», Хорезмидің
«Мұхаббатнаме» ескерткіштерін дәстүрлі әдеби тілге жатқызады. Біз ғалымның
бұл тұжырымдарын толықтай қуаттаймыз және ескі қыпшақ тілі кезеңіндегі
мөлшер категориясының тілдік табиғатын сөз еткенде, осы дәстүрлі әдеби тілде
жазылған аталған үш ескерткішті дереккөз ретінде аламыз. Өйткені тарихи
кезеңдер үшін тілдің әдеби нормаға айналған үлгісін зерттеудің маңызы
жоғарылау.